Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫЗ  АЛЫП  ҚАШУ дәстүрді  желеу  еткен  жабайы  қылмыс  па?

12.02.2026, 7:40 51

«Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды».

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Ұлттық құрылтай, 2026 жыл

Бүгінгі күні әлем елдері дамудың даңғыл жолына түсіп, демократиялық құндылықтарды басты бағдар етіп отыр. Бұл үдеріс қоғамның да жаңғыруына, адам құқығы мен жеке еркіндіктің алдыңғы қатарға шығуына ықпал етуде. Алайда, осы өзгерістерге қарамастан, біздің қоғамда өзін көзі ашық, көкірегі ояу санайтын жастардың арасында өткеннің жұрнағын өз мүддесіне қарай бұрмалап, «дәстүр» деген желеумен ақтауға тырысатындар әлі де бар. Әсіресе әйел құқығы мәселесі күн тәртібіне шыққан шақта, қыз бала қой секілді өңгеріліп, өзге үйдің босағасында «бас бостандығынан» айырылып отыр. Осыған байланысты мемлекет басшысы өңірімізде өткен V Ұлттық құрылтайда осы дәстүрге тосқауыл қою қажеттігін және «қыз алып қашу – ұлт беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс» деген болатын. Бүгінгі мақаламызда осы қазіргі уақытта қисынсыз деп табылған қазақы дәстүрдің зияны мен зардабын зерделейміз. Қыз алып қашу қылмыс па әлде дәстүр ме?!

Зерттеулерге сүйенсек, бұл дәс­түрге қатысты қылмыстық бап қоз­ғалып, заңдық жүйеге енгізілмей тұрып, 3 жыл аралығында елімізде қыз алып қашуға қатысты 214 қылмыс­тық  іс  тіркелген. Алайда сол істердің 90 пайы­зы екі тараптың келісімімен тоқтап,  жабылып  қалған.

Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары комитетінің деректеріне сәйкес, жаңа норма күшіне енген уақыттан бері елімізде «Некеге мәжбүрлеу» бабы бо­йынша 18 қылмыстық іс тіркелген. Ресми статистикаға сүйенсек, некеге мәжбүрлеу деректері бірқатар өңірде анықталған: Маңғыстау облысы – 7, Қарағанды облысы – 5, Түркістан облысы мен  Ақтөбе, Шымкент қаласында – 2, ал  Жамбыл  облысы мен Қызылорда облысында 1 іс тір­келген. Қылмыстық істің басым бөлігі тергеу сатысында болғанымен, 3 іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жолданған.

Жалпы жәбірленушілердің әлеу­меттік  портреті мынадай: жәбір­лену­шілер саны – 20 адам. 14-17 жас – 8, 18-20 жас – 6, 21-29 жас – 4, 30-39 жас 2 жәбірленуші тіркел­ген. Ішінде 7 қыз – жоғары оқу орны студенті. Кейбір мәжбүрлеу әрекеттері қоғамдық орындарда, көше­лер мен саябақтарда, сондай-ақ отба­сылық-тұрмыстық қатынастар аясында жа­салғ­ан.

Демек, ата-бабамыздан қалған дәстүрді дүбәра етіп жүрген дүйім ел екені белгілі болды. Тарихқа көз жүгіртсек, дәстүрлі қазақ қоғамында қыз алып қашу ұғымы бүгінгідей зорлыққа негізделмеген. Көп жағдайда бұл әрекет екі жастың өзара келісімімен, ата-ананың рұқсатына немесе қалыңмалға байланысты кедер­гілерді айналып өту мақсатында жүзеге асқан. Яғни, қыз­дың келісімі негізгі шарт болған. Ал қазіргі уақытта кездесетін жағдайлардың басым бөлігінде қыздың келісімі болмайды, демек бұл дәстүр емес, дәстүрді желеу еткен зорлық ретінде  саналады.

Расын айту керек, бағзыдан қал­ған бұл үрдіс қазіргі уақытта қылмыс саналады. Өткен жылдың басында Атырау  қаласында  өткен құрылтай­да президентіміз осы дәстүр деп таны­лып жүрген қыз алып қашу үрдісін заңмен құқықтық тұрғыдан қаралуы керектігін тапсырған бола­тын. Кейіннен, 2025 жылдың 16 қыр­күйегінде Қазақстан Республика­сы қыл­мыстық кодексінің 125-1-бабы «Неке қиюға мәжбүрлеу» қылмыс ретінде бекітілген болатын. Осы жөнінде заң саласының маманымен тілдескен болатынбыз, толығырақ заңгер  Асқар  Рысқұл  тарқатсын.

– Қазіргі Қазақстан заңнамасы бойынша адамды оның еркінен тыс алып кету, бостандығын шектеу, психологиялық  немесе  физикалық  қысым көрсету қылмыс болып саналады. Сондай-ақ, өткен жылы бекітілген жаңа бапқа назар аударсақ, қазір қыз алып қашу – 125-1-бап, яғни «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп қылмыс ретінде қара­латын болды. Қыз алып қашу барысында адамның жеке бас бостандығы бұзылады, еркін таңдау құқығы тапталады, кей жағдайда күш қолдану, қорқыту,  мәжбүрлеу  болады. Осы белгілердің барлығы қылмыс­тық құқықбұзушылық құрамына жатады. Сондықтан қыз алып қашуды «дәстүр» деп  ақтау – заңды жоққа шығару  деген  сөз.

Қыз алып қашу мәселесін құқық­тық тұрғыдан нақты әрі ашық айту қажет. Ең алдымен, Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық кодек­сінің 125-бабы «Адамды ұрлау» тура­лы екенін атап өткен жөн. Егер адам өзінің еркінен тыс күш қолдану, қорқыту, алдау немесе басқа да тәсілдер арқылы бір жерден екінші жерге апарылса, бұл адам ұрлау деп танылады. Қыз алып қашу әрекеттерінің басым  бөлігінде  дәл  осы  белгілер  бар.

Ал егер қыз белгілі бір жерде заңсыз ұсталып, кету еркінен айырылса, бірақ оны алып кету фактісі дәлелденбесе, мұндай жағдай Қылмыстық кодекстің 126-бабы – «Адамды заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша сараланады. Бұл бап та қылмыстық жауапкершілікті көздейді, — дейді  заңгер.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта қыз алып қашу әрекетінің аяғы зорлықпен аяқталып жатады. Кейіннен босаға аттаған, тіпті сол шаңырақта түнеп шықты деген секілді ел-жұрттың әңгімесінен арсынып, ата-­анасы, отбасының абыройы үшін де келісім беріп қалып қойып жатқан жағдайларды  да  жиі  кездестіреміз.

– Иә, ерекше назар аударатын жайт – қыздың келісімі. Құқықтық тұрғыдан  келісім  дегеніміз еркін түрде, қысымсыз, алдын ала берілген, нақты әрі саналы шешім болуы тиіс. Егер қыз қоғамның, туыстардың неме­се «ұят болады» деген қысымның әсерінен келісім берген болса, бұл заң жүзінде келісім болып саналмайды. Сондай-ақ, егер қыз алып қашу барысында күш қолдану, психологиялық қысым, қорқыту, тіпті жыныстық зорлық белгілері болса, онда іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы (зорлау) немесе 121-бабы (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша  қосымша  саралануы мүмкін.

Ал егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, жауапкершілік тіпті қатаңдай түседі. Мұндай жағдайда әрекет ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына жатады және «дәстүр» деген уәжбен мүлде ақталмайды. Өкініштісі сол, тәжірибеде мұндай істердің көбі сотқа жетпей қалады. Себебі жәбірленуші қыздар арыз жазудан бас тартады немесе арызын қайтарып алады. Десе де, заң тұрғысынан алғанда, қылмыс арыздың бар-жоғына емес, қылмыс фактісінің өзіне байла­нысты  бағалануы  тиіс, — деді  А.Рысқұл.

Жоғарыда атап өткеніміздей, еліміздегі статиска қылмыстың әлі де дәстүрмен дәріптеліп жүрген­дігі­мен сөйлеп тұр. Ал, аймақтағы ахуал  қандай?

Қызылорда облысының полиция департаментімен байланысып, нақты деректерді алған едік. «Облыс бойынша 2 дерек тіркелген» дейді Қызылорда облысының полиция департам­енті басшысының  орын­басары  Серік  Тоқтыбаев.

– Жаңа заңнамаға сәйкес, некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 2 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы, ал егер ауыр зардаптар болса, 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы көзделген. Күшіне енген жаңа заңнамаға сәйкес, 2025 жылдың есепті мерзімінде ҚР ҚК-нің 125-1-бабымен Қызыл­орда облысы бойынша 2 қылмыстық іс тіркеліп, болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бақытталған   сотқа  дейінгі  тергеп-тек­серу  әрекеттері жүргізілген. Нәтиже­сін­де,  аталған  қылмыстық істер ҚР Қылмыс­тық-процестік  кодексінің  35-бабы 1-бөлігінің 2)-тармағымен қылмыс­тық  құқықбұзушылық  құрамының болмауынан өндірістен тоқтату туралы шешім қабылданып, аталған прокурормен келісілген. Ал, осы жыл бойынша қыз алып қашу қылмысына  қатысты  дерек  тіркелмеген, — дейді Серік  Әбдімауленұлы.

Сыр өңірін қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақ деп таны­са, аймақта бұл үрдісті қылмыс деп таным­ай, дәстүр деп дәріптеп жүрген­дер де қаншама!? Аймақтағы ахуал  осындай. Ал енді бүгін де заңнамаларға өзгеріс енгізгендей, естіп, біліп, тіпті көзімізбен көріп жүргендей нәзікжандылардың құ­қықтары қызғыштай қорғалып жүргені рас. Олай деуімізге дәлел, бүгінгі күннің құқық саласындағы сауатты мамандарының жемісті жұмы­сы. Нақтылайтын болсақ, фембике, заңгер, әйелдердің әлеуметтік теңдігін, гендерлік теңдіктің туын тіке ұстаймын деген Айгерім Құсайын­қызының пікіріне назар аударайық. Оның айтуын­ша, қоғамның барлық саласындағы кез келген қатынас шешілген кезде, оның соңғы қаралатын инстанциясы – әжелердің, аталардың, ардың, ұяттың соты емес, заңның алдында құқықтық жауапкершілік  болуы керек  дейді.

– Біз  үнемі  айтып  жүретін  және  Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында айтылғандай, Қазақстан – құқықтық мемлекет болғандықтан, кез келген әрекет құқықтық тұрғыда шектелуі керек, шешілуі керек. Яғни, кез келген азамат­тық-құқықтық қарым-қатынастарда болатын әрекеттер – ол қыз алып қашу,  қаржылық алаяқтық, харасмент, сексизм болсын – «ол мәдениет еді», «дәстүр еді», «менталитет еді», «біздің тәрбиемізде бар еді» деген ақтаусыз, тек қана заң мен тәртіп шегінде реттелуі керек. Құқықтық мемлекеттің  анықтамасы – осы.

Қазақстан 1998 жылы «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою» құжатына қосылған. Ол құжатта мынадай бап бар: «Егер қандай да бір дәстүр, салт адамның құқығына қайшы келсе, ол дәстүрден мемлекет бас тартуы керек». Сондай бас тартқан дәстүрлердің бірі – қыз алып қашу және қалың мал. Биыл ҚР Қылмыстық кодесі­нің 125-1-бабына «қыз алып қашу –қылмыс»  болып  енгізілді.

Қыз алып қашудың құқықтық, заңнамалық бөлек бап болып енгізілуі депутаттардың бастамасымен жүзеге асты деп айта алмаймын. Ол – азаматтық қоғамның, соның ішінде феминистердің еңбегінің жемісі. Оны нақты айту керек. Себебі, 1997 жылы Қазақстан Республикасының сол  кездегі Қылмыстық кодексінен қыз алып қашу бабы алып тасталғаннан бері кез келген азаматтық белсенді, адам құқықтары  саласында  жүрген маман­дар осы мәселені айтып келе жатыр. Алайда, егер 1997 жылы соны Қылмыс­тық кодекстен алып тастамағанда, мүмкін мыңдаған қыздың тағдыры сынбас па еді?! 1997 жыл мен 2025 жылдың аралығында «алып қашу» деген бөлек бап болмағандық­тан, Қазақстанда нақты қанша қыздың өзінің еркінен тыс күшпен ұрланғанын, қанша қыздың отбасы содан кейін бүлінгенін біле алмаймыз. Оны ешбір экономист, ешбір статист маман  есептеп  бере  алмайды, — дейді А.Құсайынқызы.

БҰҰ Халық қоры Қазақстандағы әр бесінші некенің қалыңдықты ұрлап әкету дәстүрімен басталатынын келтіреді. Расында, қыз алып қашу түркі халықтарына ортақ салт-дәстүр ретінде қабылданады. Сондықтан бізде қыз алып қашуды қылмыс емес, дәстүр ретінде қарастыратын қасаң түсінік қалыптасып қалған. Әйткенмен, дәстүрлі қазақ қоғамында алып қашудың өз жол-жоралғысы болған. Яғни қыз алып қашу – өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Этнограф ғалымдардың пікірінше, бұл қыз бен жігіттің өзара келісімімен жүзеге асып отырған. Қыз бен жігіт келіседі, бірақ әке-шеше­сі қарсы болады. Не болмаса қызға басқа жақтан құда түсіп, қалың малы төленіп қойып, бірақ қыз қарсы болса, басқа жігітпен  көңіл қосса, екеуі қашып кеткен. Сол заманда өзара келісіммен болған алып қашу дәстүрінің өзіне заңмен қатаң  тыйым  салған.  Мыса­лы,  Тәуке хан тұсында қыз алып қашқандар «Жеті жарғының» ережесімен қатаң жазаға тартылған. Бұған сәйкес, атастырылған қызды еріксіз алып қашқан жігітке немесе оның руына қыздың әке-шешесіне қалың малдан екі есе көп айып төлеу міндеттелді. Бұл қыз­дың абыройына тиген залалды өтеу ретінде қаралды. Егер қызды алып қашу кезінде зорлық-зомбылық жасал­ған болса, қылмыскер ауыр жазаға, тіпті өлім жазасына кесілген. Ал егер қыздың келісімі бар болса, бірақ бұл іс ата-анасының рұқсатынсыз жасалса, екі жақтың келісімімен некені заңдастыруға мүмкіндік бе­рілген. Бірақ жігіттің отбасы үлкен айып төлеуге міндеттелген. Демек Тәуке ханның заңдары қоғамдағы тәртіпті сақтау және әйелдердің құқығын қорғау мақсатында жасал­ған маңызды құқықтық жүйе еді. Осы арқылы қыз алып қашуды айып­тау арқылы әйелдердің беделін және абыройын қорғауға басымдық берілген. Яғни Тәуке ханның «Жеті жарғысында» қыз алып қашу «адам өлтіру» секілді ауыр қылмыс жасау­мен тең болған. Өкініштісі, қазір алып қашу дәстүрінің тонын айналдырып, түпкі мағынасына қарамай, танымайтын қызды қойша өңгеріп кететіндер мен осы жабайылықты қолдайтын жақындарын жауапкершілікке тартудың жаңа қағидаттарын  дұрысынан  дәріптеу  қажет.

ТҮЙІН. Дәстүрді  желеу етіп жәбірлеу – нағыз жауыздың әрекеті. Заң тұрғысынан сауатты бола білген әрбір азамат не азаматша мұндай қылмыстың алдын алуға және бір қадам. Сондықтан да, қыз баласы болса да, егде жастағы адам болса да, құқықтық сауат қашанда маңызды. Ал, дәстүрге келер болсақ, дәстүрдің озығын алып, тозығын тастау керек.

Перизат  ЗАХРАДИН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: