Қызылорда қаласының экологиясына қатысты мәселелер қатарында Тасбөгет кентіндегі «сасық көл» ерекше назар аудартады. Бұл «көл» қаланың кәріз жүйесінен ағып шыққан тазартылмаған қалдықтардан құралған. Жергілікті тұрғындар жағымсыз иістің күнделікті өмір сапасына әсер етіп қана қоймай, денсаулыққа да зиян тигізіп отырғанын айтып, бірнеше жыл бойы дабыл қағып келеді. Әсіресе, жаз айларында бұл жағдай ушығып, балалар мен ересектер таза ауада еркін демала алмайтын күйге жеткен.
Тұрғындардың айтуынша, билік өкілдері бұл мәселені шешуге уәде бергенімен, нақты қадам жасалмаған. Мәселен, тасбөгеттік Бибісұлу Макашева жазда жағымсыз иістен далаға шығудың өзі қиын екенін айтады. «Балаларымыз көшеде ойнамақ түгілі, терезе ашудың өзі мұң. Денсаулыққа зиян екенін түсінеміз, бірақ қолымыздан ештеңе келмейді» дейді ол. Сол секілді Гүлжауһар Қозбағарова: «Билік бұл мәселені шешу үшін бірнеше рет тексеру жүргізіп, жобалар дайындауға уәде берген, бірақ нәтиже әлі күнге дейін көрінбейді. Біз үшін бұл – тек экологиялық емес, әлеуметтік те мәселе» деп өз ойын жеткізді.
«Сасық көлдің» жанында орналасқан балабақша мен тұрғын үйлердің иістен зардап шегіп отырғаны да белгілі. Жас ана Гүлжанның айтуынша, бұл жағдай балалардың сабақ оқуына да кедергі келтіреді. «Кейде терезе ашып, бөлмеге таза ауа кіргізу мүмкін емес. Бұл мәселе шешімін таппаса, баланың денсаулығына ұзақмерзімді зиян тиюі мүмкін» дейді ол.
Экологтар мәселенің негізгі себебін қаланың ескірген инфрақұрылымы мен тиімсіз ағынды су тазарту қондырғыларынан көреді. Қызылорда облыстық экология департаменті бұл жағдайды бірнеше рет зерттеп, нәтижелерді жариялағанымен, мәселені шешу бойынша нақты шаралар баяу жүзеге асырылуда. Жергілікті әкімдік мәселені шешуге қаражат бөлінгенін хабарлағанымен, оның нақты іске асырылу мерзімі мен жоспары туралы ақпарат жоқтың қасы. Осы орайда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы бүй деп пікір білдірді.
– Тасбөгет кентіндегі биологиялық тазарту стансасына жағымсыз иістерге байланысты шағымдар болды. Біз арнайы жоба әзірлеп, сараптамаға өткізгелі тұрмыз. Бұл жобаның жүзеге асуы Тасбөгет кентінен басталып, Белкөл кенті мен «Бәйтерек» мөлтек ауданына дейін жалғасады. Ақырында, барлық ағынды су Титовтағы биологиялық тазарту ұңғымасына бағытталады. Жолдың жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайды. Жол бойында бірнеше кәріз насостық стансалары орнатылады. Атап айтқанда, Белкөл кенті мен «Бәйтерек» мөлтек ауданында осы мәселені шешуге бағытталған кәріз стансалары салынады. Бұл жобамен аталған үш аймақтың кәріз суларына қатысты түйткілдері толық шешіледі деп күтілуде. Жобаның құны 6,2 млрд теңгені құрайды. Қазан айында мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Енді республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін тиісті министрлікке ұсыныс жолдадық. 2025 жылдың қаңтарында республикалық бюджет комиссиясы бұл мәселені қарастырады деп үміттеніп отырмыз,– деді Жеңісбек Файзуллаев.
Сонымен бірге, Тасбөгет тұрғындары да билікке бірнеше нақты ұсынысын білдіріп отыр. Олар ең алдымен, қаланың кәріз жүйесін жаңартып, экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай тазарту жүйесін енгізуді талап етеді. Сонымен қатар, «көлдің» қоршаған ортаға әсерін тәуелсіз зерттеу арқылы нақты зиянды факторларды анықтауды ұсынады. Тұрғындар әкімдік пен жауапты мекеме өкілдерінің осы мәселе бойынша ашық есеп беруін талап етіп, бұл жағдайдың жауапсыз қалмауын сұрайды.
Тасбөгеттегі «сасық көл» мәселесі тек экологиялық проблема ретінде емес, әлеуметтік маңыздылығы жоғары мәселе ретінде қарастырылуы тиіс. Билік өкілдері тұрғындар талабына құлақ асып, нақты шаралар қолға алынған жағдайда ғана бұл жағдай шешімін табары анық. Қоғамның ортақ жауапкершілігі мен белсенділігі ғана бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Тұрғындардың дауысы естіліп, шаралар уақытылы қолға алынған кезде ғана бұл аймақтың экологиялық және әлеуметтік ахуалы жақсарады.
К.ҚҰРМЕТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!