Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СУ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН немесе АЙТЫП КЕЛГЕН АПАТ

04.04.2024, 12:20 1063

Жаз шықса, су жоқ, бірақ өрт болады. Көктем келсе, су тасиды. Осылайша, көп жылдар өтіп жатыр. Жалпы, қар қалың түскен аймақтарға құрал-сайманын сайлап отыру – әлдеқашан жүктелген тапсырма. Тапсырма берілмеді дегеннің өзінде елдің жайын сонда отырғандардан артық кім біледі? Сол себепті, жыл сайын қайталанатын «табиғи апатқа» тас түйін дайындық болса, елді мекендердің тас-талқаны шықпас еді.

Әрине, табиғи апат деп ақтап алатындар табылады. Десе де, арнайы дайындық керек-ақ. Өмір бойы жиған-тергенін, атақонысын, қарашаңырағын көз алдында судың шайып    кеткені – кімге болсын өте ауыр көрініс. Жауаптылар «шығын өтеледі, көмек беріледі» деп жатыр. Әртүрлі алпауыт компаниялар, қоғамдық қорлар, жеке адамдар қаржы аударып, су алған аймақтарға заттар жөнелтуде. Иә, ес білгелі осы жағдай. Қашан қарасаң да, қайда, қандай апат болса да, бір-біріне қол ұшын созған – қара халық.

Су тасқынына қарсы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмегенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев та растап отыр. Сондай-ақ, ол  бұл  соңғы  30 жылдағы ең ірі су тасқыны екенін  еске  салып, саладағы кәсіби  мамандардың тапшылығына  тоқталды.

– Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, күн райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқыны­нан  төнетін қауіп сейілді деуге келмейді, – деді  президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министр­лігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыруды,  еріктілерді,  жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту  керегін  айтты.

«Ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген  қателіктер мен  олқылықтарды ескеруіміз қажет» деді ол.

Су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов Kazinform агенттігіне берген сұхбатын­да «табиғи апаттарға себеп – жаһандық жылыну, климаттың  өзгеруі»  деп  отыр.

– Кейінгі 30 жылдан астам уақыттан бері ауа температурасы 1,5 градустан астамға жылынды. Мұхиттар мен теңіздердің суы жылына бастады. Кей ғалымдар мұхиттар мен теңіздердің беткі жағы ғана емес, түбі де жылынып жатқандығын айтады. Оған әртүрлі дәлел келтіреді. Қалай десек те, судың  булануы артқан  сайын  циклондардың пайда болуы, олардың жүретін жолдарын өзгертуі қалыпты үрдіске  айналып  келеді, – дейді  ол.

Әмірхан Кеншімовтің сөзінше, ауылдарды қыратты жерлерге орналастыру қажет. Әрі ауыл әкімінің гидротехник ұстауға шамасы да, қаражаты да  жоқ. Судың  мәнісін, жағдайын  білетін  мамандар  жоқ.

– Ақылдасатын маман қалмады. Енді су баспағанда не қалды?! Әрине жазық жерлерді су басады. Алдағы уақытта мұндай болмауы үшін су мамандарын дайындауымыз, ол үшін мол қаражат бөлуіміз қажет. Арнаулы су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз керек. Сонда ғана жылда су басу проблемасынан біртіндеп-біртіндеп құтыламыз. Бірден құтыла алмаймыз, ол  мүмкін  емес, – деді Әмірхан Кеншімов.

Бізде көршісінің үйі өртенсе, бас үйітіп алуға үйірлер көп. Соны ескерген болуы керек, президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді  Үкіметке  шегелеп  тапсырды.

– Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай болғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар,  ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасау­ға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс.

Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыз­дар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады, – деді  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет қайраткері Мұрат Бақтиярұлы су тасқыны­нан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін әлеуметтік желідегі парақша­сында жазды. Ол жыл сайын қайтала­натын жағдайдан атқарушы биліктің сабақ алмайтынына  ашулы.

– Қыста қар көп жауған өңірлердің ауылдарын су басып жатыр. Қаншама үй су астында қалып, тұрғындар баспанасынан айырылды. Бұған күннің күрт жылынуы қатты әсер еткені сөзсіз. Бірақ, ең басты себеп – қардың қалың түсуінен болатын тас­қын  суға  алдын ала дайындықтың болмауы. Бұл жылда қайталанып жататыны, одан атқарушы биліктің қорытынды шығармайтыны өте өкінішті. Қарды тазалау, арықтарды аршу, бөгеттерді нықтау жұмыс­тарын сонау күзден бастап жасаса, мұндай үлкен шығын  болмас еді. Кемшілік жіберген атқарушы орган өкілдеріне қатаң шара қолдану керек. Су тасқынынан қиналып жатқан бауырларымыз­ға есепшот ашылса, көмек ретінде қаржы аударуға дайынбыз. Біз  сіздермен біргеміз! – деді  ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың да отырысы өтті. Онда мемлекет басшысы Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді. Қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдау, су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені мұқият зерттеу қажет  екені  айтылды.

Рыскелді  ЖАХМАН

Тақырыпқа  тұздық

СУ  ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН…

Судың да сұрауы бар ғажапстан,

Су жұқпастар, суайттар – таза дұшпан.

Еміс-еміс елес боп елестейсің,

Ежелгі Қазақстан.

Судан құрғақ шығатын мазақстан,

Су ішкен құдығына боза құсқан.

Ақ сағымдай алыстан бұлдырайсың,

Нұрланған Қазақстан.

Суда жүзген балықтай таза мыстан,

Судай ақты жанымыз жаза құшқан.

Екінші рет ашылған беташардай,

Қазіргі Қазақстан.

Судан таза, сүттен ақ мәз «арыстан»,

Суға кетті талай жер тозаңы ұшқан.

Көзімізбен көрдік-ау сені ақыры,

Су  жаңа  Қазақстан…

Ақжол  ТҮМЕНБАЙ

Карикатураны салған Ғ.Смағұлұлы,

Суреттер ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: