Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның бір бөлігінде демографиялық дағдарыс дендеп барады

27.11.2025, 12:00 258

Қазақстанның демографиясы соңғы онжылдықта айтарлықтай трансформацияға ұшырады. Табиғи өсімнің баяулауы мен урбандалудың күшеюі ел ішіндегі демографиялық теңгерімді айқын өзгертті. Солтүстік өңірлерден халықтың үдере көшуі жылдан-жылға артып, соңғы он жылда бұл аумақтағы тұрғындар саны 50 мың адамға азайды. Ал бір ғана жылдың өзінде 8 мың адамның кемуі өңірлік диспропорцияның қаншалықты тереңдегенін көрсетеді. Ірі қалаларға қарай бағытталған көші-қон ағынының күшеюі урбанизацияны бұрынғыдан да жылдамдатты. Оңтүстік пен батыста табиғи өсім жоғары болып қалса, солтүстік және шығыста керісінше, халық санының қысқару үрдісі жалғасуда. Жастар үлесінің жоғары болуына қарамастан, елде қартаю динамикасы байқалып келеді. Экономикалық өзгерістер мен әлеуметтік теңсіздік ішкі көші-қонның негізгі драйверіне айналып, еңбек нарығына тікелей әсер етуде. Орталық Азиядағы геосаяси ахуал да демографиялық үрдістердің бағытын айқындап отыр. Осы факторлардың барлығы алдағы жылдары демографиялық саясаттың стратегиялық маңызын арттыра  түсетіні  анық.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ 63 ПАЙЫЗЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕРДЕ ТҰРАДЫ

«Қазақстан халқының табиғи өсімі баяулап, урбанизация қарқыны күшейіп келеді» деген мәліметтер кездеседі. Бұл құбылыс аймақтар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен ішкі көші-қонды қалай өзгертеді?» деп сұрадық демограф Шынар Төлешовадан. Ол бізге елдегі жағдайды ашық айтып берді.

– Иә, елімізде урбанизация қарқыны күшейіп  келеді. 2025  жылдың  басындағы  дерек бойынша  Қазақстан  халқының  шамамен  63  пайызы  қалалық  жерде  тұрады.

Егер мегаполистердің үлесін жеке есептесек, еліміздегі үш ірі мегаполисте тұратын халықтың жалпы саны ел тұрғындарының 25%-ын құрайды. Яғни, Қазақстанда тұратын әрбір төртінші азамат – Алматы, Астана немесе Шымкент қаласының тұрғыны.

Бұл – үлкен көрсеткіш. Бірақ, әлемдік үрдіспен салыстырсақ, қалыпты құбылыс. Мысалы, ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінде  халқының 35-40%-ы бір ғана ірі мегаполисте  шоғырланған  мемлекеттер бар. Солармен салыстырғанда Қазақстанда мегаполистердегі халықтың үлесі әлі де төмен.

Бұл, әрине, әлеуметтік теңсіздікке әкеледі. Урбанизацияның күшеюі – көбіне адамдардың әлеуметтік жағдайға байланысты көшуі. Әлеуметтік теңсіздік деген тек табыс айырмашылығы ғана емес. Бұл – білімге, денсаулық сақтау қызметіне, жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымға қолжетімділіктегі теңсіздік, — дейді демограф.

БІР  МҰҒАЛІМ  БІРНЕШЕ  ПӘННЕН САБАҚ  БЕРУГЕ  МӘЖБҮР  ЖАҒДАЙ  БАР

Шынар Төлешованың сөзінше, ауылдық жерлерде тұратын халықтың табысы, жұмыс орындарының тұрақтылығы, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділігі қалаға қарағанда әлдеқайда төмен екені жасырын емес.

Сондықтан, мамандардың ауылдан кетуі, кадр тапшылығы, техникалық базаның әлсіздігі, интернет сапасының төмендігі – мұның бәрі ауыл тұрғындарын облыс орталықтарына, одан кейін ірі қалаларға көшуге итермелейтін негізгі факторлар.

Мысал ретінде айта кетсек:

– ауыл мектептерінде білікті мұғалімдер жетіспейді, бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр жағдайлар бар;

– ауруханалардың материалдық-техникалық жабдықталуы әлсіз;

– жас мамандар ауылға баруға ынталы емес.

Сондықтан, көші-қон ағыны алдымен ауылдан облыс орталықтарына, кейін облыстардан мегаполистерге бағытталады. Урбанизацияның ішкі логикасы дәл осылай жүреді.

АСТАНА  ҚАЛАСЫНЫҢ  САНЫ  КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Сарапшы статистикалық деректерінде адам  сенгісіз  мысалдар  келтірді.

– Әрине, біз табиғи өсім туралы айтатын болсақ, ол баяулап келе жатыр. Мұны тек урбанизация деп айтуға болмайды. Өйткені, урбанизация – енді-енді болып жатқан жағдай. Бұл табиғи өсімге белгілі-бір ықпалын анықтау өте қиын. Ол кейін нақты белгілі болады. Әлеуметтік теңсіздік ішкі қөші-қонды өзгертіп жатыр. Жалпы, өңірлердің арасында ең оң санды қалыптасқаны – мегаполистер және Алматы облысы. Неге олай?

Өйткені, Алматы қаласымен бірге халық Алматы облысына (аудан, ауылдары) көшіп жатыр. Себебі, Алматы қаласына қарағанда, онда баспанаға қолжетімділік бар. 2024 жылғы көрсеткішті алып қарайтын болсақ, Астана қаласы оң санды көрсетіп отыр. Демек, Астана қаласы көші-қонның арқасында бір жылдың ішінде халық санын 75 мыңға өсірді. Соның 73 мыңына ішкі көші-қон әсер еткен. Астана қаласы – көші-қонның әсерінен өсіп жатқан мегополис, — дейді  Ш.Төлешова.

СОЛТҮСТІКТЕГІ  ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ  МӘЗ  ЕМЕС

Осы орайда, кейіпкерімізге «Солтүстік өңірлердегі халық санының азаюы мен оңтүстіктегі табиғи өсім арасындағы теңгерімсіздікті мемлекет қалай шешуі керек деп ойлайсыз?» деген сұрақты төтеннен қойдық. Өз саласының білгірі Шынар  Төлешова  сонда  да  тосылған жоқ.

– Мемлекеттің  2017  жылдан  бастап жүргізіп келе жатқан қоныс аудару туралы бағдарламасы бар. Бұл, әрине, идеясы жағынан жақсы, бірақ «мұның қаншалықты кемшіліктері бар, неге жүзеге аспай жатыр?» десек, бірінші кезекте көпшілік Солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерге көшіп жатыр. Бағдарламаның басты идеясы да – сол. Оңтүстіктің аудан, ауылдарынан Солтүстіктің аудан, ауылдық жерлеріне  тұрғындарды  көшіру. Бұл  бос қалған  ауылдарды  толтыру – дұрыс саясат. Бірақ, мұның  баяулауы – қызығушылықтың жоқтығы. Солтүстіктегі  күн  райы  өте суық, климаттық  жағдай  да  маңызды. Сол себепті,  тартымдылық  аз  болады.

Солтүстіктің  ауылдарына  газ  тарту жұмыстары  баяу  жүріп  жатыр. Жыл  12 айдың 10 айында от жағу қиындық туғызады, тартымдылықты әлсіретеді. Бұл механизмдегі тағы бір мәселе, жергілікті билік орындары қоныс аударушыларға қызығушылық танытып отыр ма? Мысалы, қоныс аударушыларға беріліп жатқан үйдің сапасы, тағы да басқа мәселелермен айналысатын орталық құрған жөн. Яғни, белгілі бір тұрғыда үлкен қолдау көрсетілуі керек. Бұл жағынан ақсап  жатқаны  жасырын  емес.

Біз ең біріншіден, «кімді қоныс аудартуымыз керек, не үшін, оларға не бере аламыз?» деп ойлауымыз тиіс. Әрине, Солтүстіктегі ауылдардың да негізгі тірегі ауыл шаруашылығы ғой.  Сол  себепті,  көшіп келетін  адамдарға  жер  беруіміз  керек. Солтүстіктегі  демографиялық  жағдай  мәз емес.  Он  жылда  Солтүстіктегі  өңірлер  50  мың  адамға  азайса,  бір  жылдың өзінде 8  мың  адамға  кеміген, — деп  сөзін қорытындылады  демограф.

Қорытындыласақ, Қазақстандағы демографиялық теңгерімсіздік – бір күннің мәселесі емес, терең әлеуметтік-экономикалық себептері бар жүйелі құбылыс. Солтүстік пен ауылдардың босап,  мегаполистердің  шамадан  тыс толуы  мемлекеттік  саясатты  қайта қарауды  қажет  ететіндей.  Тиімді шешімдер  уақытылы  қабылданбаса,  жағдай  қиындай  береді…

Рыскелді  ЖАХМАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: