Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Директор болам десеңіз…

26.08.2021, 11:00 4139

Қазір ешкім директор болғысы келмейді. Өйткені олардың жалақысы қарапайым мұғалімнің айлығынан аз. Бұдан бөлек, директорлық басқаруда тепе-теңдік жоқ. Мәселен, бір мектепте 3000-ға жуық бала білім алатын болса, екінші бір мектепте (әсіресе ауылдық жерлерде) 200-дей бала оқиды. Атқаратын қызмет – бір де, жұмыс жүктемелері тең  емес. Осыны ескерген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов директорларды тағайындаудың жаңа тәртібін енгізді. Заң аясында істелетін жұмыс жүйелі болу керек. Сонымен жаңа тәртіптің реті  қандай?

Бұдан былай директорлар қызметтік креслосына бірден топ ете қалмайды. Бірнеше кезеңдерден өту керек.

– Мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібіне тоқталып өтсем. Шын мәнінде, бұл – мектеп директорлары, оқу меңгерушілері, педагогтер және сарапшылармен бірлесе бір жылдан аса уақыт атқарған тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Біріншіден, енді мектеп директорының міндетін атқарушы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек, – деді ҚР Білім және ғылым минис­трі.

Оның айтуынша, мектеп дирек­торының бос немесе уақытша бос лауа­зымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек. Осылайша, бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеуге  жол беріл­мейді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір еліміз бойынша мектеп басшысы лауазымына 700-ден астам орын бар. Бірақ, ол орындарда мектеп директорының міндетін атқарушылар отыр.

–  Екіншіден, ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау регламенттеледі. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталады. Үшіншіден, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық білім басқармалары өткізеді. Яғни, конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады және директорларды анықтайды. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі және 5 жылға тағайындалады, – деді А.Аймағамбетов.

Байқау бірнеше кезеңдерден тұрады. Атап айтқанда:

– кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;

– білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін баға­лауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;

– үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзіреттер;

– педагогика, психология, ҚР заңнамасы бойынша тестілеу;

– оқу орнының «Қамқоршылық» кеңе­сінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);

– білім басқармасындағы әңгімелесу («Қамқоршылық» кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

«Қамқоршылық» кеңесінің құрамына кіретін  ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың келісімі міндетті түрде есептеледі. Осыдан кейін барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасасып, оны мектеп директоры етіп тағайындау тура­лы  бұйрық  шығарады.

Болашақ директорларға қойылатын біліктілік талаптарына көп көңіл бөлінеді. Мұнда бірнеше ерекшелік бар. Үміткерлер міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болуы керек. Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін. Ал, жалпы педагогика­лық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет. Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс іс­теуі  тиіс.

– Бұл тармақ бұрын-соңды қажетті жұмыс тәжірибесі мен педагогикалық еңбек өтілі бар, бірақ соңғы жылдары білім беру саласында жұмыс істемеген адамдар мектеп директоры лауазымына тағайындалған тәжірибенің болуы­на байланысты енгізіліп отыр. 20 жыл бұрын мұғалім болып жұмыс істеген немесе тіпті мектеп директоры болған, дегенмен білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы хабары жоқ, ауыл әкімдіктерінің немесе өзге де мемлекеттік органдардың қызметкер­лері мектеп директоры болып тағайындалатын, – деді еліміздің бас мұғалімі.

Енді алдағы уақытта директорларды ротациялау институты да енгізілмек. Бұл да әрине, орынтағында біраз жылдан бері «отырып» қалған кадрларға қатысты мәселе. Министр оның да жалпы ережелері нақтыланып, сарапшылармен бірге талқыланып жатқандығын тілге тиек етті.

Қызметке құлшыныстық таныту жақсы қасиет. Бірақ басшы болу – бір бөлек, өзін кәсіби тұрғыда дәлелдей алу – бір бөлек. Өйткені лауазымның да үлкен жауапкершілігі бар. Жай ғана мансап үшін маңдай терлетуге енді жол жоқ. Министрліктің мұндай тәртібі жемісті нәтижесімен көрінсе құба-құп. Өйткені директор тағайындаудағы өзгерістер білім сапасының жоғарылауына, білім беру ұйымдары басшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отыр.

К.ТАУАР

Пікірлер:
  • Саламатсыз ба! Сұрағым бар еді. Менің жолдасым 8 жылдан бері мектептің оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Өз мектебінде қазан айынан бері мектеп директорының лауазымын уақытша атқарып жүр. Екі рет директорлық лауазымға түсіп конкурстан өте алмай келді. Үшіншісінде сіздің санатыңыз жоқ, сіз конкурсқа жіберілмейсіз деген хат келді. Сұрайын дегенім директорлыққа орналасу үшін санат(зерттеуші, сарапшы)болу керек деген бұйрық шықты?

  • Менің білім саласындағы еңбек өтілім-30 жыл. Бастауыш мамандығым және психолог мамандығым бар.
    Енді, мектеп директорының лауазымына конкурсқа қатысу үшін, біліктілік талаптарына сәйкес қандай құжаттар және үміткерлерге арналған электронды тестілеудің үлгісін қайдан қарасам болады?

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: