Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнерпаз неге өлгісі келді?

28.01.2021, 13:00 744

Айдың-күннің аманында Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында жаға ұстатарлық жағдай болды. Басшылық­тан қысым көрген театр актері жұмыс орнында­, дәлірек айтқанда директордың кабинетінің алдында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Актер Нұр­жан Қараманов аталған театрда жеті жылға жуық қызмет атқарыпты. Өткен жылдың соңғы айында облыс­тың бірқатар ақжағалыларына дат айтып, араша­ сұраған.­ Ондағы ойы – театрда диктатураның басым екендігін жоғары жаққа жеткізу. «Осыдан соң басшылар уәдені үйіп-төкті, сосын арызымды қайтарып алдым» дейді ол. Алайда басшылық керісінше ізіне түсіп, актердің ісін майшаммен қарауға талпынған. «Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылды» деп ашынға­н актер осындай қадамға­  амалсыздан  барғанын  айтады.

– Актердің  мәртебесі  жоқ, бұл жақта актерлер жұмыс­шы­ өзбектер сияқты жұмыс істейді. Қызмет­кер­лердің бетін­е келе алмайды, келсе директордың командасы жинап алады да, қорқытып, үркітіп жұмыстан шығарып жібереді, шығарамын дейді. Олардың кредиттері бар, сондықтан үндемейді. Жанайқайымды ешкім түсінбей жатқан соң амал жоқ пышақпен өзімнің қолымды кескіледім, – дейді театр артисі Нұржан Қараманов «Астана» телеарнасына берген сұхбатын­да.

Әріптесінің сөзін театрдың бірқатар артисі де растайды. Олар шығармашылық еркіндіктің жоқтығын ашық айтып отыр. Ұжымды билеп-төстеуге бейім басшылық құрамын толық өзгертуін, әділдік орнауын талап етеді.

Асқар ОРАЗӘЛИЕВ, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиял­ық музыкалық драма театрының артисі:

– Әртістерде ешқандай еркіндік жоқ. Театрда, сахнада ешқандай еркіндік жоқ. Театр таза өзінің басшылығымен, диктатурасымен айналысады. Баса береді, баса береді, ұрыса береді, ұрыса береді.

Алмагүл АРТЫҚБАЕВА, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі:

– Директордан бастап бүкіл командасын өзгертсін! Бұл қайталана береді, қазір жапқанымен, қайталана береді. Қай уақыттағы ауруы ғой театрдың. Сондықтан, мына балалардың шырылдап тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Осы мәселені шешіп берсін.

Театр басшылығы өнерпаздардың уәжімен келісер емес. Қара аспанды төндіріп, сүттей ұйып отырған ұйымшыл­ ұжымды басқа жағынан көрсеткен қызметкері­нің психикасы бұзылған деп санайды.

– Пышақ алып, суицид жасау, ол не нәрсе? Демек, психологиясы дұрыс емес  оның. Мен психдиспансерге арыз жаздым. Басшылық тарапынан қысым көрсетіліп жатыр деген нәрселерге оған ертең өзіміз жауап береміз. Құзырлы органдардың  алдында, – дейді белгілі актер, Н.Бекежанов атындағы қазақ  академиялық  музыкалық драма театры директоры­ның  міндетін атқарушы  Бақытбек Темірбеков.

Иә, театрдың шығармашылық ұжымы Ұлыбритания, Шотландия, Түркия, Әзірбайжан, Татарстан елдерінде өткен халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатып келеді. Оған дау жоқ. Тіпті, театрдағы жастар труппасының 9 жас маманы өткен жылы шығармашылық білімін жетілдіру мақсатында Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет Ресей Мемлекеттік театр өнері институтында (GITIS) білім жетілдіру курстарынан өтіп қайтты.

Аталған жайтқа байланысты Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы фейсбуктегі ресми парақшасында пікір білдірді. Басқарма мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін театрдың артистері тарапынан басшылыққа қандай да бір арыз-шағым түспеген, ұсыныс-пікірлермен шықпаған.

– 14 қаңтар күні театр басшысы М.Әбдікәрімов ұжыммен кездесіп, жиналыс өткізген. Сол жиында артистер тарапынан басшылыққа уәж айтылып, бірқатар мәселелер көтерілген.

Осыған байланысты театрдағы ішкі ахуалдағы мәселенің алдын алу мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы 15 қаңтар күні театр ұжымымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлады.

18 қаңтардан бастап театр басшысы М.Әбдікәрімов еңбек демалысының пайдаланылмаған күнін алып, орнына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Темірбеков басшының міндетін уақытша атқарушы болып бекітілген. Ал, «басшылық тарапынан қысым көрдім» деген артист Нұржан Қараманов осы күні денсаулығына байланысты жұмыста жоқ екен. Оны бізге театрдың баспасөз қызметі айтты.

«Театр басшылығына қатысты басқарма тарапынан арнайы комиссия құрылып, тиісті мекемелердің қатысуымен қызметтік тексеру жүргізіледі. Ішкі ахуалды қалпына келтіру мақсатында, осындай жағдайға жол берген театр басшысына еңбек заңнамасына сәйкес тиісті шаралар жүргізілуде.

Жүргізілген тексеру қорытынды негізінде қосымша ақпарат берілетін болады», – дейді Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары.

Тарихы тереңде жатқан театрдағы бұл жайт көпшіліктің талқысына көп түсті. Өнерпаздардың жайына алаңдаған өнер жанашырлары әлеуметтік желіде Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуовадан аталған жайтқа байланысты өз пікірін білдіріп, дұрыс шешім қабылдауды сұрайды. Біз де өз тарапымыздан басқарма басшысының бір-екі ауыз сөзін басылым бетіне жариялауға талпынған едік. Өкінішке қарай, ол мүмкін болмады. Себебі, тексеру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан, қосымша ақпаратты міндетті түрде жариялайтынын айтты.

Қалай десек те, өлімге оқталған  қадам – өнерді өшіруге бағытталған қадам деп ойламаймыз. Басшылықтан актердің жанайқайына құлақ түріп, қазақ өнерінің дамуы үшін қабылданатын шешімді күтеміз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: