Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Білмеген болып отыра береміз бе?»: Сенатор жас қыздардың жүкті болып қалуы 1,5 есе көбейіп бара жатқанына наразы

30.01.2025, 15:55 66

HALYQLINE.KZ

Репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу және балалар мен жасөспірімдер арасында тиісті ағарту жұмыстарын күшейту керек. Сенатор Нұртөре Жүсіп осы мәселе туралы депутаттық сауал жолдады.

Сенатордың мәліметінше, соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан.

«Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Соңғы төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?», – деді сенатор.

Депутат мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Соңғы жылдардағы жағдай барлық мүдделі тараптардың, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің мәселеге белсенді араласуын талап етеді.

«Біз бұл проблемаға айрықша назар аудармай болмайды. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. ҚР Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек», – деді сенатор.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: