Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

МИКРОНЕСИЕ матаған  жастар  алаяқ адымын  алға  басады

19.02.2026, 7:20 37

Телефон шырылдайды. Бейта­ныс нөмір, ар жағында сөзі нық, өзіне сенімді адамның дауысын байқайсыз. Өзін банк қызметкері­мін деп таныстырады, қауіпсіздік бөліміненмін дейді, атыңызға дәл қазір несие рәсімделіп жатыр деп үрейіңізді оятады. Кез келген адам сол сәтте ақылға емес, уайымға арбалып, әрекетінен жаңылады. Алаяқтың бар көздегені де – осы, асықтырып қояды, қоңырауды үздірмейді, бір жолғы кодты айт­қызып, қосымшаға кіргізеді, өзіне-өзі әрекет жасап жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде басқа біреудің қолындағы жіппен қозғалып тұрғанын аңғармай да қалады. Ал ертеңінде ақша бір жақта, қарыз болса сол адамның мойнына жүктеледі. Иә, дұрыс түсіндіңіз, сол әрекет арқылы алаяқтар табыс тауып, көпті сан соқтыруға көшкен. Алданғандардың арасында жастардың үлесі басым. Микронесие матаған жастар алаяқ адымын алға басады деген сөздің бастауы да осында жатыр, өйткені алаяқтар бұрынғыдай қалтаңдағы барыңды емес, қолда жоқ  қаражатты қарызға алдыратын айлакер қауымға айналған. Тиісінше, ақша бір күнде жоғалады, ал қарыз айлап, жылдап ізіңде жүреді. Алаяқ бір күндік олжамен ғайып бола­ды да, оған алданған жастардың  еңсесін қарыздың қамыты  басып, ұят қысып, үй ішіне айтуға қиналып, жүйкесі жұқарып, әлгі алаяқтардың қатарын толықтыруға саналы түрде қадам басады. Мәселе  – осыда.

Ұлттық банкке қарасты Антифрод орталығы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін алаяқтық белгілері бар 80,8 мыңнан астам транзакциялық оқиғаны тіркегенін айтады, оған қоса есірткі саудасы, заңсыз ойын бизнесі, қаржы пирамидаларына қатысты 19,8 мыңға жуық әрекет есепке алынған, нәтижесінде 2,8 млрд теңгеге  күдікті  операциялар бұғатталып, 500 млн теңгеден астам қаражат жәбірленушілерге қайтарылғаны хабарланған. Осындай сандарды көргенде алаяқтықты бірен-саран адамның айласы деп ойлау қиын, мұнда үлкен жүйе бар екенін байқаймыз. Тіпті тұрақты схемасы да жоқ емес. Халықара­лық басылым­дарда Антифрод орталығы 2024 жылғы шілдеден бері 111 мыңнан аса оқиға тіркегені, соның 90 мыңнан астамы алаяқтық санатына жатқызылғаны айтылды. Демек, алаяқтардың басты күші техно­логияда ғана емес, жүйенің жылдамдығын пайдаланып, адамға ойланат­ын  уақыт  бермейтін  психология­лық  қысымда  жатыр.

Енді тақырыптағы алаяқ адымын алға басады деген сөзіміздің мәнін ашып көрейік. Қазір алаяқтық бір адамның әрекетімен біте салмайды, біріншісі қоңырау шалса, біреуі сендіреді, енді біреу ақша қабылдайтын есепшот пен аударым жолын дайындайды, ал басқалары делдал болып жүреді, мұндайда қалғандары техникалық жағын реттеп отырады. Осы жерде дроппер аталып жүрген арадағы адамдар шығатыны да бекер емес, соңғы күндері киберполицейлер алаяқтық схемаларға қатысы бар дропперлер ұсталғанын жиі жариялап жүр. Сол тізімге адам қосылған сайын өзгелердің ізі суып, борыш  жәбірленушінің  атында  қалып  қояды.

Ішкі  істер  министрлігі  2025 жылы байланыс операторларымен бірге 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталғанын, жүйе іске қосылғаннан  бері 85  миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілгенін хабарлады. Factcheck интернет басылымы Бас прокуратураның дерегіне сүйеніп, 2025 жылы телефон алаяқтығынан 6,1 мыңнан  астам азамат зардап шеккенін жазды. Мұнда әр оқиғаның  артында  бір  отбасының уайымы, бір жас адамның жүйкесі, бір адамның ертеңге деген сенімі тұрғанын ескерсек, мәселе жай статистика емес, арты ұзақ әрекетке ұласқан іс басталғанын бақаймыз. Азаттық материалында ресми статистикаға сүйенсек, интернетті пайдала­нып   жасалатын  алаяқтық  өткен жылмен салыс­тырғанда  9 пайыз­ға көбейгені, жыл басынан бері қылмыскерлер 25 млрд теңге жымқырғаны айтылды. Осы тұста 24KZ арнасы да 2025 жылы 11 600-ден астам киберқылмыс тіркеліп, шығын 25 млрд  теңгеден асқанын хабарлаған. Демек, бір жақта қарыз алуға үйренген орта бар, екінші жақта сол әдетті қылмысқа айналдырып алған буын бар. Екеуінің ортасында жастардың үлесі аз емес екенін байқаймыз. Себе­бі жастардың тіршілігі онлайнда, жұмыс іздеу онлайнда, сауда онлайн­да, төлем онлайнда, қысқамерзімді қарыз да – сол жақта. Әрине, мұны жастардың айыбы дей алмаймыз, заманның ыңғайы солай  болып  тұр, бірақ  сол  ыңғай  алаяққа  да  ыңғай  танытып  тұр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жария­ланымында халыққа берілген микронесиелер 2025 жылғы екінші тоқсанда 5 пайызға өсіп, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгеге жеткені, 90 күннен асқан төлемі кешіктірілген  қарыздар  деңгейі  5  пайызға көтерілгені, халық портфелінде  90  күннен  асқан  мерзімі   өткен  микронесиелер­дің  үлесі   6,4 пайыз болғаны көрсетілген. Қарыз көлемі өскен сайын қауіп те өседі, себебі қарыз деген жерге алдымен қысым келеді, қысым келген жерден қысқа жол іздеу басталады, ал қысқа жолдың бойында алаяқтыққа алғашқы қадам күтіп тұрады. Осы кезде микронесие жастарды матап отыр деген сөздің мәнін түсінген шығарсыз. Матайтын тек несие шарты емес, қарыздың айналасындағы үрей, ұят, асығыстық, жалғыз­дық сезімі де бар. Жастардың бойындағы жалғыздық психология­сы өршіп тұрғанын осындайда байқаймыз. Дегенмен, ол  тақырып  турасында  келесі  жазбаларда  жазамыз.

Аймақтағы  ахуал да мәз емес. Мәселен,  2026 жылғы  10 ақпанда Қызылорда облысы полиция департаментінің кибер­қылмысқа қарсы бөлімінің өкілі күмәнді есепшоттарға қатыс­ты 1422 инцидент беріліп, 1279 есепшот бұғатталғаны, жалпы 2,4  млрд  теңге залалдың 1,5 млрд теңгесі тергеу барысында қайтарылғаны жөніндегі деректі мәлімдеп, осындай фактілердің өзі жастардың микронесие мен онлайн төлемге бейім өмір салтын алаяқтардың адам күші бар желі арқылы пайдаланып отырғанын көрсетеді. Бірінің қолы кодқа жетсе, екіншісі ақша айна­лымын жүргізеді, үшіншісі дроппер болып ізді жасырады, ал ақыры қарыздың салмағы сол жас­тың  мойнында  қалады.

Тағы бір маңызды жайт бар, мемлекет микронесиелеу нарығын қатайтып реттеуге көшіп жатыр, 2026 жылы микроқаржы ұйымдарының жұмыс ережелері күшейіп, тәуекелді басқару талаптары кезең-кезеңімен арт­қаны туралы ақпараттар жарияланды, мақсат шамадан тыс қарыздануды тежеу екені айтылды. Реттеу күшейсе де, алаяқтықтың тамыры бір  күнде  шіріп те кетпейді  ғой, өйткені алаяқ адамның әлсіз тұсын іздейді, ал әлсіз тұс көбіне заңда емес, адамның асығыстығында жатады. «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз осындайда айтылған тәмсіл шығар. Қарапайым жеткізсек, алаяқ ойланатын уақытыңызды тартып алып, тексеруге мұрша бермей, қарыз­ға  батыра  салады.

Қазіргі  алаяқтар ақшаны ғана емес, қоғамның өзара сенімін де жоюдың алдында тұр. Бір рет алда­нып қалған буын банк қоңырау шалса да селк ете түседі, кез келген хабарламаға күмәнмен қарай­ды, сенім жоғалған жерде, әрине, қоғамның тынысы тарылады. Сол себепті шешім тек жеке сақтықпен шектелмейді, бірақ жеке сақтық ең бірінші қорған екенін атап өткен жөн. Қарапайым тәсіл, телефонмен сөйлесіп отырып бір жолғы кодты айту­ға болмайды. Қоңырауда отырып несие жабу неме­се қарсы несие рәсімдеу жайлы ұсыныстың бәрін қауіпті белгі ретінде қабылдау керек. Сондай жағдай бола қалса, ресми нөмірді өзіңіз тауып қайта қоңырау шалуыңыз керек. Жоғарыда айт­қанымыздай, асығыстыққа еру – сізді құрдым­ға жіберетін қадам. Ал ең қорқыныштысы, жәбірлену­ші болған жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Уақыт өткен сайын із суиды, мүмкіндік тары­лып кетеді, сол үшін жедел әрекет ету керек. Мына қарапайым тәртіптерді әдетке айналдыр­май, микронесие­нің көлеңкесінде алаяқтардың сценарийі іске аса береді. Кейде жүйрік қадам әрдайым жеңіс әкелмейтінін ұғыну керек. Тиісінше, кейде баяу  қадам  ғана  адамды  аман  алып  қалады.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: