Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ет неге қымбаттады?

25.11.2021, 12:30 635

Демалыс күндері елордадағы «Хан шатыр» сауда орталығының жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жүр. Сол жәрмеңкеге  барып,  бірнеше  рет ет сатып алдым. Кіреберістегі бағанада: «Сиыр  етінің  бағасы – 1600  теңге,  жылқы  етінің   бағасы – 2000 теңге» деп жазылып тұрғанымен, сөрелерді аралап жүріп, ет бағасын сұрасаң, әккі алыпсатарлар сиыр етін 2200 теңгеге, жылқы етін 2500 теңгеге сатып тұрғанын көресің. Сонда кім кімді алдап тұр? Тұтынушыны малын 12 ай асырап, арзанға сатқан шаруа алдады ма, әлде, «оптом» бағамен арзанға сатып алып, үстемеақы қосып сатқан алыпсатар алдады ма? Осы мәселені қаншама рет айтып, жазғанымызбен әлі шешілетін түрі жоқ.

АЙ  САЙЫН  ҚАНША  КЕЛІ  ЕТ  ЖЕЙМІЗ?

Ұлттық статистика бюросы мынадай қызықты мәлімет (2021 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша) таратты. Мәселен, еліміздің бір тұрғыны ай сайын орташа есеппен 6,75 келі ет жейді екен. Етті ең көп тұтынатын өңірлер үштігіне Қарағанды (7,97 келі), Алматы (7,96 келі) және Атырау (7,68 келі) облыстары кіреді. Етті аз жейтін аймақтарға Шымкент (4,1 келі), Түркістан облысы (4,94 келі), Қызылорда облысы (5,47 келі) жатады. Бір тұрғыны ай сайын 6,73 келі ет және ет өнімдерін тұтынатын Нұр-Сұлтан қаласы бұл рейтингте 12-орында тұр. Қош делік.

КІМГЕ  СЕНЕМІЗ:  МИНИСТР  ҚАРАШӨКЕЕВКЕ МЕ,  АЛЫПСАТАРЛАРҒА  МА?

Біздің ақжағалылар кейде ойланбай сөйлейді. Өткенде Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеев  «Елімізде  етпен  өзімізді 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ еттің бағасы қымбаттайды» деген мәлімдеме жасады. Министр өзінің сөзіне өзі қарсы шыққанын біле ме екен, дедік те қойдық. Журналистердің «еттің бағасы неге өсіп жатыр?» деген сұрағына жауап берген Ербол Қарашөкеев: «Сиыр етімен өзімізді 97 пайыз, қой етімен 100 пайыз, жылқы етімен 97 па­йыз қамтамасыз етіп отырмыз. Ішкі нарықтағы етке деген сұраныс толығым­ен елімізде өндірілген көлеммен жабылады. Шетелдерден әкеліп  жатқан еттің көлемі көп емес»  деп  жауап  қайырды.

Бір қызығы, көктемде еттің жетіспеушілігі туындамайды деген министр бағаның өсуі ықтимал деп екіұштылау сөйледі. Ол бағаның қымбаттауына жем-шөптің құнының өсуі себеп болады деген белгі­сіздеу болжам жасады. «Ет өндіріп жатқан  шаруа  қожалықтары шығындарын өтеуі керек қой. Сондықтан еттің бағасы өседі деп жоспарлап отырмыз. Бірақ қатты өсуі болмайтын шығар» деп долбарлады Е.Қара­шөкеев. Сонда дейміз-ау, құзырлы министрліктің басшысы ет өндірісіне қатысты ахуалды білмей, жорамалдап сөйлегені несі? Жыл сайын агроөнеркәсіптік кешенге, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға миллиардтаған қаражат бөлінеді. Малдың жем-шөбін жинауға кететін жұмыстарға бөлінген несие ақша мен жәрдемақшада есеп-қисап жоқ. Сонда да бұл сала еңсесін тіктей алмай  отыр.

2022 жылдың басында ет бағасы тағы қымбаттайды деген болжам айтылуда. Себебі, жем-шөп пен жанар-жағармайдың  құнының  өсуі  еттің  бағасына әсер етеді дейді мамандар. Отандық фермерлер қазірдің өзінде осы жағдайды ескеріп, қолындағы бар малын жаппай сатуға шығаруда. Бағаны өсірудің негізгі факторы – фермерлердің жем-шөпке  жұмсаған шығыны. Мәселен, 2020 жылдың  қазанынан  биылғы қазан  айына дейін арпаның бір тонна­сының құны 53 мың теңге­ден 95 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Үшінші кластағы  бидайдың  құны  87 мың теңгеден 120 мың теңгеге  дейін  өсіпті. Бәріне себеп – егін түсімінің  аздығы.

Бидай мен арпамен қатар кәдімгі шабындықтағы шөптің де бағасы өсті. Қалалық жерлерде бір көлік тіркемесіне тиелген шөпті 20 мың теңгеге пұлдаса, ауылдық жерлерде оның құны 35-40 мыңға дейін жетті. Осыны көріп отырған фермерлер малдың  басын  азайтуға  кірісті.  Соның  нәтижесінде  сұраныстың артуы бағаға жағымсыз ықпал етуде. Бұл әсіресе, мал басын тікелей саудалауда анық байқалып отыр. Ел­орданың базарларында  да еттің құны 2300-2500 теңге көлемінде. Ал жәрмеңкеге әкеліп, өз  өнімдерін  саудалаған өнім өндірушілер  сиыр етінің келісін 2000-2300  теңгеден  сатады.

2022  ЖЫЛЫ  БАҒА  ТАҒЫ  ӨСЕДІ

Сарапшы мамандар жылдың соңында және келер жылы еттің бағасы 2-2,5 есеге дейін қымбаттайтынын болжауда. Қазақстан ет өндіру­шілер одағының атқару­шы директоры Асқар Жұбатыров қысты­гүні еттің бағасының өсуіне нарықтағы өнімнің азаюы себеп болатынын айтады. «2021 жылдың соңына дейін сиыр етінің бағасы әр келісіне 3000 теңгеден аспайды. Бірақ өсірген малына күрт қымбаттаған жем-шөп сатып алған соң, еттің әр келісіне көбірек құн сұрайды. Биыл еттің орташа бағамен сатыл­ғанының себебі, оның құрамына өткен жылғы жем-шөптің құны кірді. Бұрын оның тоннасы 60-70 мың теңге болса, қазір ол 120 мыңға дейін артты. Демек келер жылдың соңында сиыр етінің бір келісі 4000 теңгеден сатылады деген сөз» дейді А.Жұбаты­ров.

Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қазір фермерлердің бұзаулайтын сиырларды жаппай союға жіберуі ет нарығындағы ахуалды одан әрі ушықтырады деп санайды. «Қазір жұрт жаппай малын сойып, сатып жатыр. Мәселен, олар өгіздерді ғана емес, сүт, ет беретін бұзаулайтын сиырларды да жаппай етке өткізуде. Бұл – қымбатшылықтағы тығырықтан шығудың бірден-бір жолы. Алайда фермерлерді жеңілдікпен несие­леу және жәрдемақшамен қамтамасыз ету мәселесін тездетіп шешпесек,  төлдейтін  малдардың    30 пайызы етке өткізілуі мүмкін. 2021 жылы 1 қазандағы санақ бойынша, елімізде бар-жоғы 1 млн 73 мың бас бұзаулайтын сиыр болса, соның ішінде 500 мыңға жуығы сойылып, мал басының азаюына әкеледі» дейді А.Мамытбеков. Бірақ Үкімет бұл мәселеге басын қатырып отырған жоқ.

ЕТ  ДЕГЕНДЕ  БЕТ  БАР  МА?

Ет өндірушілер одағындағы мамандар еттің бағасы қатты қымбаттайтын болса, импорттың көмегіне сүйенеміз дейді. Бізге импорт негізінен Ресей мен Беларусьтан келеді. Айтпақшы, ауылдағы қазақтың малы­ның санының азайғанын мына­дай деректерден де көруге болады. «Ет дегенде бет бет бар ма?» дейтін қазекеңді етпен мұхиттың арғы жағындағы Парагвай мен Уругвай асырап отыр екен!!! Ал, енде­ше! «2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 42 миллионнан астам АҚШ долларына ірі қара малдың етін сатып алған. Импорттық  өнімдер Беларусь, Украина, Ресей және Парагвайдан жеткізілген. Сондай-ақ, Қазақстан 3,4 млн АҚШ долларына Уругвай, Аргентина, Болгария, Моңғолия, Исландия­дан жылқы етін сатып алған» деп жазады «LS» сайты. Сонда қазақтың өз малының еті қайда? Ауылда мал өсіретін жұрттың бәрі мал-жанын сатып, қалаға көшіп кеткен бе деген ойға  қаласың…

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: