Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі

13.03.2025, 9:00 75

Тіл – халық  қазынасы, ұлттың  жаны. Қашан­да тіліміз, діліміз, тарихымыз үшін аянбайтынымыз  анық. Себебі, тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тіліміздің мерейін асыратын да, ойрандайтын  да – өзіміз. Басты  міндет – тіл тазалы­ғын сақтап,  қастерлеу.

Тіл тазалығын сақтау – әрбіріміздің ұлттық құндылығымызға қосып жатқан үлесіміз. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде түрлі жарнама мен көрнекі ақпараттардың байланысы басым екендігі белгілі. Сыртқы жарнама, яғни көше­дегі билборд, көрнекі ақпараттағы мәтіндердің сауатсыздығы – мемлекеттік тіліміздің ғана емес, бүгінгі қоғам ахуалы. Ал сауатты жарнама мәдениетіміздің деңгейін көтеріп, мемлекеттік тілге деген құрметімізді арттырады. Жалпы, жарнама жанға жайлы, көргенде көз тоярлықтай ғана емес, ең бірінші сауатты мәтін жазылуын қадағалау керек. Ал сол жарнаманың сауаттылығын сала мамандары мен жарнама берушілер қолға алып, басты орынға қойғаны дұрыс. Кез келген жарнама келбеті, көркемдік ерекшелігі, мағыналы мәтіні үйлесімді, сауатты болса ғана ұтымды, заман талабына сай дей берсеңіз болады. Не керісінше, түр-түсі үйлесіп тұрғанымен, мәтіні сауатты толтырылмаса, жарнаманың жасалғанынан не пайда? Осы тұста, көшедегі қазақтілді жарнаманың қателігінен көз сүрінеді. Жарнама мәтіндерінде өрескел қате­лік­тер мен қисынсыз аудармалар тұнып тұр. Осынау олқылықтарды жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың белсенділігі басты орында тұр. Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді  дамыту  бөлімі  бұл тұрғыда  қарқынды жұмыс  атқарып келеді. Атап айтатын болсақ, бөлім басшылығы 2022 жылдан бастап заң тұрғысында біршама қате көздерін анықтаған. Көшелерде, сауда, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштері, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туында­тады. Осы жағдайда бөлім мамандары жеке тұлғалар құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту беру­мен шектеледі. Сондай-ақ, жарнама агенттік қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен айналысады. Осыған байланысты көрнекіліктерді біріздендіру  бағытында 2022 жылдан бері  «Қала  келбеті – 2022» зерделеу  жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сырт­қы жарнамаға  сауаттылық» атты айлық, «Таза қалаға – таза жарнама» атты акция және жеке кәсіпкерлер және жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Са­уатты жарнама – тіл абыройы» атты семинар-кездесу, қоғамдық көліктердің тақтайшаларындағы мәтіндерді біріздендіру және Қазақ­стан Республикасындағы «Тіл тура­лы» Заңы талап­тарының сақталуын зерделеу мақсатында «Мемлекеттік тіл – қоғамдық көлікте»  атты  акциясы  өткізілген.

– Мақсатымыз – зерделеу жұмысы барысында сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы қате­ліктер бойынша нысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына ескертіп, әдістемелік көмек көрсету. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екендігін айта отырып, жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінде қате кеткен жағдайда түзетуге да­йын болып, бірлесе жұмыс істесек, мемлекеттік тіліміздің мерейі артып, қателіктер азаятын еді. Біздің тара­пымыздан үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың сауат­ты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультация­лық көмек көрсету  үшін «Callcenter» құрылып, жауап­ты маман бекітілген. 2022 жылдан бері жедел желіге 181 жарнама беруші хабарласып, көрнекі ақпарат құралдарындағы  мәтіндері  зерделеніп,  заң  талаптарына сәйкестендірілген. Биыл жыл басынан 16 жеке кәсіпкерге жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын тексеріп және аударма жасап бердік. Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалар­дың мәтіндеріндегі қателіктерді алдын алу мақса­тында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда. Мәтіндерін мә­дениет  және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде, – деді қала­лық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлі­мінің  сектор  меңгеру­шісі  Алмат  Өтегенов.

Ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттік тіліміз ұштасып, үйлескен жарнама ғана заман талабынан шығары хақ. Сонда ғана сауатты  жарнама  тіл заңдылығы талабынан шыға  алады. Ал сауатты жарнаманы арттыру үшін Заң бойынша атқарылатын жұмыстардың көптігі маңызды. Әсіресе, шағым түскен бойда рейдтік шараларын жылдам жүргізген абзал. Осы тұста, қала  бойынша  10829 көрнекілік зерделеніп, 2815  көрнекі ақпаратта кемшіліктер анықталған, 2129 қателік бойынша ауызша ескертіліп, әдіс­темелік көмек көрсету барысында түзетілді, 686-сы түзетуге мерзім берілген. Қазіргі таңда бөлім қызметкерлерінің  қарқынды жұмысы оң нәтиже көрсетіп келе жатқанын байқаймыз. Десе де, сана­сына сауаттылықтан бұрын сауданың сәуле­сі түскендердің кесірінен әлі сауатты жарнаманың ақсаңдап тұрғаны тағы бар. Бұған сіз бен біз болып тіл жанашырына айналсақ, мемлекеттік тіліміздің көркеюіне, танылуына қосқан сүбелі үлесіміз деп айта аламыз. Әрине, жақсы нәтиженің  болғаны  ең  әуелі  өзіміз  үшін  керек.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: