Қала тазалығы – бәрімізге ортақ міндет. Тазалықпен айналысатын арнайы мекеме қызметкерлері өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратынын көпшілік жақсы біледі. Таңның атысы, күннің батысы демей, ыстық пен суықты да елемей еңбек етіп келеді. Бірақ…
Сұрақ сол, нәтиже жоқ деуге болады. Көше қиылысындағы жиналған қоқыс, жол бойы тасталған темекі тұқылы, босаған бөтелке, қалбыр бәрі-бәрі шаһар шырайына сызат түсіретіні белгілі. Түсіріп те келеді. Жергілікті атқарушы билік сан мәрте ескерту айтып, айыппұл салса да, нәтиже аз. Оған тұрғындардың жауапсыздығы себеп.
Бес саусақ бірдей емес, әрине. Дегенмен, қоқыс салатын жәшік маңайының өзі шашылып, үйіліп жататыны бар. Арнайы орынға салып жатқандары кемде-кем. Бәрінің ойында бір түйсік: «әкімдік өзі жинап алсын» деген ғана бар сияқты. Ал, ол өз туған қаласының тазалығы екені екінің бірінің ойына кіріп те шықпайды. Ащы да болса ақиқаты – осы.
ҚОҚЫС ҚАЛДЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ӨҢДЕЛЕДІ?
Қызылорда қаласындағы жаңа полигон Белкөл кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаңа полигонның құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізіп, пайдалануға берген. Облыс орталығындағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы көліктермен осында жөнелтіледі.
Жиырма гектар аумақты алып жатқан алып қоқыс полигоны арнайы заңнамаларға сай бекітілген. Мұндағы жұмысшылар арнайы жұмыс киімдерімен толыққанды қамтамасыз етілген. Әкелінген қоқыстарды өңдеу цехына төгіп, сол жерде сұрыптап, шынысы мен картон-қағазды бөлек, темір немесе резеңке қалдықтарды бөлек жинап, қажетіне қарай жойып жатады.
Белкөл кентіне қарасты тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешенінде күнделікті жүргізілетін жұмыс қарқыны қатты. Мамандардың айтуынша, кешен 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Экологиялық-санитарлық талапқа сәйкес жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын қоқыс өңдеу орталығында арнайы техника мен жұмысшы азаматтар еңбек етуде. Сұрыптаудан өткен заттар арнайы техникалық аппарат көмегімен қысымдалып, арнайы орындарға жөнелтіледі. Ол жақта да қайта сұрыптаудан өткізіліп, қажеттілігіне қарай өнімдер өндіріледі. Бұл, біріншіден, отандық өндірісті дамытса, екіншіден, ел экономикасына оң әсер етеді.
Кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ҚР Экологиялық заңнамасына сәйкес, 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру, қайта сұрыптау және көму жұмыстарын жүргізеді. Мұнда пластмасса, бөтелке, қаңылтыр, целофан тағы басқа да өнімдер өз алдына бөлек сұрыпталады. Оның барлығы адам күшімен іске асып отыр. Қалған қалдықтар көму карталарына жөнелтіледі. Негізгі технология процесі осындай.
Мұндағы жұмыстың басты мақсаты – қала көлеміндегі жиналған тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу. Жұмысшылар ауысыммен жұмыс істейді. Жалақылары жеткілікті деңгейде екені айтылды. Өрт қауіпсіздігі мұқият қарастырылған.
Жаңа полигон құрылысына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Қызылорда тазалығы» мекемесі қатысып, 148 миллион теңгеге қалдықтарды сұрыптау кешенін орналастырды. Бұл қалдықтарды сұрыптау кешенінің жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 97 439 тонна қалдық қабылданды. Мұнда тәулігіне 180-200 тоннаға дейін қалдық тасымалданады. Осы қалдықтардың күніне орта есеппен 70 тоннасы сұрыптау кешені арқылы сұрыптаудан өткізіледі. Сұрыптаудан алынған 3-4 тонна көлеміндегі пластмасса өнімдері екінші қайтара өңдеуге жіберіледі.
Айта кетейік, қоқыс қалдықтарының 55 504,14 тоннасы – қала көшелерінде жүргізілген санитарлық тазалығынан құралған қалдықтар. Ал, қалған 41 935,71 тоннасын жеке кәсіпкерлер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларынан шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтары құрайды. Тағы бір атап өтерлігі, полигонға келген азық-түлік қалдықтары полигон аумағында шірітіледі. Содан соң иісі жойылып, ауаға артық иістің тарап кетпеуі қатаң қадағаланады.
Әрбір дүниені тиімді пайдалану ләзім. Бұл – жоқтан бар жасап, қолдан келген қажетті дүниені ұқсату. Осы орайда аймақ кәсіпкерлері қоқыс қалдықтарына тасталған пластмасса өнімдерін қайта өңдеп іске асыруда. 2024 жылы қалдықтарды сұрыптау арқылы алынған 410 тонна пластмасса өнімдері екінші қайтара өңделу үшін мүдделі кәсіпкерлерге 77,7 миллион теңгеге сатылды. Қазіргі уақытта полигонда 9 арнайы техника және 23 адам қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және көму жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар, қаланың санитарлық тазалығынан пайда болған қалдықтарды полигонда залалсыздандыру және көму жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы 82,062 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы да қажетіне қарап жұмсалып, ел игілігі жолында іске асырылуда.
Биылғы жылдың 1-тоқсанында полигонға барлығы 25 276 тонна қоқыс шығарылып, оның 11 930 тонна қоқысы қайта сұрыпталды. Қалған 13 598 тоннасы залалсыздандырылып, көмілді. Сондай-ақ, 122,2 тонна пластмасса өнімдері екінші қайтара өңделу үшін мүдделі кәсіпкерлерге 24 миллион теңгеге сатылды. Қаланың санитарлық тазалығынан пайда болған қалдықтарды полигонда залалсыздандыру және көму жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы 87,392 миллион теңге бөлінді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың денсаулығын сақтау, артық ауру ошақтары пайда болудың алдын алу.
ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘСЕЛЕ
Тақырып төңірегінде «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық ғылыми-сараптамалық кеңестің төрағасы, партияның саяси кеңес мүшесі Нұрлан Көптілеуовтің де ойын білген болатынбыз.
– Қызылорда өңірінің қоқыс полигонының жайын айтатын болсақ, ол – республикалық деңгейдегі мәселе. Астана мен Алматыдан басқа өңірлердің бәрінде бұл – үлкен тақырып. Екі бас қаланың өзі де көптеген сұрағы бар маңызды кешендердің бірі саналады. Бірақ облыс орталықтарында одан да едәуір үлкен шешілмей жатқан түйін жетеді. Енді біз білеміз, Қызылорда өңірінде полигон салынды. Ол кешен өз жұмысын толыққанды түрде атқара алмады. Білуімше, ертеректе сенімгерлік басқаруға берілді. Екіншіден, табыс мәселесінде де сұрақтар болды. Соны басқаруға алған кәсіпкердің жұмысты дұрыс жүргізбегені салдарынан өңірде қоқыс полигонына қатысты мәселе туындады. Ол өз кезегінде аймақтың экологиялық ахуалына қатты әсер етті. Бұл заңдылық та. Жалпы, Қызылорда қаласындағы кешенді мемлекет меншігіне қайтарды деп білеміз. Бұл өте дұрыс қадам болды деп есептеймін. Себебі, бұл әрбір қала тұрғынының табиғатқа деген мәдениетіне байланысты. Мәселен, біз күніне қаншама қатты қалдықтар шығарамыз. Әр адам көмірқышқыл іздерін қалдырады. Біз әрине, бұл мәселені қозғаған кезде жергілікті атқарушы билікті сұрақтың астына алуға болады. Дегенмен, бұл билікке немесе мемлекетке ысырып қоятын дүние емес. Жоғарыда атап өткенімдей, әрбір адамның өз деңгейінде үйінде қанша сұрыптайды, қоқысты белгіленген жерлерге тастайды. Тұрмыстық қатты қалдықтар, тағам қалдықтары және зиянды қалдықтар бар. Осының бәрін қаншалықты түсіндіре алып жүрміз? Полигондағы қоқыстардың қаншасы өңделіп, қаншасы көміліп жатыр? Негізінде қоқыс полигонын қадағалау жұмыстары мәслихаттан басталу керек. Төлем әр тұрғыннан өтелгеннен кейін әрбір тиынына дейін бақылау жүргізілу қажет. Ол бір компаниялардың мүдесіне жасалмағаны дұрыс. Қоқыстың сұрыпталуы, шығарылуы бір тарифтің төңірегінде болуы керек, — дейді «Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Нұрлан Көптілеуов бізбен әңгімесінде.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНЫҢ МАҚСАТЫ – КӨШЕ СЫПЫРТУ ЕМЕС
Спикер өз сөзінде «Таза Қазақстан» акциясы жөнінде де кеңінен тоқталып өтті. Айтуынша, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында біз осы дүниелерді қалыптастыра білгеніміз жөн. Президент тапсырмасы жай акциялатып, көшет отырғызу емес. Бұл – үлкен кешенді жұмыстарды істеу. Яғни, жаңа полигондарда экономикалық мәдениетті қалыптастыру болып есептеледі. Былай келгенде оның әрбір нәтижесін халық көруі керек.
— Қалдықтарды жинау, өңдеу, жою секілді қарапайым әдістерін айтып отырмын. Сондықтан бұған дұрыс қарауымыз керек. Келесі буын өкілдеріне осы мәдениетті жеткізе білгеніміз абзал. Қаншама науқас адамдарды үйінде емдеп жатқан жағдайлар бар. Үйден шыққан түрлі қоқыс қалдықтары сыртқы жәшіке жиналады. Оның айналасында әрлі-берлі өтіп жатқан адамдар бар. Ішіндегі тағам қалдықтарын алып жатқан адам қаншама?! Оны малына береді. Сол төрт түлік малдың сүті мен етін біз тұтынамыз. Сонда ойлап қарасаңыз, біз қандай тәуекелге барып отырғанымызды түсінбейміз. Сондықтан менің айтарым, түрлі қоқыс қалдығын үйден шығарғаннан бастап, мұқият сараптап барып, тастауды үйренуіміз керек. Үйдегі балаларды да соған тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. Мұның маңызы орасан зор. Оған бізде түрлі мүмкіндік бар. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – әр адамды сенбілікке шығарып, көше сыпырту емес. Атқарушы билік бізге үлкен мүмкіндік жасап отыр. Біз осы мәселеге көңіл бөлуіміз керек, — дейді ол.
ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ СҰРЫПТАП ЖАТЫР?
Осы мәселе төңірегінде де біраз дүниені сұрастырып білдік. Бұл негізінен маңызы зор дүниелердің біріне жатады. Негізінен, пластиктер ең қымбат шикізат саналады. Оның дұрыс жүйелі өңделіп іске асырылуы елге орасан пайдасын тигізбек.
Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыс көлемінде өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру және жою бағытында лицензияландырылған 6 кәсіпорын («Эко-Service» ЖШС, «Кен.Дор» ЖШС, «Компания-Даулет Азия» ЖШС, «ҚызылордаТрансСервисСтрой» ЖШС, «AkDiEr» ЖШС, «Тандем Петролеум» ЖШС) қызмет атқаруда.
Олар облыс аумағындағы мұнай-газ өндіріс орындарынан шыққан мұнай қалдықтарын жинау, қайта өңдеу және залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, «ЭКО-Н Сервис» ЖШС тарапынан сынапты құрамдас шамдар мен жанарғыларды (тік шамдардан басқа) ұсақтау және құрамындағы сынапты сульфидтік формада залалсыздандыру қызметін көрсетуде. Ал, «Smart Rubber» ЖШС тозған автокөлік шиналарын ұсақтап, түрлі фракциядағы резеңке үгіндісін өндіруге маманданған. Бұл үгінділердің негізінде жерасты тамшылатып суаруға арналған шлангілер, балалар ойын және спорт алаңдарына арналған резеңке жабындар өндіруде.
145 ПОЛИГОННЫҢ 8-і ҒАНА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА СӘЙКЕСТЕНДІРІЛГЕН
– Бүгінде облыс тұрғындарының 71,5 пайызы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Облыс тұрғындарын тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамту мақсатында аймағымызда 15 мыңнан астам темір контейнерлер және бөлек жинауға арналған 3 мыңнан астам, ал құрамында сынабы бар шамдар үшін 874 дана арнайы контейнер орнатылған. Қызылорда облысында заңсыз қоқыс алаңдарын азайту мақсатында 145 елді мекенде тұрмыстық қоқыс қалдықтары полигондарының құрылысын жүргізуге арнайы жер учаскелері берілген. Бұл қоқыстың кез келген жерде заңсыз шашылып жатудың алдын алмақ. Қазіргі уақытта облыс көлемінде 145 полигонның тек 8-і ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Олардың пайыздық үлесі 5,52-ні құрайды. Қалған полигондарды сәйкестендіру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысымен аталған полигондарда 303 мың тонна тұрмыстық қоқыс қалдықтары жинақталып, оның 91,2 мың тоннасы кәдеге жаратылған. Осы жылдың І жартыжылдығымен полигондарда 153,8 мың тонна қоқыс қалдықтары жинақталып, оның 48,5 мың тоннасы іске асырылған, — дейді Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Ысқақов.
Тағы бір айта кетерлігі, өңірде тазалық сақтау, қоқыс қалдықтарының белгіленген орынға жинақталуын іске асыру мақсатында 2021-2024 жылдар аралығында Арал, Сырдария және Қызылорда қаласында 3 полигон және 2 қоқыс сұрыптау кешені салынып, іске қосылған.
Сонымен қатар, қалған тұрмыстық қоқыс қалдықтары (ТҚҚ) полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру және өндеу үлесін ұлғайту мақсатында облыстың Арал, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарында сұрыптау кешені бар полигондар салу 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр. Бұл да өз кезегінде уақытылы орындалады деп күтілуде. Бұдан бөлек облыста аумағында қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу үлесін ұлғайту мақсатында қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік нысандардың «Жасыл Даму» АҚ арқылы қаржыландырылуы жоспарланған жалпы құны 87,8 млрд теңге құрайтын 9 жобасы іске асырылуда.
СӨЗ СОҢЫ
«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Ал, қазақ халқы үшін табалдырықтан асқан тау жоқ. Күн сайын қолына сыпырғы мен күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Таңсәріден көше сыпырып, қоқыс терген жұмысшылар қала тұрғындарының жауапкершілігінен үмітті. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-ана арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайды да. Өкініштісі сол, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп жатқанын көріп те, естіп те келеміз. Қала тазалығы – біз бен сізге ортақ абырой. Ендеше, туған қаламызды қоқыс орталығына айналдыру да, шырайлы шаһарға айналдыру да өз қолымызда екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Коллаж: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!