Тақтайшаға «үй сатылады» сынды хабарландыру жазудың дәурені өткен. Пәтер мен мүлікті «қалай сатамын?» деп ешкім бас қатырмайды. Өйткені, бұл іске риелторлар кірісіп, қолы жүріп тұр. Дерек бойынша елімізде 2 мың компанияда жұмыс істейтін 25 мыңнан астам риелтор бар екен. Бұған заңсыз жұмыс істеп, жұрттың аузын аңқитып, қаржысын қақшып жүргендерді қосыңыз. Осыдан жеті жыл бұрын қазақстандықтардың 6 ай мерзімде риелтор қызметіне 390 млрд теңге төлегені айтылды. Аңқау елге арамза молданың кері. Әлдекімнің басына әңгіртаяқ ойнатып, қулықтың түр-түрін тапқан. Ал, жұрт риелтордың жәрдемші немесе алаяқ екенін айыра алмай әлек. Сондықтан, министрлік саладағы заң нормасын реттеуді қолға алған еді.
«БЕРСЕ ҚОЛЫНАН, БЕРМЕСЕ ЖОЛЫНАН»
Қызметі үшін айлық алу айтпаса да түсінікті жайт. Бірақ, риелторлық – оқуы жоқ кәсіп. Сөзге шебер, іске епті болса жетіп жатыр. Жылдам сатып беру және сатып алу жұмысына қомақты қаржы сұрайды. Тіпті, алдын ала төлем сұрап, кейін табанын жалтыратуы – тұтынушының жер сипап қалуына себеп. Егер, елімізде риелторлар 20 пайыздан аз ақы сұрамайтынын ескерсек, Еуропа елдерінде 7-10 пайызға дейін алады. Айырмашылықты көрдіңіз бе? Демек, шығын да, шағым да көп деген сөз. Баспана іздегендер риелторға жүгінбейін десе, түрлі қосымшаны «жаулап алғаны» тағы бар.
Алдап-арбаудың тәсілі көп. Соның бірі – «эксклюзивті келісімшарт». Құжатқа қол қойған адам қақпанға түскенмен бірдей. Кейін риелтор қызметіне күмәнмен қарап немесе нысанды өздігінше сатуға әрекет етсе, айыппұл арқалайды. Бұдан бас тартумен мәселе шешілмейді. Өйткені, риелтор тұтынушыны сотқа дейін апарып, ақшаны өндірудің амалын табады. Мұны Ұлттық экномика министрлігі де растаған.
– Бір жағынан, бұған келісімшартқа оқымай-ақ қол қоя салуға жаман үйренген, немесе оқығанымен оны түсінуге құқықтық сауаты жетпеген, тиісті маманымен ақылдаспаған азаматтардың өздері кінәлі. Екінші жағынан, қулығына құрық бойламайтын риелторлар әрдайым клиенттерін жұбатып, келісімнің жай шарттылық екенін айтады да, оның шарттары қандай ауыр салдарға соқтыратынын түсіндірмейді. Бұл ретте бірнеше бетке терілген ұсақ әріптер арасында зұлмат шарттар жасырулы тұрады. Мысалы, пәтер иесі өз баспанасын сатудың эксклюзивті құқығын бейтаныс адамға беріп қойғанын түсінбей де қалады. Мұндай келісімге қолын қойған қожайын өз мүлкіне өзі иелік ету мүмкіндігінен айырылады, – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.
Иә, мұрын қанайтын жұмыс болмаса да, жұрттың жүйкесі мен қалтасын қоса жұқартып жүр. Алаяққа алданған студент те, тіпті зейнеткер де жоқ емес. Олардың өкпесі қара қазандай. Ал, бұған пысқырып та қарамау саланы заңмен реттемесе болмайтынын көрсетеді. Әйгерім есімді астаналық трғынның 2 млн-ға жуық теңге қарызға батқаны айтылған болатын. Ол үйін сату мақсатында сайтқа жарнама берген. Мұнан соң «тез арада сатып береміз» деп риелтор хабарласып, келісім жасаған. Ақыр соңында тұтынушы үйді өзі сатып, келісімшартты бұзған екен. Ал, риелтор арыз жазып, қызметінің ақшасын талап етіпті. Оның «үйді өзім саттым ғой» дегеніне де қарамаған. Осы тұста, облыстық полиция департаментімен байланысып, өңірдегі ахуалды сұраған болатынбыз. Олардың айтуынша, жыл басынан бері екі адам жалға беру бойынша алаяқтық фактісімен ұсталған. Бірақ, риелторлық компанияға қатысты емес.
КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІ КӨК ТИЫН ЕМЕС
Көбіне риэлторлардың қызметі жылжымайтын мүлікті көрсетумен, ары кетсе клиентті өз нотариусына бағыттаумен шектеледі. Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі осылай деген болатын. Сосын тірлігі тындырымды болмаса да қызметін бұлдап шығады. Риелторлық қызмет және арбитраждық соттың күмәнді қызметі заңгер қауымын алаңдатып отыр. Олар өзгеріс керек екенін айтып-ақ жүр.
– Дамыған Еуропа елдерінің бәрінде риелторлардың қызметін реттейтін арнайы заң бар. Бізде жоқ. Сондықтан «күмәнді риелторлар» көп. «Қара нарық» өте жақсы дамып тұр. Арнайы заң болмаған соң, олар заң бұзған болып саналмайды. 300 мың ба, 600 мың ба, қанша ақша алса да құқылы. Ол – ол ма, үйдің нақты бағасын бір тарапқа басқаша айтып, екінші тарапқа басқаша айтып, екі ортадағы маржасын ұстап қалады. Сондай жағдайдың өзінде олар қылмыс я алаяқтық жасаған болып есептелмейді. «Өз қызметім үшін алған маржам» дейді. Оған түк те істей алмайсыз. Бұл арада салық органдары салықтан қағылып отыр. Арнайы заң болса, салық органдары болсын, ішкі істер органдары болсын, сол заңның талаптарын сақтауды талап етер еді. Мұнда үш тарап бар: мемлекет, риелторлар және тұтынушылар. Заңның жоқтығынан осы үш тарап та зардап шегеді: мемлекет ешқандай шара қолдана алмайды, тұтынушының қалтасы қағылады, риелторлардың өздеріне де тиімсіз. Себебі салық төлеп, адал жұмыс істегісі келетін риелторлар, шынайы бәсекелестік болмаған соң «күмәнді риелторлардың» қызметінен қиындыққа ұшырайды. Ол риелторлардың өздері де клиентке үй тауып беріп, шапқылап жүргенімен, жұмыс істейтін агенттіктерінен ақшасын ала алмай қалса, оған да ештеңе істей алмайды. Осының бәрін реттейтін арнайы заң қажет, – деді заңгер Абзал Құспан.
Қаламыздағы үй сатумен айналысатын «Шаңырақ» агенттігі көпке таныс шығар. Олар 6-7 жылдың көлемінде 3153 үйді сатып, өз тұтынушыларын қуантқан. Қазір мұнда 20 риелтор жұмыс істейді. Осы тұста басшысымен байланысып, жұмыс барысы жайында сұрауды жөн көрдік. Яғни, «риелтордың әрекетін кім қадағалайды?», «тұтынушыдан арыз-шағым түсе ме?», «риелторлар төлемнің қанша пайызын алады?» және «агентікте арнайы сертификат бар ма?» сынды сұрақтарымызды қойдық.
– Үлкен қалалар Алматы мен Астанада үйді көрсету үшін де ақша алады. Ал, Қызылорда қаласында алдын ала қызмет ақысын алу деген жоқ. Бұл ретте, өз агенттігіме жауап берейін. Біз үйді сатып бергеннен кейін, иелері қолына ақша алған соң ғана қызмет ақысын сұраймыз. Әлбетте, шағымсыз жұмыс болмайды. Оның өзі жарнамаға қатысты. Инстаграм парақшамызда уақытылы жарнама саламыз. Мұндайда тұтынушылар «жарнаманы қайта шығарып бересіз бе?» дейді. Шағым деуге де болмас. Керісінше, біздің кей тұтынушыға шағымымыз болады. Бәрін сатып, қызмет көрсетіп болғаннан кейін, ақша қолына түскен соң төлем беруден қашады.
Агенттікке арнайы сертификат қажет емес. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, соған қызмет түріне қосып, уақытылы салық төленсе болды. Қызмет барысын қадағалап отырамын. Арнайы мамандарға уақыт бөліп, «қандай үй алды?», «оны қымбат алып қойған жоқ па?» деп талдау жүргіземіз. Сонымен қатар, мамандардың да сұранысы болады. «Мына үйге жарнама жасау керек, жарнамасына ақша құю керек» десе, бірлесіп жұмыс істейміз. Жұмыс тәсілінде мотивациялық бағдарлама бар. Яғни, команда белгілі межеге жетсе, жиі демалысқа шығамыз. Ішкі тәртіп жақсы. Риелторлардың қызмет ақысына келсек, 200 мың көлемінде стандартты ақы бар, – дейді «Шаңырақ» агенттігінің басшысы Айдос Мырзабай.
Үздік әдістерді қолданып үй сатылымын жеңілдететін агенттік алғыс арқалап жүр. Нақты үй алушымен жұмыс істеп, жақсы келісім жүргізеді. Тіпті, риелторға риза болып, қоныстойына шақыратындар бар екен.
– Жұмысыма қызығушылығым жоғары. Табатын табыстан бөлек, көптеген адаммен жаңа қарым-қатынас құрып, түрлі сатып алушымен байланыста боламын. Бастысы, жұмысыңа көңілі толған жанның жылы лебізі мен айтқан алғысы еңбектің еш кетпегенін білдіреді. Кейбірі қоныстойына да шақырады. Сондықтан мұның өзі қуаныш дер едім.
Жұмыс болған соң түрлі жағдай болады ғой. Бәрі бірден жүзеге асып, сәтімен бола қоймайды. Мәселен, үй иесі мен сатып алушы арасында түсінбестік туындаса, табыстыруға тырысамыз. Екі жақтың мәмілеге келіп, бір-бірінің ұсыныс-пікірін ескеруі маңызды. Әсіресе, бағаға келгенде ашық сөйлескені тиімді. Мұндайда ортақ шешімге келуіне себепкер боламыз.
Келісімшартта көрсетілгендей, 4 ай көлемінде үй жарнамасымен айналысып, сатуға тырысамыз. Пәтерді сатылымға қойған соң, 1-2 аптадан кейін өтіп кетеді. Ал, ұзақ мерзімді алатын кәсіптік нысандар мен жер үйлер. Бірақ күнді созбақтап, уақытты алмай, бекітілген мерзімде жұмысты аяқтауға тырысамыз. Біздегі мақсат – тұтынушының сенімін ақтау, – дейді риелтор Азат Прманов.
ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛМАСЫН ДЕСЕК…
Осыдан екі жыл бұрын депутаттар риелтор қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу жайында бастама көтерген. Демек, бұл бүгіннің ғана мәселесі емес. Содан бері талқыға түсіп жүр. Бұл неден басталды дейсіз ғой?! 2022 жылы пәтер, үй және қонақүйді жалға алуға сұраныс артқан. Бұл Қазақстанға ресейліктердің жаппай келуімен де байланысты. Сол уақытта жарнама сайттарындағы «пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз» деген хабарламадан көз сүрінген. Ақысы 150 мыңнан бастап 450 мың теңгені құрапты. Салдарынан нарықтағы пәтер бағасы, тіпті шалғай мекендегі үйлер құны да 40 пайызға қымбаттаған. Ал, мамандар мүлік иелерінің кәсібін заңдастыру керегін айтқан.
Жыл басында да атаулы мәселе қозғалып, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов жағдайға қатысты пікір білдірген еді.
– Біз бұл мәселені талдай бастағанда риелторлық қызмет реттелмегенін байқадық. Талаптар да жоқ екені белгілі болды. Сондықтан жағдайды оңтайландыру қажет деген сұрақ туындады. Өйткені, риелторлар мен тұтынушы арасында байланыс бар. Алайда, ол әлі де өз деңгейінде емес. Сондықтан, заңнамалық тұрғыда реттеу қажет. Ең бастысы, нарық субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақты белгілеу керек. Бүгінде әр адам тәкеуелге бел буып, келісімшарт жасасады. Тұтынушылар өз құқықтарын білмейді, – деді ол.
Министрліктің меңзегені нарықты реттеу болып отыр. Бұл – құптарлық іс. Сонда, көзбояушылық пен қулыққа тыйым салынады. Тек, жұртшылық та алданбаудың амалын қылса болғаны. Осы ретте, заңгер және кәсіби медиатор Сәния Мырзабекқызының пікірін білген едік.
– Риелторлардың қызметі заңды болуы үшін олар тиісті түрде тіркеліп, риелторлық қызмет көрсету туралы келісімшартқа отыруы керек. Келісімшартта тараптардың міндеттері мен құқықтары, қызмет құны және нәтижесі нақты көрсетілуі тиіс. Алаяқтық жағдайлары, әсіресе жоқ үйді сату немесе ақшаны жымқыру сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Демек, мұндай жағдайда, риелтор ешқандай нақты құжатсыз, келісімсіз әрекет етті деген сөз. Алаяқ риелторлардан сақтану үшін әрқашан ресми түрде тіркелген агенттіктермен жұмыс істеу керек және келісімшартқа отырғанда барлық заңдық құжаттарды мұқият тексеру маңызды.
Алаяқтық жағдайлары көп болғандықтан, көмегіме жүгінген адамдар бар. Олардың көбісі алданған немесе риелторлармен дұрыс келісім жасамаған жағдайлардан зардап шегеді. Сондықтан, үй немесе мүлік сатып алу кезінде барлық құжатты заңгердің және риелтордың қатысуымен ресми түрде рәсімдеу маңызды, – деді ол.
ТҮЙІН. «Үй сатамын» деп үйдей бәлеге тап болып жүр біразы. Сондықтан, саланың реттелуі маңызды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтың» күйін кешпесек болғаны…
Замира ҚОНЫСЖАН
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!