«Қайсар» футбол клубының жарты жылға жуық уақыт бойы қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді төлемей келгені белгілі болып отыр. Бұл туралы олар медициналық тексеруден өту кезінде бір-ақ білген. Жағдайдың анық-қанығына үңілу үшін қызметкерлер зейнетақы аударымдары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тексеріп, ұйымның 6 айдан бері аударым жасамағанына көз жеткізген.
Бұдан да сорақысы, оларды аудитордың атына футбол клубына қаржылық және құқықтық талаптары жоқ екендігі туралы өтінішке қол қойдырғаны туралы ақпарат бар.
Қызылордалық клубтың басшылығы «мұның бәрі – 2020 жылдан бергі қарыздың салдары» дейді. Десе де, олқылықтың орны толтырылып, көп ұзамай шешімін табатынына сендіріп отыр.
– «Қайсар» ФК 2020 жылдан бері қордаланған қарыздың жинақталуына байланысты биыл бөлінген қаржыны жыл соңына дейін жеткізу мүмкін болмады. Премьер-лигада – «Қайсар», Екінші лигада – «Қайсар жас», футбол орталығында 600 баладан тұратын 14 команданың жарысқа барып-келу шығыны, жаттықтырушылар мен ішкі қызметкерлердің жалақылары, барлығы бюджет есебінен қарастырылған. Қаржы тапшылығы салдарынан медициналық әлеуметтік сақтандыруды клуб төлей алмауда. Дегенмен, 20 желтоқсанға дейін 2 миллион 745 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік медициналық сақтандырудың төленетінін жеткіземіз.
Ал анықтама бойынша, аудиторлық тексерістің жүргізілуіне байланысты мекеменің жұмысшыларға берілген 9 ай қорытындысында жалақыдан қарызы жоқ деген анықтамаға қол қойылды, – деп хабарлайды «Қайсар» футбол клубының баспасөз қызметі.
Еске салайық, биылғы маусымды сырбойылық клуб аз қаржымен әрі көп қарызбен өткерді. Солай бола тұра, Екінші лигада өнер көрсеткен «Қайсар жас» екінші орынмен Бірінші лигаға жолдама жеңіп алса, «Қайсар» үздік алтылыққа тұрақтап, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.
17 жыл бойы Алматыда жеңе алмай келген «Қайратты» 3:0 есебімен ұтуы бұл маусымда білікті бапкер Виктор Кумыков пен спорттық директор Мақсат Байжановтың тандемі екенін аңғартса керек. Оның үстіне биылғы жылы бюджеті «Қайсардан» едәуір жақсы «Каспий», «Оқжетпес», «Ақсу» командаларының соңғы орын алып, Премьер-лигадан түсіп қалғаны да шындық. Біріншілікті бейресми ақпарат бойынша 350 миллион теңге қарызбен бастаған ұжым «қызметкерлердің қарызын ұзатпай ретке келтіреміз» деп отыр.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!