Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мінбердегілерге мүгедек мұңы жете ме?

03.10.2024, 11:40 214

Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Ғ.Мұратбаев және Қожа Ахмет Яссауи көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне табысталған болатын. Шыны керек, аталған нысан туралы уақытында түрлі пікір айтылған-ды. Көпір емес, теміржол астынан өткел жасалады деген де ақпарат шықты. Тіпті, «көлік өтуге арналған үлкен көпір құрылысы басталады» деген де жаңалық тарады. Хош. Одан бері 1 жылға жуық уақыт өтті. Екі шағын ауданды («Шұғыла» және КБИ мөлтек ауданы – ред.) байланыстырған көпірдің тым қолайсыз салынғанын көпшілік әлеуметтік желіде жиі-жиі жазып жүр. Мамандар нысанның тым биік емес екенін, талапқа сай салынғанын айтты. Көпір құрылысына бюджеттен 268,1 миллион теңге бөлінгенін де айта кетейік.

Ең өкініштісі, былтыр пайдалануға берілген жаяу жүргіншілер көпірінің жеделсатысы әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Алғашқыда қызмет көрсеткендей көрінгенімен, ел-жұрттың  қуанышы  ұзаққа  бармады.

Жақында ғана жеделсатының есігіне мүгедек жан жергілікті билікке ескерту жазып кетіпті. Мүмкіндігі шектеулі азамат деп тон пішуіміздің себебі – мынау. Есіктен «Лифт неге қосылмайды! Қосың­дар! Қалай өтеміз, мүгедектер!?» деген жазуды байқадық. Бірақ, жазудың авторы кім екені белгісіз.

Журналист, мүмкіндігі шектеулі азамат Сәкен Алдашбаев қала аумағындағы мұндай көпірлердің ешқайсысы талапқа сай келмейтінін айтып отыр. Қолданысқа берілмегенін де сонымен байланыстырады.

– Қаламызда 3-4 жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатысы қамтылған көпір бар. Алайда олар тек арбаға танылған жандарға ғана есептелген. Яғни, арбадағы ерекше жандарға арнайы карта береді, сол арқылы жеделсатыны пайдалана алады деп жоспарланған. Бірақ, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге бұл қолжетімсіз. Сондай-ақ, басқа қалалардан, аудандардан келетін ерекше жандарға да қызмет көрсете алмайды. Тағы бір мәселесі, бұл лифт қарт кісілерге де қолжетімді болуы керек, – дейді ол.

«Қызылорда облыстық мүге­дектер қоғамы» ҚБ төрағасы Сағатбек Сиюов «Бізді мұндай нысандарды қабылдап алу коммиссиясына қосу керегін айтып жүргеніме бірнеше жыл болды» дегенді  айтады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы бәрімізді ойландыруы тиіс. Біздің қоғамдық бірлестік те, мен де облыстағы әр ерекше жанның мәселесін айтудан жалықпай келемін. Тек ғана көпір емес, қаладағы, облыс­тағы кез келген құ­рылыс нысаны барлық талапқа сай болуы керек, мұны қоғам болып қалыптастыратын уақыт әлдеқашан жетті. Мысалы, мен «салынып жатқан нысандарды қабылдап алу комиссия­сына қоссаңыз­дар» деп айтып жүргеніме көп болды. Сонда ерекше жандардың кез келген мекемеге кіруіне қолайлы жағдай жасар едік, алдын ала ұсыныс айтар  едік, – дейді  ол.

Белсенді азамат Сәкен Алдашбаев қаладағы жеделсатылардың адам өміріне қауіпті екенін жеткізді. Мұндай нысанды уақытында кім және қалай қабылдап алғанына  таңғалады.

– Ең өкініштісі, бұл жеделсатылар мүгедектердің өміріне өте қауіпті. Ішін көрсеңіз, лифт көтерілген уақытта қабырғалары қолды жарақаттауы мүмкін. Жалпы айтқанда, үлкен ғимараттардағы техникалық жеделсатыны әкеле салған сияқты. Мүмкіндігі шектеу­лі жанның жанында кө­мекшісі болуы керек, бірақ ол жер өте тар, тек арбадағы жаннан басқа ешкім сыймайды. Мұны ешкім ескермеген. Көпірді кімдер, қалай қабылдағанын мен білмеймін.

Меніңше, лифтіні қауіпсіз ету керек. Содан кейін басқа мүгедектер мен қарт кісілерге, кішкентай баласы бар аналарға қолжетімді етуді қарастыру  қажет.

Ең маңыздысы, бұ­ған дейінгі қателіктер үшін кім жауап береді? Неге мүгедектерге қолайсыз болған, олар пайдалануға жарамаған жеделсаты қайта жөнделуі керек? Мұны қабылдап алған адамдарға ескерту беру керек шығар, мүмкін қызметіне сәйкес еместігі қаралуы керек шығар. Жаяу жүргіншілер көпірінің жедал­сатысына  қаралған  қар­жыны кім өтейді? Меніңше, нысанды тексермеу, қателік жіберген адамдарға осыны түзеттірмеу – сыбайлас жемқорлықтың бір сипаты, – дейді ол.

Шыны керек, Қызылорда облысында соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандар өз мәселесін ашық қозғап, ұсынысын да айтуды әдетке айналдырды. Себебі, Қасым ақын секілді «Өзім айтам өз жайымды» дегеннің кері келіп тұр. Жергілікті биліктің де жай-жапсарды түсініп, мәселенің мән-жайына үңілгенін көрдік. Дамыған елдер адам құқығын бұзбауға әрекет етеді және бәрін теңдей көреді. Сол арқылы барлығына бірдей жағдай жасауға тырысады. Мәселе көп, шешім де жоқ емес. Ең бастысы, мінбердегілерге мүгедектер мұңы жетсе екен дейміз…

Рыскелді  ЖАХМАН

Коллажды жасаған Е.Қалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: