Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаратау қойнауын неге туризм орталығына айналдырмасқа?

28.11.2024, 12:00 32

Туризм – ел экономикасына пайда әкелетін, кіріс кіргізетін сала. Әсіресе, елдің ірі мегаполистерінде туризмнен түсетін табыстың көлемі жыл сайын артпаса, кеміген емес. Бірақ бұл саланың Қазақстанда әлі де кемшін тартып тұрған жайы бар. Басқа өңірді айтпағанда, Сыр елінің туризм саласына тың серпіліс керек. Бізде экотуризм саласын дамытуға арналған тарихи орындар мен әсем табиғат жетіп артылады. Тау мен тасы, құмы мен шөбі, өзен мен көлінің өзіндік келбетіне, тұмса табиғатының көркі мен ажарына таңырқамау мүмкін емес. Тек оны туризмге айналдыруға қамқор көзқарастың кемшін тартып тұрғаны рас. Бұл тақырып туралы талай сарапшы мен тарихшылар тереңірек зерделеп, туризмді табыстың көзі, тарихты тірілту және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу деп бағалап, мінберлерде мәселе етіп көтеріп келеді.

ЭКОТУРИЗМ  –  ЭКОНОМИКАНЫҢ   ӨЗЕГІ

Туризм және спорт министрлігі­нің  баспасөз қызметі  хабарлағандай, елімізге келетін  шетелдік  турис­тердің  географиясы жыл са­йын кеңейіп  келеді. Саяхатшылардың ең көбі Ресей Федерациясынан келген – 186,1 мың адам. Қытайлық туристер екінші орында – 69 918 адам. Үшінші орында Үндістаннан келген туристер (53 695 адам) тұр. Үздік бестікке Түркия (30 312) және АҚШ (19 597) саяхатшылары кірген.

– Әсіресе Үндістан, Түркия және АҚШ сияқты елдерден келе­тін шетел­дік туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік турис­тік карта­да тартымды бола түскенін аңғартады. Біз туризм инфрақұрылымын дамытып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз, – дейді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас  Кәріпбаев.

Экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25%-ы тие­сілі. Дүниежүзілік туристік ұйымға сәйкес экотуристер саны жыл са­йын 20%-ға артып келеді. Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп Қазақстан экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар, тіпті ең талғампаз турис­терді  де  бейжай  қалдырмайды.

Экотуризм ұғымы әлемдік туризм индустриясында 90-жылдары қалыптасты. Чикагода өткен Халық­аралық саяхат көрмесінде Дүние­жүзілік туристік ұйым сарапшылары туризм саласына екпін берген мемлекеттерді «саяхаттайтын жердің жағдайы нашарласа, пайдаң азаяды» деп ескертті. Сол көрмеде табиғат аясына саяхаттауға негізделген «жасыл туризм» тренді бастау алып, дамыған елдердегі туристерді бірден баурап әкетті. Қазірде көптеген мемлекет экотуризмді табиғатты қорғау және жергілікті аймақты дамыту құралы деп таниды. Міне, бұл бағытта біздің елде қолға алынатын шаруа шаш етектен. Табиғат ғана емес, дала төсіндегі киелі жерлер мен көркем жерлер де – экотуризмге таптырмас құрал.

Жалпы, туризм саласына инвес­тиция тарту – өте өзекті мәселе. Бұл тақырыпта ірі компаниялар ғана емес, жекелеген кәсіпкерлер де көз жүгірте бастады. Оған дәлел, Түркіс­тан облысы мен Шымкент және Алматы қаласындағы табиғат аясы­нан бой көтеріп жатқан демалыс алаңдары. Инвестиция тарту жөнінен озықтар қатарында Түркістан шаһары тұр. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 млрд теңгені құрады. Өз кезегінде, 2024 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында барлық сомасы 35,6 млрд теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Айта кету  керек,  2023 жылы облыстың туризм  саласына 53,5 млрд теңге инвес­тиция  тартылыпты.

АУДАННЫҢ   ӘЛЕУЕТІ

Жаңақорған ауданы шипалы батпағы, ыстық суы, құнарлы жерімен ғана емес, тұмса табиғаты бір бөлек қазыналы тауымен де танымал. Қарт Қаратаудың баурайындағы әрбір төбе мен тасын түрте қалсаңыз, тіл біте­ді. Жаңақорғанның Швейцария­сы саналған Жаманбай батыр ауылынан кенге бай Шалқияға де­йінгі аралыққа көз тастап қарасаңыз, қандай тамаша табиғатты көресіз. Қазақтың ғасырлар бойғы сан қилы тағдырының куәсі болған тау-тастың келбеті кім-кімді болса да қызық­тыратыны анық. Осындай байлықты неге туризм орталығының бір бөлігіне  айналдырмасқа?

Әрине, бұл оңай шаруа емес, деген­мен, жарнамасын жарқыратып, сұлулығын суреттей алсақ, турис­тер келетініне шүбә жоқ. Бірақ оған біздегі ахуал, яғни қызметтік сервис дайын емес. Екіншіден, инфра­құры­лымның нашарлығы үлкен кедергі. Біздегі отандық туризмнің бағын байлап отырған себептің бірі – бағаның қымбаттығы. Нақтырақ айт­қанда, қонақүй қызметі мен межелі маршруттар өтемі шет мемлекеттен бірнеше есе жоғары. Жақында елдегі маркетингтік сараптамалық зерттеу орталығы ауқымды мониторинг жүргізді. Орталықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның бәсекелес­тік басымдығы: таңғажайып мәдениетінде, бай табиғи әлеуетінде экотуризм екендігі анықталды. Яғни, тарихи-мәдени, сауықтыру туризмі­мен айналысуға мүмкіндік мол. Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын  жеткілікті.

Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қызық­тыра  һәм  тарта  білу.  Әрине,  туризм – тек таныстыру не тартудан тұрмайды, ол қыруар табыстың қайнар көзі. Жақында Мемлекет басшысы Жетісуға барған сапарында экологиялық туризмді дамытуды тапсыр­ған еді. Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде өңірде Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Одан да бөлек ілкімді істер қолға алынуда екен.

Хош. Ауданда туризмді дамыту үшін қайтпек керек? Біріншіден, шетелден не отандық инвестор тарту керек. Тартылған инвестиция есебінен туристік маршруттың инфрақұрылымын, сауықтыру кеше­нін, стандартқа сай қонақүй мен мейрамханасын салу. Екіншіден, туристік нысандарды маркетинг саласында жандандыру, яғни үш тілде жарнамалау жағына баса назар аудару. Үшіншіден, туризммен айналысатын кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде жеңілдетілген салық түрін ұсыну. Қорыта айтқанда, туризмнің түпкі мақсаты – келген қонақты күтіп, тайқазанға табыс түсіру. Келесі жолы қайта келетіндей әсерде қалдыру. Тоқсан  ауыз  сөздің  тобық­тай  түйіні, туристің де, туризмнің де тілін ұқсаң – табыстың көзі. Тек табыс көзі ғана емес, әлем қауым­дастығы алдында Қазақстанның беде­лін  биіктетеді.

Жаңақорған ауданында туризм саласы бойынша 18 субъект тір­келген: 5 шипажай, 2 балалар лагері, 8 қонақүй, 3 демалыс орны. Соны­мен  қатар  бүгінгі күнге де­йін  «Батыс  Қытай – Батыс Еуропа» көлік  дәлізі  бойында  жалпы  құны  2 млрд 556  млн теңгені құрайтын 6 жол бойы  қызмет  көрсету кешені, яғни В  санатындағы 4, С  санатындағы       2  жол бойы қызмет көрсету кешені жұмыс  істеп  келеді.

Өңірде көркем жерлерді жеке кәсіпке айналдырып, табыс тауып отырған азаматтар жоқ емес. Мәселен, Шиелі ауданындағы «Бәйгеқұм» демалыс орны маусымдық кезеңде әжептеуір қазынаны толтырады. Бізде де бай-бағландар жетеді, осы кем-кетіктің орнын толтыруға неге болмайды? Тау бөктерінен зәулім ғимарттар салып, керемет демалыс орнына айналдырса, жемісі де аз болмас еді. Бұл жөнінде әкімдікте талай талқылау болуда, бірақ қалталы азамат­тар үйреншікті төрт түлікті көбей­тіп, мемлекеттен тегін субсидияны  алуға  дағдыланып  алған.

Жалпы туризмге қатысты шеші­мін таппай отырған мәселелер біздің ауданда аз емес. Бұл жайында аудан­дық спорт және туризм бөлімнің әдіскері Сүндетбек Ахметов нақты жауап  берді.

– Ауданда белгіленген туристік маршруттардың бірі – Ақүйік ауылдық округінің оңтүстік шығысында 25 шақырым қашықтықта орналас­қан «Қатын қамал» үңгірі. 2021 жылы «Қатын қамал» үңгірін турис­тік орынға айналдыру мақсатында 25 шақырым жол салу жоспарланып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс жолданған болатын. Алайда, бұл мәселе бүгінгі күнге әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар, Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петрог­лифтері ерекше қызы­ғушылық тудыру­да. «Таңбалы тасқа» Жаманбай батыр ауылдық округінен ары қарай 20 шақырым жол салы­нып, қолжетімді болып жатса, ауданымызда туризмнің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл ретте, Жаманбай батыр ауылдық округінің әкімшілігі сол тау етегінде кәсіптерін жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің кәсібін жандандыру мақсатында төменгі пайызбен несие алуларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсе, – дейді  сала  маманы.

Туризмді дамытуға не кедергі? Бірінші кезекте, инфрақұрылым екені айтпаса да белгілі. Сын көтер­мейтін сервис жайы да осы санатта. Әлбетте, туризм дамуының бірден-бір жолы – қонақүй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу әрі қонақүйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдар) қарастырылғаны жөн емес пе? Әсіресе, халықаралық стандарттарға сай болуы – маңызды мәселе. Ұлы Дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады?

– Шыны керек, біздің ауданның әрбір тауы мен топырағы – жазылмаған дастан, айтылмаған тарих. Табиғат­тың тосынсыйы таусылар емес, біздің аудан нағыз экотуризмге лайықты деп бағаланғаны қашан. Ескі қалашықтар мен тау етегін­дегі таңбалы  тастар, үңгірлерге сая­хат жасау қазақтың өткенінен сыр шертіп тұрады. Айта берсек, туризм саласына сай келетін дала табиғатын әлем сахнасына шығару өте көп жұмыс­ты  қажет  етеді, – деді тарихшы  Әлімжан  Ержанов.

Туризмді дамытуға ынталы кәсіпкерлер бар ма? Ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны кеңінен танымал ету мақсатында этноауыл құрып, экотуризмді дамытып, табиғат аясында балық аулау, атпен серуендеу, қымыз, шұбат ішіп, маусымдық демалыс орнын ашу – перспективалы жоба. Осы бағытта Ақүйік өзені бо­йынан этноауыл құрсам деп жүрген кәсіпкер бар. Ол – Нұрболат Әшіров. Оның бұл бизнесіне жолдың сапасыз болуы  қолбайлау  болып  тұр.

– Қаратаудың қойнауының таби­ғаты тұнып тұр. Тау-тасының сыры тереңде. Өзені қандай десеңші?! Адамдар рухани демалып, сергіп қала­ды. Сондықтан этноауыл құрып, демалушыларға жағдай жасасам деген ой бар. Бұған толық мүмкіндік те бар. Себебі жаз мезгілінде Ақүйік өзенінің бойында арысы Қызыл­орда қаласынан, берісі Шиелі, Жаңақорған ауданының тұрғындары келіп демалады. Кейде өзен жағасынан орын таппай қаласыз. Келушілерге сервистік қызмет көрсетіп, табыс табуға болады. Алайда жол мәселесі мен электр жүйесі оңтайлы шешімін таппағаны қиындық  туғызады, – дейді  кәсіпкер.

Айта берсек, бұл саланың болашағына үлкен бастама мен жарқын жобалар керек. Ол үшін мемлекеттен бөлек, жақсы инвесторлар да қажет. Бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа, тек табиғаттың тылсым сырлары, сұлу ажары келбетімізге көрік беріп тұрғанда табыс тауып, ел әлеуе­тін  көтеріп  алғанға  не  жетсін?!.

Әлібек  ЖАРЫҚБАЕВ,

Жаңақорған  ауданы

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: