Осы күні Қызылорда қаласының кез келген мөлтек ауданынан қосақталып жүрген қаңғыбас иттерді байқау қиын емес. Тіпті, бұл мәселе алыс-жақынды аудандарда да бар. Жаз бойы жемтігін жазбай табатын үй жануарларының ашығатын шағы жақындап қалды. «Жабайы ит-мысықтардан балаларымыз ғана емес, өзіміз де қорқамыз» деп дабыл қағады қала тұрғындары.
Иә, бүгінгі жағдай – осы. Қайтпек керек, жауапты мекеме не дейді? Жыл басынан бері қанша ит ауланды? «Үй жануарларына арналған панажайларды, уақытша ұстау пункттері» жұмыстары қай деңгейде ұйымдастырылып жатыр? Арнайы ақпараттық жүйеде тіркелген иттердің саны қанша? Үй жануарларын паспорттау жұмысы қаншалықты жүзеге асуда? Осы сауалдарға нақты жауап алу мақсатында Қызылорда облысы ветеринария басқармасының баспасөз қызметіне сұрау салған едік.
«ЖАНУАРЛАР ҚҰҚЫҒЫ АДАМДАРҒА ҚАУІП ТӨНДІРУ ЖОЛЫМЕН САҚТАЛМАЙДЫ»
Қала тұрғыны Нұрбике Қазиқызы «жануарлар құқығы адамдарға қауіп төндіру арқылы сақталмауы керек» деп есептейді. Сондай-ақ, ол шаһар орталығында қаңғыбас иттерден бөлек мысықтардың да көптігіне алаңдап отыр.
– Халықаралық және Еуропалық Конвенцияларда жануарлар құқығы туралы айтылған. Бірақ, олардың өмір сүру ортасы адамдарға қауіп төндіру жолымен сақталсын делінбеген. Яғни, белгілі қауіпсіздік ережелері мен күтіп-ұстау бойынша нақты ұсыныстары бекітілген. Біздің елде де қараусыз жүрген ит-мысықтарды уақытша бағатын, халықаралық үлгіде арнайы орын салынады деп айтылып келеді. Әзірге нәтиже жоғын сіз де, біз де көріп отырмыз. Яғни, дәл бүгінгі таңда қаланың қай шағын ауданына барсаңыз, осы иесіз, қараусыз жүрген иттерден қорғануға мәжбүр боласыз. Және олардың арасынан дене тұрқы кішкентай итті көрмейсіз, бәрі үлкен, адамға шабуыл жасаса, жазым қылатын, баланы қапса, жеп қоятындай түрі бар, – деп ашынады ол.
ИТТЕРДІ УАҚЫТША ҰСТАУ ПУНКТТЕРІ САЛЫНА МА?
Қаланың орталығында да, шет аймақтарында да қараусыз жүрген ит-мысықтардың көп екенін қазір екінің бірі біледі. Десе де, жауаптылар барлығы заң аясында жүзеге асып жатқанын, қағида мен бұйрықты орындауға міндетті екенін айтады.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына байланысты бекітілген «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру», «Үй жануарларын ұстау және серуендету» қағидаларына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. ҚР Қаржы министрінің №527 бұйрығымен бюджеттік бағдарламалар айқындалған. Оның ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне «Жануарларға арналған панажайлар, уақытша ұстау пункттерін салу», «Үй жануарларына арналған панажайларды, уақытша ұстау пункттерін ұстау» жұмыстарын ұйымдастыру құзыреттіліктері берілген. Қазіргі күні, Қызылорда облысы көлемінде уақытша ұстау орындары мен панажайлар салуға 4,4 гектар көлемде 7 жер телімі нақтыланды. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу және инвесторлар тарту мәселелері қаралуда», – дейді Қызылорда облысы ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
ИТТЕРДІҢ «ҮЙІРІНЕН» ТҰРҒЫНДАР ҮРЕЙЛЕНЕДІ
Қала тұрғыны Нұрбике Қазиқызы «иттер шоғырланып, кейбір жерлерді мекен етіп алған» дейді. Ондай жерлерден бала түгілі, ересек адамдардың да өтуі де оңай емес көрінеді. Қаңғыбас ит-мысықтарға қатаң шара қолданбаса, опық жеп қалуымыз мүмкін. «Үйір» боп жүрген иттерден тұрғындар үрейлене бермек пе?
– Мен қаланың орталығында тұрамын. Балаларды мектепке апару үшін қолымызға таяқ ұстап, болмаса жаныңа адам ертіп шығамыз. Қала әкімдігі орналасқан маңда мектеп бар, жанында қоғамдық тамақтану орны бар. Сол маңайдан оқушылар қорқады өтуге. Себеп әлгіндей, қаңғыған иттер мектептің артқы жақтағы ауласына дейін кіріп кетеді. Қарсы бетте арық бар, қыстай сол жерді мекендейді. Осыған бір шара қолданбаса, адамдарға едәуір қауіп төндіруі әбден мүмкін. Қараусыз жүрген иттер – көзге көрініп жүргені, олардың қатарында мысықтар да бар. Олар тек иттерден қорғанып, бұрыш-бұрыштарда жүреді. Бұлай жалғаса берсе, қауіпті иттердің қатарына мысықтар да қосылуы мүмкін, – дейді ол.
Бұдан тура бір ай бұрын ҚР Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде «Халықты қаңғыбас иттерден қорғаңыздар!» атты азаматтық үндеуін жасаған еді. Депутат Қызылорда қаласының «Шұғыла» мөлтек ауданының тұрғындарымен арнайы кездесуінде қаңғыбас иттердің қала тұрғындарына қауіп келтіруін айтты. Сондай-ақ, қаңғыбас, жабайы иттерге мемлекет бюджеті арқылы жасалатын «ыңғайлы» жағдай жергілікті тұрғындардың көңілінен шықпайтынын жеткізген-ді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың үй жануарларын есепке алу үшін бюджеттен 743 230 теңге бөлініп отыр. Ақпараттық жүйеде иттер арнайы тіркеліп, есепке алынады, паспортталады. Ал агрессивті иттер тұрғындардың өз өтінішімен ауланады.
АГРЕССИВТІ ИТТЕР ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АУЛАНАДЫ?
«Қаңғыбас иттердің санын реттеуді қамтамасыз ету мақсатында Call-центр жұмыс істеп, арнайы бригада адамдар көп шоғырланатын жерлерде және мектеп аумақтарында бақылау жүргізіп, иесіз, топтасқан иттер мен тұрғындардың шағымы негізінде аулау жұмыстарын атқаруда. Әлеуметтік желілерде қараусыз және қаңғыбас иттерге байланысты жарияланымдар бойынша уақытында кері байланыс орнатылып, өтініш түскен аумақтарда арнайы қызмет тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сонымен бірге, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын (ит, мысық) міндетті тіркеу басталды. Осыған байланысты, үй жануарларын есепке алу бойынша ветеринариялық ұйымдар арнайы ақпараттық жүйемен қамтамасыз етіліп, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда арнайы ақпараттық жүйеде 32 ит тіркелді. Сонымен қатар, облыс бойынша 32158 ит паспортталған. Заңның маңыздылығын ескере отырып, тұрғындар арасында кездесулер, интернет-ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесулер, арнайы кеңестер ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде кеңінен насихатталуда. Осы жылы тұрғындардың өз өтініші негізінде және қала, аудан аумағын аралау барысында қоғамға қауіп төндірген, агрессивті 8229 бас ит ауланды», – деп хабарлайды Қызылорда облысының ветеринария басқармасы.
Қалай десек те, әлеуметтік желіде қараусыз жүрген үй жануарларына деген сын көп. Тұрғындар қараңғы ерте түсіп, оқушылардың сабақтан кеш қайтатынын, жолай қаңғыбас иттермен алысатынын айтып шағымданады. Жауапты органдар «мәселе бақылауда» дегеннен аса алмай тұр.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!