Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауда ерекше назар аударған мәселенің бірі – электр қуатының тапшылығы. Президент мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінің ахуалы мәз емес екенін ашық айтып: «Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды» деп Үкімет пен әкімдерге ескерту жасады. Қазір Астанада да жылу тапшылығы айқын сезіліп отыр. Өткен жылы оның көлемі 440 гигакалорий шамасында болды. Астана әкімдігі мен ел Үкіметі бірлесе отырып, 3 қазандықты іске қосуға кіріскені мәлім. Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президент жолдауын іске асыру жөніндегі кеңесте елорданы электр қуатымен толық қамтамасыз ету үшін 7 қосалқы станция салу жоспарланғанын мәлім етті.
«ҚАТҚАН» ҚАЛАЛАР АПАТЫНАН САБАҚ АЛДЫҚ ПА?
Өткен қыс елімізде жылу беретін электр станцияларындағы алапат апаттармен есте қалды. Әбден тозығы жеткен инфрақұрылым энергетикалық қауіпсіздігіміздің артын ашып берді. Үкіметтегі өтірік есеп бергіш шенеуніктер Екібастұз бен Риддер, Теміртау мен Рудныйдағы апаттардан сабақ алып, алдағы қысқа қамданды ма? Еліміздегі 37 электр станцияның жартысынан көбінің азып-тозғанын мойындаған Энергетика министрлігі қандай қарекет жасады? Сол 37-нің ішінде 7-еуі ғана жасыл аймаққа кіреді екен. Жылу беру маусымының алдында әккі әкімдер Үкіметке жалған ақпарат беріп, қарапайым халықты қақаған қыста тағы бүрсең қаққызбасына кім кепіл?
Елімізде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келеді. Ranking агенттігінің дерегі бойынша, қазір тұтыну көлемі 30,9 млрд кВт-сағатқа (жыл сайынғы өсімі – 1,4 пайыз) жетіпті. 2023 жылдың қаңтарында Қазақстандағы электр қуатының тапшылығы 4,2 млн кВт-сағатты, ақпанында – 23,3 кВт-сағатты құрапты. Оңтүстік өңірлердегі электр энергиясының тапшылығы орнағанына 1 жылдан асты. Наурыз айында Оңтүстік Қазақстанға қажетті қуаттың 57,2 пайызы жергілікті жерде өндіріліп, қалғаны басқа аймақтардан тасымалданды. Шындығын айтсақ, қазір біз көршілес Ресейге электр қуаты бойынша тәуелді болып отырмыз. Мамандардың болжамы бойынша, 2029 жылға қарай елдегі тапшылық 5,5 млрд квВт-сағатқа жетуі мүмкін. Онда не істейміз?
Қажетті электр қуатын өндіру үшін жаңа электр станцияларын саламыз дедік. Құзырлы ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы жылу электр станцияларының 55 пайызы, гидроэлектр станциялардың 68 пайызы 30 жыл бұрын салынған. Энергетикалық нысандардың толық қаржыландырылмай қалуы саланың жаппай деградацияға ұшырауына әкеліп соқтырды. Оған нақты мысал: Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы жылу электр станцияларының жабдықтарының 80 пайызға тозғаны. Өзге өңірлердегі жағдай да осыдан алыс емес.
ЭЛЕКТР ҚУАТЫ АРЗАН ЕЛМІЗ
Қазірге кезде Қазақстан электр қуатының құны жөнінен әлемдегі ең арзан елдердің қатарына кіреді. GlobalPetrolPrices.com-ның дерегі бойынша, өткен жылы елдегі электр қуатының 1 кВт-сағатының құны 0,045 АҚШ долларын құраған. Осы көрсеткіш бойынша еліміз электр энергиясы арзан 147 мемлекеттің арасынан 30-дыққа кіреді. Бізбен көршілес Өзбекстан (0,026 АҚШ доллары) мен Қырғызстан (0,01 АҚШ доллары) да арзан электр қуатын өндіретін елдерге жатады. Алайда, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан электр қуатын тұтынудан алдағы орында тұр. Index Mundi сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия мен ТМД-дағы ең жоғарғы тұтыну көрсеткіші бойынша Ресей Федерациясы (жылына адам басына шаққанда 6,4 мың кВт-сағат) мен Қазақстан (жылына адам басына шаққанда 4,9 мың кВт-сағат) көш басында орналасқан. Тұтыну деңгейіне электр қуатының орташа тарифтері мен аталған елдердің азаматтарының орташа табысы әсер етеді.
АСТАНАЛЫҚТАР ҚЫСТА БҮРСЕҢДЕЙ МЕ?
Биыл күз ерте түсетін сияқты. Әлеуметтік желілерде «Астанада биыл да жылудан жарымайтын шығармыз!», «Халық саны өсіп барады, ал көпқабатты үйлердегі жылу азайып барады» деген әңгімелер қазірдің өзінде айтылып жатыр. Расында да өткен қыста жылу жүйесінде ақау болмаса да, көпқабатты үйлерде жылу әлсіз болды. Оның үстіне жыл сайын елордада қаншама жаңа үйлер пайдалануға беріліп, жылуға деген сұраныс артып келеді. Қала билігі «жылудан биыл ешқандай тапшылық болмайды» деп сендіруде. Жуырда қала әкімі Жеңіс Қасымбек жиын өткізіп, 13 жыл бойы салынып бітпеген №3 жылу-электр орталығының және газ жылу станциясының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Қаланың жаңа құрылысын сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 7 қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ №3 жылу-электр орталығының және газ жылу станцияларының құрылысы жүргізілуде, бұл қаланы қосымша жылу қуатымен қамтамасыз етеді» деді әкім.
Бұған қоса, Жеңіс Қасымбек 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық аясында 110 кВт электр желілеріне, 10 кВт әуе желілеріне күрделі жөндеу жүргізілгенін, сол сияқты кернеуі 20-10 кВт электр тарататын трансформаторлық қосалқы станциялардағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін хабарлағаны мәлім. «Мыңжылдық» аллеясы ауданындағы жаңа нысандарды электрмен жабдықтауға қосу үшін 40 МВА трансформаторларын 80 МВА-ға ауыстырып, «Жұлдыз» 110/10 кВт қосалқы станциясын қайта құру жұмысын жүргіземіз. Теміржолшылар елді мекенінің тұтынушыларын қаланың электр желісіне қайта қосу үшін жаңа «Қазбек» 110 кВт қосалқы станциясының құрылысы басталды» деп түсіндірді қала басшысы мәселенің мәнісін. Қош делік.
Өткен жылы елордада электр қуатының тапшылығы 440 гигакалорий болғанын айттық. Ал биыл дефициттен профицитке шыға аламыз ба? Тамыз айында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловпен бірге бас қаладағы инфрақұрылым нысандарының құрылысын аралаған Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жылу беру маусымында кезең-кезеңмен іске қосылатын №3 жылу-электр орталығы мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының қуаты 1100 Гкал/сағ жылу беріп, профицитке шығуға мүмкіндік туғызатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ, 3-ші газбен жылу беретін станцияның құрылысы жақын арада басталатынын хабарлады. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Алайда айтылған уәде мен шын мәніндегі атқарылған істің нәтижесін суық түскенде көреріміз анық.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Асылжан МУСИН, Энергетика министрлігінің электр қуатын дамыту департаменті директорының орынбасары:
«Өткен жылы бізде электр қуатына тапшылықтың болғаны рас. Ең алдымен, майнинг көбейді. Екіншіден, экономикамыз өсіп, құрылыс қарқыны артты. Энергожүйеміз бұған дайын емес еді. Биыл тапшылықты болдырмас үшін еліміздегі 19 ЖЭО-ын жөндейміз. Биыл 1 шілдеден бастап елімізде электр қуатын сатып алатын бірыңғай оператор белгіленді. Ол – жүз пайыз мемлекеттік кәсіпорын. Оның іске қосылуы бір тәулікте қанша энергия өндірілді және жұмсалды, соның көлемін толтыруға мүмкіндік береді».
Жүсіп ХАЙРУШЕВ, энергетика саласының сарапшысы:
«Бізде жылумен қатар судың және кәріз нысандарының тапшылығы да бар. Астанада осындай жағдайды көріп отырмыз. Қаланың бір бөлігін, я болмаса бір нысанды салмай тұрып, инфрақұрылымдық қуаттарын міндетті түрде жобалауың керек. Егер мұны істемесең, қалада тек бос қораптар тұрады, ол үйлерді пайдалануға беру үшін кем дегенде 3-4 жылу-электр орталығын салуға мәжбүр боласың. Бізде тапшылық жойылмайды. Еріксіз Ресейден жылу сатып аламыз. Оның бағасы да арзан емес. Бұл мәселе адамдар жылуды толық үнемдеуге көшіп, цифрлық технологияларды енгізгенде ғана шешіледі».
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист.
Астана қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!