Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқыстағы мал басы немесе Құрбандық па, тойғандық па?

27.06.2024, 10:20 176

Құрбандық шалу – уәжіп. Оны ысырапшылдыққа айналдыру иманның әлсіздігі десек, артық айтпас едік. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дей көрмеңіз, бүгінгінің бай-бағландарының құрбандығы құр ат алып, атақ шығару болып тұр. Мұны әлеуметтік желідегі «құрбандыққа сойылған малдың басы қоқыста жатыр» деген жұрттың қызу талқысынан аңғару қиын емес. Мұндай қылықтар Жаңақорған кентінде де көрініс тауып жатуы  қолымызға  қалам  ұстатты.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен көріністе қоқыс жәшігіне лық толы үйілген мал басы мен жыны ақтарылған ішек-қарынның тастандысы «обал болады» деп тәрбиеленген талай қазақтың жүрегіне ауыр тиді. Мұндайда үлкендеріміз «біреу то­йып секіреді, біреу тоңып секіреді» деп өте орынды айтқан. Қанша қиын кезеңді бастан кешіп жатсақ та тойып секіріп жүргендердің аз еместігіне қарнымыз ашты. Бұл – ең алдымен құрбандық  шалған  адамның  қате­лігі. Егер ол бас-сирақты, ішек-қарын­ды ысырап қылмай, жуып-таза­лап, мұқтаж отбасыларына апарып берсе, кәдімгідей қарнын тойғызатын тамақ қой. Басқа-басқа, әсіресе, құрбандыққа сойылған малдың тұя­ғына дейін кәдеге асуы керектігін мұсылман бола тұра білмегеніміз қалай? Бала күннен обал, сауап жайлы құлаққа құятын қазы­налы ақсақалдың, нан қоқымын да шашқызбайтын ақылшы әжелердің азайып кеткенінің, жөн сөз естіп, жоралғыны білетін жастың қалмай бара жатқанының  дәлелі  десек  болады  мұны.

Биылғы Құрбан айттан кейін көшедегі қоқыс жәшігі бас-сирақ пен ішек-қарынға толып, қолқа қабар иіске айналды. Мұрнын басқан көпшіліктің мұңы өз алдына, иіс­теніп кеткен бас-сирақты тазалауға мәжбүр болған тазалықшы қауымның  айтар  уәжі  орынды  дер  едім.

– Құрбан айт мерекесі қарсаңында бас-сирақты қоқысқа тастауға болмайтыны туралы алдын ала хабар­ландыру да бердік. Соған қарамастан, үш күн бойы қоқыс жәшіктеріне қойдың терісін, ішек-қарнын, сирақтарын, тіпті басын да тастап кеткендердің қарасы көп болды. Онымен қоса қазір дала ыстық, шыбын-шіркей тез үймелейді. Енді барлық қоқыс орындарын хлормен тазалаймыз, өйткені иістеніп жатыр. Кентте 117 көше бар, айына екі рет тазаланады. Құрбан айттан бір күн бұрын «Саяжай» аумағын тазалап шыққан едік, арада күн өтпей көше бойында қойдың бас-сира­ғы мен ішек-қарны шашылып жатқаны тура­лы хабарлама түсті. Сол секілді «Май бекеті», «Қорғантоғай», «Алтынсарин», «Ипподром» аумақ­тарынан тұрғындар көптеп шағым түсіруде. Біздің құрамда санаулы қыз­метші барын ешкім есепке алмайды. Бұл мәселеде мекеме қызметшілері тек қоқысқа ғана жауапты бола тұра туған жердің тазалығы үшін азаматтық танытып, кестеден тыс жұмыс істеп келеміз. Құрбандық шалғандар мұсылмандық рәсімді тап-таза, өз ережесімен атқарса, мұндай  болмас еді? – дейді «Жаңақорған қызмет» мекемесінің басшысы Қайрат Нәлібаев.

Құрбан айттағы ысырапшылдық өз алдына, салақтықтың салдарынан тазалықшылардың ұшынып ауыр­ғаны обал болыпты. Соның бірі Сағи Жапарұлы: «Күннің ыстығынан малдың терісі мен бас-сирақтың иісі сасық, маңына жолау қиын болып қалады екен. Адал асты осыншама қорлап, құрбандық союдың не маңызы қалды?», – деді таусыла. Таза­лықпен кәсіби түрде айналысып келе жатқан ол осы көрініске жыл сайын  тап  келетінін  жеткізді.

Құрбандыққа шалған малдың ішек-қарындарын қоқысқа тастағандардың құрбандығы қабыл бола ма? Бұл туралы наиб имам Нұржігіт Сыдықпен пікірлескенімізде, құрбандық шалғанда ысырапқа жол бермеу керек, малдың басы, ішек-қарны, тіпті тұяғына дейін кәдеге жаратылуы тиіс екенін ұқтық.

– Малдың терісіне келетін болсақ, ол да ысырап болмағаны жөн. Біздің елімізде тері өңдейтін шағын цехтар жоқтың қасы. Сондықтан кей адамдар  амалсыздан оны қоқысқа тастап жатады. Болашақта арнайы зауыт  салу мәселесін қолға алу керек. Сонда  ешбір мал ысырап болмайды. Теріні өткізіп, одан түскен ақшаны садақа қылу қажет, – дейді наиб  имам.

ҚМДБ-ның мәліметінше, Құрбан айттың алғашқы күні республика көлемінде жалпы саны 20236 мал шалынса, 1788 тапсырыс qurban2024.kz сайты арқылы берілген. Оның ішінде: қой – 17327, ешкі – 1597, ірі қара – 1307, түйе – 5. Ал, ресми ақпарат көзінде қоқыс полигонында 12031 «иесіз мал басы» жойылғаны айтылады. Осы мәліметтен-ақ Құрбан айт кезіндегі ысырапшылдықтың шегін екшей беріңіз.

Құрбандық шаламын деп ниет еткен адам ең бірінші малдың еш ысырапсыз шариғат жолымен құрбандыққа шалынуына қатты мән берсе дейміз. Алдымен етін ғана емес, бас-сирағын, ішек-қарнын да алатын адаммен келісіп алса, мұндай көрініс болмас еді. Мал касапханада сойылып, жуып-шаю жұмысының жауапкершілігін қасапхана иесі өз мойнына алса құба-құп. Мәселен, қасапхана бұрышынан ішек-қарын тазалайтын орын ашып қойып, жұмыс­сыз келіншектерді жұмысқа тартса, бір отбасының табысы артар еді. Ең бастысы, адал еңбекпен тап­қан табыс қашанда берекелі екенін естен шығармау керек. Қоршаған ортаны ластап жатқандар жазаланып, айыппұл салынбаған соң әркім еркінсіп, мал сойылғаннан кейінгі тазалыққа мән бермей тұрғаны анық. Бұл туралы Қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрайымы Раушан Наза­рова  сөз  етті.

– Дәстүрімізге зер салсақ, мал шаруашылығымен айналысқан ата-­бабаларымыз малдың ішек-қарыны тұрмақ, терісі мен жүнін де тиімді пайдаланған. Таза теріні пайдаланып,  аяқкиім,  күрте,  кәдесый,  әмиян,  белдік  жасайтын  цехтар  қазір де бар. Олар отандық өнімге қажетті теріні арнайы тапсырыспен шетел­ден  әкеледі. Бізде тері өңдейтін зауыт жоқ. Малдың жүнін, терісін арзанға шетелге асырып жіберуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Қара бақырға өткен өніміміз өңделіп, тәуір тауар болып пәлен есе қымбаттап қайта өзімізге келеді. Қарапайым көрпеге салатын жүн таппай, Қытайдың арзанқол дүниесін тұтынып жүргеніміз де  – ащы шындық. Жаңағы біз қоқысқа тастаған малдың ішегінен шетелде кетгут, яғни медициналық жіп жасайды екен. Хирургтар адамның ішкі ағзаларын кетгутпен тігеді. Нәтижесінде, адам ағзасындағы кетгут жібі уақыт өте өзі таралып кетеді екен. Осы бағытта біздің бірлестіктегі аналар қыз-келіншектерге әртүрлі сабақтастық тақырыбында насихат жүргізіп  келеді, – деді  ол.

Көненің көзін көрген қарияларымыз бас-сирақтың қаңқасының өзі аяқ астында тапталып жатуын жаман ырымға балайды. Қазақ ұғымында құрбандық малының бас сүйе­гін керегеге ілу дәстүрі бар. «Иесі бар үйдің киесі бар» демекші, бас сүйек ілінген үйге пәлекет жо­ламай, бақыт пен Қыдыр қонақтайды деп  сенетін-ді.

ТҮЙІН. Қоқысқа лақтыру арқылы асты аяққа таптап, құрттатып, ауаны ластап қана қоймай, барымызды бағалай алмай жүргеніміз жанға батады. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, барымыздан мүлдем айырылып қалмас үшін құрбандық шалудың тәртібіне мән бергеніміз абзал.

Мақпал  МАРҚАБАЙ,

Жаңақорған  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: