Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көші-қон үдерісі: залалы мен зардабы

13.10.2022, 11:20 342

Газетіміздің  белсенді  оқырманының бірі Мэлсь Ысқақов телефон арқылы  хабарласып, өткен  нөмірден «Миграциялық үрдіс:  күнгей мен көлеңке» атты мақаланы оқығанын, алайда Ресейден келетін көштің зазалы мен  зардабына  неге  тоқталмағанымызды  сұрады.  Содан  осы  бағытта ізденіп көрдік.

НЕ  ІСТЕЙМІЗ,  ҚАНДАЙ  АМАЛ  БАР?

Алдымен көші-қон нөпірі және ресейліктерді елге қабылдауда ескеру керек мәселені талдасақ.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанға 200 мыңнан астам Ресей азаматы кірсе, 147 мыңы елден кеткенін мәлімдеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзінше, 70 мың  ресейлік  ЖСН  алды. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі  бойынша мигранттар саны 350 мыңға жетті.

Қайсысына сенеміз, көшіп-қонушылар туралы цифрда жүйе жоқ, бір-бірімен сәйкес­пейді. Екі министрліктің дерегін салыстырып көрейікші, Ішкі істер министрінің мәліметі бойынша елде 53 ресейлік қалуы тиіс, алайда 70 мың ресейлік ЖСН-ді қалай алып, елге қоныстанды? Бейресми дерек көздеріндегі ақпарат шындыққа жақын секілді. Мәселен, Қазақстанның ұялы байланыс операторы Beeline-ға 1 миллион 680 мың ресейлік қосылыпты. Соның салдарынан интернеттің жылдамдығы  баяулапты-мыс.

Үкімет миграцияға байланысты дерек пен дәйекті біріздендіріп, сенімді ақпарат берер. Маңыздысы, елге келген еріксіз миграттарға қандай  шара  қолдану  керек?

Бұл турасында сенатор Нұртөре Жүсіп  былай  дейді:

– Біріншіден, жағдайды анықтап, жедел шешім қабылдау үшін премьер-министр арнайы мемлекеттік комиссия құрып, оны не өзі, не орынбасарының бірі басқаруы тиіс. Комиссия келіп жатқандардың санын, жасы мен жынысын, жұмысы мен мамандығын, басқа да жеке басына қатысты, оның ішінде түрлі қылмысқа қатыстылығын анық­тауға арналған мәліметтер базасын құруы  қажет.

Екіншіден, комиссия келгендер­дің өтініші мен басқа да тіршілікке қатысты бұйымтайын қарап, тиісті шешімді Үкіметтің қарауына ұсынуы керек. Алдымыз – қыс. Келгендердің қаржысы, азық-түлігі таусылуы мүмкін. Елдегі қымбатшылық онсыз да өршіп тұр. Страте­гиялық тұрғыда ең алдымен Қазақстан тұрғындары тарықпауы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің материалдық-техникалық мемлекеттік резерві қаншалықты? Соның бәрі қайта  есептелуі  тиіс.

Үшіншіден, құзырлы органдар – Ішкі істер министрлігі, ҰҚК, Шекара қызметі мен Көші-қон коми­теті Қазақстанның әр аймағына жергі­лікті өңірлер басшылыққа алатын нақты іс-әрекеттер пакетін әзірлеп, қажетті нұсқаулықтарды ұсынуы тиіс. Бірінші кезекте түрлі арандату әрекеттерінің алдын алу, ұлт­аралық жанжалды болдыр­мау, елдегі тұрақтылық пен тыныш­тықты сақтауға бағытталған шара­ларды мемлекеттік  комиссияға ұсынуы  қажет. Олардың арасында тыңшылық қызмет атқаратындары да болуы мүмкін ғой. Оған Қорғаныс министрлігінің маңында дрон ұшырып  жүрген екі ресейлік азаматтың  ұсталуы  дәлел  бола  алады.

Төртіншіден, Қазақстан Респуб­ликасының бірқатар заңдарына – Көші-қон, Отбасы және неке тәрізді заңнамаларға күн тәртібінен туындайтын нормаларға, әсіресе ықтияр­хат алу мерзімі мен азаматтық алу мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтыру енгізуге тура келетін сияқты. 90 күнгі ықтиярхат мерзімін қайта қарау керек. Азаматтық алу үшін қазақстандық тұрғындармен некеге отыру тәртібі қатаң қадағалануы тиіс. Бұл норма да қайта қарауға жатады. Қазір некені рәсімдеу электронды әдіспен жүргізіледі. Мұндай некеге отырушылар 3 жылдан кейін оп-оңай азаматтық алудан дәмелі. Сондықтан бұл тараптағы заң баптарын  қайта  қарау  өте  маңызды.

Бесіншіден, келгендер елдегі пәтер­ақы мәселесін шарықтатып жібергені мәлім. Бұдан ЖОО  мен колледж студенттері едәуір зардап шегіп отыр. Қыста не пәтер жоқ, не жатақхана жоқ, студенттеріміз қалай күн кешеді? Тұрақтап қалғысы келетіндердің бәріне баспана қайда? В-Grоup секілді құры­лыс компаниялары уақытша баспана тұрғыза ала ма? Модульды баспана салу арқылы келгендерді арнайы лагерьлерге орнал­астыру, сол жерде Қазақ елінің заңдары мен тұрмыс салты­мен, мәден­иетімен таныс­тыру, мемлекеттік тілді меңгеру­ге үйрету амалы жасалса, қалай бола­ды? Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыр­ғысы келетіндер де, уақытша ықтиярхатпен тұратындар да осындай ортақ талаптарды қабыл алуы  тиіс.

Қазақстанға келген қашқындар унитарлы мемлекетке келгенін білуі тиіс, түсінбесе түсіндірудің еш артықшылығы жоқ. Неге дейсіз бе, Орал қаласында екі ресейлік ішім­дікке тойып алып, көпшіліктің мазасын алса керек-ті. Содан соттың шешімімен елден шығарылды. Мұндай жағдай тағы қайталанбайтынына  ешкім  кепілдік  бере  алмайды.

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, бірнеше талап қойды.

Біріншісі – миграция қауіпсіздіктің қатерлерін ғана туғызбайды, саяси интеграциялық рөлі басым. Сондықтан Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін нақтылап, жауап беру  керек.

Екіншісі – әрбір қоныс аудару­шыны қос азаматтық фактісі бойынша тексеру және нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдану маңызды.

Үшіншісі – ақпараттық қауіп­сіздікті қатаң бақылап, яғни, әлеу­меттік желілерге, келушілердің чаттары­на контент сараптама жа­салуы  тиіс.

Расында, «орыс әлемі» идеясымен уланған ресейліктердің әлеу­меттік желідегі аккаунтына мониторинг жүрізу – маңызды міндет. Импералистік-шовинистік саясатпен рухтанған қашқындар ұлтаралық  кикілжің тудыруға себеп болуы да әбден  мүмкін  ғой!

Аbai.kz порталының бас редак­торы Нұргелді Әбдіғаниұлының сөзімен айтқанда, әр қалада арнайы лагерьлер құрылып (стадиондар, қонақ­үйлер), онда еріксіз мигрант­тарды орналас­тырып, оларды меди­циналық тексерістен өткізіп, психикалық, саяси көзқарасын білу маңызды. Бастысы, оларды балабақ­ша мен мектепке, колледжге  жұмыс­қа  алмауы тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың ең оңтайлы  жолы.

ЗАЛАЛЫ  ҚАНДАЙ,  ЗАРДАБЫ  АУЫР  МА?

Бұған дейін Ресейдің 382 азаматы біздің елде тұрақты тұру үшін және 64 азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжат тапсырғаны айтылған еді. Келген ресейліктердің басым көпшілігі тұрақты тұруға ниетті екені айтпаса да түсінікті. Өткенде Сауран көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымызда, бірнеше ресейлік келешегін біздің елмен байланыстыратынын айтты да. Олардың  арасында қос елдің азаматтығы  бары  да  анықталды.

Бұл ағымды біздің экономикамыз көтере ала ма? Ішкі ресурстық потенциялымыз жете ме? Міне, редак­цияға хабарласқан ел ағасын осы  сұрақ  толғандырады  екен.

– Миграцияның қоғамның этни­калық құрамы мен әлеуметтік-демог­рафиялық жағдайына әсері ескерілуі тиіс. Соңғы күндері Ресейден келген көштің салмағын көшеде, сауда орындарында көрудеміз. Орыстар қаптап кетті. Күнделікті дүкенге барамын. Немерелеріме тәтті аламын. Нансыз асты тамақсынбаймыз ғой! Алайда соңғы күндері кешкі сағат 17.00-ден кейін нан қалмайтын болды. Неге? Өйткені сұраныс артты. Солай! Енді нан қымбаттамаса болғаны, – деп ойын ашық  білдірді  Мэлсь  Ысқақов.

Әрине, нарықтың заңдылығы сұраныс пен ұсынысқа сай реттеледі. Нарық өз бағамын солай табады. Ресейліктердің қарасы көбейген бойда жалдамалы пәтерлердің бағасы екі есе қымбаттап шыға келді. Ұзақ мерзімге келген қонақтар 3, 4, 5 жұлдызды қонақүйлерге қаржыны шығындамайтыны анық. Олар жалдамалы пәтер іздейді. Бұған дейін екі бөлмелі пәтер орташа 160-180 мың теңгенің аралығында болған-ды. Қазір ше, 300-450 мың теңгеге құбылды. Бұл қаржыға пәтер жалдап тұруға ел азаматтарының қалтасы көтермейді. Өйткені, теңге құнсыз, жалақы мардымсыз. Амалы жоқ жастар вокзал мен мешітті жағалап жүр. Бұл – шындық. Ақсақалдың ойы  осыған  сайды.

Ресей басшысы Путин  моби­лиза­ция жариялағалы орыстар көштің бетін Польша, Финляндия, Норвегия, Израиль, Эстония, Литва, Моңғолия, Грузия, Армения, Өзбек­стан, Қырғызстан және т.б. елдерге бұрды. Қазақстан мен Ресей­дің арасында 7,5 мың шақырымнан асатын шекарада 30-дан астам өткізу пункті барын ескерсек, біздің  елге келушілер көп болатыны айтпаса  да  түсінікті.

Мейлі ғой, Еуразиялық экономикалық одаққа кірген елдер­дің келісімшартының аясында бір-бірінің алдында міндеті бар. Сол бойынша кез келген ресейлік халық­аралық паспортсыз біздің елге келіп-кетсе, қазақстандықтар да солтүстіктегі көрші елге емін-еркін барып-қайта  алады. Бұл – түсінікті.

Алайда оқырманымыз айтқандай, ұлы көштің залалы мен зардабы қандай  болады?

Қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаман­ұлы:

– Ресейден әлемге жайылып кеткен орыстардың жалпы саны шама­мен 15 миллионға жетті. Бұған алаңдамасақ, 2023 жылдың көкте­мінде 1,5-2 миллион ресейлік Қазақ­станның еңбек нарығына келеді. Бұл аз болғандай, тәжік, қырғыз, өзбек мигранттары Қазақстанда тағы өріп жүр. Олардың да саны жыл сайын артып келеді. Ресейдегі «расизмнен» және құлдыраған экономика салдарынан ортаазиялық мигранттар «Қазақстан еңбек нарығын жайлы» көріп, соңғы 2 жылдың ішінде ішкі істер органдарынан 1,5 миллион рұқсатнама алып, оны тағы ұзартты. Мұндайда зиян шегетiн – iшкi еңбек нарығы, екi қолға бiр күрек таппай қиналатын – тағы да қарапайым қазақтар, – деп пайымдайды.

Шыны керек, біздің елдің сервистік қызметі 3-4 миллион адам келсе көтере ала ма? Өте өзекті сұрақ. Екінші жағы, еңбек нары­ғындағы бәсекенің артқаны отандастарымызға ауыр тиетіні анық.

Бірнеше күн бұрын көзі жәутеңдеп жүрген ресейліктер орнығып, қажетті  пәтерін  жалдап,  бой үйретті. Енді не керек? Бірінші кезекте – жұмыс. Қазір келушілердің көбісі элиталық орыстарға жатады. Яғни тұрақты жұмыс істеген, тіпті табыс­ты деуге болады. Өйткені олар мініп жүрген көлікке біздің қара­пайым азаматтар қол жеткізе алмайтыны  сөзсіз.

Екінші кезекте – олар отбасын ертіп келген жоқ. Салт келді. Уақытша болса да әйел іздейтіні анық. Біздің елде «кәрі қыздар» мен ажырасқандар көп. Бұл дегеніңіз, олар неке шарттарын жасаса, азаматтық  алуы  қиын  болмайды.

Үшінші кезекте – олар да ет пен сүйектен жаралған, тамақ іздейді. Әсіресе ішімдік түрлеріне сұраныс артады. Сөйтіп, «арақ ішу культі» басталады.

Төртінші кезекте – әлем бо­йынша Ресейде СПИД-тің таралуы жоғары. Көрші елде 1 миллионға жуық адам ВИЧ жұқтырғаны белгілі. Оның үстіне, коронавирустың дельта-штамм түрі кең таралуда. Елге келген қашқындардың арасында жұқпалы ауруларды тасушылар болса, біздің елдің медицинасына  ауыр  соққы  болмай  ма?

Бесінші кезекте – отандық нарық­та  рубльдің  шамадан  тыс кө­беюі салдарынан теңге құнсыз­данатыны түсінікті. Дерек көздерінде, ел аумағында рубльдың қоры 25-30 миллиардқа жеткені туралы ақпарат  бар.

Ғалым Сатжан Мейіржанов өзінің зерттеуінде сыртқы миграцияның қауіпсіздік контексіндегі проблемаларды зерттеп, көші-қон үдерісінің практикалық нәтижесін талдайды.

Мигранттардың көптеп шоғыр­лануы ең бірінші ішкі нарыққа нұқсан келтіріп, аумақтық еңбек нарығында жұмыссыздық проблемасын өршітеді, ұлттық мәселелерді шешуде белгілі бір деңгейде кедергі  келтіреді.

Екінші аспект – мигранттардың белгілі бір категориясының еңбегін көлеңкелі экономикаға пайдалану әрекеті артып, қылмыс түрінің көбеюі­не  әкеледі.

Үшінші  аспект – ішкі капиталды сыртқа шығару үдерісі артып, экономикалық  қауіпсіздікке орасан зор қауіп төндіреді. Мәселен, елге келіп-кеткен ресейліктер ішкі сервистік қызмет түрлерінің қымбаттауына және ішкі нарыққа сәйкес өндірілген өнім  түрлерін сырт­қа  әкетіп,  дефицит  болады.

Қысқасы, миграциялық ағым – елдің қауіпсіздігіне, террито­риялық тұтастығына кері әсер ететін құбы­лыс.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

Астана  қаласы

P.S. Миграциялық үдерістің ғаламдық деңгейдегі проблемаға айналғалы қашан? Африка мен Азияның халқы «өз үйі – өлең төсегін» тастап, Еуропа пен Америкаға көптеп қоныс аударуы саясаткерлердің жүрсе ойынан, жатса түсінен шықпайтын құбылысқа айналды. Қазақстан билігі мұндай жағдаймен тұңғыш рет бетпе-бет келуде. Артын бағайық!..

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: