Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КОЛЛЕКТОР ҚЫЗМЕТІ: ҚОРҚЫТУ МА, ҚОРҒАУ МА?

25.04.2024, 12:20 705

Ел бойынша 2 ипотекалық ұйым, 21 екінші деңгейлі банк және 924 микроқаржы ұйымы бар. Бұл – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми дерегі. Қазір қаржы институттарының тұтынушысы қалың. Мәселен, Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылдың 1 сәуірінде 7,9 миллион адам тұтынушылық несие алды. 2024 жылғы 1 қаңтарда 8,5 миллион адамның банктер мен қаржы ұйымдарына 19 триллион теңге қарызы қалыптасты. Өз кезегінде, банктер қарызды коллекторға өткізіп жібереді. Нәтижесінде коллекторлар борышкерлерді жиі мазалап, қорқытып-үркітіп, қарызды өндіруге күш салады. Біз саланы реттейтін агенттікпен және заңгерлермен хабарласып, борышкерлердің құқығын қорғаудың мән-жайын білдік.

МОРАТОРИЙ  ЕНГІЗІЛЕ  МЕ?

2016 жылы түсірілген режиссер Алексей Красовскийдің «Коллектор» киносында банкке қарызын уақытылы өтемеген клиентті нысана­ға алып, қоқан-лоқы  көрсетіп жүргенін көресіз. Ресейде түсірілген фильмнің сюжеті біздің елге де ұқсас. Коллектор банк алдындағы міндетін дұрыс орындамаған борышкерді жиі маза­лап, бопсалап, сес көрсетіп, қарызды өндірудің түрлі әдіс-тәсілін қолданады. Заң тұрғысынан  білімі аз адамдар психологиялық қысымды көтере алмай, өз-өзіне қол жұмсаған жағдайлар аз емес. 2023 жылы 12 қазақстандық  несие  берешегі салдары­нан  өз-өзіне  қол жұмсаса, 40 азамат несиесін  өтеуге  қажетті  ақшаны  алу мақсатында  түрлі  қылмысқа  барды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Тоқаев іске араласып, Парламентке коллекторлық агенттіктердің ісін қайта қарап, заңды қатаң­датуды тапсырды. 2023 жылы ел азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң шеңберінде коллекторлық қызметті реттеу қатаңдады. Бірақ коллекторлар айылын әлі жияр емес. Көп жағдайда коллекторлар өзін тергеуші немесе прокурор ретінде таныстырып, түрлі тәсілмен борышкерге қысым жасайды. Кең тараған түрі – тұрғын үйін немесе жылжымайтын мүліктің басқа түрін тартып алатынын немесе банктегі есепшотын бұғаттап тастайтынын айтып, қорқытады. Шын мәнінде, банктердегі шотты тек сот, прокуратура, тергеу, кеден, салық органы ғана бұғаттай алады. Адвокаттар, коллекторлар және заңгерлерде мұндай  өкілеттілік  жоқ.

Коллектор – қарызбен жұмыс істейтін маман. Яғни борышкер мен несие беруші арасында делдал қызметін атқарады. Қарыз беруші төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда ғана коллектор қызметіне жүгінеді.

Жақында Парламент тыңдауында екінші деңгейлі банктер коллекторға проблемалық несиелерді сатуға екі жылға мораторий енгізу ұсынылды. Егер заң қабылданған жағдайда коллекторлардан келетін қауіп уақытша тоқтайды.

Мәжіліс депутаты, заңгер Үнзила Шапақтың  сөзінше,  соңғы  жылдары  екінші деңгейлі банктер  мен  микроқаржы ұйымдары  өз балан­сын  тазарту  үшін  жеке  тұлғалардың  проблема­лық  несиелерін  айтарлық­тай жеңілдікпен  коллекторларға беру практикасы қалыптасты. 2024 жылдың 1 қаңтарында ел бойынша 890  мың   адамның 382 миллиард теңге қарызы коллекторлық агенттіктерге берілді. Яғни коллектор едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарызын сатып алып, қарыз өндіруде. Осы себепті төлем мерзімі өткен қарыздарды 24 айдан кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылды. Тіпті банктердің коллекторға қарызды сатпау жағы қаралды. Қаржы инс­титуттарында берешек пакеті көбейген жағдайда лицензиясынан  айырылуы  да  мүмкін.

МАЗАЛАЙ  БЕРСЕ,  НЕ  ІСТЕЙМІЗ?

2017 жылы Қазақстанда коллек­торлық қызмет заңды түрде енгі­зілді. Алғашқы кезде ел бойынша 10-нан аса коллекторлық агенттік тіркелсе, 2024 жылы ақпан айында 187-ге жетті. Соның 14-і Астана қала­сында өз қызметін іске асырады. Елордада «Гарант плюс», «Секьюрити систем», «Коллектор инвест», «Коллектор партнерс», «Titanium», «Парыз», «Platinum Collection» және тағы  басқа  агенттіктер  өз  қызметінде жұмыс  істейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Азамат Кенже:

– 2017 жылғы 6 мамырда күшіне енген «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен негізі коллектордың қыз­меті реттеледі. 22 баптан тұратын заңда  коллекторлық  агенттіктің мiндеттерi мен құқығын және олардың қызметін бақылау және тағы басқасы  қамтылды.

Коллекторлар берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу қыз­метін іске асырады, сондай-ақ кре­диторға  байланысты ақпарат жи­най­ды. Агенттік борышкермен және оның  өкілімен  сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін телефон арқылы сөйлесуге, жеке кездесуге шақыруға неме­се ұялы телефон арқылы мәтіндік, дыбыс­тық хабар жібере алады. Коллектор ретінде таныс­тырған қыз­меткер агенттіктің тіркеу нөмірі, мекенжайы, өзінің аты-жөні және кредитордың атауы туралы ақпарат беруі міндетті. Әрі борышкерді  аптасына 3 реттен артық  мазалауға құқығы  жоқ, – деп  түсіндірді.

Коллекторлардан қысым көрген адамдар аз емес. Астана қаласының тұрғыны Самат Айтжанның айтуынша,  2005  жылы «Альянс банктен» несие  алады. Қаржылық қиындықтарға  байланысты несие­сін төлей алмайды. 2008 жылы АҚШ-тағы бірнеше ірі банктің банк­роттығы америкалық банк жүйесін күйзеліске ұшыратып, нәтижесінде әлем елдерінің экономикасына кері әсер етті. Аялдамалардағы шағын кеңселерінде несиені тегін ақшадай таратқан «Альянс банк» жабылды. «Кредиттен құтылдым-ау!» деп жүргенде, коллектор хабарласып, бопсалап, қорқытып, мойындатып, қарызын өтеуді міндеттейді. Міне, осындай жағдайда не істеу керек? Бұл сұраққа Қаржы нарығын реттеу және  дамыту агенттігінің ресми өкілі  Азамат  Кенже:

– Коллекторлар борышкермен және оның өкілімен байланысу кезінде жосықсыз әрекеттер – борышкердің ар-намысына, қадір-қасие­тіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіруге және мәліметтерді таратуға, қысым көрсетуге, жеке басын қорлауға, құжаттарды бұрмалауға, бопсалауға болмайды. 2021 жылы мамыр айында заңнамалық деңгейде борышкермен, оның өкілдерімен  өзара іс-қимылдың  барлық жағ­дайын міндетті аудио және бейне тіркеуді, коллекторлық агенттіктерге  тіркелмеген нөмірлерден байланысуға тыйым салуды көз­дейтін қосымша шектеу енгізілді. Егер коллектор жосықсыз іс-қимыл­ды қолданса, борышкер біздің агенттікке шағымдануға құқылы, – деп жауап  берді.

Расында, коллекторлар көп жағдайда «Альянс банктен» 2005-2013 жылы несие алып, төлемегендерді мазалады. Бұл банк 2011-2014 және 2015-2018 жылы коллекторлық агенттіктерге несиелерді өндіру туралы келісімшартты сатады. Яғни несиелер банк балансынан шығарылды. Алайда коллекторлар құқықтық-қаржылық сауаты төмен адамдарды қорқытып, қаржы өндіреді.

«Коллекторлық компанияның қорлығын көрген адамның бірімін. Отбасылық жағдайға байланыс­ты банктен несие алған едік. Бір жағ­дайға байланысты үш айдың төлемін төлей алмадық. Банк өкіліне жағдайы­мызды түсіндіріп айт­қан едік. Бірақ олар біздің несиелік жауап­кершілігімізді коллекторлық компанияға ауыстырып жіберді. Коллекторлар бізді қорқытты, айтпа­ған сөздері қалмады. Бәрібір біздің төлейтін жағдайымыз болмады. Ал айыппұл мен үстемені қосқанда қарызымыз 680 мың теңгеге жетіпті. Содан сотқа жүгіндік. Жұмыссыз болғандықтан, төлей алмағандығымыз жөнінде сотқа арыз жаздық. Банк пен коллекторлық компанияның үстемелері мен айыппұлы алынып, 356 мың теңге төлеу керек­тігіміз жөнінде сот шешімі шықты. Қазір айына 20 мың теңге төлеп келеміз. Осылайша, коллекторлар қорлығынан құтылдық» дейді Астана қаласының  тұрғыны  Жәмила Қ.

– Коллекторлар үшжылдық талап қою мерзімі өтіп кеткен қарызды түрлі айла-амалмен қорқытып, борышкерге қарызды мойындатады. Егер мойындаған болса, онда үшжылдық талап қоюдың мерзімі жаңарады. Осы жағдайда коллекторлық агенттіктер дереу сотқа оңайлатылған тәртіппен (борышкердің қатысуынсыз қысқа мерзімде) талап-­арыз  жолдайды.

Борышкер егер коллектор пәтерге рұқсатсыз кірсе немесе заңға қарсы басқа әрекет жасаса, құқық қорғау органдарына өтініш жаза алады. Сондай-ақ аудио немесе бейне медиа­да коллекторлармен қарым-қатынас жасаудың бүкіл процесін жазып алуға және осы материалды сотта дәлел ретінде пайдалануға болады және сот арқылы мораль­дық өтемақы талап етуге құқығы бар, – дейді заңгер Дәулет Тұрабаев.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: «Ханнан қарыз алма – басың кетеді, байдан қарыз алма – малың кетеді, досыңнан қарыз алма – берекең кетеді» деген ескіден қалған тәмсіл бар. Байдың бәрі қайырымды  емес,  достың  бәрі қаржылы  емес. Халықтың қарыз  сұрап  баратын    жері – банк. Егер қарызды төлей алмасаңыз, алдымен банк қызметкері хабарласады. Талапты орындамасаңыз, ісіңіз коллекторларға өтіп, үздіксіз қоңыраудың астында қаласыз. Оған көнбесеңіз, коллекторлық қысымға дайын болыңыз. Ең дұрысы, банктермен дос болмау керек-ақ. Бірақ  айтуға  бәрі  оңай!

«Халықтың» коллажы.

Инфографиканы жасаған А.Құрманқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: