Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі ауыл елеусіз қалмаса екен…

20.02.2025, 11:20 150

Қызылорда облысы әкімінің назарына!

Мінеки, бодандықтан құтылып, тәуел­діктің қамытынан босап, өз алдымызға тәуелсіз ел болғанымызға 34 жыл толды. Бұл еліміздің саяси жағдайының тұрақты, экономикасының қарқынды, әлеуметтің әлеуетінің жақсы болуына берілген мол уақыт деп есептеймін. Ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығындағы жағдай көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәріне белгілі. Қиыншылықтар болды. Жұмыс­сыздық халықтың тұрмысын төмендетті. Бертін келе мемлекет нығайды, жұмыссыз­дық еңсерілді. Бұл өз кезегінде ел билігінің, қалың жұртшылықтың қазақ мемлекетінің келеше­гіне  деген  сенімін  нығайтты.

Дей тұрғанмен, әлі де күрмеуі шешіл­меген мәселе баршылық. Мен халықтың тұрмыс  жағ­дайына байланысты мәселені айтып отырмын. Атап айтсақ, жол, газ, ауыз­су, аяқ су, т.б. кете береді. Біз – Арал ауданына қарасты Қосаман ауылдық округі­нің тұрғындарымыз. Бізде жалпы аудан бойынша таза ауызсу мәселесі толық­тай шешілген, ал жол, газ, аяқ су (мал ішуге арналған) мәселесі шешілмеген. Соның ішінде газ мәселе­сі. Себе­бі осы округке қарасты Ақес­пе, Қосаман елді мекендерінің тура жанынан, нақтылап айтсақ, Ақес­педен 2 шақырым, Қоса­маннан 11 шақырым қашықтан 2014 жылы пайдалануға берілген «Бейнеу – Самсоновка»  бағытындағы  газ  құбыры  өтіп жатыр. Бұл газ құбыры Қытайдан өзге еліміздің оңтүстік, орталық аймағы және Астана қаласын газбен қамтып отыр. Біз осы «көгілдір отынның» игілігінен жанын­да тұрып шет қалып отырмыз. Екі ауылда түтін түтетіп отырған 120  үй  бар.

Негізгі тіршілігіміз – мал мен балық. Ішкі, сыртқы нарықты балық, мал өнімдерімен қамтуда басқалар секілді үлесіміз бар. Бұдан бөлек ауылымызда Қазалы мен Арал аудандарын таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мол су қорымыз бар. 2007 жылы тұңғыш президент Н.Назар­баев Аралға келген сапарында судың дәмін татып, «ең таза су аралдықтарда» деп баға бергені бар. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.

Екіншіден, көрші Ақеспе ауылында кезінде одаққа белгілі болған еңбек майталманы, атақты балықшы Нарғали Демеуов ағамыз өмір сүрген. 13 жасында омырауы алғашқы үкіметтік медальмен апталған ағамыз 1963 жылы бірінші «Еңбек Қызыл ту» орденіне ие болды. Осы  орденге 1976 жылға  дейін  үш мәрте ие болғанын көпшілік біле бермейді. 1982 жылы сол замандағы ең жоғарғы марапат «Ленин» ордені омырауынан ойып тұрып орын алды. 1963 жылы СОКП-ның ХХІІІ съезінің деле­гаты  болды.

Міне, осы ауылда ағамыздың ұрпақ­тары, ауылдастары тұрады. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі елді мекендерді газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Мұны біз көзбен көріп, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, естіп жатырмыз. Айтпағымыз, осы ауылдық елді мекендерді газдандыру бо­йынша тізімге ілінген ауылдардың  қатарынан  табылмай, елеусіз ғана  тасада  қалып қоймасақ деген өтініш. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» барда, біздің бұл өтінішіміздің ескерусіз қалмайтынынан  үміттіміз.

Қайрат  МЫРЗАТАЙҰЛЫ,

Арал  ауданы,

Қосаман  ауылы

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: