Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалар неге дұрыс тамақтанбайды?

16.10.2025, 10:40 150

«Не жейміз?» деген сұрақ – күнде алдыңнан шығатын, бірақ көп адам мән бере бермейтін сауал. Әсіресе, балалар үшін. Қазіргі балалардың көбі таңғы асты ішпей мектепке барады, түсте чипсы мен тәтті сусын ішіп, кешке фастфудқа тойып алады. Бұл жай ғана әдет пе, әлде үлкен мәселе ме?

Қарап тұрсақ, тамақ ішудің өзі – бала өмірінің маңызды бір бөлігі. Бірақ соңғы жылдары балалардың тамақтану мәдениеті күрт өзгерді. Бұрын аналар үйде бауырсақ, көже, ботқа жасап берсе, қазір дүкендегі дайын өнімдер мен жылдам тағамдарға сұраныс артқан.

Баланың  не  ішіп-жейтіні оның денсаулығына, өсуіне, тіпті оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Дұрыс таңдалмаған тағам баланың бойына дәрумен жетіспеуіне, артық салмақ қосуына немесе керісінше, әлсіз болуына себеп болатыны белгілі. Ең қауіптісі, бала мұндайды қалыпты жағдай деп ойлап өсіп келеді. Жарнамалар, әлеуметтік желілер, достардың ықпалы бәрі баланы дұрыс емес, бірақ сәнді тағамдарға үйретіп жатыр. Өте өкінішті.

Бұл – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Заман ағымына ілесіп келе жатқан бұл құбылысқа тосқауыл қоюдың жолы қандай? Осы мақалада біз балалардың дұрыс тамақтанбауына не себеп екенін, оның зиянды салдарын және одан шығу жолдарын қарастырамыз. Мүмкін, осы мақала балалардың күнделікті тамақ таңдауына әсер ететін шығар…

Көптеген бала фастфудқа, тәтті­лерге, газды сусындарға үйір. Ал пайдалы көкөністер мен дәруменге бай тағамдар қайда қалды? Бас­ты себебі – қазір балалардың көп уақыты интернетте өтетіні. Әлеу­меттік желілерде түрлі тәтті мен фастфуд өнімдері әдемі безендіріліп, ерекше дәм ретінде жарнамаланады. «TikTok-та көрдім», «блогерлер осындай жейді» деген сияқты сөздер баланың сол тағамға деген қызығу­шылығын оятады. Бұл кезде ол өнім­нің зиянына емес, оның сәнге айнал­ғанына  көбірек  мән  береді.

Тағы бір маңызды себеп – үйдегі тамақтану тәртібінің әлсіреуі. Қазір ата-аналар бұрынғыдай күн сайын үйде пайдалы ас әзірлей бермейді. Көбіне жұмыстан шаршап келген соң, тез дайындалатын кеспе, бәліш сияқты жеңіл-желпі тамақтармен шектеледі немесе сырттан тапсырыспен дайын тағам алдырады. Осы себеп-салдардың әсерінен бала тамақ­танудың дұрыс-бұрысын, пайдалы-зиянын ажырата алмай, тек ауқаттансам болды деген түсінікпен қалыптасып келеді. Ендеше, пайда­лы тағам  сәннен емес, санадан туындайтын таңдау екенін балаға үйрету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Олай болса, баланың дұрыс тамақ­тануы  үшін не істеу керек? Бұл сауал барысында «ASEM CLINIC» медицина орталығының педиатр дәрігері Айгерім Кортаева жауап беріп, өз кеңесімен  бөліскен  болатын.

— Балалардың дұрыс тамақтан­бауы – қазіргі уақытта жиі кездесетін, әрі аса маңызды медициналық мәселе. Соңғы жылдары менің қабылдауыма келген балалардың басым бөлігінде артық салмақ, асқазан-ішек жолдарының бұзылыстары, темір тапшылығы, Д витамині жетіспеу­ші­лігі сияқты проблемалар жиілеп кетті. Бұл – көбіне дұрыс таңдалмаған, құнарсыз, бірақ калориясы жоғары тағамдардың салдары. Баланың өсіп-жетілуі, ақыл-ой дамуы, иммунитеті мұның барлығы дұрыс тамақтануға тікелей байланысты. Мысалы, таңғы ас ішпей мектепке барған бала сабақ­қа зейін қоя алмайды, тез шаршайды, ашушаң болады. Ал күні бойы фастфудпен қорек­тенсе, артық салмақ, гастрит, қант диабеті, тіпті жүрек-қантамыр  ауруларының  даму  қаупі  артады.

Ата-аналарға айтар кеңесім, баланың тамақтануына күнделікті көңіл бөліңіздер. Үйде мүмкіндігінше табиғи, дәруменге бай тағамдар әзірлеңіздер: ботқа, көкөніс қосылған сорпа, ет пен балық, сүт өнімдері, жеміс-жидек. Сондай-ақ, баланы тәтті, газды сусындардан шектеу қажет. Оның орны­на су, айран, үйде­гі компот ішкені дұрыс. Баланың тамақтану әдеті тек физиологиялық қажеттілік емес, ол – отбасылық тәрбие мен мәдениеттің бір бөлігі. Егер осы бастан дұрыс бағыт көрсетілсе, бала өмір бойы соны ұстанады. Сондықтан дені сау ұрпақ тәрбиелеуді тамақтанудан бастайық!, — деді педиатр   дәрігер.

Әлемде 5 жасқа дейінгі әрбір үшінші бала жеткілікті тамақтанбайды. Бұл бойдың өспеуі, арықтық немесе керісінше, артық салмақ секілді белгілермен көрініс береді. ЮНИСЕФ мәліметінше, Орталық Азия елдері арасында соңғы 2-3 жыл бұрын семіздік көрсеткіші әлем бо­йынша ең жоғары деңгейде болған. Алайда, қазір бұл статистика өз­герген жоқ, керісінше артып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сондықтан мамандар ұсынатын кеңес­терге жүгініп, барынша балалардың ас-суына мұқият мән беру керек екенімізді  түсінуіміз  қажет.

— Біріншіден, ата-ана үлгі болуы қажет. Бала үлкендердің іс-әрекетін қайталап өседі. Егер үйде пайдалы тағам дайындалып, бәрі бірге отырып тамақ ішсе, бұл бала үшін дұрыс әдетке айналады. Бала не ішіп-жеп жүргенін бақылап, оған пайдалы мен зиянды тағамның айыр­масын түсіндіру – ата-ананың жауапкершілігі.

Екіншіден,  мектеп  асханалары мен балабақша мәзірлері де қайта қаралуы тиіс. Асханаларда фастфуд, газды  сусын,  тәтті  кәмпиттер  емес, дәруменге  бай, құнарлы тағамдар ұсынылуы керек. Баланың күні бо­йғы энергиясы мен зейінін сақтау үшін түскі астың маңызы зор. Сондықтан бұл салаға да қоғам болып көңіл бөлуі­міз  керек.

Үшіншіден, ақпараттық сауаттылықты арттыру қажет. Бала интернетте көрген жарнамаға сене бермей, оның артындағы шындықты түсінуі керек. Ол үшін мектеп бағ­дарламасына тамақтану мәдениеті тура­лы арнайы сабақтар енгізуге бола­ды. Мұндай сабақтарда балаларға қызықты тілмен тағам құрамындағы қант, тұз, май мөлшері туралы түсіндіріп, дұрыс тамақтанудың адам өміріне қаншалықты әсер ететінін  көрсету  керек.

Төртіншіден, пайдалы тағамдарды да тартымды ету маңызды. Бала үшін тағамның дәмі ғана емес, оның түсі, түрі, сыртқы көрінісі де әсер етеді. Сондықтан көкөністер мен жеміс­терден  түрлі  қызықты  пішіндер  жасап, оны ойын түрінде ұсыну арқылы балаларды құнарлы асқа үйрету­ге бола­ды. Сондай-ақ тамақты баламен бірге әзірлеудің де тиімді жолдары бар. Бұл өзінің жасаған тамағын сүйсіне, мақтана жеуіне ықпал етеді, — дейді  Айгерім  Мүталипқызы.

Рас, әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз  жарнамаланып жатқан зиян­ды тағамдардың таралуына толық­тай тосқауыл қою оңай емес. Дегенмен, балалардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ мектеп бағдарламасына алғашқы медициналық көмек, әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны, дұрыс тамақтану мәдениеті туралы арнайы сабақтар  енгізу – бүгінгі күннің өзекті қажеттілігі. Әсіресе, қазіргі жаһандану заманында ба­лаларды түрлі кері ықпалдан қорғау қоғамның басты міндеті болуы тиіс. Өйткені, бала – өмір айнасы, елдің ертеңі,  болашақтың  бастауы.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: