Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қоғамдық көлік мәселесі қашан шешіледі?

09.06.2022, 11:00 448

Қоғамдық көліктің қызметіне қызылордалықтардың көңілі толмайды. Жүру кестесі жолаушыларға қолайсыз. Аузы-мұрнынан шығарып адам таситын автобустарда санитарлық талаптар да сақталмайды. Бірі жұмысқа, енді бірі үйіне асыққан қарбалас сәттерде орталықтағы аялдамаларда автобустар ұзын-сонар кезекке тұрады. Бар мақсаты – жолаушыны көбірек мінгізу,  мол табыс табу. Осылайша қоғамдық көліктердің аралық уақыты сақталмайды. Әсіресе, шалғайда тұратындар үшін қиын. Халық мәселені айтып, қала әкімдігінің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас». Қызылорда көшелерімен қатынайтын 600-ге жуық автобустың жүргізушілері де жол тәртібіне бағына бермейді. Жыл басынан бері осы қоғамдық көліктерге қатысты 500 хаттама толтырылған. Тұрғындардың көбі автобустарды сарыла күтетінін айтады, әлеуметтік желіде ашық жазады. Ал сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік қатары мүлдем сиреп кетеді.

Тұрғындардың айтуынша маршрутта адамдар көп болады. Әсіресе, 5-бағыттағы қоғамдық көліктер жарыса жүйткиді. Сонымен қатар, адамдарды көптеп тиеп алатыны рас. 7 мен 10 сосын 1-бағыттағы автобустардың жүруі сирек. Ал,  5-бағыттағы маршрут шаһар тұрғындарының оң пікіріне ие. Біршама бағыттас автобустар жиырма минут, жарты сағат, тіпті қырық минут күттіріп, жолаушылар жанжалына қалып жатады.

– Шағын автобус иелері көлікті техникалық тексерістен уақытылы өткізбейді. Құлағынан телефон түспейтін жүргізушілер кез келген жерге кілт тоқтап қалады екен. Жол-патрульдік инспекторлар жүгенсіз жүргізушілерді жөнге келтіруге тырысқанымен, нәтиженің бары шамалы. Сол себепті жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, – дейді жергілікті полиция өкілі.

ЖПҚБ  штаб   бөлімінің  басшысы  Жұлдызбек  Құскеевтің  айтуынша, 2021 жылдың 12 айында 473 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 125 адам қайтыс болса, 575 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасында 12 бала көз жұмды. 103-і дене жарақатын алды. Осы жылы балалардың қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасында 2 бала қайтыс болып, 4-еуі дене жарақатын алды. Жолаушылар тасымалын ретке келтіріп, шет аймақ тұрғындарын қалыпты қатынаспен қамту үшін көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтымен жаңа жол сызбасы әзірленді. Бірақ жаңа жүйені қолданысқа енгізуге автобустар жетіспейді екен.

Аймақ басшысы қоғамдық көлік мәселесінің бүгінгі таңда өзектілігін айта отырып, оны шешу мақсатында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында көлік тасымалымен айналысатын мекеме құру жоспарланғанын атап өтті. Сондай-ақ, биыл Қызылорда қаласына үлкен сыйымдылықтағы жаңа 150 автобус сатып алынатындығы, соның ішінде 100 қоғамдық көлікке конкурс жарияланғаны белгілі. Олар шілде, тамыз айларында келетінін жеткізді. Сонымен «Қызылорда автобус паркіне» қосымша орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынып, заман талабына сай, ішінде барлығы бар қоғамдық көліктер халыққа қызмет ететін болады. Қазіргі уақытта Қызылордада қалаішілік 25 және қала маңындағы 8 бағыт бойынша барлығы 745 көлік қызмет жасайды.

Бүгінде қалалық «автобус паркіне» қарасты қоғамдық көліктер ғана электронды төлем құрылғысын орнатқан. Ал жеке шағын автобустар оған асықпайды. Сол себепті де субсидиядан қағылып отыр. Енді жергілікті билік жыл соңына дейін сол жеке автобустарды бірыңғай жүйеге енгізіп, оларды диспетчерлік орталық арқылы басқаруды жоспарлаған. Осылайша қоғамдық көлік мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, нәтижесін жақын арада көреміз деп үмттенеміз. Биліктің берген уәдесі орындала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Қиын ештеңе жоқ, іске кірісу ғана қалды.

Ақерке  КЕНЖЕБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: