Дәл осы уақыт – кененің «құтыратын» кезеңі. Сондықтан, кенемен күресті күшейту керек. Былтыр да осы кезде зиянкеспен арпалыстық. Өкінішке қарай, соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Биылдың өзінде үш адам кененің құрбанына айналды. Жауаптылардың айтуынша, көктем келген тұста залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. «У сеуіп жүр ме, су сеуіп жүр ме?» дегендей, удың күші кенені өлтіруге қауқарсыздығы тағы бар, оны мамандардың өзі де мойындап отыр. Препаратты келесі жылы ғана ауыстырады екен. Бүгінде Қызылорда облысы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылған 106 елді мекен бар. «Кенеге қарсы дезинфекция осы аумақтарға толық себілді» дегенімен, улау жұмысын мүлде көрмеген ауылдар да бар болып шықты.
Кенеден келетін кеселді тоқтатуда жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Мұны сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу күдігіне байланысты 29 жағдай тіркелді. Олардың арасынан 10-ы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария аудандары мен облыс орталығында – 1, Жанақорғанда – 5, Шиеліде 2 дерек анықталды. Былтыр 601 адам дәрігерлер қарауында болса, биыл олардың саны 712 адамды құрайды, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
«Жыл сайын облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп келеді. Биыл да кенеге қарсы күрес шаралары жоспарға сәйкес орындалуда. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады» деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.
Облыста кенемен күрес тақырыбын әлеуметтік желіде жиі-жиі көтеріп, мәселесін ашық жазып жүрген журналистің бірі – Дәурен Сейітжанұлы. Брифинг барысында ол сала мамандарына да сұрақты төтесінен қойды.
– Кене улауға қатысты тендерді өткізетін, қаржы бөлетін – «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ. Ал «қара жұмысты» істейтін – облыстық ветеринария басқармасы мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Жұмылдыру басқармасына жауапкершілік артайын десең, СЭС-ке немесе ветеринария саласына сілтейді. Өйткені өз мамандары жоқ.
Ал СЭС пен ветеринарияның өз уәжі бар. Бірдеңе айтсаң, «заң көтермейді» дейді. Бұл жағынан оларды да түсінуге болады.
Яғни, көтеріп отырған мәселеміз бірнеше мемлекеттік органға жүктелген. Әрқайсысы құзыреттерді өзара бөлісіп алған және ешқайсысы шешіліп жауапкершілік алғысы келмейді. Ахуал күрделеніп кетсе, айналып келіп, тұрғындардың өзін айыптайды, – дейді ол.
Журналист «зиянкестерді улау мәселесін реттейтін функцияларды бір мемлекеттік органның құзырына беру керек» деп санайды. Сол кезде бәлкім сұрақтан қашып, жауапкершілікті өзге мекемеге жүктеуге бейім тұратындардың саны азаяр.
Қызылорда облысы – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы. Сондықтан, қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізіліп келеді. Десе де, дезинфекция жұмысына көңіл толмаушылықтың бар екенін жоғарыда да жаздық.
– Биыл залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттар көлемін жоспарға сәйкес алдыртып, кезең-кезеңімен аудандарға жөнелтіп жатырмыз. Жалпы қолайсыз елді мекендерде 556 мың мал басы бар. Оның 117 мың мал басына арнайы препараттар егіліп, қауіпті ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылануда, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.
Журналист Әділбек Жақанов он күнде үш адамның кенеден келген кеселден қайтыс болғаны қалыпты жағдайға айналғанына налиды. Тіпті, «дабыл қағып, зиянкестерге қарсы әрекет ететін адамды көрмей тұрмын» дейді.
«Мамандар былтыр да осы уақытта үш адам кененің кесірінен келместің кемесіне кеткен деп статистикаға сүйеніп отыр. Биыл облыс аумағында кенені улауға 242 миллион теңге бөлініпті. Айтпақшы, кенеге қарсы қолданатын қазіргі препаратпен улағанымен қансорғыш өлмейді екен. Онда дезинфекцияға неге ақша бөліп жатырмыз!?», – дейді ол.
– Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке қарай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Адамның ауруды жұқтыруы кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, ластанған медициналық құралдар арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтануға шақырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Брифинг барысында сала мамандары аталмыш аурудың алғашқы белгілеріне арнайы тоқталды. Үй жағдайында емделмей, уақытында дәрігерге қаралуға шақырды. Аурудың алғашқы белгілері мынадай. Адамның басы айналады, жүрегі айниды, дене температурасы көтеріледі, әлсіздік пайда болады, іші ауырады. Егер адам өзінен осындай белгілерді байқаса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі керек. Сондай-ақ, жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда және далалық жерлерде кенеден сақтанып, үй аумағында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұрған абзал.
Күні кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кенеге байланысты эпидахуал, адам өліміне әкеп соқтырған жағдай туралы айтып, мердігерлер жұмысындағы кемшіліктерді сынады.
Аймақ басшысы жауапты басшыларға науқастарды ерте анықтауды, кененің көбеюіне не себеп болғанын зерттеуді, қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, үнемделген қаржы есебінен қосымша анықталған елді мекендерді шұғыл залалсыздандыруды және кенеден қорғану шараларын насихаттауды тапсырды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы өте қауіпті ауру саналады. Бұл – тек Қызылорданы емес, әлемді әбігерге салған кесел. Кеселдің жолын кесу, зиянкеспен күресті күшейту кезек күттірмейтін мәселе болып тұр.
Рыскелді ЖАХМАН
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!