Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соңғы көшенің жүгі ауыр ма?

17.02.2022, 10:40 715

Әйтеке би кентінің әкімі

Қайрақбай Орынбасаровтың назарына

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді естіген шығарсыз?! Білсеңіз, сол сөзді «соңғы көшенің» деп сәл өзгертуге тура келіп тұр. Әрине, мұнымен тың жаңалық аштық дегені­міз емес. Мәселенің мәнісін мақаланы оқу  барысында  аңғарасыз.

Сонымен… Кент тұрғыны қоңырау шалды. Ренішті үнмен өзі тұратын, бір­талай отбасы қоныстанған Қалжан Бекетаев көше­сінің аспаннан тамшы тамса батпаққа айналатынын, жауын-шашында көлік тұрмақ, жаяу адамның жүруіне, әсіресе егде адамдар, балалар мен денсаулығы сыр берген жандарға өте қиын тиетінін айтып, көше­нің сын көтермейтін ахуалын көзбен көріп, тиісті орындарға жеткізуімді сұрады.

Оқырманның тілегі қашанда маңызды. Айтылған мекенжайға жетуге асықтық. Әйтеке биден Мұратбаев ауылына апаратын ұлы жолдың бойынан бұрылып, бұрын 1-квартал атанған аймаққа қадам бастық. Бұл маңайда Дәулеткерей, Шамау Ибрашов, Теңел Жұмабаев және Қалжан Беке­таев көше­лері қаз-қатар орналасқан екен. Бір қызығы, Дәулеткерей көшесі асфальтталса, қалған екі көшеге (Ибрашов пен Жұмабаев көшесі)  қиыршық  тас (гравий) төселген.

Ал әзірше мұндай жағдайдан қалыс қалған, асфальт түгілі, қиыршық тас төселмеген, осы аумақтағы төртінші, яғни соңғы Қалжан Бекетаев көшесінде аяқ алып жүру мұң. Кейінгі кездегі Қазалыда жауған қар аралас жаңбырдан соң көше бойы қоймалжың ми батпаққа айналыпты. Ал көше­нің орта шенінде балшыққа батып қалған жеңіл көлікті қолмен итеріп, алға жылжытуға талпынып, лайсаңды кешкен адам­дарды аңғардық. Өзіміз тілдескен көше тұрғындарының айтуынша, бұл үйреншікті көрініс екен.

Мұны естігенде «қыс ортасында осындай ахуал болса, көктем-күздің жауын-шашынды  күндері көшенің күйі қалай болады?!» деген ой санамызда жалт ете түсті.

Бұл сауалға құзыреттілер не айтар екен?!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Әйтеке  би  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: