Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел-жұрт ең көп тұтынатын өнімнің бағасы бет қаратпай барады

16.10.2025, 11:00 237

 Соңғы  айларда  елдегі  сиыр етінің бағасы сан құбылып, жарықтың жылдамдығындай жүйткіп, қымбаттап жатыр. Шынын айтқанда, тек сиыр емес, төрт түліктің қай түрінің болмасын құны күн санап қарыштап барады. Оған бірнеше себеп табылады. Тіпті, себептің сан түрін қарастырғанда қайсысы дұрыс екенін тамыршыдай тап басу мүмкін емес. Сарапшылар жағдай бұлай жалғаса берсе, тіпті тауық еті тапшы болуы ықтимал екенін жасырмайды.

Негізінен, ет бағасының қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді. Оның біріншісі – жем-шөп бағасының еселеп артуы. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекеттік деңгейде жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны. Жалпылама айтқанда, мал бағудың тиімсіз кәсіпке айналғаны.

Басқа аймақтарды былай қойғанда, Қызылорда облысының экспорттық әлеуеті шектеулі екені жасырын емес. Аймақта ірі ет комбинаттары жоқ, бордақылау алаңдары да жетіспейді. Бұл өз кезегінде фермерлердің ет өнімдерін ішкі нарықта қолжетімді бағада өткізуіне  мүмкіндік  бермей  отыр.

Сол себепті, өңірдегі малмен күн көріп отырған шаруалар малбазарға жүгінеді, бірақ ол жақтағы баға да көңіл көншітпейді. Мал шаруашылығында еңбек етіп жүргендер базардағы алыпсатарлардың дегеніне амалсыздан көнетінін, шарасыздан  етті  арзанға өткізуге мәжбүр  болатынын  айтады.

ЕТ  БАҒАСЫ  НАРЫҚТАҒЫ  ӨЗІНІҢ  ӘДІЛ  БАҒАСЫН  АЛҒАНЫ  ДҰРЫС

Жалпы, Қазақстандағы ірі қара мал мен уақ мал санының салыс­тырмалы түрде өте көп емес екенін Ұлттық статистика бюросы Қазақ­стан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ресми сайтындағы мәліметтер растайды. Биыл мал шаруашы­лығында ұлттық санақ жүріп жатыр, нақтысы да белгілі болатын күн жақын.

Осы орайда, біз мал шаруашы­лығына қатысты, елдегі ет бағасына байланысты бірнеше сарапшының ой-пікірін  біліп  көрген  едік.

Журналист Ербол Жанатұлы мәселенің неден туындағанына жора­мал жасайды. Ол «ет бағасының түбі осылай құбылатыны белгілі  еді»  деп  отыр.

– Сиыр етінің бағасы «ұшты» деп шулап жатырмыз. Рас, қымбат­шылық ешкімге ұнамайды. Бірақ, елдің ертеңі үшін дәл осы ет бағасы өскені, яғни нарықтағы өзінің әділ бағасын  алғаны  дұрыс.

Осыдан  біраз жыл бұрын «ет баға­сын тұрақтандырамыз» деп, шека­раны тарс жаптық та, мал және ет экспортын шектедік. Сосын мал шаруашылығы саласындағы субсидияны көбейттік. Сөйтіп ірі шаруа­шылықтарда   мал   саны артып, елде ірі қара саны 9-10 мил­лион­ға жетті. Ал ішкі нарық шамамен 7-8 миллионға ғана шақталған. Содан  еттің  бағасы түсті, әсіресе 2022 жылға дейін бір келі етті да­йындауға кететін шығын сол 1 келі еттің өз бағасына пара-пар болды. Мал бағу пайдасыз шаруа боп қалды. Бұл нарықты қолдан «сырқаттан­дырдық»! Оның обалы – АШМ мен Саудаминде! — деді  ол.

МАЛ  БАҒЫП  ОТЫРҒАН  ҚАЗАҚТЫҢ  ТАПҚАНЫ  БАҚҚАНҒА  КЕТТІ

Әлбетте, жеп-шөптің қымбаттауы, мал шаруашылығындағы техникалардың тозуы мен шаруа­ларға мемлекеттік деңгейдегі тиісті көмектің көрсетілмеуі, бәрінен бұрын осы жағдайға алдын ала анализ жасалмай, бағаны қолдан тұрақтандырудың соңы ет өнімінің күрт  өсуіне  әкелді  деуге  болады.

«Бұл жағдай 10 жылға жуық уақытқа созылды. Осы аралықта ауыл-ауылда мал бағып отырған қазақ  тапқаны баққанға кеткенін ақтамай, малдан  көңілі қалып, қала­ға ағылды. Мен өзім көріп отыр­ған Ақмола облысының халқы жаппай Астанаға бет түзеді. Былтыр­дың өзінде елорда халқының саны 100 мыңға артыпты. Бас қаланың өзі бұндай ауқымдағы ішкі көшке дайын болмаса керек, былтыр қала басшылығы  ауызсумен қамти  алмай  састы.

Арқадағы 2023 жылғы қуаңшы­лық та кесірін тигізді. Мен білетін бірнеше фермер сиырын түгел сатып, жатаққа  айналды.

Осы жағдайды реттейміз деді ме, мемлекет шекараны ашып кеп жіберді, тірідей мал өзбек арқылы шетке ағылды. Нарық заңы өз дегенін істеп жатыр. Көрші елдердегі ет бағасымен баға теңескенше, сырт­қа мал тасымалдау тоқтамайды. Тоқтамасын!» деп ашынады жур­налист  Е.Жанатұлы.

ЖАҚЫН  АРАДА  ЖЫЛҚЫНЫ  ДА  ТАУЫСАТЫН  ШЫҒАРМЫЗ…

Мұндай жайттың барын ет сатумен айналысатын кәсіпкер Дәулет Тұрсынханұлы да растап отыр. Ол бұл тақырыпта айтатын, жазатын әңгіменің  көп  екенін  еске  салды.

– Мал шаруашылығына байланысты айтар әңгіме көп. Қайсыбір жылдан бастап сиырға жаудай тидік. Шекара асырдық. Алыпсатарға тапсырдық. Енді нарықта сиыр еті жылқы етінен қымбаттап кетті. Сылтау көп, айтар әңгіме де біраз. Ана жолы малбазарға барғанда ыңыр­шағы айналған бір сиырды біреу айналшықтап баға беріп жүр екен. Қасым­дағы кісіден «Бұлар не істейді?» деп сұрағанмын. «Тендермен айналы­сатындар ғой» деп қысқа қайырды ол. Ет сататын қосымша кәсібім болған соң қыр-сырын аздап білемін ғой, кімнің не әкеліп, алдыңыз­ға қоя­тынын да ұғынбайсыз. Ал шаруа­ның төрт-бес ай бағып, адалынан бауыздап әкелген семіз малы  әрине,  олардан  қымбат  болады. Ал  базарда  алты  айлық  бұзаулар 170  мың  теңге сұрап  тұр.

Қазір тіпті, тендерге сиыр етін қойып, жылқы етіне шығыппыз. Өйт­кені, жылқы етінің бағасы арзан ғой. Өстіп жүріп, жылқыны да тауысатын шығармыз… Биыл ұлттық санақ жүріп жатыр. Ойдағы-қыр­дағы малды тіркеп жатырмыз ғой. Ауқымды тақырып болған соң, төтесі­не келе алмай тұрмыз, — деп қысқа  қайырды  ол.

НАРЫҚ  ЗАҢЫНА  ҚАЙШЫ  ШАРА  ҚОЛДАНУ  МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА  НҰҚСАН  КЕЛТІРДІ

Журналист Ербол Жанатұлы ет қымбаттағалы бері жері бар, бірақ малын сатып, қалаға көшкен кейбір адамдардың кері қайтып жатқанын айтады. Яғни, бұл – мал бағу қайтадан тиімді бола бастады деген сөз.

«Халық шуласа, мемлекеттің ебедейсіз «қолы» тағы шекараны жабады. Өйтсе, ауыл халқын түбегейлі мекенінен қашырамыз, қалаға көшіреміз. Себебі, ауылда зауыт та, өндіріс те, жеңіл өнеркәсіп те жоқ. Жалғыз жұмыс – мал бағу. (Егін шаруашылығы солтүстік өңірлерде көптен бері халық шаруашылығы емес, жердің бәрі латифундистердің  қолында).

«Қаладағы халықтың шуылын басамыз» деп нарық заңдарына қайшы шара қолдану елдегі мал шаруа­шылығына орасан зор нұқсан келтіріп, ішкі көші-қонға қайта реттей  алмас  зардап  әкеледі.

Жеріміз кең. Біз халқының 80 пайызын мегаполистерге шоғыр­ландырып алу тиімді саналатын Еуро­па емеспіз. Біздің экономиканың сарқылмайтын потенциялы мұнай да, жерасты қазба байлығы да емес, дәл осы – ауыл шаруа­шылығында. Оны біз емес, білікті сарапшылар айтып келеді. Себебі, адамдар ет жеп, сүт ішуін қой­майды»  деп  сөзін  жалғастырды  ол.

1  КЕЛІ  СИЫР  ЕТІНІҢ  ҚҰНЫ  ҚАНША?

Ауыл шаруашылығы саласының маманы Төлеутай Рахымбеков Қазақстандағы ет бағасының көте­рілуіне байланысты талдау жасап, бағаны  саралап  көрді.

Сала сарапшысы бағаның қымбаттау себебіне тоқталып, негіз­гі шығындарды жіпке тізеді. Сондай-­ақ, нақты есептеу арқылы нарықтағы сиыр етінің шынайы бағасын жариялап отыр. Әлбетте, жем-шөп бағасының көтерілуі – еттің қымбаттауына әкеліп соғатыны  түсінікті  жайт.

– Бұқаны екі жыл өсіру үшін 10 тонна  шөп қорын қалыптастыру керек. Жазда 1 тонна шөптің орташа бағасы 50 мың теңге шамасында болатын. Бұл жағдайда ауыл тұрғыны 10 тонна шөп үшін 500 мың теңге жаратуы керек еді. Нақтылайық, бұл сойыс салмағы 177 келі болатын бір бас ірі қараға арналған. Шөптің құнын (500 мың теңге) ұшаның салмағына (177 келі) бөліп, 1 келі етке шаққандағы шөп мөлшерін аламыз. Сонымен, 500 000:177=2825 теңге. Яғни, тек шөптің құны 1 келі ет құны­ның 2825 теңгесін құрайды. Әртүрлі дерек бойынша, сиыр етінің жалпы құнының 50-70%-ын шөп құрайды. Кері есептесек, 1 келі сиыр етінің құны 4035 теңгеден 5650 теңгеге дейін екенін байқаймыз. Аз соманы алсақ, 4000 теңге болады. Бұл – 1 келі сиыр етінің құны, — деп түсіндіріп  өтті  ол.

Сондай-ақ, Төлеутай Рахым­беков ет бағасының қымбаттауына делдалдардың да әсері көп екенін айтты. Ет сүйекпен сатылса, баға төмендейді. Бірақ, сиыр етінің бағасы әлі де артуы мүмкін екені айтылады.

ЕТ  БАҒАСЫ  ҚЫМБАТТАП  ЖАТҚАН  ЖОҚ!

Шынын айту керек, іргемізде Қытай секілді еңбек күші арзан алпауыт ел тұрғанда бізге өндірісті дамыту қиынға соғады. Демек, қала халқына да жұмыс тауып беру оңай емес. Сол себепті, жалғыз жол – ауылдарды сақтап қалу. Бұған мемлекет те қам-қарекет жасап жатқандай.

– Мал бағу – ең тәуекелі көп кәсіптің бірі. Мал ауруынан, ит-құстан келетін қауіп көп. Ал мал ұрлығы – елдегі ең бір асқынған қылмыс  түрі.

Жұмысы да ауыр. Сенбі, жексенбі демалмайсың. Түн ұйқыңды төрт бөліп күзетесің. Қысқы жем-шөбін дайындайсың, оған қолданатын елдегі ауылшаруашылық техникаларының 80 пайызы әбден тозған. Ал трактор секілді  техника алуға лизинг былтыр­дан  бері  ғана  арттырылды.

Сондықтан, еттің бағасы нарықтық межесіне жетуі керек. Мал мен ет экспортына тыйым салынбауы керек. Қазақ жері осыдан мыңдаған жыл бұрынғыдай жылына миллиондаған бас малды көрші елдерге  сата  алатын  үлкен нарыққа айналуы  тиіс.

Шын мәнінде ет бағасы қымбаттап жатқан жоқ, ол өзінің заңды межесіне келе жатыр. Бұрын ол біздің елде жасанды түрде арзан болған.

АШМ биыл бәлен жылдан соң санақ өткізіп жатыр. Сол санақ әділ өтсе екен. Елдегі нақты мал басын анықтап алмайынша, бұл нарық «сыр­қат» боп қала береді. Қазірдің өзінде «мал басын көбейтіп көрсетіңдер!» деген сигнал ауыл әкімдеріне жетті деген сыбыс бар, — деп сөзін қорытындылады Ербол Жанатұлы.

Қорыта айтқанда, елдегі ет бағасын ұзақ жылдар бойы қолдан тұрақтандырудың соңы осыған әкеліп отыр. Негізінен, нарық өз дегенін жасауы керек, жасайды да. Шаруалар үшін қолайлы жағдай жасау – өте маңызды. Бұл тақырып күн  тәртібінен  еш  түспек  емес.

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: