Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Субсидиялау стихиялық қоқысты азайта ма?

22.08.2024, 11:00 176

Өркениеттің  жалына  жармасу  үшін өңеш  жыртып  айғайлау  емес,  әрекет ету маңызды. Мәселен, әлем елдері қоқысты кәдеге жаратуға әлдеқашан кіріскен. Өйткені, қоқыстың қаржы көзі һәм  құнды  шикізат  екенін жақсы біледі. Өткен жылы елімізде 4,1 миллион тонна қатты қалдық жиналса, оның тек 1 миллионы ғана өңделген. Қоқыс шығаратын мыңға жуық көлік жетіспейді. 60 мың контейнер тапшы.  Сондықтан, 37 қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Биыл қайта өңдеу саласына  200 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бұл  мәселені  қаншалықты  реттемек?

Жаһанның  жасыл экономиканы  жүзеге асыруы жайдан-жай емес. Қоқысты да қайта өңдеп, қолданыстағы тауарға айнал­дырып отыр. Бір жағынан, бұл – биосфераның былғанбауына сеп. Мойындауға мойнымыз жар бермесе де, көшені қоқыспен толтыру әдетке айналған. Ауылдағы ахуалды айтпағанда, ірі мегаполисте де мін бар. Қоқысты сұрыптаудың орнына көмумен не өртеумен шектелеміз. Бұл туралы экс-министр Әлихан Смайылов  та  мәлімдеген  еді.

– Әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасайды. Тиісті инфра­құрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуро­па елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгін­де Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал біз әлі күнге дейін  қоқысты  жоюдың  жинақтау неме­се көму сияқты әбден ескірген әдісін қол­данып  келеміз, – деді ол.

Ілгері қадам басу – көшке ілесуге мүмкіндік береді. Қалдықты жоюды жүйеге келтіріп, тиімді тәсілге сүйену маңызды. Осы ретте қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарды субсидиялау басталмақ. Министрлік Түркия, Испания, Германия, Швеция, АҚШ-тың кейбір Штаттары, Норвегия, Канада, Корея және Жапонияның озық тәжірибе­сін  зерттеді.

Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағдарлама дайындап, қомақты қаржы көлемінде субсидия бөлгенін айттық. Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, өткен жылы елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 24%-ды құраған.

– Халықаралық тәжірибеде қалдықтарды тиімді басқару мақсатында қайталама шикізатты тапсырғаны үшін сыйақы беру мен қалдықтарды шығару қызметіне сараланған тариф­теу және әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты негізгі шаралар қолданылады. Мұны іске асыру үшін инфрақұрылымды дамы­ту керек және бизнес субъектілерін осы салаға  тартуға  тиіспіз.

Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі әзірленді. Бұл – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуа­тын салуға бағытталған. «Өнеркәсіпті дамы­ту қоры» арқылы сыйақы мөлшерлемесі  3 пайыз және 3 жылдан 15 жылға де­йінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жобалар­ға  3 жылға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері шамамен – 200 млрд теңге, – деді эколо­гия  және  табиғи ресурстар ми­нистрі  Ерлан Нысан­баев.

Ал, енді аймақтағы ахуалды айтсақ. Қоқыс­ты қайта өңдеуде облысымыз оң көрсеткішке ие. Мәселен, Белкөл кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан полигон көпке мәлім. Қалдықтарды сұрыптау кешенінің жылдық  қуаты – 60 мың тонна. Қала бойынша  өткен жылы полигонға жалпы 73 724 тонна, күн са­йын 180-200 тонна көлемінде қалдықтар тасымалданған. Орта есеппен 70 тоннасы сұрыптаудан өткізіледі. Нәтижесінде пластмасса өнімдері  екінші  қайтара  өңдеуге  жіберіледі.

– Полигон құрылысы санитарлық-экология­лық талаптарға толық сәйкес келеді. 20 гектар аумағы толық қоршалған, қалдық­тарды сұрыптау кешенімен және қалдықтарды өлшеу таразысымен қамтамасыз етілген. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 73 мың тоннадан аса қалдықтар қабылданды. Оның 35,7 мың тоннасы қала көшелеріне жүргізілген санитарлық тазалығынан құралған қалдықтар, 37,9 мың тоннасы жеке кәсіпкерлер мен көпқабатты тұрғын-үй аулаларынан шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтарды құрайды, – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары  Дархан  Бақтияров.

Қысқасы, азық-түлік қалдықтары да полигон аумағында шірітілуде. Осы процесс арқылы қоршаған ортаға түсірілетін салмақты жеңілдетіп, көмілетін қалдық көлемін қысқартуда. Тек мұндай қарқынмен шектелмей, тың әдісті де қолға алған жөн. Егер пластмасса өнімін өңдегендей нәтиже болса, әлдеқайда алға жылжығанымыз. Қанша дегенмен қалдықтың да қаржы көзі екенін қаперде ұстаған ләзім.

Жалпы, қоқысты қажет ететін елдер бар екен. Ал, біз қолқаны алған иісінен ат тоңды ала қашамыз. Әлем елдері әлдеқашан қалдық­ты пайдаға жаратты. Бір жағынан, әр тұрғын  үйінде де қоқысты сұрыптайды.

Бізде қоқыс тастау мәдениеті әлі де толық қалыптаспады. Жәшікті лық толтырып, одан қалды үйінді етеді. Мәселен, Швеция­да қоқыс­тың 99%-ын қайта өңдейді. Олар қоқысқа тастал­ған бір бөтелкеден жетеуін жасап шығарады. Сондықтан болар, тіпті қоқыс таппай қалады. Деректерге сүйенсек, Швеция­ға Норвегия  мемлекеті  жылына 800 мың тонна қоқыс жібереді екен.

– Жапонияда қоқыс контейнерлері жоқ. Әр тұрғын қолдағы қоқысын көшеге тастамай, үйіне апарып, міндетті түрде сұрыптайды. Өйткені бұл мемлекетте қоқыс қайта өңделеді. Үйдегі қоқысты сыртқа шығарудың да тәртібі бар. Аптасына бір немесе екі рет алып кетеді. Оның белігілі уақыты мен жерін, ережесін жергілікті әкімшілік  бекітеді.

Бұдан бөлек, көшедегі қоғам тәртібіне қатыс­ты Сингапурды мысалға келтіремін. Себебі, мұнда сағыз, темекі сынды өнімдерге тыйым салынады. Қоғамдық көлікте де рұқсат етілмеген. Халықты қалай тәртіпке келтірген дейтін болсақ, еңбекақының көлемінен артылатын айыппұл салынады. Әр көшеде, әр бұрышта бейнебақылау орнатылған. Ұсталған адам айлығын айыппұлға төлейтін болғандықтан халық ережені бұлжытпай орындайды, – дейді  саяхатшы  Динара  Болат.

Қоқыс жайы ел экономикасы мен экологиясына ықпал етеді. Демек, қоқыстан арылтуға мемлекет ғана мүдделі емес. Тұрғындар да ауласын айнадай етіп отырса, қоғамдық тәртіп сақталса, түйінді сәл де болса тарқатуға  болар.

З.ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: