Көңі мен тоңы араласып жатқан қоғамда әркімнің қазаны бөлек, қайғысы да ортақ емес. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Біреу баю үшін жанын салып жатса, енді біреуі бір күндік ауқаты үшін жанталаса тірлік істеп жүр. Әлгі арманы адыра қалған кедейдің оқиғасы осындайда еске түседі.
Бірде кедейдің әйелі үйіне тауықтың жұмыртқасын әкеледі. Жұмыртқаны көрген күйеуі «Егер осы жұмыртқаны бастырып, шөже шығарсақ, ол үлкен мекиен болып, жұмыртқаласа, жұмыртқалардан тағы шөже шығарып тауығымыз көбейсе, онан соң тауықтарға қой айырбастап алсақ, қойлар төлдесе, қойларға тағы да сиыр айырбастап алсақ, сиыр бұзауласа, сиырларды сатып, жер алып, үй салсақ, онан соң тоқал алсам…» депті. Сонда күйеуінің сөзін бар зейінін салып тыңдап отырған әйелі бұлқан-талқан болып, үстелде тұрған жұмыртқаны алып жерге лақтырып жібереді. Сөйтіп әлгі кедейдің тәтті арманының күл-талқаны шығыпты. Әлемде осы тектес арман-қиялын «жұмыртқаға» байлап, өлместің күнін көріп отырған кедей халықтың үлесі – 26,5 пайыз. Әйгілі Оксфорд университеті ғалымдарының зерттеуінше, бұл – жер шарындағы 5,4 млрд адамның 1,45 миллиарды.
Кедейшіліктен басталып, қайыршылыққа ұласатын әлеуметтік жүйедегі дағдарыс әлемнің барлық елдерінде болған, әлі де бар. Дәл қазіргідей көпфакторлы және көпвекторлы құбылыс болып отырған жаһандық пандемия салдарынан туындаған дағдарыс көптеген отбасын тұрақты табысынан айырды. Естеріңізде болса, 90-жылдардағы әлеуметтік толқулар, кәсіпорындардың тұралап қалуы, қайта құрулар, табыстың күрт төмендеуі, әлеуметтік жіктелу кедейшіліктің өсуіне әкеп соқтырған. Сол есеңгіреген естен танудан кейін есімізді енді ғана жиып келе жатқанда тағы бір жұдырық желке тұстан қиып түскелі тұр. Десек те… Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде кедейшілікті төмендету бойынша айтарлықтай табысқа жеткен. Халықаралық кедейшіліктің көрсеткіші күніне 1,25 долларды (шамамен 502,5 теңге, 1 доллар – 402 теңге – ред.) құрайды. Қазіргі күні елдегі кедейліктің орташа деңгейі 8,6% шамасында. Ал дүниежүзілік банктің деректеріне сенсек, дамудың қазіргі қарқынымен 2021 жылға дейін көрсеткіш 6%-дан асады деген болжам бар.
Соңғы кездері «Қазақстан кедейленіп барады» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Оған себеп, елдегі экономикалық ахуалдың күрт төмен түсуі болуы ықтимал. Мәселен, жыл басынан бері инфляция жоспарланған 5,4%-дық дәліз шегінде қалған, еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраған. Алғашқы бес айдың қорытындысында ең төменгі жалақы 1,5 есе өскенмен, жалпы ішкі өнім көлемі 1,7%-ға төмендеген. Министрлер кабинетіндегі тұрақты өтетін жиындардан-ақ елдегі экономикалық ахуалдың тұрақты өсу процесінен кеш келе жатқанын аңғардық. Сондай-ақ, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысында кедейліктің өткірлігі республика бойынша 0,2 пайызды құраса, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі орташа есеппен 4,5 пайызды құраған. Ал өңірлер арасында Түркістан облысы 10%-дан асып тұрса, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары 4 пайыздан жоғары көрсеткішке ие. Одан қалды тапқан-таянғаны бір күндік азық-түлігінен артылмайтын отбасылардың бар екенін статистикаға жүгінбей-ақ, көзімізбен де көріп жүрміз. Мемлекет тарапынан арнайы тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы да бар. Оны алатындардың қарасы қалың. Өйткені Қазақстанда тұрақты жұмыс орны жоқ, табысы азық-түлік қоржыны құнынан төмен халықтың үлес салмағы азаймай тұр. Осыдан біршама уақыт бұрын (2019 жылдың желтоқсаны – ред.) мәжіліс депутаттары Қазақстандағы кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейімен теңестіруді ұсынған.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда кедейлікті бағалаудың деңгейі – ең төменгі күнкөрістің 70 пайызы (20 789 теңге). Халықаралық сарапшылар кедейлік шегінің оңтайлы деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейі екенін атап өтті. Сондықтан, біздің ойымызша, кедейшілік шегін одан әрі ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін теңестірілген қаржы экономикалық моделін құру керек. Бұл мемлекеттік органдардың өзекті міндеттерінің бірі болуы тиіс, – деп ұсынысын ортаға салған Қызылорда облысының бүгінгі әкімі Г.Әбдіқалықова еді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңгені, ал кедейлік шегі осы күнкөрістің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге тең. Статистика комитетінің парақшасындағы мәліметтерді саралай отырып, ел аймақтарындағы жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыс туралы мәліметке кезіктік. 2019 жылдың IV тоқсанында республикалық деңгейдегі халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары мен күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы арасындағы ара қатынас 3,7 есені құрады (2018 жылғы IV тоқсанда – 3,7 есе). Өзгеріс жоқ. Ал халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстарының мөлшері бойынша жоғары мәні Атырау облысында белгіленді, онда көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2 есеге асқандығы байқалды. Табысы ең төмен өңір болып Түркістан облысы белгіленді, осы өңірде халықтың табыс мөлшері орташа республикалық деңгейден 49% құрайды. Өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төменгі шамасы арасындағы айырмашылығы 3,9 есені құрады (2018 жылғы IV тоқсанда – 4,2 есе). Бұл тізімнің көшін Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Маңғыстау облыстары бастаса, соңын, яғни ең төменгі табыс реттілігімен Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, облыстары түйіндеп тұр. Дегенмен, бұл кедейшілік «көпшілігінде» отырғандардың дені аз айлық алатын өңірлерде тұрады дегенді білдірмейді. Керісінше, ірі мегаполистерге жұмыс істеу үшін уақытша қоныстанған халық арасында да тіркелуі мүмкін. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қайыршылыққа ұласқан кедейшілік қай елде де бар. Тіпті даму қарқыны әлдеқайда озық, әскери техникасы мен қарулануы жөнінен жаһандағы алдыңғы ел саналатын алпауыт Американың өзін БҰҰ «қайыршысы көп мемлекет» деп танып отыр. Өйткені онда әрбір сегізінші адам кедейліктің шегінде өмір сүруде.
Әлем әлеуметтанушыларының зерттеуінше, бұрынғыға қарағанда халық саны артуда. Тіпті жаһан жұрты 2030 жылы 8,6 немесе 9,8 миллиардқа, ал 2050 жылы 11,2 миллиардқа жетуі мүмкін. Ал біздің, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарында кедейшілікті жою мәселесі ең бірінші мәселе ретінде қарастырылған. Өйткені Қазақстанда қала халқының 2,5, ауыл халқының 6,7 пайызының ресми кедейлік шегінен тыс өмір сүріп жатыр. Оның 4,4%-ы ерлерге тиесілі, әйелдердің үлесі – 4,2%. (2018 жылғы деректер, 2019 жылдың деректері енді жаңартылады). Жалпы, әлемдегі барша адамзат үшін қайыршылықты жою 2030 жылға дейінгі айқын міндет ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, ұлттық анықтамаларға сәйкес, кедейліктің барлық көріністерінде өмір сүріп жатқан еркек, әйел және барлық жастағы балалар үлесінің кем дегенде жартысын азайту мен халықтың кедей әрі әлеуметтік қауқарсыз жігін анағұрлым кең қамтуға қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Н.ҚАЗИҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!