Елдің әлеуетін арттырып, экономикасын дамытуда серпін беретін стратегия мен бағдарламалар қабылданып жатыр. Бұдан кенде емеспіз. Алайда халықтың әлеуметтік жағдайы оңалып, аузы аққа тигені шамалы. Бұл жайт Мәжіліс отырысында талқыланып, бірқатар депутат бұған екінші деңгейлі банктерді кінәлады.
ҚАРЫЗ АҚШАНЫҢ ҚАМЫТЫ
Жаңа Қазақстан тіркесі тілге жеңіл болғанымен, жүгі ауыр бағдар болып тұр. Мұны сезіп, біліп жүрміз. Әділетті Қазақстанның бастапқы қадамын көре бастадық. Оны жоққа шығара да алмаймыз. Алайда прогрессивті өзгеріс қандай жағдайда болады? Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Данабек Исабековке қойдық.
– Президент кәсіби дипломат болғандықтан алды-артын терең талдап, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, шешім шығарады. Елдің саяси-экономикалық құрылымын күрделі өзгерістерге бағыттады. Нақты көрінісі, мемлекетті одан ары демократияландыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашыл болып, соған сай Президент және Парламент сайлауын өткізді.
Парламенттің сегізінші шақырылымына сайланған депутаттар – елдің сөзін сөйлеп, ұлттың ұпайын қорғап, ойын ашық білдіретін тұлғалар. Мәжілістің отырыстары тікелей эфирден көрсетіледі. Онда елдіктің еңсесін тіктейтін көптеген мәселе көтеріліп жүр. Бұл – елдің саяси өміріндегі оң бетбұрыс.
Енді экономикалық бағытта не істеу керек? Үкімет осы бойынша ұтқыр шешім, ұтымды қадам жасауы керек. Мәселен, несиелеуде жылдық пайыз мөлшерін төмендетуді ұсынар едім, – деп жауап берді халық қалаулысы.
ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында елдегі екінші деңгейлі банктер АҚШ банктерінен төмен пайызбен қарыз алып, өз халқына жоғары пайызбен үлестіргені әлі есімізде. Соның бірі – «Альянс Банк» АҚ. Банк қалалардағы әр аялдамадан филиалын ашып, несиені оңды-солды шашты емес пе? Содан былайғы жұрт несиеге әбден бой үйретіп, қит етсе банкке баруды әдетке айналдырды. Тіпті той жасаса да, ас берсе де несие алатын болды. Соның салдарынан қаншама адам қарызын уақытылы өтей алмай тығырыққа тіреліп, шаңырағы шайқалды. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 сәуірде 7,1 миллион қазақстандықтың екінші деңгейлі банктерде несиесі бар. Яғни халықтың 36 пайызының екінші деңгейлі банктерге өмірі байлаулы. Қарыздың көлемі де қомақты. Жеке азаматтардың банк алдындағы қарызы 8 триллион 200 миллиард теңгеге жетті.
2020 жылы 392 мың адам уақытылы несиесін төлей алмаса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адам, 2023 жылы сәуір айында 1,5 миллион тұтынушы несиесін 90 күннен кешіктіріп төледі. Бірінші кредиттік бюронның дерегі бойынша, сәуір айында банктердің 7,5 миллион клиенті қарызды уақытылы төлемеді. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды. Бұл – ойлантатын күрделі мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге алаңдайтынын білдірді де…
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан несиенің пайыз мөлшерін төмендету идеясын ұсынып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
– Озық елдерде банк секторы шағын және орта бизнеске серпін беретін механизм ретінде қарастырылады. Жапонияның орталық банкі несиені 1,4 пайыз деңгейде белгілесе, Нидерландыда – 2,83, Францияда – 3,48, Қытайда – 4,35, Германияда – 4,7, Ұлыбританияда – 5,35, Канадада – 6,7, АҚШ-та 7,82 пайызды құрайды. Посткеңестік елдерде де несиелеу біздің елге қарағанда төмен. Мәселен, Латвия мен Литваның орталық банкі пайыз ставканы 3,5 пайыз деп белгілесе, Ресейде – 7,5, Әзербайжанда – 9, Беларусьта – 10,5, Арменияда – 10,75, Грузияда – 11 пайыз деңгейінде. Орта Азия елдері Тәжікстанда – 10, Қырғызстанда – 13, Өзбекстанда 14 пайыз бағаланады. Яғни орталық банк екінші деңгейлі банктерге төмен пайызбен несие ұсынады. Біздің Ұлттық банк бекіткен пайыз ставкасы – 16,75. Сосын екінші деңгейлі банктерге 56 пайызға дейін несие беруге рұқсат береді.
Құдай-ау, сонда жерінің асты-үсті байлыққа тұнған Қазақстан халқы несиені неге жоғары пайызбен алады? Бұған не себеп? Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасы негізсіз өсуіне әкеп соғады. Ендеше, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты, – деді депутат.
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, ВТБ Банк пен «Bereke bank» АҚ-ның жылдық пайыз ставкасы – 21,5. Ал «Банк ЦентрКредит» АҚ – 23,6 пайыз, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7 пайыз, «Kaspi bank» АҚ – 24,4 пайыз, Home credit bank» АҚ 28,5 пайыз көлемінде несие береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндетін қосыңыз. Сонда тұтынушы несиені 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады.
Шын мәнінде, Ұлттық банктің жылына 56 пайыздан аспауы керек деген шектеуі халықшыл шешім емес. Бұл – халықты тығырыққа тіреп, белшесінен қарызға батыратын құбылыс.
2015 жылы қараша айында Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болып, сол кезде Президент ел тұрғындары алған несиенің белгілі бір сомасын кешіретінін хабарлады. Сол кезде халықтың иығынан жүк түсіп, жеңілдеп қалған-ды. Содан кейінгі жылдары халық арасында оқтын-оқтын «кредит кешіріледі» деген ақпарат тарайтын болды.
– Ел арасында мемлекет несиені кешіреді екен деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені несиесін төлей алмай жүрген адам көп. Расында халыққа ауыр тиіп жатқан екі фактор бар. Біріншісі – қымбатшылық, екіншісі – несие.
Озық елдердің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін терең зерттеп, Қазақстан Ұлттық банкі пайыз мөлшерін төмендетуді ұсынамыз. Айналып келгенде, бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы, – деді Абзал Құспан.
Халық несиені қажеттіліктен алады. Нарықтағы қымбатшылық елдің тынысын тарылтты. Оның үстіне, инфляция деңгейіне адамдардың жалақысы жауап бермейді. Расында, елдегі қарапайым адамдар ай сайынғы табысынан қаржы жинап, баспана немесе көлік ала ма? Жоқ! Мұны бәріміз жақсы білеміз. Үкіметтің халықшыл бастамалары байыпты. Алайда бағдарламалардың жемісін халық көре алмай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ел байлығының тең жартысы 162 адамға тиесілі. Ат төбеліндей аз адам экономиканың маңызды салаларын монополиялап, бәсекелестік ортаны тұншықтырып отыр.
ПАЙЫЗДЫ ТӨМЕНДЕТУ МҮМКІН БЕ?
Егер екінші деңгейлі банктер несиенің пайыз мөлшерін төмендетсе, онда халықтың әлеуметтік жағдайы оңала ма? Жалпы, несиенің пайызын төмендету мүмкін бе? Осы сұрақты экономистерге қойдық.
Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанкелді Шымшық:
– Екінші деңгейлі банктер пайыз ставканы төмендете ала ма? Алдымен осы сұраққа жауап берейік. Бұл мүмкін емес. Неге? Өйткені банктер Ұлттық банктен 16,75 пайызбен қарыз алады. Қаржы институттары табыс табу үшін кем дегенде 8 пайыз қосады. Енді 16,75-ке 8-ді қоссаңыз, 24 пайыз шығады. Тағы да 24 пайыз тұтынушылық несие бере алмайды. Себебі инфляцияны есепке алады. Өткен жылы орта есеппен инфляция 20 пайыз болды. Олай болса, 24 пайызға тағы 20 пайыз қосуға тура келеді. Оған банк секторы өзінің түрлі қызмет түрін қосады. Сөйтіп, 56 пайыз шыға келеді. Міне, мәселенің мәні қайда жатыр?!
2015 жылдан бастап Ұлттық банк «инфляциялық таргеттеуге» көшіп, орталық банк пайыздық ставка саясаты арқылы халықтың тұтынушылық, жинақтау, инвестициялық тәртібіне ықпал етуді қолға алды, – деп мәселенің мәнін ашып берді.
Үкімет таргеттеу саясатын өзгертіп, пайыз ставканы көтеруді тоқтату керек. Бұл – экономиканы тежеп, шағын және орта бизнесті құлдырататын жоба. Бұл ойды экономист Мақсат Халық та қолдап:
– Банктер тиімді пайыз мөлшерін төмендетуді құптаймын. Ұлттық банк 56 пайызға дейін рұқсат беріп, заңмен бекітті. Сөйтіп ел азаматтарын қарыздың қамытына батырып отыр. Менің ойымша, екінші деңгейлі банктер 30 пайызға дейін тұтынушылық несие беретін болса, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалады. Неге десеңіз, қымбат несие азаматтардың жүгін ауырлатып, отбасылық бюджетіне үлкен шығын келтіреді. Әсіресе ұзақ мерзімге несие алса, отбасылық шығындар еселеп артады. Соның салдарынан отбасының берекесі кетіп, несиеден несиеге дейін өмір сүретін болады, – деді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ұлттық банкті басқарған қаржыгер Ғалым Байназар таргеттеу саясатын зерттеп, әлемдегі 200 елдің 16-ында ғана қолданатын тиімсіз жоба екенін дәлелдеп, Ұлттық банкке нақты ұсыныс жасайды. Алайда бас банкир алған бағытынан бас тартпайтын сыңайлы.
Экономист-ғалым Жанкелді Шымшық елде инфляция деңгейі жоғары екенін айтады. Қарапайым тілде түсіндірсек, инфляция – нарықта сұраныстан ұсыныстың жоғары болуы. Яғни сұраныстың артуы тауардың өзіндік құнын қымбаттатады. Біз тауарды қайдан аламыз? Импорттаймыз. Расында импортқа тәуелді елміз. Тұтынатын азық-түліктің 40 пайызын Ресейден тасимыз. Одан бөлек, Қытай, Италия, Корея, Нидерланды, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа елдерден күнделікті тұтынуға керекті тауар түрлерін әкелеміз. Осыны өзіміз өндірсек, жұмыс орындары ашылып, бағасын да анықтауға мүмкіндік болар еді.
– Қаржыгерлер, экономистер Ұлттық банкке инфляциялық таргеттеу саясатынан бас тартуды ұсынып, несиелеуде пайыз мөлшерін төмендетуді талап етуде. Алайда орталық банк отандық экономиканы тежейтін бағдарды ұстанып отыр. Бұған не кедергі екен? Соны түсінбеймін, – дейді Жанкелді Шымшық.
Президент айтқандай, ел байлығының тең жартысы – 162 бай-бағланның иелігінде. Олар мемлекет саясатына тікелей араласып, өздеріне тиімді шешім қабылдатуға ықпал ете алады. Несие пайызы жоғары болғаны оларға тиімді. Несие мөлшері депозитке тікелей әсер етеді. Ұлттық банк несиелеуді 16,75 пайыз деңгейінде бекітсе, екінші деңгейлі банктер депозитке салған қаржыны 16-18 пайыз үстемемен кепілдендіреді. Мәселен, банкке 100 миллион теңге депозит салса, онда ай сайын 16 миллион теңге табыс табады. Көрдіңіз бе, заңдар бай-бағландардың қолайлы өмір сүруі үшін жазылғандай. Осындай ой түйесіз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
P.S. Депутаттар мен экономистер несие пайыз мөлшерін төмендету мәселесін көтерді. Ендігі шешім – Үкіметте. Таразының бір басында – халықтың әлеуметтік ахуалы, екінші жағында – бай-бағландардың жайлы өмірі тұр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!