Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Диплом бар, жұмыс жоқ»: Төрт жылдың тері текке кеткені ме?

05.03.2026, 8:00 28

Мектепті үздік оқып, университетті қызыл дипломмен аяқтаған жастың арманы асқақ. Ол – ата-ананың мақтанышы, қоғамның үміті. Десе де, еңбек нарығына алғаш қадам басқанда, білімді жастарымыз «енді қайтпек керек?» деген ойдың жетегінде қалып жатады. Бұған себеп – жұмыссыздық мәселесі. Жоғары оқу орнын тамамдаған түлектердің басым бөлігі бүгінде алған мамандығы бойынша еңбек етпейтіні белгілі. Бұл үрдіс қоғамда «дипломды жұмыссыздар» деген жаңа әлеуметтік топтың қалыптасуына әкеп соқты. Бүгінгі күннің ащы шындығы, өзекті мәселесі – осы. Қолында жоғары білімі туралы құжаты бар жастардың еңбек нарығында өз орнын таба алмауының себебі неде? Неліктен албырт шақтағы асқақ армандар шынайы өмірдің табалдырығында қирап жатыр? Елдегі еңбек нарығының өзекті түйткілдеріне үңіліп, мәселенің түп-төркінін саралап көрелік.

Ата-ананың үмітін арқалап, төрт жыл бойы лекциядан қалмай, емтиханды еңсерген жас маманның алдынан бүгінде бір ғана есік ашыла­ды. Ол – жұмыспен қамту орталығы неме­се базардағы сауда сөресі. Мәселенің басы мектеп қабырғасындағы қате қадам­нан басталады. Көп жағдайда талапкер маман­дықты өз қалауымен емес, ата-ананың айтуы­мен немесе грант көп бөлінген салаға қарап таңдайды. «Балам, мен жетпеген биікке сен жет, прокурор бол!» дейді әкесі. Балада ол салаға ынта бар ма, жоқ па, онымен ешкім санаспайды. Грантқа ие болу үшін: «Қай мамандыққа балл төмен, соған  түсейін, әйтеуір тегін оқысам болды» деген түсінік. Бұл болашаққа балта шабу­мен тең. Нәтижесінде, төрт-бес жыл бойы көңілі қаламаған саланы оқыған жас маман диплом алған соң, ол  жұмысқа  мүлдем  жолағысы  келмейді.

Бүгінгі еңбек нарығының талабы қатал. Жұмыс берушілерге тек қағаз бетіндегі білім емес, нақты тәжірибе мен дағды қажет. Оқуды жаңа бітірген түлектен «бірнеше жылдық тәжірибе» талап ететін мекемелер жастарды тығырыққа тірейді. «Дипломды жұмыссыздардың» көбеюіне тағы бір себеп – еңбекақының төмендігі. Жастардың көбі дипломмен мемлекеттік мекемеде аз жалақыға істегенше, сауда немесе қызмет көрсету саласында (курьер, такси жүргізушісі) көбірек табыс тапқанды жөн көреді. Бұл – экономикалық мәжбүрліктен туған қадам. Бізде әлі күнге дейін «заңгер», «экономист» деген мамандықтар беделді саналып, жастар сол саланы таңдайды. Ал іс жүзінде нарыққа инженер, IT мамандары, ауыл шаруашылығы мен техниктер жетіспейді. Сол себепті, дипломы бар маман жұмыс таппай, жұмыссыз жүреді. Төрт жыл бойы заң саласын оқып, қазір көлік жүргізіп, нәпақасын тауып жүрген  тағдыр  иесімен  пікір  алмастық.

– Мен университетті үздік аяқтадым. Құқықтану факультетінде мамандығымды жақсы көріп, қызығушылықпен оқыдым. Қылмыстық, азаматтық кодекстерді түнімен жаттап, бола­шақта прокурор болуды армандадым. Диплом алған соң мамандықпен жұмысқа орналаса алмадым. Бос жұмыс орны табылмады. Амалсыз әкемнен қалған ескі көлікпен такси болып, нан тауып жүрмін. Қазір заң баптарын емес, қаланың қай жерінде кептеліс аз екенін, қай жерде тапсырыс көп түсетінін жаттап алдым. Төрт жылдық білімнің өтемі «бес жұлдызды» бағалау болғаны ма? — деп  терең  күрсінді  кейіпкеріміз.

Барар жерім қашық болғандықтан, такси жүргізушісінен оның бұрын-соңды өзге мекеме­лерге түйіндеме жолдап, жұмыс іздеп көрген-көрмегенін  сұрап  білдім.

– Талай жердің есігін қақтым. Дипломмен жұмысқа орналасамын деген үмітімді үзбеген едім. Бірақ қазіргі қоғамда біліміңнен бұрын, сүйе­нер танысың немесе қомақты қаржың болуы керек екен. Ондай қаржы оқуын жаңа бітірген жас маманда қайдан болсын!? Амалсыз осы көлік тізгініне қайта оралдым. Біздің елде жұмысқа біліміңе қарап емес, «бергеніңе» немесе «сүйенгеніңе» қарап алатын жүйе қалыптасып кеткендей. Қара жұмысқа ешкім сенен «көкең кім?» деп сұрамайды, ақша дәметпейді. Көлігің болса, еңбегіңе қарай нәпақаңды табасың. Біз қоғамдағы жұмыссыздықпен емес, жұмысқа орналасудағы әділетсіздікпен күресуіміз керек, — деп  жауап  берді  ашынған  кейіпкер.

Шынымен де, білім мен біліктілік емес, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер алға шыққан жерде маманның бағы байланбай ма? Жүргізушінің жанарындағы реніштен бүгін­гі қоғамның ащы шындығы байқалады. Байқала­ды  болғанда,  анық  көрінетіндей…

Еуропа  елдерінде  студент  уақытының  30 пайызын  аудиторияда, 70 пайызын  өнді­ріс­те өткізеді екен. Мамандықты дұрыс таңдау  үшін  ең  алдымен  нарыққа  үңілу  керек. Алдағы 5-10 жылда қандай салалар дамиды? Қай жерде маман  жетіспейді?  Осыны  бағамдау  қажет.

Екінші кезекте – баланың бейімі. Егер бала техникаға жақын болса, оны күштеп мұғалім қылудың қажеті жоқ. Сүйіп істемеген жұмыс ешқашан жеміс бермейді. Бұл мәселені шешу үшін тек мемлекет ғана емес, ата-ана да, жас түлек те жауапты. Ал жастар «диплом алсам болды, жұмыс өзі келеді» деген ойдан арылып, қосымша тіл үйренуге, жаңа технологияларды меңгеруге тырысуы қажет. Жоғары білім тек маман­дық емес, ол – ойлау жүйесі, орта және әлеуметтік байланыс. Университет қабыр­ғасында адам ақпаратпен жұмыс істеуді, көпшілік алдында сөйлеуді және қиындықтан жол табуды үйренеді. Бұл қасиеттер кез келген салада керек. Мемлекеттік бағдарламалар мен электронды жүйелерге екпін беруді қолға алсақ, мәселенің жүгі жеңілдейді. Барлық бос жұмыс орындарын тек қана ашық порталдар (мысалы, Enbek.kz) арқылы іріктеу жүйесіне толық­тай көшіру қажет. Осы әдіс кез келген үміткердің білімі мен біліктілігінің әділ бағалануына кепіл­дік береді. Мекемелердегі кадрлық іріктеу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету дип­ломы бар маман үшін маңызды. Егер әрбір түйіндеме иесіне не себепті қабылданбағаны туралы нақты әрі дәлелді жауап берілсе, «таныс іздеу» психологиясы  өздігінен  жойы­лар  еді.

Қорытындыласақ, дипломның  сөреде шаң басып жатуы – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Білім беру жүйесі нарыққа бейімделмей, ал жастар мамандық таңдауға атүсті қарауды қоймайынша, бұл мәселе шешілмейді. Ең бастысы – мамандықты жүрек қалауымен және ақылмен таңдау. Сонда ғана еңбек нарығында «дипломды жұмыссыздар»  емес,  «дипломды біліктілер»  көбейеді.

Назерке БАҚЫТБЕК,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 2-курс студенті

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: