Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шетелге құмарлық шарықтап барады…

29.08.2024, 11:20 741

Жақында  шетелге  көшіп  кеткен  қазақстандық  блогердің  әлеуметтік  желідегі парақшасын  байқап  қалдым. Парақшаға ене кетіп,  лента  бойындағы  мыңдаған қаралым, «қып-қызыл» лүпіл жинаған келіншек отандастарымызды шетелге көшуге үгіттеп жатыр екен. Айтуынша, өзге мемлекетте Қазақстанға қарағанда экономика да, экология да, табиғат та, тіпті қоғам менталитеті де «дамыған» екен. Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан енді асса да, дамыған елдермен иық тіресуге талпынып келе жатқан мемлекеттің болашағын бірден бұлыңғырлатып жібергендей әсер берді. Халық санын көбейтуге түрлі жобалар жүзеге асып жатыр, сонда оның барлығы не үшін? Осындай ойда қалдым. Бұл ойымды редакцияға келген соң, өзге де әріптестеріме айтқаным сол еді, ақылдаса келе бірден сауалдарды Сыртқы істер министрлігіне  жолдауды  ұйғардық.

БИЫЛ  60 МЫҢҒА  ЖУЫҚ  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ШЕТЕЛГЕ  КӨШКЕН

Жалпы, Қазақстан азаматтарының шетелге көшуі соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқан үрдіске айналды. Бұл құбылыс қоғамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайының бір көрсеткіші десек те болады. Елімізде жүргізілген түрлі зерттеулер мен талдаулар бұл көші-қонның негізінде нақты үш себеп жатқанын көрсетеді. Алғашқысы – тұрақты тұрғыны болуға көшу. Одан кейінгі себеп – жұмыс істеу, соңғысы білім алу. Әсіресе, жоғары білімі бар жас мамандар мен студенттердің шетелге шығу ықтималдығы жоғары. Министрліктің мәліметтері бойынша, 2024 жылдың 1 шілдесінде шетелде консулдық есепте тұрған қазақстандықтардың  жалпы  саны  59 178 адамды құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда төмендегенімен, 2022 жылға  қарағанда  өсімге  ие.

Қазақстан азаматтары шетелге қандай мақсатта шығады? Сауалдарымыздың алғашқысы осы болды. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, азаматтардың таңдауы көбіне экономикалық факторларға байланысты. Жоғары жалақы, мансаптық өсу мүмкіндігі, әлемдік деңгейдегі білім алу – осылардың бәрі тұрғындарды шетелге көшуге ынталандырады екен. Бірақ бұл мәселеге тек материалдық тұрғыдан қарау жеткіліксіз. Бұл таңдаудың артында азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздікке деген сұранысы, жеке даму мен өзін-өзі танытуға ұмтылысы жатыр.

Сыртқы  істер  министрлігінің  баспасөз қызметі департаментінің директоры Айбек Смадияровтың айтуынша, шетелге көшкен отандастарымыз мына екі себепті басты назарға  алады  екен.

– Қазақстандықтардың  шетелге  кетуінің басты себебі – білім алу мен жұмыс істеуге деген  ұмтылыс. Дегенмен, бұл шешімдер жеке  мақсаттарға ғана емес, еліміздің экономикалық  және  әлеуметтік жағдайына да әсер етеді. Әрбір  кеткен  азамат – елдің адами  капиталының  бір  бөлігі, – деді  ол.

КОНСУЛДЫҚ  ҚЫЗМЕТТІҢ  ҚЫР-СЫРЫ

Шетелге  кеткен  қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ҚР Сыртқы істер министрлігінің басты міндеттерінің біріне жатады. Көпшілік консулдық  қызметтерді  визалық  рәсімдер мен құжаттарды рәсімдеумен ғана байланыстырып жүрген болуы мүмкін. Алайда, шын мәнінде, консулдық қызметтің ауқымы әлдеқайда кең. Мұнан бөлек отандастарымыз шетелде қиын жағдайға тап болған кезде, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, заңдық тұрғыда қолдау көрсету және қажетті мәліметтер беру де – негізгі құзіреттің қатарында.

Министрліктің айтуынша, шетелдегі қазақстандықтардың құқығын қорғау және қажетті қызметтер көрсету үшін консулдық мекемелер мұнан өзге көптеген функцияны қатар атқарады. Олардың қатарында азаматтық хал актілерін тіркеу, визаларды беру және ұзарту, нотариаттық қызмет көрсету, құжаттарды заңдастыру сияқты қызметтер бар. Бұл қызметтер арқылы шетелде жүрген азаматтар өз елінің қорғауын сезінеді. Соңғы жылдары министрлік өз қызметтерін кеңейтіп, шет мемлекеттермен визасыз режим орнату жұмыстарын күшейтті. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтары 39 мемлекетке визасыз бара алады. Бұл – елдің сыртқы саясатындағы үлкен жетістіктің көрінісі. Министрлік алдағы жылдары тағы 11 елмен визасыз режим орнатуды жоспарлап отыр.

– ҚР СІМ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға баса назар аударады. Визасыз режимнің кеңеюі мен жаңа халықаралық келісімдер – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Біз қазақстандықтардың шетелде еркін жүріп, өздерін қорғалған сезінуі үшін барлық жағдайды жасаудамыз, – деді СІМ баспасөз қызметі  департаментінің  директоры.

ШЕТЕЛДЕГІ  ҚАЗАҚТАРДЫҢ  ЖАҒДАЙЫ  ҚАЛАЙ?

Шетелде тұратын этникалық қазақтар мен қандастардың құқықтарын қорғау – ҚР Сыртқы істер министрлігінің басты назарында. Министрлік қандастарға арналған арнайы визалық жеңілдіктерді қарастырған. Мысалы, этникалық қазақтарға арналған С-10 санатындағы виза осы мақсатта енгізілген. Бұл виза оларға этникалық ерекшеліктерін растайтын құжаттарды ұсыну арқылы 1 айдан 1 жылға дейін мерзімге беріледі. Бұл бастама тарихи Отанына оралғысы келетін қандастар үшін үлкен көмек.

Сонымен қатар, СІМ шетелдегі қазақтардың құқықтарын қорғауға бағытталған басқа да маңызды жобаларды қолға алып, жетілдіріп келеді. Мысалы, шетелде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарына консулдық қолдау көрсету, олардың құжаттарын рәсімдеу және қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, қиын жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық көмек көрсету, шетелдегі заңдар мен ережелерді түсіндіру маңызды. Министрлік осындай қызметтер арқылы  шетелдегі  қазақтардың  мүдделерін қорғауды  қамтамасыз  етеді.

Айбек Серікбайұлының айтуынша, консулдық мекемелердің міндеті тек құжат рәсімдеумен шектелмейді.

– Мемлекеттің  маңызды  міндеттерінің қатарына  қандастардың  қайда  жүрсе  де амандығын бақылау  кіреді. Министрлік бұл бағыттағы  жұмыстарын одан әрі жалғастыра  бермек. Қандастарымыздың құқығын  қорғау – біздің  сыртқы  саясаттағы маңызды  бағыттардың  бірі, – деп атап өтті СІМ  баспасөз  қызметі.

ЕСЕПТЕ  ШЫНАЙЫЛЫҚ  БАР  МА?

Статистиканы сөйлету аса қиын емес. Елден көшіп жатқан отандастарымыздың да негізгі себептерін сұрағанда жұмыс, білім деу сылдыр сөз іспетті. Шынына келсек, қазақстандықтардың шетелге көшуі елдегі жүйенің кемшіліктерін және азаматтардың өз мемлекетіне деген сенімсіздігін сипаттайтындай. Министрлік визасыз режимдер мен келісімдерді атқарылған жұмыстың алды дегенімен, негізгі басымдық, отандастарымызды осында қалдыру  болуы  керек  секілді. Әрбір  кеткен қазақстандық – адами капиталдың жоғалуы, әрі бұл ел ішіндегі шешілмеген мәселелердің салдарын айқындайды. Сайып келгенде шындық – осы.

Консулдық  қызметтер  қағаз  жүзінде тиімді көрінгенімен, шынайы өмірде бюрократиялық  кедергілерге  тап  болып, азаматтарға нақты көмек көрсете алмай жатқанын  көру  қиын емес. Өйткені, шетелде  белгісіз  себептермен  із-түссіз кеткен қандастарымыз, осы қызметтерді пайдалану кезінде  тым  көп  уақыт  күткеннен түрлі жағдайларға тап болып отыр. Мұны әлеужеліден көріп, жаға ұстадық. Шетелдегі қазақтардың тарихи отанына оралу үмітін жоғалтып отырғаны да осыдан болса керек. Сыртқы істер саласында шынайы реформа болмаса, азаматтарымыз болашағын  басқа  жерден  іздеуді  жалғастыра береді.  Қазіргі  ахуал  осыдан  хабар  береді.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: