Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы «Құдайдан қорықпайтындар»

05.12.2020, 15:29 1654

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы  әкімінің орынбасары

Серік Ахмет,

Қызылорда облыстық Полиция

 департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан,

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың

назарына

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «әр өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған қасиетті бабалары бар. Олардың есімдерін ұрпақ жадында сақтауы тиіс» деген болатын. Қазалы, қала берді Сыр өңірі мақтаныш тұтатын, есімі исі қазаққа мәлім аруақты тұлғаның бірегейі Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыз екені баршаға аян. Қазақ халқының жауға сілтер алдаспаны болып, Хиуа, Қоқан бектеріне, Ресей патшасының озбырлығына қарсы күреске бар ғұмырын арнаған Жанқожа бабамыздың есімі өзі қанын төгіп қорғаған халқының санасынан берік орын алған. Облыс орталығында, еліміздің бірқатар өңірінде батыр бабамызға ескерткіш қойылып, көшелерге есімі беріліп, Қазалы ауданындағы іргелі ауыл Жанқожа бабаның есімін иеленген. Бабамыздың дүниеге келгеніне 245 жыл толған айтулы дата республикалық дәрежеде кеңінен аталып өтіліп, көптеген мәдени шаралар жасалды. Атқарылып жатқан шаралар көпшіліктің көз алдында болғандықтан тізбелеп, санамалап шығуды қаламадым.

Қазалы ауданы орталығы Әйтеке би кентінде Жанқожа бабамызға арнап салынған еңселі кесене бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ел-халықтың демеушілігімен бой көтерген кесене қазіргі таңда көпшіліктің тәу етер қасиетті мекеніне айналған. Қазалы жұртшылығының (көпшілігі солай жасайды деп ойлаймын) тың талап жасарда, қиналып, қуанғанда Аллаға сыйынып, Жанқожа бабаның кесенесіне зиярат жасауы бабаға деген құрмет екені анық. 

Бәрі дұрыс… Бірақ… «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей айтуға ауыз бармайтын мына оқиға (азғындық… шайтани қылық… имансыздық дейміз бе, теңеуге сөзім жоқ…) естігеннің жанын күйзелтті. Баршаға түсінікті болуы үшін келеңсіз жайтқа тереңдеу тоқталсам.

Ағымдағы жылдың 3 желтоқсан күні түске таман Жанқожа бабамыздың тікелей ұрпағы, Жанқожа батыр кесенесінің шырақшысы Дәурен Әбдіхалықов бауырымыз қоңырау шалды. Шырақшыдан түнде, яғни 2 желтоқсаннан 3-іне қараған түні Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыздың кесенесіне арам ниеттілердің ұрлыққа түскені, нәтижесінде кіреберіс қабырғаға бекітіліп қойған анкер  болттан ажыратып, ел-халықтың садақа ақшасы салынған темір қорапты (сейф) ұрлап, өздерімен бірге алып кеткені, қылмыс болған жерге Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келіп, тексеру жұмыстарын жүргізгенін естігенде төбемнен жай түскендей болды. Әрі бұл алғаш рет болған оқиға емес еді.

Өкініштісі, осыған ұқсас келеңсіз көрініс бұған дейін де кесенеде 2 мәрте қайталанған. 2017 жылы кесенеге зират етушілер садақасын салатын құлпы бар темір жәшікті (сейф) біреулер жасырынып келіп, бұзып ашып қаражатын алуға әрекет жасаған. Соның алдында да дәл осындай оқиға болған еді. Сол кезде де бір оқырманымыз осы жайтты ашына жазып, суретін қоса жіберген, мақала «Халық» газетінде жарияланған болатын. Көп ұзамай темір жәшіктің есігі жөнделіп, қайтадан қалпына келген еді.

Ал бұл жолы ұрылар Жанқожа бабамыздың кесенесіне қойылған садақа салынған, ішінде қаражаты бар сейфті солайымен көтеріп алып кетіп, арам ниеттерін жүзеге асырыпты. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады». Мұндай масқараға қашанға дейін шыдауға болады?! Бұл өткенін қастерлеп, ата-бабасын сыйлайтын, жүрегіне иман ұялаған жанның жанын жегідей жері хақ.

Жанқожа бабамыздың кесенесінің шырақшысы Дәурен Әбдіхалықовтың айтуынша, кесене аумағы түнгі жарықпен қамтылған, төрт жерге камера орнатылған. Алайда осы камералар жұмыс істемейді екен. Бұл туралы басшылар да білетінге ұқсайды. Десе де, камераларды жұмыс істейтін жағдайға келтіру шешіле қоймапты. 

Суыт хабарды естісімен Қазалы ауданы әкімінің орыньбасары Әліби Әбиевке қоңырау шалып, болған оқиғаны жеткіздім. Әліби Берікұлы Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа тапсырма беретінін айтты. Сәлден соң шырақшы Дәуреннен кент әкімінің орынбасары мен кент әкімдігінің бөлім басшысы келгенін білдім. Әрине, аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев пен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың шаруалары көп, жұмыстары қауырт болуы мүмкін. Дегенмен «ұрпақтың болашағы, елдің азаттығы, сіз бен біз үшін бар өмірін арнаған, 70 жыл бойы ат үстінде ғұмыр кешіп, сол жолда шаһид болған Жанқожа бабасының кесенесіне Құдайдан қорықпайтын имансыздар суық қолын салғанда, жоғарыда есімдері аталған қос басшының бірі сәл уақыт тауып, өздері барып, мән-жайды білгенде ғой. Кесенеде болған ұрлық туралы Қазалы ауданы ішкі саясат бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Дәурен Тілеуімбетов те естіген болар?! Алда қаншама саяси оқиғалар күтіп тұр. Мынадай келеңсіз көрініс ел ішіндегі алуан әңгімеге арқау болары анық. Атымызға ұят болды-ау?!» деген өкінішті ой өзегімді өртеді. 

«Ашынғаннан шығады ащы даусым». Жанқожа бабамыздың кесенесінде жоғарыдағы оқиғаға ұқсас келеңсіздік бірінші рет болып отырған жоқ. Ал осы жолы сейфті көтеріп алып кету дегенді өз басым шектен шығу деп санаймын. Мәселе халықтың садақаға салған азды-көпті ақшасында емес. Асыл бабамыздың аруағын тебірентіп, даңқына дақ түсіруге ұмтылған азғындық қадамға (басқаша қалай атауға болады?!) барғандарды ішкі істер бөлімінің қызметкерлері анықтап, кінәлілер заңды жазасын алуға тиісті. Бабалар аруағы алдындағы парызымыз бізден соны талап етеді. Ел ағалары, Сіздер тарапынан да қадағалау болады деп сенемін!

Р.S. Жаңа ғана (5.12.2020 ж) отбасымызбен Жанқожа батыр кесенесіне барып, зиярат жасадық. Бізді қазақы шапан, бөрік киген шырақшы Дәурен ініміз қарсы алды. Баба аруағына арнап құран бағыштаған шырақшы бауырымыздың дауысы санама алуан ой ұялатты. Көзім қолды болған ақша салынған сейфтің үңірейген бос орнына түскенде денем түршікті. Санамнан «Қасиетті бабамыз елін-жерін қан кешіп, ғұмыр бойы қорғады. Ал біз бейбіт заманда, бір кесенесіне ие болуға жарамадық-ау…?!» деген ащы ой кетпей қойды. Кешір, бізді, әулие!

Суретте: Жанқожа батыр кесенесінің жалпы көрінісі.

Кесенедегі ұрланған сейфтің орны.

Кесенедегі жұмыс істемейтін камералар.

Сурет 5.12.2020 жылы түсірілді.

Жұмабек Табынбаев,

Жанқожа батырдың ұрпағы,

ҚР Журналистер Одағы сыйлығының  лауреаты,

ҚР Ақпарат  саласының үздігі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:
  • Алла разы болсын Аға! Сіздің ашына жазған жүрек жарды лебізіңіз талайды толғандырары анық. Осындай келеңсіз жайттар қайталанбасы үшін Кесене аумағындағы бейне камераларды іске қосылса және де Баба кесенесіндегі садақа жәшігін мықты материалмен жасап қозғалмастай берік етіп орналастырса екен.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: