Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанға АЭС керек пе?

09.11.2023, 11:40 386

Соңғы уақытта елімізде Атом электр стансасын салу бойынша түрлі ұсыныс айтылып келеді. Бұған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды» деген болатын.

Бұған дейін 1949-1989 жылдар аралығында ядролық сынама жасалған Семей өңірі көркін бір-ақ сәтте жоғалтып еді. Шұрайлы жердің сау-тамтығы қалмады. Ал адамзатқа төнген қауіпті айтпаса да, елдің бәрі біледі. Одан басқа, Чернобыльдегі апат та жұртшылық жадынан өше қойған жоқ. Бұған байланысты президентіміз өз жолдауында:

«Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.

Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз» деп атап өтті.

Жалпы, АЭС салу бармақбастылықпен бітетін дүние емес. Елмен кеңесу қажет. Бізде де осы сауал аясында ел жанашырлары мен саяси сауаты бар тұлғалардан пікір сұраған едік. Оқып көріңіз.

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ, 

жазушы,  эколог:

«АЭС  ДЕСЕ,  БАЛҚАШ  КӨЛІН  УАЙЫМДАЙМЫН»

Бұл күрделі мәселені қажет емес дейтін пікірге нақты сүйену үшін, демократия принципімен оны алға тарту үшін, осы салада қызмет етіп жүрген мамандарға жүгіну керек. Демократиялық принцип бойынша мемлекет қажетті жұмысты бастап айтады, оған халықтың кей бөлігі келіспей, екіұдай пікір қалыптасады. Одан кейін референдум туындайды. Ал референдум шыншыл, ақ пен қараны ажырата білетін білікті адамдардың сөзімен шешілу керек. Бізді эколог дейді, жазушы дейді, сондықтан кішкене болсын сөзіміздің ауырлығы болар. Осы тақырыпты тереңінен қозғар болсақ, мемлекет негізінде бұл жобаны бекер бастап отырған жоқ. Энергетика қажеттілігі – күн тәртібінде өте қатты көтеріліп келе жатқан жұмыс. Су мәселесі сияқты және басқа да мәселелер уақыт өткен сайын көбею үстінде. Сол секілді энергетика мәселесі де тұрғындар арасында орнығып тұр. Сондықтан, энергетиканың күн тәртібіне қойылып, басшылық тарапынан басты назарда болуының өзіндік себебі бар. Себебі, тұтынушылардың саны көбейді. Мысалы, қазіргі сәтте қыстың көзі түскеннен бастап, әр үйде жарық, жылу мәселесі өршіп тұр. Энергетиканың жетіспеушілігі көп жерде жаппай жылу мен жарықтың өшірілуіне себепкер болуы әбден мүмкін. Бұл – мәселенің тек бір жағы. Екіншіден, осы секілді қажеттіліктерді жоямыз деп әлемдік тенденцияның ырқына еріп, күн энергетикасы мен су энергетикасына ерекше ден қойып жатырмыз. Бірақ бұлардың әл-ауқаты әрі кетсе қажеттіліктің 10-20%-ын ғана жабуға әсер етеді. Сондықтан, АЭС-тің керектілігі мемлекет алдында тұрған басты мәселелердің қатарында. Әрине, азамат ретінде бұл жағдайды біз ескереміз, түсінеміз, дегенмен атом электр энергетикасының көздерін табатын мамандардың елімізде бар екенін жоққа шығармаймын, ғылыми-интеллектуалдық база қалыптаспады демеймін, бар. Бірақ әлемдік практикада көш ілгері кеткен. Бұл нәрсеге дамыған мемлекеттердің технологиясы, ғылымы айтарлықтай дамығанын айта аламыз. Бұны қатты қадағалау, мықты бақылау, тәртіпте ұстау елдердің әлеуетіне бағытталған. Мұның өзі қажеттіліктен іске асып отыр. Мысалы, материал­дық-техникалық базасы үстем, ғылым-білімі өркендеген Германия мемлекетінде АЭС түгелдей дерлік жабылды ғой деймін. Тіпті, соңғысы биыл жабылған болуы керек. Міне, осы жерде сұрақ туады. Неге бұл мемлекеттер осылай істеп отыр? Мұны көрген біз қандай шешімге келуіміз керек? Бұл дүниеде конфликті, кикілжің көп. Яғни елдің қорғанышы болмаса, жағдайы жақсы болмаса, ғылым саласында айтарлықтай жетістігі болмаса, салынған ядросы халықты құртып жіберетін, жеріңді жойып жіберетін керемет апат көздері мен нысандарына айналуы мүмкін. Чернобыльде осы кезге дейін 40 жылға жуық уақыт бойы зардабы әлі кетпеді, қайта жыл өткен сайын қатері артып бара жатыр. Осыдан шамалы уақыт бұрын жер сілкінуден зардап шеккен Жапонияның Фукусима қаласының өзін мысалға алып қарасақ, теңіз өнімдерін, балығын ел-жұрт алмай жатыр. Дамыған елдердің өзінде ахуал – осы. Осы тұрғыдан үлкен қауіп бар. Осыны ескеру керек.

Мен тағы да айтайын, өзіміздің елдің потенциялын, мүмкіндігін, әлеуетін түсіріп отырғаным жоқ. Бірақ бізге шетел салып береді, шетелдің де әртүрлі көзқарасы, әртүрлі есебі бар. Сонан кейін оны игеру өзімізге ғана қалады. Әрине, мамандарды қатыстырармыз, бірақ, «білегің көте­ре алмай­тын шоқпарды беліңе қыс­тырма» деген халықтың бір сөзі – үлкен өнеге. Бұл – жалпы менің ұғымымдағы дүние. Ал нақтырақ тақырыпқа тікелей айтсам, АЭС қазіргі таңдалған үлкен ауыл Балқаштан оңтүстік батыс жағындағы, сол жерге салынады екен, бір қисынсыздық байқаймын. Солтүстік өлкеге, салы­натын жерге, арғы жағы Алматы облысының бір шеті, Жамбыл облысы, бері қарай ауыл-аймақ, Шымкент, Түркістен, бермен қарай Қызыл­орда өңіріне өте бейім, өте жақын салынып тұр. Ал бұл жерлер – Алла тағаланың берген желдері бар қалалар. Шығыстан, солтүстіктен соғатын желі 500 шақырымды шарпып өтетіні бар. «Оның радиациялық әсері осы өлкелерге әсер етпей ме?!» деген ой бар. Және бір ғажабы – кілең қазақи, қазақтың ұлттық мәйегін беріп отырған оңтүстіктегі өлкелерге зиян келуі мүмкін. Одан бөлек, Атом электр стансасы өзі тұрған аумаққа ғана емес, жан-жағындағы жерлерге зия­нын тигізетіні анық. Мұндайда Балқаш көлін уайымдаймын. Кейін оның да өнімдерін жұрт керек етпей қоймаса, болғаны. Бұл тақырыпқа қатысты қысқаша  ойым – осы.

Марат  БӘЙДІЛДӘҰЛЫ, 

жазушы-публицист:

«ҚАЗАҚСТАНҒА  АЭС  САЛУДЫҢ  ҚАЖЕТІ  ЖОҚ!»

Қазақстанға Атом электр стансасы керек пе, жоқ па? АЭС салынса, ұтамыз ба, ұтыламыз  ба? Бұл сұрақ аса күрделі болып отыр.

Құр жалаң сөзге салынбай осы тақырыпты тереңірек зерттеп көрсек қайтеді. Қазір әлемде 31 мемлекетте 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда 438 энергоблок арзан электр қуатын өндіруде. Әлемде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-ке тиесілі. Плюс-минустарын саралап  көрелік.

Атом электр стансасының артықшылығы неде?

Біріншіден, шикізаттық тұтыну деңгейі өте төмен (уран қолданылады), екіншіден, өндірілетін қуатының көлемі өте үлкен. Бір АЭС тұтас мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Үшіншіден, жылу электр стансасына қарағанда жарақтану деңгейі  жоғары. Жетілдірілу мүмкіндігі мол.

Енді  кемшіліктеріне  келейік.

Біріншіден, Атом электр стансасынан ыс пен радиация бөлінеді, су көздері ластанады. Екіншіден, сирек те қымбат уран элементі қолданылады. Үшіншіден, Чернобыль мен Фукусимадағы сияқты экологиялық апат  ықтималдығы  зор.

АЭС-тің басты артықшылығы – қолданылатын отын түрі көлемінің шағындығы. Мысалы, Жылу электр стансаларында тәулігіне екі теміржол составындай көмір жағылса, ал ВВЭР 1000 (водо-водяной энергетический) реакторының бір энергоблогына шағын ғана урандық өзек жетіп жатыр.

АЭС-тің кемістігін сөз етсек, экология­лық тұрғыдан оның ұтылатын жері – Конденсациялық электр стансалары сияқты жылулық ластауы. Яғни турбина конденсаторларын салқындату үшін қолданылатын техникалық су мөлшерінің орасан көптігі. Мұның ПӘК (пайдалы әсер коэффиценті) 35 пайыз ғана. Сондықтан АЭС қасында су қоймасы болуы міндетті. Әрі ол техникалық себептерге байланысты электр қуатын өндіру кезінде маневрлық режимде жұмыс істей  алмайды.

АЭС орташа есеппен 30 жылдай жұмыс істейді. Ең үлкен кемістігі – оқыс апат болған жағдайда оның салдарын жоюдың қиындығы мен ұзақтығы. Тағы бір күрделі проблема пайдалану ресурсы таусылғанда АЭС-ті жою. Бұл шаруаға АЭС-ті салған бюджеттің 20 пайызындай қаражат жұмсалады. Тағы бір ыңғайсыз жері мұнай бағасы құлдыраса болды-ақ, АЭС-тің бәсекеге қабіле­ттілігі  төмендеп  кетеді.

2000 жылдан бері әлемде 40 энергоблок жабылды. 2016 жылы әлемде 398 реактор жұмыс істеп тұрды. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемдегі реакторлардың 25 пайызы (128 реак­тор) жұмысын тоқтатты. Бұл үрдіс жалғасын  табуда.

Бүгінде Еуроодақ елдері энергияның жел мен күн сияқты қайталама көздеріне ден  қоюда. Алдағы  уақытта бұл қуат өндірудің басты бағытына айналмақ. 2014 жылы бүкіл әлемде жел қуатынан алынған энергия жылына 694 ТВт-с (терраватт-сағат), Күн қуаты – 185, ал атом қуаты – 165 ТВт-сағат болды. Ядролық энергетика өндіру 11 пайыз­дай  азайды.

Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында да, одан кейін де бүкіл әлемге экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бет бұрғандығын мәлімдеді. Жел және Күн энергиясын өндіру жолында жұмыс­тар жалғасып жатыр. Сондықтан энергияның қайталама көздерін дамыту бағыты басымдық күйінде қала беруге тиіс. Қазақстан  үшін   АЭС  салу  қажетсіз!

Екінші кезектегі мәселе: теориялық тұрғыдан болса да АЭС салуды Ресейге сеніп тапсыруға бола ма? Рас, Совет Одағы, одан кейін Ресей бірқатар дамушы елдерде АЭС салды. Олардың қатарында Бангладеш, Қытай, Үндістан, Беларусь, Иран елдері бар. Бірақ соңғы он жылда РФ технологиялық тұрғыда дамыған елдерден ондаған есе артта қалды. Ресейдің Стратегиялық әзірлемелер орталығы дайындаған баяндамада мұндай артта қалушылық, технологияның дамуы мен интеллектуалдық меншік нарығының кенжелеуі Ресейдің экономикалық дамуын орасан тежеп тастағанын алға тартады. Ресей өнеркәсібінің өндірістік қуаттары 25 па­йызға ескірген. Өндірісте қолданылып жүрген құрал-жабдықтар негізінен 2000 жылға дейін іске қосылған көне. Олардың жетіден бір бөлігі қазір түкке де жарамсыз.

Стратегиялық әзірлемелер орталығының деректеріне қарағанда Ресейдің күллі өндірістік қуаттарының 13-14 пайызы – «пустышка». Әсіресе азық-түлікке жатпай­тын, жоғары технологиялық өндірістер­дегі жағдай аса күрделі. Мемлекеттік думада Есеп комитетінің басшысы Татьяна Голикованың Ресейдегі негізгі қорлардың тозымы 50 пайыздан асқанын үрейлене хабарлағаны тегіннен- тегін емес. Елдегі машина мен құрал-жабдықтардың 25 пайызы бәсекеге жарамсыз болып қалған. Химия өнеркәсібіндегі құрал-жабдықтардың 42 па­йызы, металлургия өндірісі қуаттарының  53 пайызы  көнерген.

Міне, осындай экономикасы «шаршап» тұрған жағдайда Ресейге АЭС салдыр­ту өте қауіпті.  Алдын  ала есеп бойынша АЭС құны – $10 млрд. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін дал-дұл етеді» демекші, өз экономикасын жүргізе алмай отырған ел, технологиясы батыстан оншақты есе артта қалған мемлекет Қазақстанда қайтіп сапалы АЭС  салмақшы?

Тағы бір ескеретін жағдай, Құдай оның бетін ары қылсын, АЭС-те қоршаған ортаны радиациялық ластау тек бұзылу мен апат жағдайында ғана емес күнделікті жұмыс кезінде де жүріп жатады. Апатсыз АЭС-тің өзінде атомдық отын циклының барлық буынында: уранды өндіру мен тасымалдау, АЭС үшін отындық өзекшелер әзірлеу, пайдалану, жанып болған ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу кезінің бәрінде радиация­лық  ластану  жүріп  жатады.

АЭС-тен шыққан радионуклид цезий-137 өте қауіпті. Ол адам ағзасына түссе, саркома дертін туғызады. Стронций-90 ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. Криптон-85-тің аздаған дозасы тері рагі­мен ауру ықтималдығын арттырады. Ядролық объектілер қызметкерлерінің өзі радиа­циялық ықпалға көбірек ұшырайды. АЭС тұрған жерді әдетте ЗАТО (Жабық әкімшілік-аумақтық құрылымдар) деп атайды. Ресейде осындай құрылымдарда дүниеге келген 14 жасқа дейінгі балалар арасында көз көруі мен иммундық жүйесінің нашар­лауы, психологиялық ауытқушылықтар басқа өңірлермен салыстырғанда екі есе көбейген. Іс жүзінде өздері де білместен адамдардың көп бөлігі радиациялық ластануға ұшырайды. Сәулеленудің болмашы дозасының өзі қайтадан қалпына келмейтін генетикалық  өзгерістерге  ұшыратады.

Радиацияның  қорқыныштылығы да сол – жүздеген миллион келешек ұрпақтың өміріне қауіп төндіреді. Америкалық радио­биолог Р.Бартелл ХХІ ғасырдың басында атом индустриясының салдарынан 223 миллион адам зардап шеккенін айтады. Даун синдромы, қояншық, ақыл мен дене дамуынан артта қалушылық етек алып тұр. «Ядролық дерттің» таралуына «қайталама ластану» да қосымша себеп болып отыр. Ресей нарығынан ластанған ауыл шаруа­шылық өнімдерін, саңырау­құлақ пен жидектерді алып тастауға байланысты дау-дамай әдеттегі жағдайға айнал­ды. Осының бәрі қалай болғанда да «Бейбіт атом – баяу жарылатын мина» екендігін  көрсетеді.

Қазақстанда қазір жел, күн сияқты қайталама қуат көздерінен алатын энергия небәры 3 пайыз ғана болып тұр. Мамандар егер оның көлемін 15 пайызға жеткізсек, Қазақстанға ешқандай АЭС салудың қажеті болмайды  деген  сенімді  уәж  айтады.

Міне, осындай себептермен Қазақстанда АЭС салудың қажеті жоқ. Ал оны Ресейге  салдырту – өзімізді өзіміз нақты қауіпке байлап  беру  деген  сөз.

(Фейсбуктегі  парақшасынан  алынды).

Талғат  ҚАЛИЕВ,  саясаттанушы:

«АЭС  САЛУ  МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ  ҚОРЖЫНЫН  МОЛАЙТАДЫ»

Жалпы, елімізге АЭС өндірісін салуды қолдаймын. Неге десе­ңіз, бұл Қазақстанға табыс жағынан көп көмегін тигізеді. Еліміз – уран өндіру бойынша әлемде екінші мемлекет. Мұндай байлықты өзіміздегі электр энергиясымен өндіру қиын. Оның үстіне, дәл осы электр пайдалану деңгейі өсе берсе, елімізде тапшылық туындауы да ғажап емес. Ал мұндай­да АЭС өз кезегінде қызметін атқарып тұрады. Елімізге табыс әкеледі дегеннің тағы бір мысалы – электр энергиясы шет мемлекеттерге де экспортталады. Осының өзі бізге АЭС салынуы керек дегенді білдіріп тұрғандай. Мемлекетіміздің қоржынын молайту мақсатында және өзіміздегі өндірісті арттыру мақсатында қолға алынғалы тұрған АЭС келешекте де ұшан-теңіз пайдаға кенелтетіні  анық. Әрине, өзіміздегі жұмыс сапасы мен өндіріске байланысты. Бірақ, бұл жерде ескеретін дүние өте көп. Яғни оның құрылысын, жобалау жұмыстарын жүргізу – аса жауапкершілікпен қарайтын дүние. Кейін тұрғындар жапа шекпеу үшін мықты шетелдік компаниялардың көмегі қажет болады. Әрине, құрылыс жағынан. Біз бұл дүниелерді айтуымыздың бір себебі – халыққа АЭС-тің пайдалы және ұтымды тұстарын кеңінен ашып түсіндіру. Әлемнің дамыған мемлекеттері осы Атом электр стансасын пайдалану арқылы өзінде бар қазбаларды өндіріп отыр. Десек те, АЭС салу референдум арқылы жүзеге асады. Оның салынып немесе салынбайтыны туралы нақты еште­ңе  айта  алмаймыз.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, 

«Байтақ»  жасылдар  партиясының  төрағасы:

«ВОДО-ВОДЯНОЙ»  АЭС  – 100  ПАЙЫЗ  ҚАУІПСІЗ»

Атом электр стансасының түр-түрі бар. Қазақстанға салынатын АЭС «Водо-водяной» деп аталады. Ол – су қысымымен жасалған реактор. Сондай 1200 ваттық реактордың екеуін қою жоспарланған. Әлемде осы АЭС-тен 360-ы бар. Осы соңғы 70 жылда біреуінде де апат болған емес. Ал енді Қазақстанда қалыптасқан радиофобия – өзге елдерде болып жатқан апаттық АЭС-тердің жарылысынан, адамнан кеткен қателіктерінен қалыптасып отыр. Чернобыльде болсын, Фукусимадағы  жарылыс болсын, басқа да болған апаттарда қателік адамнан болды, оның өзінде дәл сол уақыттарда робототехнитка, түрлі автоматтандырылған құрылғылардың қалыптаспаған кезі еді. Сондықтан, бұл жерде өзімізге сұрақ қоюымыз керек. Энергетика, өндірістік энергия бізге керек пе? Энергиялық тәуелсіздігімізді қашан қамтамасыз етеміз? Уран шығаратын мемлекет ретінде не істеуіміз керек? Бұл ретте «Байтақ» жасылдар партиясы болып, шындықты айтуымыз керек, популизммен басқа да дүниелерде айта алмаймыз. «Водо-водяной» АЭС – олар 100 пайыз қауіпсіз болып сана­лады. Оның үстіне «Водо-водяной» реакторы Алматы қаласында тұр. Ол 1957 жылы ядролы физика институтына қойылған. Мысалы, ол жерде жұмыс істеп жатқан инженерлердің денсаулықтарын зерделесең, бәрі сап-сау. Оның үстіне «Водо-водяной» АЭС-те байыту 4 пайызға ғана жаса­лады. Сондықтан, бұл жерде ешқандай қорқыныш жоқ. Елдер мұны естігенде қарсы шығуы мүмкін. Дегенмен, шындығы – осы. Бүгінгі күні бізге АЭС керек. Оны 100 пайыз қауіпсіз жағдайда жасауымыз керек. Әрине, оны дамыған мықты елдер салса, жақсы болар еді. Одан ке­йін қазір жаңа түрлері (поколение) шығып жатыр. Ол аудандарға, ауылдарға да қойыла береді. Қазірде қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі қалада шаралар жүргізіп жатырмыз. АЭС – ғылымның жетістігі. Оған кімдер қарсы шыға алады? Оны тек ғана қолдауымыз керек. Әрине, бұл жерде сыбайлас жемқорлық, ұрлық деген дүниені тоқтатуға тиіспіз. Және мықты инженерлар шығарып, мамандар даярлауымыз керек. Егер бұл іске асса, энергетиканы әлемге экспорттайтын елдер қатарына қосыламыз. Осы мүмкіндікті жібермеу қажет.

ТҮЙІН. Елімізге АЭС салынса, біраз мәселені шешкелі тұр екен. Енді бірнеше жылда қазір пайдаланатын электр энергиясының мөлшерін арттырамыз. Себебі, күн сайын қуат көзіне тәуелді, энергетиканы қажет ететін дүниелер ашылуда. Бұл жағынан қарасақ, АЭС салу тиімді секілді көрінеді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де шығасың» деген сөз осы мәселеге сұранып тұр ма дерсің. Бірақ, кейін оның да қазанама айттырып тұрмасына кім кепіл? АЭС-те бір келеңсіз жағдай болса, шахта жарылғаны былай тұрсын, жарылыс болған аумаққа жақын тұрғындар жапа жегіп, түрлі химикаттың салдарынан дерт діңіне іліне ме деп уайымдайсың. Сол үшін жобалау жұмыстары мен құрылысты мықты мамандарға тапсырып, нәтижесін күту керек секілді. Бұл сөзімізбен  қара  аспанды  төндіріп  тұрғанымыз  жоқ,  тек  бүгінгідей қара  жамылғандар  болмаса  дейміз  ғой…

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: