Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қалада емес, артта қалған ауылда тұратын сияқтымыз»

24.08.2023, 11:00 337

Қызылорда қаласының іргесінде ЦКЗ шағын ауданы бар. Сол жердің тұрғындары құзырлы орындардың табалдырығын әлі тоздырып жүр. Бұларды инфрақұрылымның нашарлы­ғы  шаршатты. Құдды  қалада емес, артта қалған ауылда өмір сүріп жатқандай сезінеді өздерін.

Аталған ауданда Сарқырама, Сарысу, Ақбастау, Ақбастау-1 сияқ­ты көшелер бар. Су, жарық жайы бәріне ортақ болса, сарысулықтар жол азабын қоса тартып келеді.

Сәкен Кеңестаев  он  жылдан бері  осында  тұрып  жатыр.

– Бұрын скважинаның суын ішсек, қазір дарияның суын пайда­ланып отырмыз. Ішуге келмейді. Жаздай су жөнді ақпаса да, «Водоканал­дың» адамдары «сендер суды ұрлап отырсыңдар, есептеуіш неге  айналмайды?»  деп  өзімізге дүрсе  қояды, – деді  ол.

«Су бар» деген аты ғана. Әйтпесе, күндіз сығырайып қана ағады. Келіншектер жағы күндіз кір машинасын қосудан қалған. Шамасы келгені қолмен жуады, болмаса, түнді, су қысымының көтерілгенін күтеді.

Ал ішетін, ас-ауқатқа қосатын суды жұрт сатып алуға мәжбүр. 18,5 литрлік бір бөтелкесі –  600 теңгеден. Айсұлу Ибраева екі бөтелкесі екі күнде таусылатынын айтты. Одан бетер қинайтыны – жолдың жайы. Қар, жаңбыр жауған күні Сарысу көшесі мибатпаққа айналады.

– Мектепке баратын балаларға обал. Балшық кешпес үшін маршрут­қа дейін көтеріп апарамыз. Өзіміз аяқкиімнің сыртынан целлофан орап, галош киіп аламыз да үлкен жолға жеткесін шешіп қалдырамыз, – деді кейіпкеріміз.

Оның  айтуынша, Сарқырама, Ақбастау, Ақбастау-1 көшелеріне тас төселген. «Жоқтан жақсы» деген тұрғындар оған да риза. Бірақ Сарысу көшесі жетім бала құсап шетте қалды.

– Әкімдік жағалап шаршадым. Жылда  «смета  дайындалмаған, жоспарға енбеген» деп шығарып салады. Негізі Сарқырама көшесіне жарық, су желісін жүргізген. Шамасы жететіндер содан тартып алып отыр. Өзіміз суды 14 жылдан бері тубдиспансерден (таяу маңда – авт.) тасып жүрміз. Жақында қала әкіміне бардым, сонда Шәменов «14 жыл тасып іштіңіз, тағы шыдай тұрыңыз» деді. Ал қорадағы азын-аулақ малға құдықтан  алып  береміз, – деді Гүлнұр  Молдақожаева.

Гүлнұрдың алты баласы бар. Бесеуі мектепке барады. Біреуінің мүмкіндігі шектеулі, интернатта оқиды. Судың түрі анау, бәрін жуындыру оңай емес. Жауынды күндері есіктің алды иленгенде сабаққа бармай қалатын да кездері болады. Алтауына аяқкиім шақ келмей­ді. «Ойын алаңын арман­дамай-ақ қойдық» деді көпбалалы ана.

Айзада  Жүсіпбекованың төрт немересі – оқушы. Ол да көршілері сияқты «көп  жоқтың»  кесірін көріп отыр. Ал Рита Ізімбетова «су, жарыққа жарымасақ та ақшасын сұрап келгенде бәледей» деп ашуға булықты.

Не санда, не санақта жоқ болатын­дай Сарысуды біреу «сиқыр­лап» алған-ау, сірә. Әйтпесе, ЦКЗ-дағы үйі ең көп көше осы көрінеді. Бұл жаққа тиесілі суды таяу  маңдағы  аты дардай компания  бұрып алып, атшаптырым аумақтағы  талды  сонымен  суарады екен. Тұрғындар  бұдан  кейін бақша егуді  де  қойыпты.

Проблемасы шаш-етектен келетін аумақта ешкімнің тұрақтап қалғысы жоқ. «Бүгін көшіп келгенімен ұзақ тіршілік етуге көбінің шыдамы жетпейді» деді шағым иелері.

Назерке  САНИЯЗОВА,

журналист.

Қызылорда  қаласы

Пікірлер:
  • Сарысу кошесине ауыз су, электр желілерін жүргізуге және қиыршық тас жол жүргізу мақсатында жоба сметалық құжаттамалары әзірленді және сараптама оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржыға бюджеттік өтінім берілді. Қажетті қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: