Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамның өгей баласы…

25.06.2020, 11:35 762

1. ӘРІП  САНАҒАН  БИЛІК

«Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» дейтін тәмсіл ертеден бар. Оны газет оқитын біздің аға буынның өкілдері жақсы біледі. Электронды БАҚ пен интернеттің дәурені жүріп тұрған қазіргі кезеңде, жұрттың күнделікті басылымдарға деген ықыласы аздап төмендегені рас. Бірақ, бұл газет пен журнал бұдан былай қоғамға мүлде қажет емес дегенді білдірмейді. Газет пен журнал қай уақытта да, қай кезеңде де өміршеңдігін жоғалт­қан емес. Ондағы сөздер – тасқа түскен рухани қазына, өткен күндердің ұмытылмас шежіресі. «Газеттің сөзі мың күндік…» деген сол!

Басқаларды қайдам, өзіміз газет-журналдың қадірін карантинде («үйқамақта») отырған кездері қатты сезіндік. «Бүкіл дүниені бір тарының қауызына сыйғызған» сын сағаттарда елге рухани күш-қуат берген газеттердің орны бөлек болды. Ол рас. Өзім жаздырып алатын­ «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Дат», «Алматы ақшамы» газеттерін үйге бас сұққан туған­-туыстар қалап, сұрап әкетіп жүрді. Яғни, шын оқырманын тапса (мүмкіндік туғызса), газетте­р әлі де оқылады екен.

Ал, осы газет-журналдарды уақыт сынына қарамай, мезгілінде шығарып, асыға күткен оқырмандарға жеткізіп отырған кімдер? Әрине, журналистер. Қалың көпшілік БАҚ-тың арқасында елімізде қаншама медицина, полиция қызметкерінің КВИ жұқтырғанын, қанша сыйақы алғанына дейін біліп отырды. Бірақ, алғы шепте өзгелерден қалыспай, зыр қағып жүрген журналистердің қаншасы ауыр сырқатқа ұшырағанын жұртшылық білмей де қалды. Өйткені, қоғамның өгей баласы секілді күй кешкен бұл тілшілердің жағдайы ешкімді қызықтырмайды. Билік тарапынан баршаға үлестірілген Алғыс хат та оларға берілмеді, сыйақы  төленбеді (Есесіне, қарамағындағы қызметкерлері  блокпоста  парамен ұс­тал­ған Жетісу ауданының әкімі «Құқық тәр­тібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліме­н марапатталды. Парадокс!).

Шерхан Мұртаза айтқандай: «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ түйе секілді» БАҚ қызметкерлерінің бағы неге ашылмай келеді? «Жапалақты таспен ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі» дегендей, жазықсыз таяқ жейтін де солар. Неліктен?

Осыған байланысты, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының БАҚ бөлімінде қызметте жүрген кезімдегі бір-екі оқиға есіме түсіп отыр.

Алматы – Еуразия кеңістігіндегі үлкен мегапо­лис, ірі рухани, мәдени, бизнес орталығы екендігі белгілі. Сондықтан, еліміздегі беделді, танымал ақпарат құралдарымен тығыз байланыс  орнатуға  тырысамыз. Республикалық «Айқын»­, «Литер», қалалық «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», ресейлік бірқатар басылымдар бар. Бір күні, 2012 жылдың ақпанында өңірлік Тексеру комиссиясының адамдары келе қалып, ақпарат саласындағы тендерлік қаражаттың жұмсалуын тексерді. Солардың бірі шаң басқан газет тігінділерін алдына жиып алып, орындау актісімен салыстырып, әлденеге басын шайқай  берді.

– Ағасы, бас шайқауыңыз ұзап кетті ғой? – дедік сыр тартып.

– Тыңдаңыз, – деді түсі суық тексерушіміз түсін одан ары суытып. – Сіздер келісімшарттағы мына бір пунктті өрескел бұзып отыр­сыздар. Қараңыздар. Бір  шаршы сантиметрде 9 белгі (знак) болу керек. Ал, сіздердің газеттеріңіз  6-7 белгіден асырмаған. Ұқтыңыздар ма? – Одан әрі орысшалап кетті. – Вот где собака­  зарыта…

Ойпырм-ай, қаншама жыл республикалық басылымдарда қызмет істесем де, дәл осындай әріп санаған ит тірлікті көрмеппін. Жалма-жан заңгерімізді көмекке шақырдым. Өкінішке қарай, ол да тексерушіге ештеңе айта алмады.

– Басы  артық жұмсалған  қаржы тегіс қайтарылсын! Бір  ай  уақыт  береміз! – деді  тексеру­шілер.

Заңның аты – заң. Орындалу керек. Бірақ, әлдеқашан жұмсалып кеткен қыруар қаржыны қайтару да оңай шаруа емес екен. «Актіге қол қойдыңыздар ма? Қойдыңыздар! Қабылдадыңыздар ма? Қабылдадыңыздар! Бұларыңыз не енді?» – деп бас редакторлар шырылдап қоя берді. Бір жағынан олардың айтқандары да дұрыс. Мың  жылдық тарихы бар Алматы туралы­ тереңнен толғаған, айызыңды қандырар небір қызықты материалдар үлкен ізденістен туғаны­ көрініп тұр. Көлемді-ақ. Көркем безендірілген. Мазмұны да, маңыздылығы да жап-жақсы. Оқырмандарды тартады. Бірақ, әріп, нүкте, үтір санаған биліктің өкілдеріне оның қажеті шамалы боп шықты. Далаға кеткен есіл еңбек!

Сонымен, жоқ жерден «кінәлі» боп қалған басылымдар  алған қаражатының едәуір бөлігін қайтарып, біраз уақыт әуре-сарсаңға түсті. Бәрінен бұрын, қатардағы журналистердің жыл бойы қаламақыдан қағылғаны обал болды.

Мұны не үшін еске алып отырмын? Еліміздегі қолданыстағы заңдардың БАҚ мүддесін қорғамайтынын  айту үшін. Жуырда сұрастырып білсем, ақпарат кеңістігіндегі тендерлік қар­жыны жұмсаудың сол тәртібі әлі өзгермеген екен. Яғни, бұл – мемлекеттен қаржыландыратын кез келген баспасөз құралы, меншік нысанына қарамастан, тікелей билік ықпалында қала  береді  деген  сөз.

Бұдан кейін басылым басшысының  тағ­дыры  қандай  күйде болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Кез келген уақытта басына ноқта кигізілуі мүмкін екенін білетін редактор газеттің өткірлігін ойлай ма? Әрине, жоқ. Тапсырыс беруші­ биліктің мадаққа толы материалдарын жариялап, тып-тыныш отыра береді. Сапа емес, сан  қуалаған  басылымның беделі құлдырайтынын,  бәсекеге қабілеттілігі төмендейтінін білсе де, қылар қайраны жоқ. Мұның мысалын жалғыз әдеби журналымыз «Жұлдыздың» басында­ғы  жағдайдан  көруге  болады. Редакция  ұжымының  төрінде мықты  редактор отырғаны­на  қарамастан, журналға мемлекеттік тапсырыс аясындағы ғылыми-педагогикалық материалдар  еріксіз  тоғытылып  жатыр.

Бұл не деген сөз? Бұл – билік пен БАҚ-тың іргесін ажыратпайынша, басылымдарға шығармашы­лық және материалдық еркіндік берілмейінше, баспасөз әлеуеті ілгері дамы­майды деген сөз. Оның мысалын алыстан іздеудің­ қажеті жоқ. Халықаралық «Шекарасыз репортёрлар» («Репортёры без границ») үкіметтік емес ұйымның 2020 жылғы бірінші тоқсандағы зерттеуін алып қарасаңыз, бәрін түсінесіз. 180 елдің арасында Норвегия, Финляндия, Дания БАҚ еркіндігі бойынша алдыңғы үш орынды иеленсе, Қазақстан 157-орында тұр екен. Былтырғыдан бір саты ғана ілгерілеппіз. Біздің алды-артымызда Өзбекстан мен Сингапур тұр. Көршілес ТМД елдеріндегі ағайын­дардың  да қарасы  көш  соңында.

Ал, енді, осылайша отыз жылдан бері отандық баспасөзіміздің әлемдік демократиялық үрдіске  ілесе  алмай отырғандығын айғақ­тай­тын  бұл көрсеткіштің алдағы уақытта оңала­ты­нына үміт артуға бола ма? Кесіп айту қиын. Бірақ, үміт  бар.

Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі­нің тізгінін ұстаған Аида Балаева БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» барысында Үкіметтің бекітуімен 2020-2022 жылдарға арналған «Ақпарат саласы­н дамытудың ұлттық жоспары» қабылданғанын  жариялады.

Осында  көрсетілген  отандық  ақпарат  кеңіс­тігін дамытудың үш негізгі бағыты: бұқа­рал­ық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру; адами капиталды дамыту; ақпарат саласындағы заңнама мен құқықтық мәселелерді жетілдіру – уақыт сұранысына жауап­ бере алатын қадамдар. Егер, шындап жүзеге асыра алсақ, бұл үш бағыт бұқаралық ақпарат  құралдарының  тынысын  ашып, өрісін кеңейтуі  әбден  мүмкін.

Ал, министр Аида Балаева ұлттық жоспардың жүзеге асырылатынына сендіріп отыр. «БАҚ-тың  бәсекеге қабілеттілігін  арттыру  үшін  мемлекеттік  қолдаудың  бірқатар тәсілдері қайта қаралады. Ең алдымен, өңірлердегі мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін жетілдіруді қолға алатын боламыз» дейді ол. Биліктің төменгі буыннан бастап, барлық сатыларынан жүріп өткен білікті маманға сенуге болаты­н сияқты. Өйткені, министр ханым жаңағы біз айтып отырған проблемалардың себеп­-салдарын және оларды жоюдың жолын­ жақсы біледі. Сонымен қатар, БАҚ саласын  жақсартуға қатысты бірнеше ұсынысты  министр­  ханымның  назарына жеткізудің де  орайы  келіп тұр. Оның алғашқысы – мерзім­дік  жазба  басылымдардың  таратылуына  қойыл­ған  шектеуді  алу.

Кезінде Алматы қалалық әкімдігі «көше келбетін­е кері нұқсан келтіріп тұр» деген қисынсыз сылтаумен мыңға жуық газет киос­кілерін («қос» деген сөзден шыққан) түгел сырғыз­ып  тастады. Неге екенін қайдам, билік­тің «Караван» жүйесіндегі киоскілерге ғана шамасы­ келмеді. Олар мызғымастан сол қалпында тұр. Міне, осы газет-журнал сататын шағын нысандарды тегіс қалпына келтіруге ықпал етуді сұраймыз. Сонымен қатар, ірі сауда­-саттық орталықтарында көрнекті жерден қазақ тіліндегі басылымдарды тарататын арнайы  нүктелер ашуды ұсынамыз. Екі миллиондай тұрғыны бар алып мегаполистің 800 мыңы жастар­ екенін ескерсек, қаншама оқырманды қайтарар едік? Бұл ұсыныс министрліктің ұлттық жоспарындағы «адами капиталды дамыту»­ бағыты мен Алматыны «Ақылды қалаға» айналдыруды көздеген әкімдіктің жобасым­ен де үндесіп тұр. «Ақылды қаланың» адамдары да сөз жоқ, асқан мәдениетті, рухани бай болуы парыз. Оның бастапқы көрінісі күнделікті  газет-журнал  оқудан  басталады.

Министрдің екінші айтқан сөзі – БАҚ-тың бәсекеге  қабілеттілігін  арттыру  тәсілдері  қайта қаралатыны  біраз  ойға жетелейді. Бәсекелестік дегенде, алдымен әңгіменің басын ашып алғанымы­з жөн. Бұл арада, қазақ пен орыс тілдерін­дегі  басылымдарды  өзара  жарыс­тырудың реті жоқ. Әрқайсысының бөлек аудитор­иясы бар. Бір ғана ескеретін нәрсе, Тәуелсіз­ Қазақстанда өмір сүріп отырғандықтан, негізгі  басымдықты қазақтілді ұлттық БАҚ-тарға  беру  керек.

Мысалы, Англия, Балтық елдерінің тәжірибесінде ұлттық басылым санатындағы газеттер мен телеарналар мемлекет тарапынан тікелей қаржыландырылады. Бұл үрдісті бізде неге қолдан­басқа? Балалар мен жастарға арналған («Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен», «Жас Алаш»), әдеби, рухани («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жұлдыз») басылымдары ұлттық деңгейде­ мемлекеттің қолдауына лайықты! Және бұл қатарға ғылыми-техникалық бағыттағы арнайы журнал шығарып, қосуға болады. Осының бәрін қолжетімді бағамен қалың оқырманға, әсіресе, жас ұрпаққа жеткізу игілікті істің басы болмақ.

БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін басылымдарды «мемлекеттік» немесе «мемлекеттік емес» деп бөлуді тоқтатудан бастағанымыз дұрыс. Мысалы, үстіңіздегі киімді кім тіккені маңызды емес. Қонымды, жара­сымды  болса жеткілікті. Кеңес өкіметі кезінде «Жетісу» аяқкиім фабрикасының біркелкі, сүреңсіз өнімдерінен жұрттың жүрегі шайлы­ғатын. Сол сияқты, бүгінгі оқырмандар да мерзімді баспасөз өнімдерінің ең алдымен, сапалы­ болғанын қалайды. Ал, еліміздегі республикалық, өңірлік деңгейдегі 200-ден аса (орысша нұсқасын қоссаңыз, екі есе көп) ресми­ басылымдардың сапасы жұрт көңілінен шығады деп ойлайсыз ба? Өте күмәнді. Әлгі айтқан «Жетісудің» біркелкі өнімдері көз алдыңызға елестейтіні  сөзсіз.

Ендеше, солардың барлығын бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, бәсекелестік ортада­ бақ сынасып көруге жіберетін уақыт жетті. Бұл арада партиялық газеттер туралы әңгіме жоқ. Сөз ел қалтасынан қыруар қаржы жұмсалып отырған мемлекеттік басылымдар туралы болып отыр. Қара нан мен қара суға қарап қалған кедейшіліктегі жұрттың проблемаларын жазудың орнына, әкімдердің шашбауын көтеріп жүрген қолбала басылымдардың қоғамға не пайдасы бар? Ешқандай. Ендеше, еңсесі биік ел боламыз десек, алдымен, баспасөзімізді  сауықтырайық.

Ендігі бір өзекті мәселе, министрліктің жоспарында көрсетілгендей, ақпарат саласындағы заңнама мен құқықтық мәселелерді жетілдіру бағыты­. Бұл орайда, алғашқы қадамды тендер қаражатының бөліну ережесін қайта қараудан бастаған ләзім. БАҚ сапасыздығына апарып ұрындыратын осы бір «ең төменгі баға ұсыну» тәртібінен бас тартып, тендерге қатысатын басылым­ның сапасы мен таралымына назар аударғанымыз  дұрыс. Әділдікке  жүгінсек, БАҚ-тар оқырман үшін өзі таласуы қажет. Соның нәтижесінде, ең көп оқырманның сенімін­е ие болған басылым ғана қаржыға ие болуы  заңдылық. Нарық  талабы  солай!

Бір мысал. Егер, тендер бөлісінде нағыз бәсекелестік дода болса, Алматыдан шығатын қоғамдық «Дат», «Қазақ үні», Шымкенттен шығатын «Замана» газеттері республикалық санаттағы үкіметтік газеттерді шаң қаптырып кетеріне күмәнім жоқ. Бұлардың оқырман­дар­ды тартатын ерекшелігі – ашықтығы, батылдығы және халық көкейінде жүрген сауалдарды­ дөп басып, тани алатындығында. Көтерілген тақырыптарға сараптамалық талдау жасап, тиянақ­ты жауап бере алатын осындай қарымды басылымдарға мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру  билікке де, қоғамға да әлдеқайда тиімді екенін кімге айтарыңды білмей, дал боласың.­

Дегенмен, кеңес жүйесінен бері қатып қал­ған­  сең қозғалды. Отандық БАҚ арасындағы шынайы бәсекелестікті қалыптастыру – әріп санаған биліктің бақылаушылық рөлін тоқ­татып, ақпарат айдынындағы журналистердің еркін тыныстауына мүмкіндік ашатыны үміт­тендіреді.

2. ҚАСЫМНАН  АҚСҰҢҚАРҒА  ДЕЙІН…

«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды…» дейтін өр дауысты Қасымды таныстырудың қажеті жоқ-ау. Кеңестік жүйенің ащысы мен тұщысын қатар татып, бұ дүниеден арындап, арқырап, өз отына өзі өртеніп өткен арқалы ақын. Ал, Ақсұңқар…

Ақсұңқар Ақынбабақызы – Алтайдың аржағына­н  келген  талантты  ақын қызымыздың бірі. Белгілі журналист. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Құдайға шүкір, ортамызда аман-сау. Анда-санда Жазушыла­р  Одағы  өткізетін жиындарда төбесін көріп қаламын­. Жақсы танымасам да, сәлеміміз түзу. Ал, ол Қасым мен бұл Ақсұң­қарды не байла­ныстырып тұр? Ең алдымен, киелі өлең. Екіншіден, өмір тауқыметі. Жә, басына­н  бастайын…

2007 жылдың 15 наурызы. Қала әкімдігінің 700 адамдық үлкен залында мемлекет басшысының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты кезекті жолдауын талқылау өтіп жатыр. Жиынды жүргізіп отырған Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеушілер біткен кезде: «Тағы да ой-пікір қосам деушілер бар ма?» деп, кең залға шола қарады. Алдыңғы жақтан «Мен…» деген нәзік үн естілді. Мұндай жиындардың регламенті алдын­ ала келісіліп, бектілетіндіктен, оқыс жағдай­ды ешкім күткен жоқ еді. Ел есін жиғанша, лып етіп мінбеге көтерілген ақ көйлекті бойжетк­ен жұртпен бір сәлемдесіп алды да, «Иманғали аға! – деді дауысы дірілдеп. – Өр Алтайда­н асқар Алатауға ұшып келген қарындасыңыздың өзіңізге арнаған назын тыңдауыңызды  өтінемін».

Сіз  келгелі – Алматыға

Екі  жыл.

Мен келгелі – Алматыға

Жеті жыл.

Аға да жоқ,

Жаға да жоқ.

Панасыз,

Жыры – озған,

Мұңы – тозған Жетіммін!

… Алматыға

Сор қууға келіп пе ем?

Күнде көшем…

Өгіз атты көлікпен…

Жаны жомарт

Қолыңыздан үй алмай,

Бай қалада

Қаңғып жүрмін! Неліктен?..

Зал сілтідей тынып қалған. Тылсым тыныштықтың ауырлығы ма, әлде, сыңғырлай төгілген ащы запыранға толы өлеңнің әсері ме, әдемі қызға қаршығадай қадалып қалған Иманғали кенет саңқ ете түсті: «Болды, қалқам, бәрі түсі­нікті. Әкел, маған бере ғой өлеңіңді. Сонан соң оқимын. Бұйырса, көмектесермін».

Өлеңін аяқтай алмай тосылып қалған Ақсұңқа­р сенер, сенбесін білмей, сәл бөгеліп, мінбеден түсті де, қағазын әкімге берді. Көп ұзамай­, қалалық Тұрғын үй басқармасына Ақсұңқар­дың өтінішін тездетіп шешіп беру туралы­ шұғыл нұсқау түсті. Бірақ, ондағы шенеунік­тер жап-жақсы басталған шаруаны «қалада тіркелмегенсің» деген сылтаумен созып жүріп, Имекең Елордаға ауысқанда, аяғын құрдымға  жіберіпті. Өкінішті-ақ!

«Елім» деп, «жерім» деп, Алтай асып келген бұл журналистің басындағы жағдайды сол уақытта Алматы қалалық ішкі саясат басқар­масын басқарған, бүгінгі министр Аида Балаева­ ойына түсіріп көрер, бәлкім. Мүмкіндік болса, әлі де көмек қолын созар деп ойлаймын. Қаламнан басқа сүйенері жоқ жандардың Алматы сынды алып шаһардан баспана алуға шамасы келмесі анық. Оны кезінде әкімнің тапсырмасымен «үрерге иті жоқ» қаламгерлердің құжаттарын бірлесе дайындағанда аңғарғанбыз. Қазақ поэзиясының көшін бастаған Темірхан Медетбектен тартып, Еркін Жаппасұлы, Маралт­ай  Ыбырай, Ақберен Елгезек, Қалдыбек  Құрманәлі, Танакөз Ілиясова, Сержан Молдасан, Мақпал Жұмабай, Бақыт Ойсаға дейін… Жиыны жүзден асып жығылатын үлкенді-кішілі қаламгерлердің барлығы да Иманға­ли Тасмағамбетовтың шапағатымен баспаналы болды. Қаламгерлерден тыс Құман Тастамбеков, Шәміл Әбілтай, Бағдат Сәмединова, Сәуле Жанпейісова, Саян  Ақмолда сынды­ өнер жұлдыздарының да пәтер кілтін алған қуанышты  сәттерін  көрдік…

Иә, заманында пейілі кең сондай  бір әкім­нің  болғанына бүгінгі журналистер  сенбеуі де мүмкін! Өйткені, қастерлі қалам мен құдіретті өнер иелерін құрметтеудің игілікті дәстүрі Иманға­ли Тасмағамбетовтің тұсында ерекше көрінді.

Осындайда «Ара» журналын басқарған Қалтай­ Мұхамеджановтың айтқан: «Қажытай пәтер кезегіне тұрғанда, Сталин тірі еді» дегені еріксіз еске түседі. Сол айтқандай, Қасымнан Ақсұңқарға дейін жалғасқан баспана жыры Брежнев дәуірінен бері созылып келеді. Әлі ұшы-қиыры көрінетін емес. Өйткені, туған елінің перзенті бола тұра, журналистер санда да, санатта да жоқ. Еңбекақысы мектеп мұғалімінің айлығына жетпейтін қалам иелері адам құсап, жеңілдетілген үй кезегіне де тұра алмайтыны өзегіңді  өртейді.

Иә, ендігі уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ қызметкерлерінің әлеу­метті­к-тұрмыстық  жағдайын  өз  құзыре­тіне алып шешуге ықпал жасамаса, журналистер­ қауымы қоғамның  өгей  баласы  сияқты күйінен бұл  ғасырда да шыға алмасы хақ.

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: