Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шер толқытқан шындық

16.01.2025, 11:00 170

Қазақстанды мекендейтін барша ұлт пен ұлыс тәуелсіздік ұғымын соншалықты қастерлейді. Кеңес дәуірінен қалған «Тілі басқа, тілегі бір» дейтін интернационалистік ұранды «Жаны басқа, жүрегі бір» деп өзімсіне түрлендірсек те сөкет көрінбейтіндей. Бір халықтың мейі­рімі  жүз  халықты  ұйыстырған Қазақ еліндегідей ынтымақ үлгісіне ешбір мемлекет таласа алмайды. «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» дейтін саяси аксио­ма шын мәнінде бейбіт қатар өмір сүру  өлшеміне  айналды.

Данагөй тұлғалардың көреген ұстанымы атам заманнан тыныш­тықты ту еткен әзиз халқымыздың табиғи болмысын тірек тұтқаны жат атаулыны бас шұлғыта мойындатты. Біздің ерлігіміз бөтенді жаулап алудан емес, жаулап алушыдан қорғанудан бастау алатынын, өрлігіміз таспен ұрғанды аспан ұратын кешірімшілдігімізбен астасып жататынын, баладай аңғал, даладай дарқан, данадай кемел қасиет қаны­мызда бүлкіл қағатынын ұғынған бүгінгі қатыгез әлем қаласын, мейлі қаламасын   бағалауға мәжбүр! Себеп-­салдар іздеп долбарлау қисын­сыз: өйткені исі қазақ өзіне де, өзгеге де бауырмал! Сәлемі түзуге есігі  де,  құшағы  да  ашық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлттық құрылтай мінберіндегі руханият тазалығы хақындағы салқар самал ескен түбе­гейлі  талабы  дүниежүзіне  қара­па­йым  шындықты  риясыз  паш  етті.

Біздің мінберімізге әлем бұрын­ғыдан да жіті құлақ түретін болды. Демек, жүзінен нұр, тілінен сыр төгілген халқымыздың біртұтас бейнесі әрқайсысымыздың болмыс-бітімімізде ұлттық ұшқынның маздауымен біте қайнасып жатуы тиіс.

Патриоттық пафосқа толы бұл тұжырымды бүкіл Қазақстан халқы зердесіне берік ұялатты. Қазақилық өзге ұлт өкілдерінің ойлауынан да, сөйлеуінен  де,  емен-жарқын қарым-­қатынасынан да мен мұндалайтыны қандай  жарасымды  һәм  шынайы!

Ниет жақсы, иншалла, тек ынтамыз бәсең тартпасын деңіз. Бозторғайдай шырылдаған тілімізді бұлбұлдай сайратып, қырандай қалықтатуға халықтық қозғау мен қолдауда үніміз шашыраңқы шықпаса екен. Баяғының жырауларына тән домбыра қағысы, әуез мақамын сағынып жүргеніміз тәрізді аға ұрпақ көкейінде сақталған көне дәуір күмбіріндей көрнекті сөз кейінгі буынға жұғысты болуына бір-бірімізбен санаспай атсалысқанымыз абзал. Үлкенді тыңдау азайып, есті сөз айту сұйылып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінгінің ырзығын өткеннің тағылымымен үндестіретін салиқалы төрелік орнына отбасы, ошақ қасының қыжыртпасы белең алғаны бет қызартады.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деу үшін алдымен ауызекі тіл мазмұнын жұтаңдатпауымыз керек. Бабаларымыздан асқан дана жоқ. Олар жазбашадан бұрын-ақ ел мен жер тарихын санаға суреттеп сіңірді. Кестелі сөз қиял мен аңыз, ақиқат жымдасуынан бүр жарып, ауыз әдебиеті арнасында тоғысты. Ертегі мен батырлар, ғашықтық жыр­лары халқымызды ақынжанды етіп қалып­тастырды. Аңыз әңгімелер шешендік бұлақ көзін ашты. Дала пәлсапасы мақал-мәтел, қанатты сөз құймасын  сорғалатты.

Кітапхана сөрелерінде сірескен бұл  ғажап  құндылық  парақталма­ғалы  да ондаған жылдар  бедерін  салған шығар. Ауыз әдебиетінің жауһар­лары ғылымға әлдеқашан сөлін сығып берген. Ендігі кезек – сөз  асылының  халықтық  айналым­да тұрақталуында. Осы қасиетті қайнардан сусындау отбасыдан бас­талып, балабақша, мектеп, оқу орындарында сабақтастырыла тереңдетілсе, айтушының да, тыңдау­шының да талғампаздық биігінен табылары хақ. Кітап оқу дәстүрінің ығысып, ағымдағы ақпаратқа сыдыр­та көз жүгірту кейінгі буынның сөз байлы­ғын едәуір жұтаңдатты. Тақ-тұқ тілдесу, пікір қасаңдығы, жазбашадағы жаттандылық тіл тереңіне беттетпей, тайыз жағалауда тобығымыз бұлтыңдайды.

Тағы бір құлаққағыс ет ауыртпай шымшылайды. Меншік нысанына қарамастан, барлық лицей, колледж, институт,  академияларда рухания­тымызды ардақтау мақсатында Қазақ­стан  тарихының құрамдас бөлігі ретінде тіл мен әдебиет, этнографиядан  біріктірілген курс  енгі­зілсе, кәнеки! Сөз жоқ, мұндай мүмкіндік ұлттық идеал темірқазығына айналар еді. Қайтарымы белгісіз кейбір қайталама басы артық пәндерден санаға сәуле шашар осындай  толықтыру  әлдеқайда  пайдалы екені  даусыз.

Ерекше толғантатын жайт, әзірге түлектерімізді Ұлттық бірыңғай тест сөйлетпей келеді. Лоторея ойыны тәрізді бұл тәсілдің басты кемшілігі де сонда. Дұрыс жауапты жаңылтпаш нұсқалармен бүркемелеу талапкерді шатастырғаннан басқа дәнеңе емес. Студенттеріміз орта арнаулы, жоғары оқу орындарында тағы да тест төрелігіне телміреді. Көз майын тауысып оқып-тоқығанын сарапшы алдында төгілтіп айтпағаннан кейін, басы бірікпеген білімнен не қайран?! Ылғи да үндеместік жетегіндеміз. Бетті алып салатын баяндау, саралап талдау жоқ жерде тіліміз тұсаулы болмай қайтеді?! Саусағымыз қаламнан гөрі компьютер клавиштеріне көбірек илігетіндей дағды қалыптасқаны да көңілге кіп алдырады. Ойлау, сөйлеу, жазу бірлігінсіз заманауи өркениет көшінде жалтақ қайталаушы деңгейінен әріге аса алмайтынымыз айдан анық.

Біз, негізінде, тілді халықпыз. Астарлы, бейнелі сөзді жанымыз қалап тұрады. Оңай болса, Абай жырлары әлдеқашан әлем игілігіне жаратылар еді ғой. Басты қиындық – аудармаға көнбейтін қырық қатпар­лы ұлы ақын поэзиясының көркемдік табиғаты даналық бояуымен әрленгендігінде. Ерте ме, кеш пе, түптің түбінде қазақ әдебиеті, қазақ тілінің стильдік қуаты дүниежүзі оқырмандарын рухани шөліркеуден құтқарады. Пайдалы қазба, технологиялық артықшылық екінші қатарға ысырылып, адами құндылық төрге шыққанда, адамзаттық руханият мәртебесі асқақтайды. Сол кезде қазақ тілінің даналық тілі екендігі айдай  әлемге  мәшһүр  болады.

Бұл – жалаң романтика емес, болашақтан күтер үкілі үмітіміз. Үздіксіз даму жолында ұрпағымыз­ды тілімізді құлпыртар құтты қадам­дарға бастауымыз керек. Оның кейбір алғышартына шама-шарқымызша жоғарыда сілтеме жасадық. Осы бастан тіл мәдениетіндегі селкеу­ліктерден батыл түрде арылу қажет. Мәдени менталитетті қалыптастыруда тілге ие болудың өзі оң нышан  саналады.

Жазу үлгімізде жөнсіздіктер жетерлік. Туу туралы, жеке куәліктердегі қазақ есімдерінің орфография талабынан  ауытқи жазылуы қаралай налытады. Әлеуметтік хал акті­лерін тіркеу қызметіндегілер ата-ана­лар­ға олар қалаған бала есімінің арнайы сөздіктердегі дұрыс нұсқасын көрсетіп, дыбысталу, жазылу заңдылығына көз жеткізген мақұл. Еңбек кітапшасындағы мән берілмей жүрген бұйрықтар мәтініне де жіті қарайтын кез жетті. Жарнама­дағы жалпақшешейлік  кеңседен де, көшеден де, газеттер мен теледидар­дан да атой салады. Жалпы, көрнекіліктен дөрекілік байқалған бойда, тапсырыс  берушіге  жедел  түзету енгізуді талап ету қажет. Еміле, тыныс белгісі ережелерін мансұқ ететін мәтіндерді қалай болса солай жариялауға жол бермей, кері қайтару әділетті. Кез келген сөзді бас әріппен жазу, леп белгілерін бірінің артынан  бірін  лыпылдату, сызықшаны ретті емес орынға ағаш жаңқасындай сыналай салу бильбордтар мен бұқаралық ақпарат құралдарында дікеңдеп тұрғаны тіл тістетеді. Терминологияның жариялылығы жұртшылықтан алыс. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы бірдейлендіру, сырғаландыру сөздерінің қаншалықты қонымды екеніне күмәніміз бар.

Дайын баспа өнімдерінің әрқилы сипатына ешкім бас ауыртпайтын сияқты. «Сатып ал да сыйлай бер» дейтін делдал нарық парқыңа пысқыратын емес. Баяғы Құрмет грамоталарының бүгінгі ізбасары «мадақтама» деген жиеншар атауды екінің бірі құптай қоймас. Әсілі, құрмет  қағаздарының әрбір сала бо­йынша тұрақталған үлгісі болғаны абзал. Жалған ақша тәрізді жыпыр­лаған марапаттық баспа өнімдерін оңды-солды  әзірлеуді тоқтату  керек. Еңбекті,  шеберлікті бағалайтын, жеңіс шыңына жетелейтін салтанатты сәт  қарабайырлық  жетегінде кетпе­се  екен.

Қазақ тілінің тазалығын қалып­тастыруда тұрмыстық, кәсіби, қыз­меттік қолданыстарда орысша сөз­бен  шұбарлаудан жедел арылу  қажет. Интернеттегі шимай-шатпақ жазбалар, күпінің  битіндей  қаптаған қателер – ана тілімізді масқаралау­дың ең тұрпайы көрінісі. Сағыз­дай созылған мекеме атауларының мән-мағынасыз қысқарған қойырт­пақпен алмас­тырыла салуы белең алып ба­рады. Меншікке, құрылымдық өзге­рістерге  байланысты меке­ме, ұйым атау­лары күрделеніп, бүтіндей бір сөйлемге  ұласатындай ауыр тартуда. Соның  салдарынан іс қағаз­дары, құжат айналымында, баспасөзде  адам түсініп болмайтын кембағал қысқарған сөздер етек алды. Мөрдегі мәтінді өзгертуге болмайтыны тәрізді кез келген ақпаратта мекемелер атауы толық жазылуына бас­шыны да, қосшыны да көндіктіруіміз  керек. Ресми  қағаздар  жүйе­сі, әр саладағы аударма және жаңа кәсіби  атауларға  дейін екшеуден  өткені  дұрыс.

Әлбетте, жаңа дәуірдегі еліміздің рухани келбеті шұрайлы тілмен шырай­лана түспек. Ана тіліміз – жан дүниеміздің жаршысы. Әлбетте, шат сезіммен шертілген ақжарма сыры­мыз, мұрат-мақсатымыз  көркем сөзбен  әдіптеле  бермек!

Ерте дәуірде Асан қайғы бабамыз «Таза, мінсіз асыл сөз, шер толқытса шығады» дегендейін бүгінгі аласапыран заманда еріксіз тіл ұшына қайта  оралады.

Жаңабай  КЕМАЛ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі,

Арал  қаласы.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: