Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балаларымызды балалар жылында жарылқай алмаймыз ба?!.

02.06.2022, 11:40 388

Міне, оқушылар да жазғы демалысқа шықты. Балалар жылының жарты жылы өтсе де, мемлекет тарапынан жаппай еліміздегі барлық балаға арналған қаржылай не әлеуметтік, ең болмағанда денсаулығына қатысты қолдау болмады. Ал халық жыл басында мемлекет басшысының сөзінен айтарлықтай дәметіп қалған еді. Соның айғағы бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға біржолғы жәрдемақы төленетіні» туралы ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында мұның жалған екенін хабарласа да, халық өзара сүйіншілеп, жалған ақпаратты  ел  ішінде  тез  таратты.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдың басында «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Жылдың жартысы өтсе де, «денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдаудың» жұрнағын да сезіне алып отырғанымыз жоқ. Ең болмаса оқу жылында еліміздегі барлық бала мектепте бір мезгіл тегін тамақ та іше алмады.

Жалпы балаларға қатысты көп мәселе көтергенімізбен жеме-жемге келгенде, олардың кішкентайлығын пайдаланып мәселесін шеше де бермейді екенбіз. Мәселен, еліміздегі оқушылардың сөмкесінің ауырлы­ғы  неше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге балаларымыз алты пәнге арналған алты оқулығымен, салмағы зілдей сөмкесін көтеріп жүр. Қазір елімізде омыртқасы қисаймаған бала жоқ шығар…  Балаларымыздың  денсаулығы  нашарлап  бара  жатқаны да  талай рет мінберлерден көтерілгенімен, оның алдын алу бағытында атқарылып  жатқан  іс-шаралар  жоқ.

Тіпті балалар жылы да балалардың мәселесін шешіп бере алмай отыр. Осы орайда атап өтер жайт, 2016 жылы Өзбекстанда «Дені сау ана мен бала жылы» аталып, соның аясында жүзеге асырылатын жобалар үшін  мемлекеттен 2,8 миллиард доллар қаржы бөлінген еді. 2014 жылды да  «Дені  сау балалар жылы» деп атап, балалардың саулығын нығайту бағытында көптеген жұмыстар атқарылған болатын. Ал біздің балаларымыздың денсаулығына қатысты көп мәселе айтылғанымен, шешу бағытында  нақты  ештеңе  қолға  алынар  емес.

Ең  болмаса үш ай жазғы демалысын да дұрыстап ұйымдастырып бере алмасақ, қайтадан оқу жылының жүктемесімен балалар жылын елеусіз өткізіп жіберетін түріміз бар. Шыны керек, жылдың аяғында қаржыны игеру үшін, жанталасып, аяқасты өткізілетін балалар арасындағы көзбояу­шы концерттер мен көрмелерден оларға пайда жоқ. Нақты дамуы­на, денсаулығының нығаюына, есейіп балалық шағын есіне алғанда мемлекеттің қамқорлығы ретінде еске алатындай не істей алдық?

Осы орайда айта кетер жайт, Алматының өзінде тұрып, қаладағы балалар­ға арналған ойын-сауық орталықтарына барып көрмеген балалар бар. Мәселен, қала шетіндегі «Апорт» ойын-сауық орталығындағы балаларға арналған ойын алаңдарына кіру үшін арнайы карточканы кем дегенде 5000 теңгеге толтыру керек. Өз басым Алматының іргесіндегі Тұрар  ауылында  тұратын үш баласы бар танысымның «иә балаларым қаладағы ойын-сауық орталықтарының ешқайсысына барып көрген емес.  Өйткені  ойын  алаңдарының ақысын  қалтам  көтере  алмайды»  дегенін  естігенде не дерімді білмедім. Рас, бес мың теңге үш баланың сол  жердегі  барлық   аттракционға мінуіне жетпейді де.  Өйткені  үш  минут айнала­тын аттракционның біреуінің ақысының өзі 700 теңге тұратынын ескерсек, ойын карточкасындағы бес мың теңге ойын алаңының ішінде ары кеткенде 15 минут жүруге ғана жетеді екен. Шыны керек, ойын-сауық орталығының ішінде балаңды ең болмағанда 30-40 минут аялдатуға біраз қаржы керек. Ал оны талай ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Айтпақшы Алматы облысында балаларға арналған тегін үйірмелер  де жыл  басталмай  жатып  жабылып  қалды.

Сондықтан, ең болмаса, биыл үш ай жазғы демалысында ірі қала­лардағы ойын алаңдарының ақшасын арзандатып, ал зоопарк, мұражай, цирк, парк, бассейн, спорт үйірмелері мен ипподромдар секілді орындарды тегін етуге болмас па? Дамыған елдерде мұражайдың бала­ларға тегін екенін, норвегиялық балалардың тегін спорттық үйірме­лермен қамтамасыз етілгенін естіп жатамыз. Бізде ше, балаларымызды ең  болмаса  балалар  жылында  жарылқай  алмаймыз  ба?!

Осы біз тағы балалардың кішкентайлығын пайдаланып отырған жоқпыз  ба?

Қуаныш  ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,

журналист,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: