Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қымбатшылық немесе баға өсуінің себебі не?

06.03.2025, 8:40 70

Баға тұрақтылығы – басты мәселе. Бұл бүгінде ең өзекті мәселеге айналып отыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың ұдайы жүргізген жұмысына қарамастан баға үстемдігі басымырақ болып тұр. Тұрғындар тұтынатын тауарлардың қымбаттап бара жатқанына алаңдаулы.

Бағаның өсуіне әсер етіп отырған факторлар қандай? Оны тұрақтандыру мен қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін қабылданып жатқан жаңа тетіктер бар ма? Осы сауалдар төңірегінде сараптама жасап көрдік.

Алдымен азық-түлік бағасынан бастасақ. Адамның күнделікті тұтынатын өнімі – азық-түлік екені даусыз. Бүгінде бұл мәселе төңірегінде қоғамда қызу талқыланып, айтылып келеді. Соңғы уақытта базарлар мен сауда орындары сөресіндегі азық-түліктің қай түрінің де құны көтеріліп, бағасы аспандап тұр. Тұрғындардың айтуынша, мұның басты себебі – азық-түлік тауарларын өндіретін кәсіпорындардың жоқтығы.

ТҰРАҚТАНДЫРУ  ҚОРЫНДА  8665,5   ТОННА  ӨНІМ  БАР

Ашығын айтайық, әлеуметтік маңызы бар делініп жүрген өнім дерлік сырттан тасымалданады. Ал, ол өнімдер өңірімізге жеткенше бағасы еселеп артатыны айтпаса да түсінікті емес  пе?!

Баға тұрақтылығына байланысты «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының да пікірін білдік.

«Тұрақтандыру қорының негізгі жұмысы – нарықтағы бағаны тұрақтандыру және халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету. Үкімет қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, оның ішінде астық, ұн, қант, май, көкөніс және басқа да өнімдерді сақтау және қажетті кезеңдерде нарыққа жеткізу жұмысы жүйеленген. Біздің қорымыз инф­ляцияның өсуін, маусымдық тапшылықты немесе экономикалық дағдарыстарды болдырмау үшін маңызды. Тұрақтандыру қорындағы тауарларды сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 5250 тонналық 2 қойма бар. Ондағы өнімдер күнделікті әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлеріне сұранысқа сәйкес таратылады. Қазіргі таңда қорда құны 1 млрд 241,6 млн теңгенің өнімі сақтаулы. Бұдан бөлек келісімшартқа сәйкес 8665,5 тоннаның өнім қоры бар», – делінген  ресми  хабарламада.

«Айналым схемасы» бойынша биыл облыс­та 14 кәсіпкерлік субъектісіне келісімшарт негізін­де 1 млрд 650 млн теңгеге займ берілген. Сол арқылы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, ет, сүт, жұмыртқа, нан өнімдері әлеуметтік дүкен мен супермаркеттерде нарық бағасынан төмен сатылатыны айтылған. Сонда нарық бағасынан төмен бағаның өзі халықтың қалтасына салмақ салып тұр. Әлде жеке кәсіпкерлер қосымша қосып сатып, ауадан ақша жасаудың  жолын  тауып  отыр  ма?

ӘЛЕУМЕТТІК  МАҢЫЗЫ  БАР  ТАУАР  4  ПАЙЫЗҒА  ӨСКЕН

Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбасинованың айтуынша, елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы  айтарлықтай  қымбаттаған.

– Ресми мәліметтер бойынша елімізде әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бағасы соңғы бір аптада 0,4 пайызға өскен. Қымбаттаған азық-түлік бағаларының ішінде қырыққабат та бар. Оның орташа индексі 4,2 пайызға көтерілген. Қазір еліміздегі қырыққабаттың орташа ба­ғасы – 173 теңге. Ал кейбір өңірде, оның ішінде Ұлытауда бір келісі – 272 теңге, Жетісуда 213 теңгеге дейін жеткен. Бағаның өсуі – мау­сымаралық кезеңге байланысты болып отыр. Бұған сыртқы сұраныстың қатысы жоқ. Жалпы өңірлерде наурыз-сәуір айларында өнімнің жиын-терімі жүргізіледі, – деді Сауда және интегр­ация министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбасинова.

ҚАЗАҚСТАНДА  КИІМ  БАҒАСЫ  ҚАНШАҒА  ҚЫМБАТТАҒАН?

«Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапы­рак» деп тегін айтылмаса керек-ті. Қай қоғамда болсын киім кию үрдісі үзілген емес. Бірақ, қандай ортада қалай киінген дұрыс? Ол әр адамның таным-талғамына байланыс­ты. Адамның киімі ішкі жан дүниесінен хабар беріп тұрады. Киім адам жанының көркіне көрік қосып, келбетіне шырай кіргізеді. Алайда бүгінде киім бағасы да қыстың қақарлы аязын­дай  бет  қаратпай  тұр.

BAQ.KZ  ақпарат  агенттігінің  мәліме­тінше, 2024 жылдың 12 айында Қазақстанға 15,9 мың тонна киім әкелініп, оның жалпы құны  2,2 миллиард  АҚШ  долларын  құраған.

Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, импо­рт көлемі физикалық тұрғыда 13 пайыз­ға, ал ақшалай түрде 36,6 пайызға азайған. Оған қоса ТМД елдерінен 49,8 мың тонна киім импорт­талған. Бұл 2023 жылмен салыстыр­ғанда 21,7 пайызға көп. Ең үлкен жеткізуші елдер – Ресей (28,7 мың тонна), одан кейін Өзбекстан (28,7 мың тонна), Беларусь (20,1 мың тонна), Қырғызстан (694,4 тонна) және Тәжікстан (105,3 тонна). Ал ТМД-ға кірмейтін елдерден импорт 23%-ға азайып, 109,9 мың тоннаны құраған. Негізгі жеткізушілер – Қытай  (85,5 мың тонна), Түркия (15,3 мың тонна) және  Бангладеш  (4,7  мың  тонна).

Осы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда сыртқы киімдер бағасы 2024 жылдың есепті мерзімімен салыст­ырғанда 10  пайызға  өскен.

Ең жоғары баға өсімі Түркістан (19,1%), Шығыс Қазақстан (15,6%) және Абай (13,8%) облыстарында байқалған. Ал Павлодар және Жамбыл облыстарында бағалардың ең аз өсуі тіркелген – әрқайсысында 5,4%. Ерлер киімі орташа есеппен 9,9 пайызға, әйелдер киімі 10,3 пайызға, балалар киімі 9,7 пайызға қымбаттаған.

РЕСПУБЛИКА  КӨРСЕТКІШІНЕН  ЖОҒАРЫ

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарлауынша, эконом­иканы  әртараптандыруда  аймақта  2024 жылы  21 инвестициялық жоба іске қо­сыл­ған. Негізгі капиталға 640 млрд теңге инвес­тиция тартылып, өсім 21,7 пайызға артқан. Бұл республиканың орташа көрсеткішінен 14 па­йызға  жоғары.

Жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъекті­лері – ел  экономикасының  драйвері.

– 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн теңге 87 инвестициялық жоба іске асырылып, 8300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Президент пәрменімен өңірде 800 млрд теңгенің бу-газ қондырғысы салынады деп күтілуде. Ағымдағы жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы тамақ өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсетілмек. Жалпы, биыл жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 26,5 млрд теңге қарастырылуда. Мұның барлығы өңірде баға тұрақтылығын   қамтамасыз  етуге  бағытталған, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров  баспасөз  мәслихатында.

ҚЫЗЫЛОРДА  МҰНАЙ-ГАЗ  БАҒАСЫ  БОЙЫНША  БЕСТІКТІҢ  ҚАТАРЫНДА

Мұнай мен газ Қазақстанның басты шикізат байлығы саналады. Әлемдегі алғашқы мұнай бұрғылау 1846 жылы Ресей империясына қарас­ты Баку маңындағы Бибі-Әйбат аймағында 21 метрлік ұңғыманы бұрғылаудан басталған.

Қазақстанда тәуелсіздік алғалы мұнай өндірі­сін дамыту айтарлықтай өскен. Бүгінде бұл саланың қуаттылығы арта түсті. Еліміз алғаш тәуелсіздік алған 1991 жылы 26,6 млн тонна  мұнай  өндірілген  деген  ақпарат  бар.

Біздің аймақта да мұнай өндіру ісі жүйелі қолға  алынған. Алайда соңғы жылдары жалпы ел аумағында сұйытылған мұнай газ бағасы­ның  өсуі  қарқынды  көтеріліп отыр. Оған  әртүрлі  фактор  себеп.

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің айтуынша, аймақта сұйытылған мұнай газы  ахуалы  тұрақты.

– Энергетика  министрінің  бұйрығына  сәйкес жалпы республика бойынша сұйы­тылған мұнай газ бағасы көтерілді. Жаңа түзету­лерге сәйкес облыс бойынша газ бағасы 1 литр үшін 90 теңгені, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 95 теңгені құрайды. Өсім 28 па­йыз­ды құрайды. Қызылорда облысы басқа өңірлермен салыс­тырғанда сұйытылған мұнай газының ең төменгі бағасы бойынша бірінші бестіктің қатарында. Еліміздің 10 облысында газ бағасы 107 теңгеге дейін көтерілген. Қазақ­стан бойынша сұйытылған мұнай  газын тұтыну 2022 жылы 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жеткен. Аймағымызда 2022 жылы сұйытылған  мұнай газын тұты­натын  7290  авто­көлік  тіркелсе,  2024  жылы  35 690  автокөлік  тіркелгені  анықталған.

Сонымен қатар, жанар-жағармайдың сату бағасы мемлекеттік реттеуден босатылды. Алайда, қазіргі  таңда  операторлар бағаны 2024 жылғы деңгейінде сатуда. Оның ішінде АИ-92 – 205 теңге, ДТ – 295 теңге. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың ақпан айының 15-інен бастап АИ-92 бензин және дизель отынның бағасы 2-4 теңгеге өсуі күтілуде. Бағаның көтерілуінің басты себебі – жалпы республика бойынша газдың тұтынуының өсуі, – деді облыс әкімінің орынбасары  брифингте  сөйлеген  сөзінде.

ТАРИФТЕР  ҚАЙТА  ҚАРАЛДЫ

Тақырып төңірегінде ҚР ҰЭМ Табиғи монопол­ияларды реттеу комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарласып, жалпы бағаның өсуіне байланысты пікірін сұрап  білдік.

Департамент басшысының айтуынша, департа­мент 53 реттелетін қызмет түрі бойынша 33 табиғи монополия субъектілері қызметін бақылайды.

– Тарифтердің өзгеруіне қатысты 2023 жылы  басталған  «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасы аясында 2024 жылы 4 субъектінің тарифтері қайта қаралды. Оның ішінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы»  АҚ-на  өткен жылдан бастап тариф 1 кВт сағат үшін ҚҚС-сыз 5,86 теңгеден 7,206 теңгеге өзгертілді. «Қызылордажылу­электрорталығы»  МКК орташа босату тарифі  1 Гкалға үшін ҚҚС-сыз 7414,01 теңгеден 7968,47 теңгеге ауыстырылды. Соның нәтижесінде мекеме қызметкерлерінің айлық табысы 20,8 пайызға артты. «Қызылорда су жүйесі» МКК сумен жабдықтау қызмет бағасы 62,67 теңгеден 63,48 теңге көлеміне ұлғайтылған. Сонымен қатар, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының жергілікті атқарушы органдардан мүлікті сенімгерлік басқаруға алу шартына сәйкес тауарлық газды тарату қызмет тарифі бұрынғы бағасынан басқа бағаға ауыстырылды. Бұдан бөлек қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілді, – деді департамент басшысы Айбек Егембергенов бізбен әңгімесінде.

БАҒАЛАР  10  ЖЫЛДА  ҚАЛАЙ  ӨЗГЕРДІ?

Бағалар 10 жылда қалай өзгерді? Қазақстандық тұрғын эксперимент жасап көргенін ай­тады.

Қазақстандық Гүлнар Бугубаева есімді азамат­ша 2015 жылғы кассалық чекті тауып алғаннан кейін «эксперимент» жүргізуді ұйғар­ды. Ол ескі чекте көрсетілген азық-түлік жиынтығын қазіргі бағамен жинап көруге шешім  қабылдады.  Нәтижесі  таңғалдырды.

«2015 жылғы 7 қарашадағы  Magnum чегі.  48 позиция. Жалпы сома – 13 347 теңге. Қызық, қазір осының бәріне қанша төлер едім? Мен өзім бәсекеге құмар адаммын. Қысқасы, дәл сол тізіммен Magnum-ға бардым», – деп жазады  Бугубаева  әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айтуынша, эксперименттің тазалығы үшін дәл сол тауарларды алуы керек болған. Бірақ бұл мүмкін емес болып шыққан. Көптеген бренд жоғалып  кеткенін  байқаған. Сондық­тан соған  ұқсас  баламалармен  қарас­тырған.  Нәтижесінде осыдан он жыл бұрын Magnum-нан 13 347 теңгеге зат алса, қазір 43 148 теңгеге сатып алған. Яғни, бағалар 3,23 есеге өскен. Жылдық  орташа  өсім 12,4  пайызды  құраған.

САРАПШЫ-МАМАН  ПІКІРІ

Тақырып аясында экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуровтың да ойын білген  едік.

Экономист маманның айтуынша, жылдан-жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы үкіметті қосылған құн салығын көтеруге итермелеп отыр. Елімізде қосылған құн салығын негізгі төлеушілер – шағын және орта бизнес. Ал олардың сатқан тауары мен көрсеткен қызметіне қосылған ҚҚС-ті тұтынушылар төлейді. Бұл – ең қате шешім. Үкімет бизнестің көлеңкеден шығып, табысын, айналымындағы қаржысын ашық көрсетуге және салық төлеуге ынталандыратын жағдай жасауы керек.

– Егер үкімет ұсынып  отырған жоспар іске  асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға  жуық  салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде  қазынаға  қосымша  6-7 трлн  теңге қаржы түседі. Қосымша құн салығының 20% немесе 16%-ға өсуі кіші және орта биз­нестің дамуына кері әсерін тигізіп, салық ауыртпашылығы қарапайым тұтынушыға түседі және үлкен инфляциялық өсімге әкеледі. Нәтижесінде тауарлардың бағасы өседі, тұтынушының күнкөріс деңгейі нашарлайды. Себебі олардың табысы өсіп жатқан жоқ. Былтыр ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленген. Биыл өзгерген жоқ. Кіші және орта бизнес өкілдерінің бір бөлігі шығындардың артуына байланысты жабылады, ал бір бөлігі «көлеңкелі» экономикаға өтеді, әр келесі бөлігі салық төлеу­ден қашу мақсатында бизнесін бірнеше бөлікке майдалайды. Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығы төмендейді. Жалпы қосылған құн салығын әртараптандыру керек. Мемлекет басшысы бұл бастама жан-жақты пысықталуы керек екенін айрықша атап өтті. Іс-шарада айтылғандай, қосымша құн салы­ғы әртүрлі сала үшін мұқият саралануға және оның жоғарғы шегі тым жоғары болмау­ға тиіс. Осы мәселеге байланысты түпкілікті шешім білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің және депутаттардың пікірлері ескеріле отырып қабылданатын болды. Сондықтан алдағы уақытта бизнеске қолайлы жағдай жасайтын, сонымен бірге салық жүйесіндегі тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын оңтайлы шешім қабылдауға баса мән берілмек. Алдағы уақытта мемлекет пен бизнестің серіктестігі одан әрі нығайып, экономиканы жаңғырту жолындағы бірлескен күш-жігер елдің өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп сенемін, – дейді экономика ғылымдарының  кандидаты  Абай  Шайнуров.

ТҮЙІН. Жан-жақты зерделеу жасап, бағаны халық қалтасы көтеретіндей бір жүйеге келтірсе, құба-құп болар еді деген ой қорыттық. Оның ішінде күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы жиі қадағаланса жөн болар еді. Үйдегі көңіл күйді базардағы баға бұзбауы тиіс. Қадау-қадау ойдың ішінде қадап айтарымыз – осы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: