Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамдық көлік мәселесі көңілден шықпай отыр

21.10.2021, 11:00 431

Қызылордада қоғамдық көлік мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Жолаушыларды тасымалдау қызметінде кемшілік өте көп. Шағын аудандарды да қамту оңай болмай тұр. «Қызылорда автобус паркінің» жұмысы жылтыраған күйде қалып, халықтың төзімін тауысты. Әлеуметтік желіде жарыса жазған пікірді сараласақ, тұрғындар жауаптылардың уәделеріне кеңірдектеп тойған секілді. Қоғамдық көлік туралы қордаланған мәселенің түйіні  қашан  шешілмек?

Қала бойынша бүгінгі күні 400-ге жуық қоғамдық көлік тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 25 бағыт қалаішілік болса,  8 бағыт қала маңына қатынайды. Десе де, қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай тұр. Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің жол сызбасын тұрғындардың сұранысына сәйкес оңтайландыру үшін тиісті шаралар жасалуда. Осы жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов мәлімдеді.

– Қаланың бірқатар мөлтек аудандарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол сызбалар әзірленді. Осы ретте жолаушылар тасымалына арналған конкурс өткізілмек. Соңғы кезде қоғамдық көлік мәселесіне байланысты пікірлер көп. Пандемияға байланысты жолаушылар ағыны едәуір азайып, жолаушы тасымалы қызметін көрсететін жеке кәсіпкерлер біршама шығынға ұшырады. Осы мәселе бойынша шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен субсидиялауға қажетті құжаттар дайындалды, – деді Бауыржан Әліпбайұлы.

Брифингте Титовқа қатынайтын автобустарды Талсуатқа қарай созу, Тасбөгеттің ішімен айналып ПМК-29-ға қарай созу мәселесі назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, алдағы уақытта үш бағыт бойынша белгіленген сызбамен жұмыс істейтін болады. Жаңа сызба жұмысын желтоқсан айынан бастамақ. Кәсіпкерлерге тиімсіз болып, бұл сызба да бұрынғы ізімен алынып, жүзеге аспауы да ықтимал. Сондықтан да әлі қуануға ерте. Дегенмен жолақыны қымбаттату жоспарда жоқ екен.

2020 жылдың 9 желтоқсандағы Қызылорда қаласы  әкімдігінің №16879 қаулысына сәйкес, жол жүру төлемінің қолма-қол құны – 90 теңге, электронды төлем түрін пайдаланған жағдайда 85 теңге болып сараланған тариф енгізілген болатын. Қазіргі таңда электронды төлем жүйесін пайдалану 70 пайыздық көрсеткішті көрсетіп отыр. Жыл соңына дейін тұрғындарды  жаппай  электронды төлемге көшіру жоспарлануда. Жаңа жол сызбасы біршама пунктерді қамтыпты.

– Жол сызбасын оңтайландыру жұмыстары кезінде Белкөл кентінің теміржолдың екінші жақ беті, «Бәйтерек», «Саяхат» мөлтек аудандары, қалаға қарасты (ПМК-29, ПМК-66, Сабалақ, Ягодка, Пищевик) саяжайларды толық қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол сызбалары әзірленді, – дейді бөлім басшысы.

Қоғамдық көлік қызметі – әбден жауыр болған мәселе. Жазулы тұрған заттай ғып, мүдірмей жып-жылмағай айтып шыққан уәделердің іс жүзінде іске асуын көрмейміз. Бәрі баз баяғы қалпында. Тұрғындар тарапынан  арыз-шағымдар да толастар  емес.  Сондағы  талабы – қоғамдық  көліктердің  қатынау уақытын жиілету. Интервалдың ұзақтығы мен қарбалас сәттерде аузы-мұрнынан шығарып адам таситын дөрекі қызметкерлердің жұмысына халықтың көңілі толмайтынын айта кеткен жөн. Жыландай ирелеңдеген автобустар қызметі қалыпты жолға қойылмай келе жатыр. Мәселенің толық шешілуі де екіталай. Өзге қаладағы  секілді қоғамдық көліктердің күндіз-түні қатынайтын жағдайын сұрауымыз ақымақтық болар. Себебі уәденің байламы жоқ болғасын сенімсіздік болуы қалыпты жағдай. Дей тұрғанмен, жауапты азаматтарға жүктелген жұмыстар өз нәтижесін берер уақыт та келер. Бірақ, қашан екені белгісіз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: