Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бурабайдың басын бұлт торлап тұр…

07.08.2025, 12:00 525

Астана күніне орай үшкүндік демалыстың бір күнінде отбасымызбен Бурабайға бардық. Сол шаһар, сол қонақүйлер, сол көшеде жалға беретін пәтерін жарнамалағандар. Туристік маусымдағы екі айда жанталасып пәтерін жалға беріп, жан баққан жұрт. Демалушылардың дені – шетелдіктер (соның ішінде,  90 пайызы – ресейліктер). Күн райына қарамай көлге шомылып, жағажайда арақ-шарабын ішкеніне мәз-мейрам. «Жынды» әуендерін қаттырақ қойып, музыканың ырғағымен билеп жүр.

Күн жанбырлы болды. Қалаға кіргендегі алғашқы іздеген жеріміз – дәретхана. Көпшілігінің есігі жабық тұр. Хайуанаттар бағының жанынан жұмыс істеп тұрған біреуін таптық-ау, әйтеуір. Онда да бітпейтін кезек. Енді көлге түсетін ыңғайлы жер іздеу керек. Шеткері жақтан бос тұрған орындар­ды тауып, алақайлап орналастық. Астанадағы супермаркеттен көліктің багажына тиеп алған азық-түлігімізді жағалауға тасып, құмның үстіне дастарқанымызды жайдық. Қауын-қарбызымызды бір жерге жайғас­тырып, суға күмп-күмп бердік. Күн бұлтты, қатты желді болғанына қарамастан, көлдің суы жып-жылы екен. Бірнеше рет сүңгіп алып, жағалауға ауқаттануға отырдық. Алайда  құйып берген жаңбыр берекемізді кетірді. Малмандай су болғанымыз аздай, азық-түлігімізді қоятын жер іздеп, жүгірдік. Арада біршама уақыт өткенде жаңбыр да басыл­ды. Бірақ  қайтып  көлге  барған  жоқпыз.

БУРАБАЙ  –  АЛЫП  ДӘРЕТХАНА!

Өйткені, тағы бір «жоғымыз» – жауыннан таса жерде отырып тамақтанатын жер іздедік. Әуелде көлігімізді автотұраққа қо­йып, көлдің қарсы бетіндегі тауға өрмелеп, бір оңаша жерге дастарқан жаймақ болдық. Ол ойымыздан тез айныдық. Себебі, тамақ ішпек былай тұрсын, адамның нәжісінің иісінен тұншығып қаласың! Жаңбырдан кейін қолқаңды қабатын сасық иіс күшейе түседі екен. Айналаның бәрі сондай – алып дәретхана! Қарыны ашқан кішкентай ұлымның өзі: «Әке, мұндай сасық жерде тамақ ішпек түгілі, бір минут та отырмай­мын!» деп жылады. Содан соң, көлдің жағасына жақын жердегі дәмханаларды жағаладық. Онда да төрт адам сыятын шағын үстелді 1 сағатқа  жалға  алу  құны – 5 мың теңге. Әйтеуір,  неден  болса да табыс тауып қалайын деген  ашқарақтық! Аспаннан  тағы  бір  қара бұлт төніп келе жатқанын көріп, еріксіз бір  үстелді  жалға  алдық.  Шеткері  болғасын 3 мың  теңгеге  келістік.  Жайға­сып  алып, алаңсыз тамақтанбақ болып едік, жанымыз­дағы үлкен колонкалардан құлақты жаңғырықтыратын  музыка ойна­ды. Ырду-дырдудың арасында  отырып,  тамағымызды  іштік-ау.

Шіркін-ай дейсің! Туризмді дамытқан өрке­ниетті елдерден үйренетін нәрселер­ді, озық тәжірибені үлгі еткіміз келмейтіні қынжылтады. «Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп Мағжан ақын жырға қосқандай, Бурабайдың түріктің Антальясынан таби­ғаты артық болмаса кем емес. Түркияға демалуға барғанда байқағаным, жолпұлың, қонақүйдің ақысы, ішетін тамағың бір кәсіпкердің қалтасына, яғни түрік елінің бюджетіне түседі. Қазақстанда шетелдік турис­тің жолының ақысы ғана ел бюдже­тіне түседі. Ал пәтер жалдаушылардың, демалыс аймағындағы қызмет түрлерін (қайықпен серуендеу, көлге шомылу, тамақ ішу, аттракциондарды пайдалану және т.б.) тұтынушылардың ақшасы жекелеген адамдардың қалтасына түседі. Көлге түсетіндерге бар ұсынатын қызметі – жата­тын пластик кереует беру ғана. Түркияда осылардың бәрі бір тур­пакетке  біріктірілген. Қонақүй қызметі, теңізге шомылу, тамақтану мен демалудың бәрі бір жерде шоғырланған. Қанша айтсақ та, осы мәселені тәуелсіздік алған 34 жылда да шеше алмадық. Себебі, туризмге қатысты  дұрыс  сая­сат  жүргізе  алмай  отырмыз.

Жанға бататыны –  Бурабай туристер (әсіресе өзге ұлт өкілдері) күл-қоқыспен ластайтын, дәретке отыратын алып «дәретханаға» айналды. Сол күні көлдің жағасындағы дәмханалардан  ауқаттанып  шыққан  демалушылардың тау жаққа барып, дәрет сындырғандарын көзімізбен көрдік. Цифр­лық технология жағынан басқалардан  озып кеттік деп мақтанамыз. Менің ойым айтады: сол жер­лерге бей­не­камералар  қойып,  қоғамдық орынға дәрет сын­дыр­ғандарға 150-160 мың теңге (40 АЕК) айып­пұл салу  керек. Мұндай  масқараға  солай  ғана  тыйым салып, тәртіпке келтіре аламыз. Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекс бойынша, бұл ұсақ бұзақылыққа (434-бап) жатады. Кімде-кім қоғамдық орында дәрет сындырса, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде  айыппұл төлейді я бол­маса 15 сөткеге қамалады. Айтпақ­шы, 2024 жылы осындай ұсақ бұзақылық қылмыс жасаған қазақ­стандықтардың  саны 22 мыңға жетіпті. Олар ел қазына­сына 600 млн теңге айыппұл төлеген. Осы қаражатқа деймін-ау, Бура­байдағы адамның нәжістері жатқан жерлерді тазалап, бейне­камералар  орнатып,  еріктілерден бірнеше отряд жасақтап, 2 ай демалушылардың ұсақ бұзақылық жаса­мауына бақылау қойса, игілікке жұмсалған болар еді. Бірақ, біз әлі мәселені көтерумен,  талқылаумен  ғана  келеміз.

БАҒА  ӘЛІ  «КҮЙІП»  ТҰР…

Қазір демалыс аймақтарындағы баға «кү­йіп» тұр. Мысалы, Бурабайда Жұмбақ­тасқа апаратын  бір қайықты 15 минутқа жалға алсаң, 5-6 мың теңге төлейсің. 30 минут  қыдыр­тамыз деп алып, 10-12 минутта қайтып  жаға­лауға  әкеліп  тастайды. Моторы бар үлкен кемеге мініп, 30 минут көлде серуендеудің құны – 1 адамға  3000-4000 теңге.  Квадроциклді  1 сағатқа жалдап алсаң – 15-20 мың теңге. Ал Астанада  Есілде  теплоходқа 4 мың теңге төлеп,  қаншама  жерді  тамашалап  қайтасың.

«Ақиқат салыстырғанда анықталады» деген сөз бар. Алты жыл бұрын отбасы­мызбен Түркия­ның Аланья қаласында демал­дық. Бір күні ашық теңізге (Жерорта теңізі) кемемен  сая­хатқа шықтық. Жер­орта теңізі – әлемдегі ең таза, ең тұзды теңіз. Судың 30 пайызы – тұзды. Біз мінген «Кари­бен Грюз» кемесіне үш адамға бар-жоғы 10 мың  теңге төледім.  Үш  сағат  Аланья түбегі­нің оңтүстік  бөлігіндегі  теңізді  тамашаладық.  Әйгілі  «Қызыл куле» мұнарасына жақын жерде ашық теңізге шо­мылдық. Бір қуанарлығы, кеме мұнараға жақын жерде тоқтап, адамдардың мұздай суға  шомылуы­на жағдай жасады. Бұл мұнара 1960 жылдары күрделі жөн­деуден өтіпті. Түріктер екі қабатын тұр­ғызған соң «Қызыл куле» деп аталады. Ол жер қазір музейге айналған. Селжүк сұлтанының бет-бейнесі, мұнараның әуелдегі макеті бірден көзге түседі. 13-ғасырдағы селжүктердің әскери кемелерінің макеті бар. Міне, осындай ғажайыптарды көзбен көруге азғантай  ғана  қараж­ат  жұмсадық.

Біздегі бір кемшілік – бастапқыда дема­лыс орнындағы қызмет көрсетушілер «бізде бәрі бар» деп айтады да, іс жүзінде ақшасын төлеп қойғаннан кейін ешқандай жағдай жасал­мағанын көреміз. Жазғы маусымды пайдаланып ақша жасап қалуға ұмтылады. Келушілердің көңілінен шығу, дұрыс демалыс ұйымдастыру, туристер қайтып келетіндей жақсы әсер қалдыру сияқ­ты мәселелерге дема­лыс орындарының қожайындары бас қатыр­ғысы  келмейді.

ЖАУАПСЫЗДЫҚ  пен  НАДАНДЫҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды. Бұл туралы Ақорданың телеграм-арнасы ақпарат тарат­ты. Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіп­сіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Президент Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық  жіберген  лауазымды тұл­ғаларды  жауапкершілікке  тартуды  тапсырды.

Сол күні Үкімет басшысы Олжас Бек­тенов Президенттің тапсырмасын орындауға арнал­ған жиын өткізді. Онда Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшербаевтың, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алакөл  көлінің жағалауындағы ахуал тура­лы, сондай-­ақ туристік инфрақұрылым, сервис және қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, еліміздің туристік аймақтарында жазғы дема­лыс пен қолайлы жағдайларды ұйымдас­тыру  жөніндегі баяндамалары тыңдалды. Мұндай баяндама жасағаннан туризм  саласында бірдеме лезде өзгереді дегенге сену қиын. Премьер-­министр өңір әкімдері мен министр­лерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Министр­лер мен әкімдер жұмысты қанша күшейт­се де, түйткілді мәселелерді  шешуге уақыт керек. Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшер­баев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге жіберіл­ді. Оның қорытын­дысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек. Өңірлерге барған лауазымды тұлғалар әрі кетсе жиналыс өткізіп, айта-айта жауыр болған мәселелерді тағы бір талқыға салып, тапсырма береді. Олардың бір рет  барғанынан  «толғағы»  жетіп тұрған мәселе шешілмейді. Себебі, бұл салада тоң   болып  қатып жатқан түйткіл көп. Бұл саладағы Үкімет майшаммен қарайтын мәселенің бірі – туристердің денсаулығы мен жеке басының  қауіпсіздігіне  деген  жауапсыздық.

Төрт жыл бұрын, отбасымызбен Бурабайға жақын жердегі «Жұлдызды орман» («Лес и звезды») деп аталатын тынығу аймағын­да демал­дық. Даладағы палатка лагерін­де  үш күн қондық. Үшінші күні таңға дейін  отбасымыз­бен көз ілмей, дала­ға шыға алмай, үреймен жаттық. Себебі, көрші палатканы жалға алған қазекеңдер (дәу-дәу 6-7 адам) түнімен ішіп, бір-бірін боқтап, таңға дейін «разборка» жаса­ды. Ертеңіне болған жайтты демалыс аймағы әкімшілігіне жеткізіп едік: «Палат­каны жалға алған адам не істесе де өзі біледі, олардың демалысына араласуға құқығымыз  жоқ!» деп жауап қайтарды. Бұл – демалу­шылардың ден­саулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық пен надандық! Кез келген қонақүйде я болмаса демалыс аймағында тәулік бойы демалушылардың  қауіпсіздігі мен тыныш­тығы үшін жауап беретін бір қызметкер отыруы керек. Меніңше, демалушылардың денсаулығы мен жеке басының қауіпсіз­дігіне жауап­сыздықпен қараған кәсіпкерлерді, қонақ­үй қожайын­дарын қатаң жазалай­тын бап енгізу керек! Олай болмаса қазекеңдердің  бума-­бума  ақшасы шетелдің  туризмін  дамытуға  «құйыла»  береді!

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: