Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шетелге кету амбиция ма, амалдың жоқтығы ма?

25.09.2025, 11:40 493

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш елім дер,

Алтын Арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін!

Мағжан  Жұмабаев

Қазіргі қазақ қоғамында жастардың болашағы туралы сөз қозғалғанда жиі айтылатын бір мәселе бар, ол – шетелге жаппай кету үрдісі. Бүгінде елден сыртқа кеткен әрбір жас – өзінше бір тағдыр, бір үміттің үзігі. Бірақ осы көштің артында қандай шындық жатыр? Бұл өршіл амбиция ма әлде туған жердегі мүмкіндіктің шектеулілігінен туған амалсыздық па? Бірі ілім-білім ізімен кетсе, енді бірі күнкөрістің қамымен қара жұмыстың жетегінде жүр, әрине шетелдің жалақысы елдегіден тәуірірек болған соң… Бүгінгі мақаламызда осы жастардың жаһан қуалап, ел-жер асуының астарына үңілмекпіз.

ЖАҺАНҒА  ЖОЛ  ТАРТҚАН ЖАСТАР

Қазақстаннан шетелге аттанған жастардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл құбылыс­ты жай ғана «оқуға кетті», «тәжірибе жинауға шықты» деп жеңіл қабылдау – үлкен қателік. Өйткені  шекара  асқан әр  жас – ел үшін   жоғалған  мүмкіндік, мемлекет  үшін кеміген капитал. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы  еңбек миграциясына шыққан қазақстан­дықтардың саны 140 мыңнан асыпты. Олардың бір бөлігі әлемдік деңгейде білім алуды, ғылымға тереңірек үңілуді мақсат етсе, екінші бөлігі кәсіби біліктілігін шетелде шыңдау­ды  жөн көреді. Бұл топтағы жастардың кетуін белгілі бір дәрежеде түсінуге болады. Өйт­кені олардың  амбициясы  биік, «мен әлемдік аренада өз орнымды табамын» деген сенім бар. Бірақ мәселенің  екінші  жағы  бар, бұл жастардың басым бөлігі білімін, тәжірибесін елге әкелмейді, сол кеткен елінде тұрақтап қалады. Себебі, Қазақстанда оларды ұстап  қалатындай  жағдай жасалмаған, ғылыми орта кенже дамыған, еңбектің  әділ  баға­лануы  да  екіталай.

Алайда, ең алаңдатарлық құбылыс – қара жұмысқа кеткен жастардың көбеюі. Құрылыс алаңында, егістік басында, қарттарға күтуші болып немесе мейрамханада даяшы ретінде жүрген талай қазақстандықтың бейнесі бүгінде шетелде қалыпты жағдайға айналып барады. Сондай-ақ, бұл – біздің қоғам үшін ұятты құбы­лыс. Себебі ол жастардың көбі – өз елінде лайықты еңбек таба алмай, тұрмыс тауқыметінен құтылудың қамымен кеткен қарапайым азаматтар.  Олар  үшін  басты мақсат – тек отба­сын асырау, күнкөріс қамы. Бірақ жат жерде де оларды күтіп тұрғаны ауыр еңбек пен арзан  жұмыс  күші  ретіндегі  көзқарас  ғана.

Неге осылай? Неліктен біз өз жастарымыз­ды ел ішінде ұстап қала алмай отырмыз? Бұл сұраққа жауап іздесек, түпкі себебі – жүйесіздік пен әділетсіздік. Жас мамандардың еңбегі елде бағаланбайды, кәсібін ашқысы келгендерге тиімді қолдау жоқ, ауылда өндіріс пен кәсіпкерлікке нақты жағдай жасалмаған. Көрінген есікті қағып, «жолын таппаған» жастардың алдында­ғы  ең  оңай  шешім – шетелге  кету.

Қара жұмысқа кеткен әр жас – мемлекеттің әлеуметтік саясатының әлсіздігінің айғағы. Ол – жоғалған еңбек күші ғана емес, рухани тұрғыда әлсіреген қоғамның көрінісі. Шетелдің экономикасына арзан күш болып қызмет еткенше, сол еңбекті өз елінде сіңіруге болар еді. Бірақ біз соған мүмкіндік бере алмай отыр­мыз. Демек, жастардың шетелге кетуін тек жеке таңдау деп қарау дұрыс емес. «Бұл – ұлттық деңгейдегі қатер, мемлекет үшін қауіпті үрдіс» деп сараптайды сарапшылар. Егер ел ішінде әділетті қоғам қалыптаспаса, еңбек әділ бағаланбаса, жастарға нақты мүмкіндік жасалмаса,  бұл  көш  тоқтамайтыны  анық.

«BRAIN  DRAIN»  немесе  БАС  МИЫНЫҢ  АҒУЫ

Жастардың шетел асып, елден жаппай кетуі бүгінде тек әлеуметтік құбылыс емес, нағыз ұлттық қауіп­сіздікке төнген қатердің бір түріне айналды. Ғылымда бұл құбылысты «brain drain», яғни «ақыл-ойдың ағуы» деп атайды. Экономикалық әлеуетін жоғалтқан мемлекеттердің ең мықты кадрлары, озық ойлы жастары мен ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары мамандары дамыған елдерге кетіп, өз елінің өркендеуіне үлес  қоса  алмай  қалуда.

Бұл үрдісті сарапшылар «әлеуметтік капиталдың ыдырауы», «адами ресурс тапшылығы», тіпті «ұлттық интеллект қорының сарқылуы» деп те сипаттайды. «Егер мемлекет еңбек­теген баласынан бастап, жастарды оқытып, оларға миллиардтаған қаржы жұмсаса да, соңында сол да­йын кадр өз еліне емес, өзгенің эконо­микасына жұмыс істесе, бұл нағыз экономикалық донорлық болып саналады» дейді экономист-­сарапшы  Еркін  Сапарбаев.

– Қазақстан үшін ең үлкен қауіп – капиталдың емес, кадрдың кетуі. Ақша жоғалса табуға болады, ал жоғалған ми қайтып келмейді. Біз қазір «ми экспортының» державасына айналып барамыз. Әр кеткен маман – бір жоғалған университет, бір өшкен зертхана,  бір  құлаған болашақ, — дейді  ол.

Сарапшының сөзінше, соңғы уақыттары, әсіресе, IT, медицина, инженерия және ғылыми-зерттеу саласындағы жастардың шетелге қоныс аударуы айқын байқалады. Бұны өз кезегінде, елдің инновациялық дамуын тежейтін, ғылыми жаңалықтардан құр қалдыратын қауіп­ті үрдіс деп топшылауға саяды. «Яғни, біз өзіміздің болашағымызды өз қолы­мызбен сыртқа сатып жібергендей күй кешудеміз» дейді ол. Ендігі осы аталған мәселенің мән-жайын мына мысалдармен мазмұндап берді.

– Ал мәселенің түбінде не жатыр? Біріншіден, әлеуметтік әділетсіздік пен жемқорлық. Дарынды жас ел ішінде қанша тырысса да, мансап жолында ашық бәсекелестік таппайды. Екіншіден, жалақының төмендігі мен ғылыми еңбектің бағаланбауы. Ғалым ойлап зерттеу жүргізіп, халықаралық жаңалық ашса да, оны бағалайтын орта жоқ. Үшіншіден, қоғамдық орта мен еркін ойға деген қысым. Озық ойлы адамға кең өріс, еркін пікір, интеллектуалды орта керек. Бізде бұл толық қалыптаспаған. Нәтижесінде, мыңдаған жас өз болашағын елде емес, шетелде көреді. Ал Қазақстанда «кадр тапшылығы», «ой жетіспеушілігі», «білікті маман жоқ» деген пайым күнделікті қайталанатын шындыққа айналады. Бұл үрдісті тежемесек, Қазақстан ұзақ мерзімде тек шикізат экспорттайтын, ал интеллектуалдық өнімді импорттайтын ел ретінде қалып қоюы мүмкін. Яғни, біз өндіруші емес, тұтынушы ғана боламыз деген сөз. Міне, сондықтан «бас миының ағуы» – жай ғана жеке азаматтың шешімі емес, тұтас ұлттың болашағын тұншықтыратын қоғамдық трагедия, — деп қорытындылады қаржыгер  Еркін  Пазылбекұлы.

«ЕЛДЕ ДИПЛОМ АЛҒАН ЖАС ШЕТЕЛДЕ ҚАРА ЖҰМЫСШЫ БОЛСА, БҰЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ КАДР САЯСАТЫНЫҢ КҮЙРЕГЕНІНІҢ КӨРІНІСІ»

Шетелге кеткен жастардың бәрі ғылым мен технология саласында табысты еңбек етіп жүрген жоқ. Керісінше, олардың басым бөлігі қара жұмысқа жегіліп, бөтен елдің ең арзан жұмыс күші болып жүр. Бұл – Қазақстан үшін ең ауыр парадокстың бірі. Ел ішінде университет бітірген, дипломы бар жас Герма­ния­да құрылысшы, Оңтүстік Корея­да зауыт жұмысшысы, Англияда құлпынай  теруші  болып  табыс  табуда.

Әуелде «жастардың шетелге кетуі – білім қуып, тәжірибе алмасу» деген әдемі уәж айтылатын. Бірақ шындыққа тура қарасақ, мыңдаған жас мамандығына сай емес, қарапайым жұмысқа кіріп кетіп жатыр. Әлеуметтік мамандар сөзіне сүйенсек, бұл құбылысты «білікті кадрдың маргиналдануы» деп атайды екен. Яғни, университет қабырғасында алған білімін кәдеге жарата алмай, қоғамда өзінің әлеуетін іске асыра алмай, әлеуметтік деңгейін төмендетіп  отыр.

– Бүгінде шетелге кеткен жас­тардың көпшілігі қара жұмысқа жегіліп жүр. Бұл – тек экономикалық емес, психологиялық трагедия. Өйткені жас адамның арманын, амбиция­сын, мамандығын қоғам қолдамаса, ол өзін жүзеге асыра алмайды. Сол кезде ол білімін ысырып қойып, тек қарын тойдыру жолын іздейді. Қазақ­стан үшін бұл – қауіпті құбылыс: біз талант­ты жастарды жоғалтып ғана қоймай, олардың намысын, кәсіби болашағын  таптап  отырмыз. Сын айтсақ та, шындық осы. Біз жастарды шетелге тек ғалым немесе кәсіпкер ретінде емес, көбіне «қара жұмысшы» ретінде «экспорттап» отырмыз. Ашығын айтқанда, елдің әлеуметтік саясатының ең үлкен масқарасы да – осы. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, Қазақс­тан өз жастарын тек «жалақы қуған жалдамалы жұмысшы» деңгейінде жоғалта бермек, — дейді әлеуметтанушы  Мейірман  Ерлан­ұлы.

Қорытындылай келе, жастар – елдің болашағы десек, әр кеткен жас тек өз арманын емес, ұлттың интеллектуалды әлеуетін де сыртқа шығаруда. Сондықтан да, жас буынның мүмкіндігін жіті бақылау мен қолдау қоғамнан болмаса, елдің болашағы шетелде шешіледі деп айту артық емес. Сол үшін әрбір жасқа қарау тек жеке міндет емес, ұлтқа жасалған жауапкершілік деп пайымдаған жөн.

Перизат   ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: