Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маңғыстаудағы резиденциялар кімнің меншігінде?

29.04.2022, 17:15 495

Журналистік зерттеу

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Алматы қаласындағы президенттің қызметтік резиденциясы сүрілетінін, оның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынатынын халық ризашылықпен қабылдады. Осы орайда Маңғыстау облысындағы резиденциялардың да ендігі жағдайы қалай болатыны көпшілік үшін қызық шығар.

Мәселен, «Ақтау қаласындағы қонақ үй кешені мен резиденция, айналасындағы ат шаптырым аумақ қазір кімнің меншігінде?» – деген сұрағымызға Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Сәркенов өз құзіреті шеңберінде ғана шағын жауап берді: «Бұл кешен 2007 жылғы 19 желтоқсандағы №136 жер учаскесін сатып алу-сату шарты негізінде «Oil Real Estate» ЖШС-нің жеке меншігіне өткен екен. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – «Вилла» құрылысын салу және қызмет көрсету. Жер көлемі – 225,94 га».

Ал ол кешеннің иесі кім? Жылдық табысы қанша, өзін-өзі ақтап келе ме? Салықтарын Ақтау қаласына, яғни жергілікті бюджетке төлей ме? Неше адамды жұмыспен қамтып отыр? Резиденцияға президенттер қашан және неше рет келді? Қалған бос уақытта қандай қызмет атқарады? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Маңғыстауға келген сапарларында ол резиденцияда болды ма? Биік қоршау ішінде, қонақ үйдің айналасында өсіп тұрған тал-теректерден бөлек тағы не бар? Қала әкімдігінде бұл қоршауды бұзып, болашақта халық игілігіне беру жоспары бар ма? – деген сұрақтарымыз жауапсыз қалды.

Тағы бір резиденция – «Кендірлі» демалыс аймағындағы «Қос ада» аралы көп жылдан бері бос тұр. Бір кездері онда Елбасы келіп демалатын еді. «Қазір ол жер кімнің немесе қай мекеменің меншігінде және ондағы нысандардың статусы қандай?» – деп, Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әкімдіктеріне журналистік сауал жолдадық. Аудан мен қала басшылығы бір-біріне сілтей отырып, сұрағымызға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев ресми жауап жазды: «Жаңаөзен қаласы «Кендірлі» демалыс аймағындағы «Қос ада» аралында орналасқан кад. нөмірі 13-197-023-029 жер учаскесі Құрық ауылы әкімінің 24.08.2012 жылғы №217 шешімі негізінде «Разведка Добыча «ҚазМұнайгаз» АҚ-на уақытша өтеулі ұзақ мерзімге пайдалануға берілген. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – демалыс орнын салу.

Ал кад. нөмірі 13-197-017-188 жер учаскесі 20.05.2013 жылғы №А080513170 жер учаскесі сатып алу-сату шарты негізінде «Гелиос» ЖШС-нің меншігіне берілген. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – сауықтыру кешені құрылысын салу». Осы тым қысқа жауаптан демалыс орны мен сауықтыру кешені және иелері туралы басқа мәлімет біле алмадық.

Ендігі ең бір елеулі демалыс орны – RIXOS Water World Aktau қонақ үйлер кешені. ҚР Туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте (23.09.2020) RIXOS-тың бас менеджері Махмут Жәрімбетов бұл қонақ үйдің Нұр-Сұлтан қаласында тіркелгенін, салығы Маңғыстау облысының бюджетіне емес, астанаға түсетінін айтты. Ал осы қонақ үйдің бас директоры Серік Исағалиев көп уақыт өтпей журналистерге берген сұхбатында RIXOS-тың Маңғыстау облысында тіркелгенін мәлімдеді. Екі түрлі жауап қоғамды қанағаттандырмады және халық көңілінде күмән қалдырды. Сонымен, RIXOS Water World Aktau негізінен ресми түрде қайда тіркелген? Оның қомақты салықтары қайда төленеді?

Осы және басқа да сұрақтарымызға аталмыш қонақ үйлердің ресми өкілдері жауап берсе де болады. Сондай-ақ қоғам белсенділері мен бейтарап бақылаушыларды бұл бағытта бірге тексеріс жүргізуге шақырамын.

Өйткені өлкемізге анда-санда бір келетін Елбасы мен Мемлекет басшысының атын пайдаланып, қалған уақытта жеке бизнесін жүргізіп отырған компанияларды қатаң қадағалап, мүмкіндігінше демалыс аймақтарын жалпы халыққа қолжетімді қылатын кез әлдеқашан жетті.

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: