Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлзат Көбек: «Қазір бәрі сатылады»

12.12.2020, 10:00 1880

HALYQLINE.KZ Қазір бәрі сатылады. Адами құндылықтар да. Аумалы-төкпелі заманның адамдарының мінезі де тұрақсыз.

Бұрын сатылмайтын адамдар болатын. Ұстанымы берік. Сөзінде тұратын. Адамшылдықты ақшаға айырбастамайтын.

Қазір өзгерді. Санамыз санға құрылған. Есеп мықты. Сатылудың соңғы сатысы – сатқындық. Адамзаттың өзіне деген сатқындығы. Өзінің өмірінің мағынасын ұстап тұрған басты адами құндылықтарына деген сатқындығы. Біз осы нүктеге келіп тоқтадық.

Біз бұл дертке қалай шалдықтық?! Қоғамдық сананы улаған кім?! Кімдер?! Ықпалына қалай түстік?!

Бір қызығы, қазір ешкім жауапкершілік алғысы келмейді. Және ешкім өзін кінәлі санағысы да келмейді. Бірақ, жауап болуы керек.

Адамзатқа рухани қиянат жасалғаны рас болса, жаза да болуы қажет. Әділдік үшін.

Құндылықтардың құнын өтеуіміз керек. Онсыз алға жылжу болмайды. Өркенниеттіліктің көкжиегі әдірем қалсын… Солқылдаған ұстанымдары нық емес.

Қауіп сейілмейді. Қылмыс азаймайды.

Ар мен ұятқа қиянат жасалған ортада үйлесім болмайды.

Жетім жылаған жерде тыныштық болмайды.

Әйел азғындаған елде береке болмайды.

Еркегі езге айналған қоғамда тіршілік жүрмейді.

Баласы ата-анасын басынған ұлтта болашақ жоқ.

Намыс жартылай жалған.

Бұл – бүгінгі дерттің диагнозы.

Мәселе шешілуі керек. Кез келген жұмбақтың шешімі болатындай.

Күрделендіріп қажет емес. Қазір барлық жүйке шаршаған. Тұтас жүйе де ескірген. Жаңалық аштық дейді. Жалған. Жаңа ай мен күн ойлап таба алмаса, бәрі бекер алдамшы тірлік. Күн мен түннің ортасындағы тіршіліктің берекесін сақтай алмаған.

Нарық алдайды. Құлқын тойсын деп. Құлқынға қанағатпен тосқауыл қоя алмасақ, пейілімізді тәубемен тия алмасақ, ендігі тірліктен мен береке көрмеймін.

Саналар емделмесе, сапаның деңгейі өзгермесе, бәрі сандырақтан бос әңгіме.

Гүлзат КӨБЕК,

киносыншы

Пікірлер:
  • Мен толықтай қосыламын. Адами қасиет жоғалған кезде, нені құнды деп есептейміз? Ашкөздік, немқүрайдылық, сатқындық құртып жатыр ғой адамзат баласын. Қоғамға үлкен руhани күрес керек.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: