Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәріхана: кезек көп, дәрі жоқ

02.07.2020, 11:10 1354

Дәл қазір әлем қорқыныш құрсауы мен үрей үстінде отыр. Бастапқыд­а «келісілген саясатқа» теңеген көпшіліктің бүгінде күмәні жойылып, сенімділігі беки түскен. Өйткені жаһандық елдің тұрғындары мен экономикасын қоса жұтып жатқан пандемия­ сәт сайын құбылып, шырмауына түскендерді шыр айналдыруда­.  Тіпті, карантин талаптарына күле қарап, жымысқы­ әрекетке барған­дардың өзі жұқпалы індеттен басын алып қаша алмай отыр. Күдігі басым, сенімі аз адамдардың қағидасы қатаңдана түсті. індеттің індеп бара жатқаны айқын көрінсе де, халық жаппай жұмысқа­ кірісіп, той-томалақ қуалап кетті. Нәтижесін сіз де, біз де көріп отырмыз. Көз алдымызда  күліп  жүрген адамдарды батпандап­ кірген  кесел  келместің  кемесін­е  әкетіп  жатыр.

Төтенше жағдай енгізілген наурыз, сәуір, мамыр айларына қарағанда дәл қазіргі кезде жедел респираторлы вирусты­қ инфекциямен ауырдым деп шағым  айтатындар  күрт  көбейді. Тіпті аурудың симптомы болмаса да өзді­гінен тест тапсырушылар қатары артқан. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, елімізде жұмыс істеп тұрған 56 лаборатория күніне 30 мың тест жасайды. Пандемия басталғалы 1,4 миллион адам тест тапсырған, оның 80 пайызы ақысыз түрде өткізіл­ген. Одан қалды, дертіне шипа іздеген жұрт үй жағдайында емделу үшін дәріханалардан рецептісіз босатылатын препараттар арқылы емделуде. Соның салдарынан дәріхана кезегінде адам көп, қажетті дәрі-дәрмек, дәрумен атаулы жеткіліксіз. Бұл жағдай өзге өңірлермен қатар Қызылорда облысы тұрғындарын да алаңдатып отыр.

Қайбір күні осы дәрі-дәрмектің жетіспе­ушілігі мен бағасы туралы әлеу­меттік желіге жазба қалдырған едік. Ізінше (Сапа Қауіпсіздік Бақылау парақшасы – ред.) облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен:

– Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті (бұдан әрі – Департамент) «Па­рацета­мол» дәрілік затына қатысты келесіні түсіндіреді. 23.06.2020 жыл­ғы жағдай бойынша департаментпен монито­ринг жүргізіліп, нәтижесінде «Парацетамол» дәрілік заты дәріханаларда жеткілікті мөлшерде бар екені анықталды. Егер дәрілік заттың бір сауда­лық атауы болмаған жағдайда, құрамы бірдей басқа саудалық атаудағы дәрілік затты алуға болады. Атап айтқанда, «Парацетамол, таблетка» дәрілік заты нарықта құрамы бірдей «Эффералган, таблетка», «Панадол, таблетка» және т.б. саудалық атаулармен өткізіледі. Сонымен қатар, барлық дәрілік заттарға шекті бағалармен «DARI.KZ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы танысуға болады. Дәріханалық ұйымдармен дәрілік заттарды өткізу бағасы бекітілген шекті бағадан асқан жағдайда департаментке жазбаша түрде немесе «DARI.KZ» мобильді қосымшасы арқылы шағымдануға болатынын хабарлаймыз, – деген­  жауап  келді.

Жалпы алғанда, ел тұрғындарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін медициналық ұйымдармен және ақылы негізде жекеменшік дәріханалық ұйымдармен жүзеге асырылады. Ал Қызылорда облысы бойынша фармацевтикалық қызметпен айналысатын 328 дәріхана мен дәріханалық пункттің 178-і қала аумағында орна­ласқан. Барлығы да – жекеменшік субъектілер. Дәріханалардағы дәрілік заттардың ассортименті кәсіпкерлік түріне байланысты (микро, шағын, орта, ірі) және орта есеппен 500-ден 5 000-ға дейін аталымды құрауы мүмкін. Дәріханалардағы дәрілік заттар­дың қоры ағымдағы ай сайынғы қажеттілікке, маусымдыққа және халық­тың сұранысына байланысты сатып­  алынады.

Араға екі күн салып, қала тұрғындары арасында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы теріс пікір қалыптасқан соң облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Ғалия Бәйменова өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг  өткізді.

– Соңғы 3-4 күн ішінде халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артты. Мысалы, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор саналатын 2000 конвалюта аспирин (ацетилс­алицил қышқылы – ред.) дәрілік затын сатып алу фактісі бол­ған. Осындай жағдай наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын жаппай сатып алуы сал­да­рынан дәріханаларда жасанды жетіс­пеушіліктің туындауына әкелген болатын.­ Бүгінгі күні барлық дәріхана ұйымдарында жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар. Қазіргі уақытта дәріхана  ұйымдары  халықтың қажеттіліктері мен сұранысына сәйкес дәрілік заттарды сатып алуды жүзеге асырады. Дәрілік заттарға өтінімдердің ұлғаюына байланысты дистрибьютормен дәрілік заттарды кешіктіріп жіберуде. Қазіргі кездегі елімі­зде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты барлық фарма­цевтикалық ұйымдар қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуде. Кейбір дистрибьюторлық ұйымдарда қызметкерлер коронави­рустық инфекциямен ауыруда және қазіргі уақытта ем қабылдауда. Осындай дәрі-дәрмек тапшылығы республика  бойынша  барлық аумақта бай­қалады, – деді  Ғ.Бәйменова.

Сала мамандарының айтуынша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, дәріханада дәрігер жазып берген дәрілік зат болмаған жағдайда, дәріхана маманы дәрігердің келісімінсіз пациентке халықаралық патенттелмеген атауымен дәрілік заттың­ ең төменгі бағасынан бастап бар дәрілік заттың аналогтарын ұсы­нады немесе емдеуші дәрігермен келісім  бойынша  оны  фармакология­лық аналогпен ауыстыруды жүзеге асырады. Мысалы, «Азитромицин, таблеткалар 500 мг» дәрілік заты әртүрлі сауда атауларымен сатылады, атап айтқанда «Азибиот®», «Азитро®», «Азитромицин-Сандоз®», «Зинфект», «Зиромин», «Сумамед®», «Зитрокс», сол секілді «Парацетамол 500 мг таблет­калар» дәрілік заты «Эфферал­ган», «Панад­ол», 5 өндіру­шіде «Парацетамол» сауд­а атауларымен  сатылады.

– Әлеуметтік  желілерде Қызыл­орда қаласы дәріханаларында ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибак­териалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ оларға бағаның жоғарылауына байланысты шағымдардың көбеюіне байланысты департамент Қызылорда қаласы дәріханаларының дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ аталған дәрілік заттардың бөлшек саудада шекті бағаларының сақталуына мониторинг жүргізді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде дәріханалардың көпшілігінде дәрілік препараттардың жеткілікті мөлшері бар екені, кейбір ұсақ дәріханалық ұйымдарда кейбір антибиотиктер, ыстықты­ түсіретін және вирусқа қарсы дәрілік заттар жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда жоқ дәрілік заттарға дистри­бьюторлық қоймалардан алуға тапсырыстар жолданған, – деп әлеуметтің әлеуметтік желі арқылы айтқан жанайқайына да жауап берді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаменті  басшысы.

Жауап бергені жөн болды. Бірақ, «ұсақ дәріханалық ұйым» дегеніне жалғ­ыз мен емес, бүкіл халық келісер ме екен? Әй, қайдам?! Өйткені орталық көшелерде орналасқан ірі дәрі­ханалардың өзінде Парацетамол, Цитромон, Ацетилсалицил қышқылы секілді дәрілермен қатар вирусқа қарсы препараттар, кейбір антибиотиктер де тапшы. Бар болған күннің өзінде шарықтаған бағада ала аласыз. Онсыз да ел көкейін коронавирус инфек­циясы туралы сан қырлы ақпарат  тесіп тұрғанда, дәрінің тапшылы­ғы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Мұның барлығы адам қолымен жа­салған жасанды тапшылық, әрине. Десек те, құ­зырлы орындар мен сала мамандары тарапынан ха­лық арасында өздігінен ем қабылдамау туралы насихаттың жеткіліксіздігі және бар. Өйткені ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) белгілері бар кез келген нау­қас, «дәрігерге қаралсам, немесе жедел жәрдем шақырсам, «скафандр» киген дәрігерлер ауруханаға алып кетеді» деген­ оймен үйінде басын ауыртып, балтырын сыздатып, инфекцияны жақындар­ына тараты­п жата бергенді жөн көреді. Ал антибиотиктерді дәрі­гердің нұсқауынсыз пайдалану аурудың асқыну қаупі мен жанама әсерлерінің пайда болуына себепкер болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша барлық уланулардың ішінде дәрілік заттардан улану екінші орында тұр екен.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: