Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көше көріксіз, тұрғын көңілсіз…

10.06.2021, 11:30 2608

Бүгінде жол салу мәселесі дұрыс жолға қойылмаған сыңайлы. Әйтпесе, жаһандану кезінде көшелердің жаңаруы жиілемей, бәсеңдеп кетті. Көшенің көріксіз, тұрғынның көңілсіз болуы да кедір-бұдыр жердің көптігінен болып отыр. Осындай түйіні шешілмеген түйткілді мәселе тағы да туындады. Жалған уәдеден шаршаған тұрғындар жол салудың қамын ойлап әлі әлек. Бұл жағдай Тасбөгет кенті, Сәкен Сейфуллин атындағы көшенің аяқ жағына жолдың салынбауы салдарынан болды. Жазда құмы көтеріліп, шаңы шығатын көшенің көктемде нөсерлетіп жаңбыр жауғандағы жағдайы мүлде бөлек. Шелектеп құйған жауын көшені көл қылғанда, жолы жоқ жолаушы батпандай балшықтан шығудың жолын ойлап бас қатырады. Тұрғындармен тілдесіп көрген едік, қиындығынан қамығып отырғанын  жеткізді.

– Мен 1977 жылы осында көшіп келдім. Бірақ мұнда әлі асфальт салынбады. Қарап отырсаң барлық көшелерге жол салын­ған, бәрі тегіс, – деді көше тұрғыны Күлия Сәдуақасова.

Иә, расында да «Елу жылда ел жаңа» дейміз. Бірақ неге  40 жылда бір көшенің өзі жаңармай келеді? Әлде көкірек көзі сайрап  тұр, бірақ  қолды  байлап тұрдың кебі ме бұл? Сонда қолды  байлап  тұрған  не  нәрсе?

Басшылықтың есігін бір емес, алты мәрте қаққан Айнагүл Ниязымбетова көтерген мәселесінің шешімі әркез сәтсіз, нәтижесіз болғандығын тілге тиек етті. Не де болса, үзілді-кесілді үмітін үзбеген жандар жолдың салынуын қалайды. Соңғы рет 2020 жылдың көктемінде көтерген осы мәселе қарау­сыз қалмағанымен, хабарсыз қалған-ды. Себебі, өзгеріссіз тұрған, салын­баған сол жолдың қалпы. 25 машина құмды төгіп, тұр­ғын-дарды солай жұбатып, сол күйі іс аяқсыз қалған. Енді, неге осы жұбаныштың  артын  қуанышқа  ұластырмасқа?

Тағы бір тұрғын Серік Күлімбетовтің сөзін негізге алсақ, «жазда онша байқалмайтын жолдың қиындығы қыстыгүні жанға батады» дейді. Шынында да, зымырандай жүйткіп өтетін жеңіл көлік пен гүрілдеген «Камаздың» шаңды аспанға көтеретінін былай қойғанда, қыстыгүні балалардың мектепке баруы қиынға соғады. Себебі, көше тұрғыны Баян Байтілесованың айтуынша, «Қыста балалар екі аяқкиіммен қатынайды» екен. Сонда автобусқа дейін лайды кешпей, батпаққа батпаудың   бір-ақ амалы сол болып көрінеді. Сонда сабаққа асыға жөнелген оқушы сөмке көтере ме әлде етігін тасып, оны тазалаумен әлек бола ма? Батпаққа батып, балшыққа былғанған балалар «көз жасы көлдей болып» сабаққа кешікпеуді негізге алады. Сондықтан тұрғындардың тілегі де сол. Күз мезгілі басталып, білім күніне дейін тегіс жол салынса деген ой.

Осындай әуресі көп, жұмысы жеткілікті жолға тіпті жедел жәрдем де жедел жете алмайтын көрінеді. Кедір-бұдыр жолдың нашарлығынан тікелей көшеге келе алмай, тегісін іздеп айналшықтап жүруге тура келеді. Осыдан кейін олар уақытында үлгеріп қалай жылдам жетсін? Көзге көрінер көшенің көркін кіргізіп, оны әспеттеп, әдемілеп қана қоймай шеткі жаққа да мойын бұрып, бір сәт көз қиығын салып, назар аударған да дұрыс.

Не де болса, бұл жағдайдың жақында түйіні шешіледі деп сенеміз. Тұрғындардың басында әуелден тұрақтап қалған жол мәселесі сәтті шешілсін. Олардың көңілі жайланып, қуаныш сыйлау үшін сыныққа сылтау іздемей, іске көшкен дұрыс болар еді. Кезінде  сымбаты  үйлескен, келбеті келіскен ақынның атына берілген көше бүгінде көріксіз болып тұр. «Әр істің бір сәні бар» деп Сәкен Сейфуллин айтпақшы, қайырлы істің қайы­ры болады деген сенімдеміз.

Замира  ДАСТАНҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚУ-дың  2-курс  студенті

Пікірлер:
  • Тасбугеттің ең ұзын көшесі С.Сакен неге жөнделмейді жарық шамда орнатылмаған бəлкім көшенің атын өзгерсе жөндеймекен. Тасбугетте қысқа деген көшелерді жөндеген аты бар көше деген бырық қысқа бір басы каналға тірелсе ал бір көше бейтке тірелген осы көшелерді жөндеген ал ең ұзын көшені жөндегісі келмейма алде шығыны көп болама белгісіз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: