Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы
Иранда міне үшінші күн қатарынан толқулар тоқтар емес. Жүз мыңдаған адам көшеге шығып, билікке қарсы наразылықтар өткізіп жатыр. Халықтың наразылығына жарты ғасыр ішіндегі ең ірі құрғақшылық себепкер болған. Иранның Хузестан аймағында жауын жаумай, Карун өзені құрғап, суалыпты. Бұл мал шаруашылығы, егін және ауызсуға өз кесірін тигізген. Суды үнемдеу мақсатында билік жоспарлы түрде электр энергиясын да өшіріп тастайтын болған. Салдарынан біраз кәсіпкер шығын шеккен. Енді міне, халық наразылығы бұрқ ете қалды. Аймақта 120 мыңнан астам адам көшеге шығып, билікпен қақтығысып жатыр. Қаза тапқандар бар, аймақта интернет өшіріліп, әлеуметтік желілер бұғатталды.
Иранның басына туған күн, басқаның басына да туады. Әсіресе Орталық Азияға. Еліміздегі қуаңшылықты көріп отырмыз. Батыс пен Қызылордам қиналып, мал құлап, жұт болып жатыр. Бір себебі – сол судың аздығы. Бұл көрініс өкінішке қарай жыл өткен сайын арта береді.
Орталық Азияға қарасақ, су ресурстары тиімді бөлінген емес. Тәжікстан мен Қырғызстан қалған үш елге, Қазақ, түркімен, өзбекке суды саяси саудада қолданып келеді. Ең қиын жағдай қазақтың басында, өйткені аймақтың солтүстігінде жатырмыз, ал Орталық Азиядағы өзендер бастауын оңтүстіктен алып жатыр. Тәжік пен қырғыз жерінен.
Уақыт өтіп, су тапшылығы сезіліп келеді. Суды әзірге сатып алып отырмыз. Қырғыздан, тәжіктен, өзбектен. Тапшылық бар, бірақ қатты емес. Алдағы 5-10 жылда ол тапшылық артады. Сонда біздің қазіргі айтып жүрген «доспыз, түркіміз, көршіміз» сөздері екінші планға сырғып, су мәселесін өткір шешіп алу қажеттілігі туындайтын сияқты. Өйткені су – өмір, су – экономика, су – ауыл шаруашылығы, су – мал, су – егін, су – өсу. Еріксіз сол сәтте майда дипломатия жүрмесе, шекара жабу, қысым көрсету әрекеттері алға шығып кете ме деп сескенемін. Мәжбүрліктен.
Орталық Азиядағы судың жағдайын көріп отырсыз, біліп отырсыз. Көктемгі бас жарылып, көз шығып, үй өртеніп, оқ атылған қырғыз-тәжік қақтығысының өзі су қоймасының басында басталды. Бір себебі – сол егіндік уақытта суды бөлісу мәселесі. Бұл сигнал ма? Сигнал.
Еліміздегі жағдайға қарайық. Балқашымыз Аралдың кебін киюі мүмкін. Себебі Балқашқа келіп құятын Іле іспеттес өзенді Қытай бітеп жатыр. Өскемен, Семей, Керекуге қуат болған Ертіс өзені де азайып келеді. Оған Қытайдың Шығыс Түркістандағы әрекеті себепкер болуда. Қытай Шығыс Түркістанда 2049 жылға дейін, яғни Қытайдың 100 жылдығы қарсаңында 100 млн халық қоныстандырмақ. Бұл қазіргі халқынан төрт есе көп деген сөз. Онда суды пайдалану, экономикаға қолдану, кәсіпорындар ашуға су тарту да төрт есе артпақ. Біздегі Қытайдан келетін өзендер де сарқыла бастайды деген сөз.
Ресейдің де саясаты түсініксіз. Қарт Каспийіміз де таязданып келеді. Сондықтан кемелер жүруі үшін түбін қазып жатырмыз. Ресей Каспийге құятын ірі өзендердің жолын бөгеп жатыр.
Қай елмен алып қарасақ та жағдай біздің пайдамызда емес. Біз су тапшылығын тартатын боламыз. Оның соңы – қуаңшылық, тапшылық, жоқшылық. Сондықтан қазірден бастап ірі жобаларды іске асырған дұрыс болар. Ыңғайы келсе көршілес елдермен ұзақмерзімді келісімдер жасап алуымыз керек. Жалпы, әлемде су үшін соғыстар жақындап қалды, алды басталып та кетті. Ол дипломатиялық, экономикалық, саяси, әскери соғыс сипатында өтеді. Қазақ соған дайын ба?!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!