Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СҚО-да су тасқыны қаупі күшейді: Сергеев су қоймасы ернеуінен асты

01.04.2026, 10:00 42

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына байланысты жағдай жіті бақылауға алынды. Мамандардың болжамынша, өңірдегі тасқынның шарықтау шегі сәуір айының ортасына тұспа-тұс келуі мүмкін.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су басу қаупі жоғары аумақтарды аралап, бірқатар маңызды нысандардағы ахуалды тексерді. Атап айтқанда, Қызылжар ауданындағы қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі, Заречный кентіндегі айналма канал және Петропавл қаласындағы гидротораптағы жағдай назарға алынған. Сондай-ақ тасқын су қаупі төніп тұрған Прибрежное елді мекенінде арнайы штаб құру тапсырылды.

Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қатысты негізгі учаскелердің барлығы тұрақты бақылауда тұр. Қазіргі таңда Прибрежное ауылына апаратын облыстық маңызы бар жолды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында үш аралықты көпір өткелі де салынуда. Мамандар құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын айтады.

31 наурыз күні Сергеев су қоймасы толып, ернеуінен асқан. Қазіргі сәтте ондағы су деңгейі 8 сантиметрге жеткен. Ал «Қазгидромет» болжамына сәйкес, су тасқынының ең жоғары деңгейі сәуір айының екінші және үшінші онкүндігінде байқалуы ықтимал.

Қазір өңірдегі өзендердегі су деңгейі тәулік бойы қадағаланып отыр. Су тасқынының алдын алу үшін қажетті күш пен техника толық жұмылдырылған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: