Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Оқу-ағарту министрі мен оның командасы отставкаға кетуі керек» немесе МАЗАСЫ ҚАШҚАН «МАҚСАТТЫ МЕКТЕП»

19.12.2024, 11:40 223

Кез келген мәселеде екіұдай пікірдің болатыны бесенеден белгілі. Бірақ түбегейлі қарсылық білдіру мәселенің расында күрделі һәм майшаммен қаралуын талап етеді. Әрі пікір білдірушілердің ойымен санасып, ортақ шешім шығару маңызды. Тақырыптан түсінген болсаңыз, әңгіме «Мақсатты мектеп» жобасының маңайында…

Жоба осы жылдың тамыз айында басталды. Оқу-ағарту министр­лігі өкілдерінің айтуынша, бұл білім сапасын арт­тыру мақсатында, әдістемелік қолдауды қажет ететін мектептерге көмектесу үшін әзірленген. Министрліктің ресми мәлімдемесіне сәйкес, жоба Қазақстандағы мектептердің 2023-2029 жылдарға арналған білім беру концепциясына сәйкес жүзеге асырылуда. «Мақсатты мектеп» арнайы таңдалған білім ордаларын, педагогтардың білімін жетілдіру курстары мен әдіс­темелік қолдауды қамтамасыз етуді көздейді. Жобаға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбегенін атап өткен министр­лік курстар мен платформалар «Өрлеу»  орталығының  аясында  жүргізілетінін  мәлімдеді.

Алайда, «Мақсатты мектеп» жобасы қоғамда және мұғалімдер арасында бірқатар қайшылыққа ұласты. Педа­гогтар тарапынан жобаға қатыс­ты өткір сын айтылып, Президентке ашық хат жазыл­ды. Мыңдаған мұғалімнің қолы қойылған хатта жобаның дұрыс ұйымдастырылмағаны және артық жүктеме тудыратыны  баса  айтылған.

Педагог Маржан Алыпкараеваның жұмыс істейтін мектебі «Мақсатты мектептер» сапына қосылған мыңға жуық білім ордасының тізімінде екен. Десе де, ол бұл жоба педагогтар үшін стресс алып келетінін айтты. Ол бұл жобаның жылдар бойы жинақталған біліктілік пен басқарудағы кемшіліктерді айқындағанын атап өтеді. Педагогтың  айтуынша,  онлайн курс басталғалы бері мұғалімдер жүктемесі еселеніп, сабақ уақытында да сессияларға қатысуға мәжбүр болды. «Бұл педагогтар үшін қосымша стресс пен оқушыларға бөлінетін уақыттың азаюы­на әкелді. Әлеуметтік желіде тараған аудиохабарламалар мұның жай көзбояу­шылық  екенін  көрсетеді»  деді  ол.

Бұдан бөлек, «Оқушылар мен мұғалімдердің алтын уақытын босқа жұмсау білім сапасына кері әсер етеді. Сабақ барысында оқушылар тапсырмалармен айналысып, негізгі пәндік білімнен шет қалады. Бұл жүйе бар сапаны төмен­детуге ғана бағытталған» деген пікірді алға тартты.

Маржан Балтабайқызы жоба аясында өтетін лайв семинарлар офлайн формат­та ұйымдастырылуы керек деген пікірде.

– Курстар қайталанбай, маңызды тақырыптарға офлайн өтуі керек. Мектептердің материалдық базасы нығайтылып, оқушылар мен педагогтарға қажетті құралдармен толық қамтылуы тиіс. Ең бастысы, мектеп басшыларының жауапкершілігін  күшейту  арқылы  білім  сапасын  арттыруға  болады, – деді.

Педагогтың айтуынша, ол тек жеке тәжірибесіне ғана емес, жалпы мұғалімдер  қауымының  ортақ  проблемаларына  негізделгенін  атап  өтті.

– «Өрлеу» орталығы ұсынған модульдердің өзі жүйесіз және маңыздылығы төмен. Мысалы, әр дәрігер өз саласына қатысты жыл сайын өзгеріп отыратын бұйрықтарды білетіні секілді, әр медбике де заң мен нормативтік құжаттарды меңгеруге міндетті. Дәл сол сияқты педагогтар үшін де тамыз айында «Алтынсарин академиясы» әдістемелік нұсқаулық хат дайындап, онда мұғалімдер білуі тиіс нормативтік құжаттарды тізбектеп береді. Бұл құжатта заңнамалық өзгеріс­тер, педагогтардың міндеттері мен құқықтары қамтылған. Әр мұғалім оқу жылының  басында осы  құжатпен  танысып, өз қызметін заңға сәйкес жүзеге асырады.

Алайда, «Мақсатты мектеп» жобасының алғашқы онлайн сессиясы осы заңнамалармен танысудан басталған. Бұл – педагогтардың өз жұмысында заңнамалық өзгерістерді білетініне күмән келтірудің айқын көрінісі. Министр­лік тарапынан жасалған мұндай әрекет мұғалімдерді «нормаларды білмейді» деп бағалап, «Өрлеу» орталығына қайтадан оқытуды тапсыруға себеп болғандай көрінеді. Мұндай көзқарас – педагогтардың кәсіби беделін төмендететін дұрыс емес  шешім.

23 қазанда Шымкентке министрлік өкілдері келгенде, бұл мәселе де көтеріл­ген болатын. Олар «Өрлеу» орталығының негізгі пәндер бойынша қиын тақырыптарды оқытуға тырысып жатқанын айтқан. Бірақ бұл оқыту жүйесінің маңыздылығы мен тиімділігі әлі де күмән тудырып отыр, – деді Маржан Алыпкараева.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Мақсатты мектеп» жобасына қатыс­ты өз наразылығын ашық білдіріп, бұл бастаманың педагогтарға қосымша қиындықтар тудырып жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, жобаның мақсат­тары белгісіз, ал жүзеге асу тетіктері заңды және жария талқылаулардан өтпеген. Депутат  ұстаздардың  біліктілігін арттыру міндет екенін мойындай отырып, бұл үдерістің  жүйелі  және  заңды  негізде  жүргізілуі  тиіс  екенін  ерекше  атап  өтті.

– Ұстаздарды қолдаудың орнына сабақпен қабаттастырып оқытып, артық жүктемемен қинап жатқан, не қаулысы, не бұйрығы жоқ, не педагогикалық қауымдас­тықпен жария талқыланбаған, мақсаты белгісіз «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтасын. Ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет, бірақ ол заңды және жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Егер бұл үдеріс заңсыз болса немесе қажетті жария талқылаулар мен ережелер сақталмаса, онда бұл білім сапасына және ұстаз­дардың кәсіби дамуына теріс әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі ұстаздардың  жанайқайы – осының  дәлелі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың пікірінше, жобаны тоқтату тиісті мемлекеттік органның бұйрығы­мен-ақ жүзеге асырылуы мүмкін. Ұстаздар қауымының пікірлерін ескере отырып, мұндай бастамалар қайта қаралуы тиіс. Депутат жобаның педагогтар­ға артық жүктеме тудырып, олардың сабақ беру сапасына кедергі келтіріп  отырғанын  ерекше  атап  өтті.

– «Мақсатты  мектеп»  жобасы ұстаздарды қолдаудың орнына артық жүктеме­мен қинап жатқандығы туралы ұстаздардың пікірлерін ескере келе, бұл жоба бойынша ашық қоғамдық талқылау өтпегендіктен және ресми шешім үкіметтің  қаулысы  немесе  уәкілетті мемлекеттік орган бұйрығымен рәсімдел­мегендігін  негізге  ала отырып, жобаны тоқтату қажет, – деп  талап  етті  Сүлейменова.

Оның ойынша, егер жоба тиісті заңнамалық рәсімдерден өтпесе және ұстазд­арға қолдау көрсетудің орнына қиындықтар туғызса, ондай бастамаларды жалғастыру қисынсыз. Бұл жағдай ұстаздардың кәсіби беделіне нұқсан келтірумен қатар, білім сапасына да кері әсерін тигізеді.

«Жоба  ресми  мақұлданбаса, педагогикалық  қауымдастықпен  талқылан­баса  және  операторларға  жұмсалатын  қаражат  нақты қаулы немесе бұйрық­пен  негіздел­месе,  жобаны  жалғастыру  қисынсыз»  деп  түйіндеді  ол.

Сүлейменованың бұл пікірі педагогтардың жанайқайы мен қоғамда туындаған пікірталастарды назарға алып, заңды реформалардың қажеттігін көрсетеді. Ол білім беру саласындағы кез келген бастаманың мұқият талданып, заңды негізде  жүзеге  асырылуы  тиіс  екенін  ерекше  атап  өтті.

Ал Оқу-ағарту министрлігі «Жас Алаш» газеті редакциясына берген жауабын­да жобаның заңды екенін алға тартып, оны жалғастыру пайда берерін тілге тиек етті.

– Жоба ҚР-да мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген. Ал аталған концепция үкімет қаулысымен бекітілген. Демек, жоба да заңды. Әрі «Мақсатты мектепке» республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінбепті. Онлайн курсты, платформаны «Өрлеу» орталығы қалыпты жұмыс ритмімен жоспарлы түрде жасаған. Министрліктегі мамандар куратор ретінде өңірлерді бөліп алып, жергілікті жобалық кеңседегі жұмысты басқарма мен бөлімдердегі әдіскерлер атқарып жатқан көрінеді. Жобаның бөлек бюджеті болмауына тағы бір себеп, бұл – жаңадан қабылданып, белгіленген мерзімде тоқтайтын науқан емес, білім сапасын арттыру процесінен ажырамайтын бағдарлама. Ол түрленіп, жаңа жағдайға бейімделіп отырмақ. Сондықтан мұғалімдердің «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтасын деген талабы қанағаттандырылмайды, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны  қамтамасыз  ету  комитеті  төрағасының  орынбасары Майра Тұрған­байқызы.

«Мақсатты мектеп» жобасы мақсатынан алыстап, педагогтар мен оқушыларға қосымша қиындық тудырып отыр» деп пікір білдіргендердің қатарында Qazbilim Group компаниясының Басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы  да  бар. Ол  бұл жобаға қатысты ашық пікір білдіріп: «Жібекті жүн қыла­ды түте алмаған, жігітті күң қылады күте алмаған» дейтін мақал бар еді. Дәл мына «Мақсатты мектеп» жобасы мен оның айналасындағы шуды көріп отырып осы сөз ойыма келе береді. Қор болған мақсат­тар-ай, әлін білмейтін шенділер-ай. Білім сапасы. Иә, ішкі-сыртқы қандай зерттеуге қарасақ та, біздің елдің білім сапасы көңіл көншітпейді. Білім сапасы жалған көрсеткіш қуған мектептер мен білім басқармаларының Kundelik.kz-те көрсеткен жалған %-дары емес. Білім сапасы – шыны­мен трагедия» деп сын айтты. Ол өз сөзінде еліміздегі білім сапасының төмен  екенін  нақты статистикалық  деректермен  дәлелдейді.

– Басқасын айтпағанда 2-3 зерттеудің нәтижесіне қарайық. Дүние­жүзі даму банкі еліміздегі адами капиталдың сапасы туралы зерттегенде, еліміздегі балалардың 1%-ы ғана сапалы білім алады деп тұжырымдайды. PISA-2022 зерттеуіне қатысқан 81 елдің ішінде оқу сауаттылығы бойынша 61-орында. (Бұның өзінде емтихан тазалығына  күмәнмен  қараймын.) ҰБТ нәтижесі бойынша елімізде орташа балл – 68 балл. ҰБТ жалпы балы 140 екенін ескерсек, орташа балдың 50%-ға да жетпеуі білім сапасының көрсеткіші қандай деңгейде екенін  көрсетеді. (Бұл нәтиженің өзіне қаншама баланың орталық  жағалап,  қосымша  курсқа  барып  жүріп  жетеді), – деді  ол.

Дәл осы тұрғыдан алғанда ауруын жасырғанның өлімі әшкере деген анық екенін айтып, білім беруді түзетуді қолға алу керек­тігіне  басымдық  берді.

– Білім сапасының шынайы төмен екенін ашық мойындап, оны дұрыстауға жұмыс істемесек, түбі жақсылыққа апармай­тыны анық. Білімі  төмен елде қылмыс көп болады. Білімі төмен жерде әлімжеттік те көп болады, бұзақылық та көп болады. Бүгі­нгі заманда көрініс тауып жатқан оқиғалар да – соның айқын көрінісі. Дәл осындай ауыр мәселенің бар екенін бүгін үкімет те сезді, президент те сезді деп ойлаймын. «Білім сапа­сын арттырыңдар, орта білімнің мынау сапа­сы масқара» деп жоғарыдан пәрмен түскен сыңайлы. Өкініштісі сол, сол пәрмен берген үкімет қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің бұған шамасы мүлде жетпейтінін ойламады. Ал, оқу-ағартудың істің жүйесін білмейтін, заңды, құқықтық норманы білмейтін командасы білім сапасын көтеру мақсатын социалистік жарысқа айналдырды да, «Мақсатты мектептің» мақсаттарының быт-шытын шығарды. Өздері бекіткен норманың заңды, заңсыз екенін де білмеді. Заңға негіздемей бекітіп алды да, енді сасқан үйрек боп артымен жүзіп отыр. Өздерінің осы жобадағы мақсаттарынан да адасып қалды-ау, шамасы. Жобаның айнала­сындағы құқықтық сұрақтарды бұған дейін біраз әріптесім талдапты. Оған соқпай-ақ қояйын. Мен күліп отыр­мын, шыны керек, – деді ол әлеуметтік желідегі  парақшасында.

Аятжан Ахметжанұлының пікі­рінше, бұл мәселені шешу үшін алдымен білім сапасын арттыруға бағытталған нақты зерт­теулер жүргізу қажет. Әрбір бастама заңнамалық тұрғыда бекітіліп, оның барлық кезеңі ашық әрі қоғам тарапы­нан талқылануы тиіс. Сонымен қатар, жобаны іске асыру кезінде жүйелілік пен әділдікті қамтамасыз етіп, педагогтар мен білім беру саласына қатысы бар барлық тараптың мүддесін ескеру маңызды. Тек осындай кешенді тәсіл арқылы ғана білім сапасын арттыруға қол  жеткізуге  болады.

– Енді  дәл  осындай  масқара  болудан  ке­йін  егер  ұяты болса, қазіргі  Оқу-ағарту  министрі,  білім  сапасына тіке жауапты бірінші орынбасары, Орта білім комитеті төрағасы, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы бәрі командаларын жетектеп, чемодандарын көтеріп, толық құрамда отставкаға  кетуі керек деп ойлаймын. Ұяттары  болса, әрине. Себебі, білім  саласы – елдің  ең  маңызды  саласы. Ол жердегі  бүгін­гі  нәтижесіз жұмысы – елдің алдағы 10-20 жылындағы дамуына қолдан жасалған  кедергі. Адами  капиталдың  сапа­сы – ол елдің болашағының сапасы. Оны қамтамсыз ете алмаса, өз еріктерімен   кеткені  дұрыс, – деп пікірін түйіндеді  Аятжан  Ахметжан.

«Мақсатты  мектеп»  жобасы  тура­лы  қоғамда  қалыптасқан  пікір  сан  ал­уан. Бірақ, мұғалімдердің  талап­тары еленіп, жобаға реформа жүргізілмесе, оның  елдің білім беру жүйе­сіне тигізетін пайдасынан зия­ны көп болары анық. Бұл – тек білім сапа­сын арттыру мәселесі ғана емес, бүкіл елдің болашағына әсер ететін шешуші факторлардың бірі. Білім беру саласындағы кез келген рефор­маның ел болаша­ғына тікелей әсер ететінін ескерсек, «Мақсатты мектеп» жобасы мұқият қайта қаралып, жаңа тәсілдермен жүзе­ге асырылуы тиіс  екенін  аңғарамыз.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: