Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорлықты облыстық денсаулық сақтау басқармасынан көрдік

23.01.2023, 18:23 919

Айтпасқа болмады. Өткенде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда қаласының тұрғындарын қабылдауы өткізілді. Сол кезде Ұлжан Аширбаева есімді қала тұрғыны немересінің денсаулығына байланысты жолығуға келген болатын. Алайда аймақ басшысының кешігіп келуіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қабылдады. Міне, осы мәселесімен 4 қаңтар күні әкімдікке барыпты. Әрі қарай кейіпкердің сөзімен баяндайық.


Сұлтан есімді азаматтың қабылдауында болып, артынша облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Рахатқызы келіпті. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, Динара есімді маманмен жүздескен. Ал, бала денсаулығына жауапты облыстың бас дәрігері Сәбит Пазыловты еңбек демалысына шығып кетіпті деп дәрігерлер айтқан екен. Өткен жылдың 30 желтоқсан күні баланың денсаулығын көруге Сәбит Пазылов барған. Десе де, сол барғанынан әлі ешқандай шешім жоқ. Баланың денсаулығын суреттен көріңіз. Уақыт өткен сайын жағдайы қиындай түсуде. Денсаулығын тізіп айтпай-ақ бұрын қандай, қазір қандай екені көзге ашық көрініп тұр. Әжесінің айтуынша, немересінің жағдайы жақсы болған өзге бала, яғни өзі бөтелкеден ішіп, қозғалатын баланың жүрегі тоқтап, жақында өмірден озыпты. Ал, Ұлжан Аширбаеваның немересі Жақсылық Оспанов қазір тіпті сал күйінде қалған. Ұйықтатын дәріні көп салудың кесірінен деп тұжырымдайды жақындары. Қазіргі таңда баланың дене қызуы көтерілген соң, жеке палатаға ауыстырыпты. Баланың аяқтары қисайып, қатып қалғанын көрген ана ұлының жағдайына алаңдаулы. Көзін ашып, қолы-аяғы қимылдап тұрған баланы ауыр аппаратқа салып, антибиотиктер беріп жағдайын қиындатып жіберген соң, баланы емдеуге ешкім қабылдамайды деп ата-анасы қорқып отыр.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға бейқамдық танытқаны қалай? Сыныққа сылтау іздеп емес, нақты баланы аман алып қалудың жолын қашан қарастырады? Сұрақ көп, жауап жалқы болып тұр. Бұған дейін де Жақсылық Оспановтың ата-анасына «Сіз дәрігерлермен жақсы болмай, балаңыз жақсы болмайды» деген сөздер де айтылды. Гиппократ антын ұмытқан дәрігерлерді жұмыстан босату шешім болмас. Сол себепті балаға қазір қандай көмек бере алатындарын ашық жеткізген дұрыс. Әрбір ата-ананың жанды тұсы – бала. Сондықтан Жаратқан ием баламен сынамасын деп айтатынымыз бар. Облыстан қайыр болмаған соң, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттан да көмек күтеді. Дегенмен, шиеленісі көп мәселені шешуде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтан жақындарының үміті зор. Жауапты басқарманың жауапсыздығынан іс насырға шапқалы тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: