Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан мен елді мекендерді айтпағанда, қаланың қақ ортасында да интернеттің әлсіздігі жиі сөз болады. Ал, ресми мәліметке сенсек, Қызылорда облысының интернетпен қамтылуы 93 пайыз екен. Шалғайдағы 17 ауыл-аймақ интернетпен қамтылмаған. Себебі, ондағы халықтың саны 250-ге де жетпейді. Өңірде 230 елді мекен бар десек, көрсеткіш шынында жоғары болып тұр. Осы бағытта біз «Халық» газеті атынан Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Цифрлық технологиялар» бөліміне сауал жолдаған едік. Жауапты бөлім соңғы жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) 2023-2027 жылдар аралығында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы (бұдан әрі – Ұлттық жоба) аясында сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласында 5G стандартында Kcell операторының 16 базалық стансасы, Tele2 байланыс операторының 7 нүктесі жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 33 базалық станса орнатылу жоспарланыпты. Яғни, бұл – іске қосылатын 5G-дің саны кәдімгідей көбейеді деген сөз.
– Қызылорда облысының интернетпен қамтылуы 93 пайызды құрайды. Облыс бойынша 230 ауылдық елді мекен (бұдан әрі – АЕМ) бар, оның 173-інде халық саны 250 адамнан астам, 57-сінде халық саны 250 адамнан кем.
Бүгінгі таңда 213 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілген. 173 елді мекенде 250 адамнан астам халық бар, 40 елді мекенде 250 адамнан аз халық тұрады.
Мобильді интернетпен қамтылмаған 17 шалғай ауылдық елді мекенде халқының саны 250 адамнан кем, – дейді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Цифрлық технологиялар» бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
Ұлттық жоба аясында ауылдық елді мекендерді интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіледі.
Жоба аясында 56 елді мекеннің 171 мемлекеттік органына (25 әкімшілік, 45 білім беру, 41 аурухана, 18 балабақша, 24 кітапхана, 18 мәдениет үйі) кеңжолақты талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Жоба шеңберінде Қызылорда облысының елді мекендерін интернетке сапалы кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі «Жол картасы» бекітіліп отыр.
– Қызылордадан алыс ауылдарды былай қойғанда, қала орталығы саналатын Арай мөлтек ауданының кейбір жерінде мобильді интернет мүлдем ұстамайды. Кабелді интернеттің өзі «қатып» әуре-сарсаңға салады. Қалаға жақын орналасқан КБИ мөлтек ауданында да – осы жағдай. Өз басым «облыс сапалы интернетпен қамтылған» деген жауапты естісем, күлкім келеді, – дейді Қасымбек есімді қала тұрғыны.
«Жол картасы» аясында 2023-2024 жылдары «Кселл» АҚ – 21, «Кар-Тел» ЖШС (Билайн) 10 елді мекенді кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, 2023 жылы жоспарға сәйкес, «Кселл» АҚ 4 елді мекенге, «Кар-Тел» ЖШС (Билайн) 4 елді мекенге кеңжолақты мобильді интернет құрылғысын орнатпақ.
2024 жылғы жоспар бойынша «Кселл» АҚ Арал ауданының 4 (93 разъезд Үкілісай, Раим, Қарашалаң, Құмбазар), Қазалы ауданының 2 (Бозкөл, Бірлік), Қармақшы (Дүр Оңғар), Жалағаш (Ақсу), Сырдария (Жетікөл) аудандарының 1 ауылына интернеттің игілігін көрсетеді. Сондай-ақ, Шиелі (Жаназар батыр, Жансейт, Алғабас, Досбол би) мен Жаңақорған ауданының (Кейден, Қосүйіңкі, Жайылма, Құттықожа) 4 ауылында байланыс жүйесі жақсарады. «Кар-Тел» АҚ Қармақшының Ақай, Сырдарияның Н.Ільясов, Айдарлы, Іңкәрдария, Шиелінің Бестам, Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат ауылына кеңжолақты интернетті іске қосады.
Жалпы, облыс бойынша цифрландыру жұмыстарының деңгейі төмен емес екенін байқадық. Оған бірнеше мысал келтіре кетейік.
Мысалы, 2024 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша валидатор орнатылған автобустарда сатылған билеттің жалпы санының 97,61%-ы қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінде екен. Сондай-ақ, облыс бойынша 18 мыңнан аса камера жұмыс істейді, барлық мектеп 100 пайыз бейнебақылау камерасымен, дабыл батырмаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта https://orda.geoportal.kz атты жүйеде мемлекеттік қызметтердің 8 түрі қолжетімді.
– Аймақты цифрландыру «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады. Бүгінде Қызылорда қаласында 18461 бейнебақылау камерасы жұмыс істеуде. Оның 5258-і Жедел басқару орталығына қосылған. 20 дана «Аркан» жылдамдық өлшеуіш құралы қаладағы жол-қозғалыс оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен «Көркем Телеком» ЖШС мекемесі меморандумға отырып, Қызылорда қаласына пилоттық режимде 100 дана бейнебақылау камерасы және 10 дана «Стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғысы орнатылып, іске қосылды, – дейді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Цифрлық технологиялар» бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Исаев
Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылған. Жоба аясында 35 мектеп пен 28 балабақшаға камера орнатылыпты. Облыс бойынша 297 мемлекеттік мектеп 100% бейнебақылау камерасымен қамтылған және толық дабыл батырмалары орнатылған.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!